Құқық | Право

Онлайн сауда-саттықта алаяқтардан сақ болыңыз!

Ағымдағы жылы елімізде СOVID-19 пандемиясының таралу қауіпінің алдын алу мақсатында қабылданған карантиндік шаралардан кейін интернет дүкендердің саудасы қызып, әлеуметтік желілер мен онлайн-жеткізу қызмет түрлеріне жүгінушілердің саны күрт өсті. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайды бас пайдасына асырудан алаяқтар да қалыс қалар емес. Олар интернет арқылы тұтынушыларға түрлі жалған қызметтер ұсынып, «құйтырқы» әркеттерге баруда. Сондықтан тұтынушыларға интернет дүкендер мен онлайн жеткізу қызметтеріне аса сақтықпен жүгіну керектігін ескерте отырып, алаяқтардың алдын алу және олардан қорғанудың жолдарын ұсынамыз:

Өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, «сіздің банк картаңыздан ақша ұрлануда немесе картаныз бұғатталды» деп хабарласқандарға сенбеңіз. Ешқашан, банк картаңыздың нөмерін, СМС-құпия сөздерді ешкімге айтпаңыз! Мұндай жағдайға тап болсаңыз, дереу телефоныңызды сөндіріп, өзіңізге қызмет көрсететін банкке хабарласып, мән-жайды анықтаңыз, расталмаған жағдайда полицияға хабарлағаныңыз жөн. Мәселен, сіз интернет арқылы жылжымайтын мүлік немесе басқа да тауарды сату туралы хабарлама жарияладыңыз делік. Егер сатып алушы сіздің сатылымға қойған мүлкіңізді көрмей аламын десе, оған да күмәнмен қарау керек. Дұрысы сенбеңіз! Сол сияқты, бөгде адамдарға үйіңіздің есігін ашпаңыз. Алаяқтар өздерін коммуналдық қызметтен немесе полиция, емхана өкілдеріміз деп таныстыруы да мүмкін. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, аталған қызмет көрсету мекемесіне телефон соғып, келген адамның кім екенін нақтылаңыз.

Кей жағдайда интернет-дүкеннің өкілі клиенттерге тапсырысты тезірек рәсімдеуге және ақшасын төлеуге асықтырады. Бұндай жағдайда тауарды сатып алудан сақтаныңыз. Сондай-ақ, тауарды көрмей, сатушымен жүздеспей келісім шартқа отыру да қауіпті. Ақша аударуға тіпті асықпаңыз. Сол сияқты, интернет арқылы сатып алмас бұрын сатушының немесе интернет-дүкеннің бұрынғы сатылымдарының бар-жоқтығына да мән беру де алаяқтардың жолын кеседі. Әсіресе, әлеуметтік желіге жақын күндері тіркелген парақшаларға сенуге болмайды. Алдын ала төлем сұрау, жеке адамның банкілік картасына төлем жасау туралы ұсыныстарға күмәнмен қараңыз. Себебі, бұл жағдайларда тауарды алу немесе кері қайтару мүмкін емес.

Егер алаяқтардың қамағына түсіп қалған болсаңыз немесе қандай да бір күмәнді жағдайға тап болсаңыз деру полицияға қоңырау шалыңыз. (Алматы қаласының Полиция департаменті 8 (727) 254-40-42; 8 (727) 254-43-88; 8 (727) 298-51-34; 102)

 

Т.Б. НҮСІПОВ,

Алматы қаласы Әуезов ауданы прокуратурасының аға прокуроры

Комментарий