Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ҚҰРСАҚТА ТҰНШЫҚҚАН СӘБИДІҢ ҚҰНЫ ЖОҚ

Елімізде індет таралғалы бері демографиялық дүмпудің күшейгені алғашында қуантқанымен, вирус салдарынан аналар өлімінің күрт көбейіп кетуі мамандарды алаңдатып отыр. Тіпті жақында мемлекет басшысы аналар өлімінің алдын алуға қатысты жұмыстарды күшейту қажет екенін тиісті орындарға арнайы тапсырды. Статистикаға сенсек, биыл бала туу көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан. Нәтижесінде дүниеге келген сәбилердің саны былтырғымен салыстырғанда 20 мыңға көбейіпті. Бірақ…

Еліміз бойынша былтыр 9 айда 36 әйел қайтыс болса, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 136 келіншек о дүниелік болыпты. Қайғылы жағдайлардың көбі Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында тіркелген. Яғни Ақтөбе облысында аналар өлімі 13 есе, Қызылорда өңірінде 9 есе, ал Шымкентте 7 есе артқан. Мамандар «ана өлімінің төрт есе өсу себебін оларға пандемия кезінде уақытылы көмек көрсетілмеуінен» дейді. Осы жағдайға алаңдаған репродуктолог мамандар ерлі зайыптыларға «жүктілікті жоспарлау қажеттігін, пандемиялық кезең аяқталғанша бала көтеруді шегере тұруға» да кеңес берген болатын. Алайда мамандардың бұл ескертуін көп аналардың ескермей жатқаны байқалады. Елімізде жүктілікті жоспарлау қағидасының қалыптаспауы салдарынан қазір індеттің жүкті аналарға айтарлықтай кері әсер етіп жатқанын байқап отырмыз.

Сондай ақ Алматы қалалық №3 перзентхананың акушер гинекологы Айнаш Рысбалаева «ана өлімінен бөлек, қазір іште жатып дамымай қалған, яғни жетілмей қалған жүктілік диагнозы қойылған сәбилердің де күрт көбейгенін» айтады. Өкінішке қарай, ана өлімі жайлы ғана айтылып, ал сәбилердің өмірге келмей жатып, ананың құрсағында дамымай қалуы қоғамымызда ашық айтылып жатқан жоқ. Тіпті жетілмей қалған жүктілік диагнозы бұрын 40 жастан асқан әйелдерде байқалса, соңғы жылдары мұндай диагноз 25 жастағы әйелдерге де қойыла бастаған. Ең сорақысы бұрын жетілмеген жүктілік диагнозы құрсаққа бала біткен соң 12 апталық балаларда ғана кездессе, қазір 22 апталық балаларға да бұл диагноз көп қойыла бастаған. Демек жетілмеген жүктілік көбейіп барады. Бірақ елімізде ана мен бала өлімі туралы ғана айтылып, нақты соның статистикасы ғана жүргізіліп, ал демографиямызға елеулі түрде әсер етіп жатқан жетілмеген жүктілік мәселесінің статистикасы да жасалып жатқан жоқ. Сондықтан ол мәселе зерттеліп, алдын алу жұмыстары да жүргізіліп жатқан жоқ. Сәйкесінше аналарымыз бала көтергеніне қуанып үлгермей жатып, жетілмей қалған шараналарын тазалаттыруға мәжбүр. Айта кетер жайт, тиісті орындар бұл мәселені жылы жауып, ұрық күйінде жетілмей қалған бала мәселесін аборттың статистикасына тіркеп қоя салады екен. Аборт өз еркімен баласынан бас тартқан безбүйрек аналар әрекеті болса, жетілмеген жүктілік қаншама ананың қалауы, еріксіз баласынан айрылуы екенін ескеріп, мәселенің алдын алуға еліміздің денсаулық сақтау саласы тырыспай отыр.

Коронавирус инфекциясы өмірімізге дендеп енгенге дейін өзекті болған бұл мәселе, қазір тіпті өршіп отыр. Айта кетерлік жайт, коронавирустың адам ағзасына әсері толық зерттеліп біткен жоқ, алайда мамандар коронавирус ер адамды да әке болу мүмкіндігінен біржола айыруы мүмкін екені айтылуда. Сондықтан дәл қазір санитарлық сақтану шараларын күшейтіп, індеттің алдын алуға тырысу қажеттілігі сезіледі.  Дәл қазір індет өршіп тұрған ШҚО-да қазіргі таңда 180 жүкті әйел коронавирус жұқтырғаны белгілі болып отыр,  ал облыс бойынша жаңа туған 14 нәрестенің ПТР-тест нәтижесі оң болып шыққан. Әсіресе әлсіз ағзада әсері күшті індеттен ана мен баланы қорғау бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Комментарий