Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, ҚР «Ардагерлер  ұйымы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының төрағасы:«Қарттар үнемі қамқорлығымызда»

– Ермек Әбілмәжінұлы, Жетісу ардагерлері ұйымының басшысы ретінде таяуда Талдықорған төрінде қариялардың басын қостыңыз. Мұндағы мақсат не?

– Аталмыш кезекті Пленумымыздың басты мақсаты облыстық ардагерлер ұйымының ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладан туындаған міндеттерге орай 2018 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылау болды. Сонымен қатар, жиында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының аяқталуының 75 жылдығына дайындық жөніндегі жұмыстар да талқыға түсті.

– Нақты өмірде қариялар мен аналарға ұйым тарапынан қандай көмектер көрсетіліп келеді?

– Өткен жылы облыстық кеңес негізгі жұмысын ардагерлер қатарының бірлігін нығайту, оларды өмірден тыс қалдырмай, қоғамға тарту, бастауыш ұйымдардың санын көбейтіп, кеңестердің рөлі  мен беделін арттыру мақсатында жүргізді. Бүгінгі есеп бойынша, облысымызда 220 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 93-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 12 мыңнан астамы соғыс жылдарында тылда еңбек еткен зейнеткерлер. Жалпы, облыс бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерін коммуналдық шығындарын жауып, жылумен, ыстық және суық сумен, газбен, жарықпен қамтамасыз ету үшін жылына жергілікті бюджеттен 12,1 млн. теңге жұмсалды. Ауылдық жерлерде тұрмысы төмен зейнеткерлер демеушілер көмегімен малға жем-шөп, отын, көкөніспен тегін қамтамасыз етілді.

Ардагерлердің денсаулығын нығайту үшін өткен жылы облыс бюджетінен 14,8 млн. теңге бөлініп, облысымыздың аумағында орналасқан шипажайларда демалып қайтты. Облысымыздың орталығы Талдықорған қаласында 70-тен асқан зейнеткерлер және көп балалы аналар, мектеп жасындағы оқушылар  автобустарда тегін жүреді.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік бар жерде – тірлік бар» атты дөнгелек үстел өтті. 9 Мамыр – Жеңіс күніне арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс бойынша аудан, қалаларда осы күнге байланысты соғысқа қатысушыларды құрметтеп, құттықтап, қаржылай сыйлықтар беріліп, кездесулер ұйымдастырылып, мерекелік концерттер қойылды. Облыстық ардагерлер ұйымы тарапынан 30 жалғыз басты ардагерге 200 мың теңгеден астам қаржыға азық-түлік пакеті ұйымдастырылды. Аудандық, қалалық ардагерлер ұйымдарының «Қарттар күніне» байланысты «Қарттарым – асыл қазынам», «Қарттарым аман, сау жүрші», «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты жастармен кездесулері өткізілді.

Облыстық ардагерлер ұйымының белсенді мүшелерінің мерейтойларына, қайтыс болғандарының жанұяларына материалдық көмек көрсетіліп отырады.

«Ардағым – ардагерім» акциясы аясында ҰОС-ның мүгедектері мен қатысушыларының және тыл ардагерлерінің тұрмыс жағдайларына көмек көрсетіп, былтыр 162 тұрғын үй жөндеуден өтті.

– Қоғаммен байланыс, қариялық ақыл-кеңес беру жағы қалай?

– «Ұлт құндылығы – ұрпақ өзегі» тақырыбында Талдықорған қаласында конференция,  «Ұлы дала тұлғалары» тақырыбында Талғар ауданында, «Бір ел – бір тағдыр» атты басқосу Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп Еңбекшіқазақ ауданында, «Рухани  керуен: Киелі тарихи жерлерге саяхат» тақырыбы аясында Кербұлақ, Панфилов аудандарының тарихи жерлеріне саяхат жасау, «Ұлы дала өнері» атты облыстық жастар мен зейнеткерлердің арасында қолөнер шеберлерінің көрмесі Панфилов ауданында және облыстық «Болашақ жастардың қолында» атты жастар форумы өтіледі. «Баталы жас арымас» атты ардагер және жас батагөйлер жарысын жергілікті жерлерде өткізіп, жеңімпаздардың ақтық жарысын Ақсу аудандық мәдениет үйінде ұйымдастыру, «Өнерсүйер қауымбыз» атты ән-биден ардагерлер мен жастар арасындағы қорытынды байқау фестивалін өткізу жоспарда бар.

2019 жылдың 19 ақпанында ҚР Жоғарғы Соты мен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ «Медиация» туралы Заңды басшылыққа ала отырып, ұлттық құндылығымыз қазақ билерінің дауларды бітімгерлікпен шешіп, елді бірлікке, ынтымаққа шақыру тәжірибелерін жаңғырту мақсатында меморандумға қол қойды.

– Жалпы, сіздер газет оқисыздар ма?

– Оқимыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша, әр жұмыс күнім республикалық, облыстық басылымдарды шолып шығудан басталады. Бұл әдеттен әр аудандағы ардагерлеріміздің жаңылмайтынын мақтанышпен айта аламын. Сондықтан, республикалық «Заң газеті» менің де, әріптестерімнің де жұмыс үстелінен әркез табылатынына бек сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

Алматы облысы

 

Комментарий