Қоғам | Общество

Қазақстанда шынайы оппозиция болған емес — Назарбаев

Қарсы шыға ма, онда өз ұсынысын айтсын. Шынайы ойы болсын. Проблеманы шешу жолын айтсын.

Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Штрихи к портрету. Начало» деректі фильмінде Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдан бастап, ел еңсерген қиындықтарына дейін баяндады. Бүгінгі Қазақстанға жету жолында нендей жұмыстар атқарылғанын айтты. 

Елбасы ел іргесі қаланған тұста өзінің бастамасымен ТМД құрылғанын алға тартады. Одан кейін ел экономикасын көтеру мақсатында ЕЭО құрылған.

«Кеңес Одағы ыдырап, ел тәуелсіздік алған тұста бәрі оңай болған жоқ. Біз 50-де 50 жағдайында едік. Тәуекелге келдік. Тәуелсіздікті құру мақсатымыз болды. Ақыры ол арман орындалды. 130 кәсіпорын жекешеленді. 2 млн адам жұмыссыз болды. Елге жұмыс тауып беру, ақша жасау, зейнеткерлерге зейнетақы беру керек болды. Тәуелсіздік жаңа алған уақытта Ресейден келген провокаторлар болды. Есімде, Өскемендегі әкімдікті басып алып, Алтай Республикасының аумағы болады деп үгіттегендер болды. Ондай сындардан да өттік», — деді Назарбаев.

Елбасы Қазақстаннан шынайы оппозиция көргісі келетінін айтады. Алайда оппозицияның өз мақсаты, ұсынысы болу керек дегенді айтты.

«Бізде елімізде жекешелендіруге қарсы шыққандар болды. Шетелден инвестор тартуға қарсы болды. Оның бәрі оппозиционерлер. Мен оппозицияның өз ұстанымы болғанын қалаймын. Қарсы шыға ма, онда өз ұсынысын айтсын. Шынайы ойы болсын. Проблеманы шешу жолын айтсын. Мен осындай оппозицияны қалаймын. Бізде ондай оппозиция болған емес», — деді елбасы.

Назарбаева елде кіші, орта бизнес жұмыс істеп тұрғанда ел экономикасы құрдымға кетпейді деп санайды.

«Кіші, орта бизнестің жолға қойылғанын қадағаладым. Себебі бұл бизнес барда экономика жойылмайды. Мен о бастан жастарды қызметке тарттым. Жастардан кадр жасақтадым. Олардың ішінде Ораз Жандосов, Өмірзақ Шөкеев, Кәрім Қажымұқановтарды, Әблязовтарды атауға болады. Бәрі 25-30 жастағы жастар. Жандосов қаржы министрі, кейін вице-министр болды. Әблязов министр болды. Олардың бірі сенімнен шықты, бірі шықпады. Сынақтан өте алмаған жігіттерге жаным ашиды. Көбі менің мейірімді екенімді айтады. Оларды орнынан алып, жауапкершілігі аз жұмысқа тағайындадым. Оннан алып, басқа жұмысқа қойдым. Олар нан тауып отырған соң, бала-шаға асырап отырған соң аяған едім. Мүмкін қатаңдық танытып, біраз қатал болуым керек пе еді», — деді тұңғыш президент.

Назарбаев 1993 жылдан бастап жастардың «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуына бастамашы болды. Бүгінде елімізде ол оқу орнына тең келер Назарбаев университеті бар.

«Бізге ақша керек болды. Шетелден инвестиция тарту керек болды. Бірнеше жасты ертіп, бір ұшақ болып шетелге апардым. Әр сала мамандарын инвесторлармен таныстырдым. Көлік бизнесі, киім бизнесі тағы басқа салаларды дамытып, ақша жасау керек еді. Қазақстан дамыған сайын өзім де таныла бастадым», — деді елбасы.

Нұрсұлтан Әбішұлы елдің ішкі жұмыстарынан бөлек сыртқы мәселелерге белсене араласты. Алауыз елдердің бейбіт келісімге келуіне мұрындық болып, бастамашылық танытқаны белгілі. Соның бірі Ресей мен Украина арасындағы дау.

«1990 жылдары даулы Қарабақ мәселесі басталды. Әзірбайжандар мен армяндар арасында өшпенділікті сонда көргенмін. Кейін Украинамен болган жағдай кезінде жаным ауырды. Іс насырға шаппай тұрып, мәселені шешу керек деп түйдім. Путинге хабарласып, Порошенкомен сөйлесуін сұрадым. Ол кезде Порошенко президент еді. Германияда Меркельмен осы мәселені талқыладым. Көрші елдер ақылдасып, сөйлесуге мұрындық болайық дедім. Порошенко Қазақстанға сапарлап келді. Оған Путинмен кездесуге кеңес бердім. Бұл алдын ала келісілмеген кездесу еді. Мен екі ел басшысын Қазақстанда кездесуді ұсындым. Ақыры бұл кездесу Минскіде болды. Маған олардың Қазақстанда кездескені емес, келісімге келгені маңызды еді. Бұл менің әлемдік бейбіт келісімге келуде бастамашы болған алғашқы әрекетім еді», — деп еске алды тұңғыш президент.

Комментарий