Қоғам | Общество

Маржан ЕЛГЕЗЕК, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы:«ЕРЕУІЛ ЕРДІҢ ҚАЗАСЫМЕН, АРУДЫҢ АЗАСЫМЕН АЯҚТАЛДЫ»

– Өткен өмірді қайта қаузау, ескі жараның аузын ашу кімге болса да оңай соқпасы анық. Дегенмен қазақтың талай қыз-жігітін арамыздан алып кеткен Желтоқсан оқиғасы туралы басынан баяндап берсеңіз? Сіз ол жерге қалай тап болдыңыз?
– 1985 жылы Семей қаласы, Үржар ауданынан Талдықорған қаласына келіп, №5 Орта кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түстім. 1986 жылдың 16 желтоқсан күні кешкісін «Алматыда Орталық комитетте Дінмұхамед Қонаевты зейнетке шығарыпты, орнына бөтен елдің адамын басқа жақтан алып келіпті» дегенді естідік. Мен ол кезде бар-жоғы 17 жастағы
бойжеткен едім. Пленумның шешіміне айналамыздағы адамдар үлкен наразылық білдіріп, талдау жасап, әртүрлі әңгіме басталып кетті. Кейін жатақханада вахтер болып жұмыс істейтін Ғалия апайдың: «Дінмұхаммед Қонаевты алып тастап, орнына басқа ұлт өкілін қойыпты. Біздің бос әңгімемізден ештеңе шықпайды, оданда бәріміз алаңға шығайық», – деп айтуымен, «Неге басқа жақтың өкілі Қазақстанның орталық комитетін басқарады?» деп бейбіт шеруге біз де шықтық. Бәріміздің мақсатымыз – тіліміз бен жеріміз үшін күресу болды.Осылайша наразылық білдіреміз, өз талап-тілегімізді көпшілік алдында айтамыз деп жатқанда сағат 01.00-дер шамасында алаңға жабдықталған милиция қызметкерлері мен солдаттар, Үкімет адамдары келіп, ереуілге шыққандарды қоршауға алды. Жай ғана бейбіт ереуілге шыққан халықты, келген адамдардың өздері қозғады. Жағдайды ушықтырып жіберді. Қолдарына түскен адамдарды аямай ұрып-соғып, қинады. Есіме түссе егілемін. Мұндай жағдайды енді қайта адамзаттың басына бермесін. Біз ереуілге елдің, жердің, қазақтың, мемлекеттің мүддесін қорғау үшін келгенімізді айтып түсіндіре алмадық. Амал қанша, ереуіл ердің қазасымен, еліктей сұлу жас арулардың азасымен аяқталды. Бәрімізді қуып-соғып, шегіндіріп, ұсталғандарды қамауға алды.
– «Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмайды» дейді ғой. Есіңізде қалған ең ауыр сәт қандай?
– Сол көтерілістен кейін біздер жатақханаға қарай бет алдық. Келесі күні жатақханаға үлкен кісілер келіп, анық-қанығын біліп, жиналыс ашты. Кезек маған да келіп, бір аптаға қамауға алындым. Маған әскери киім, яғни белдемше мен жиде киіп, сондай-ақ комсомол екенімді дәлелдейтін төсбелгіні тағып кел деген еді. Сол киімдерді киіп келген күні өз қазағымның ер азаматы төсбелгіні аламын деп, әдейі бір иығымнан жидені жұлып тастады. Мен оны бұл іс-әрекетіне байланысты бетінен шапалақпен бір ұрдым. Ол да жауапсыз қалмай маған
қол көтергенде жерге құлап түстім. Одан бөлек қап-қара, суық бөлме ішінде отырғаным есімнен кетпейді. Тіпті бүгінгі күнге дейін жарықсыз ұйықтай алмаймын. Өйткені қараңғыдан қорқамын. Жалпы темір тордың ар жағында өзге емес, өз қазағымның қиянат жасағаны жүректе таңба боп қалды. Одан бөлек темір тордың ар жағында күн сайын бір тілім қара нан мен қара су ғана беріп тұрды. Ертеңгілік тексеріс барысында ұрып-соғып, жұлқылап, қолдарынан келген барлық қорлықты көрсетті. Бір аптадан кейін бәрімізді тергеу изоляторына алып келді. Сол жерде қайтадан жиналыс болды. Жиналыста біз тұрған жатақхананың вахтеры Ғалия апайды 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі оқылды. Бірақ бұл сегіз
жыл Ғалия апайға жеңіл жаза екені ескертілді. Себебі, Ғалия апайымыздың мүгедек қызы бар еді. Ал жатақхананың старостасы Сламжан ағайды «жастарды ұйымдастырушы» деп жала жауып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Сөйтіп кезек маған да келді. Кәмелет жасына толмағандықтан мені жасөспірімдер колониясына жіберуге, оқудан шығаруға ұсыныс берді. Комсомол қатарынан бірден шығарып тастады. Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды. Бүкіл өмірім көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатқандай. Менің бар жазығым елдің ертеңі үшін уайымдап алаңға аяқ басқаным ба?!Адамның тағдыры шешілер тұста кураторым Нина Николовна көмекке келді. Ол менің оқудан шығарылуыма және жасөспірімдер колониясына жіберілуіме табанды қарсылық білдіріп, соңына дейін күресті. Ақыр аяғында өз қарауына алатынын айтып, кешірім хат жазып, бұл қатерден алып қалды. 1986 жылдағы осы зұлматты ойласам, бірінші Нина Николовнаны еске аламын.
– Бұл оқиғадан кейін сіздің жағдайыңыз не болды? Ақтау анықтамасын қашан алдыңыз?
– Ол кезде кәмелеттік жасқа толмаған қызбын ғой. Ең бірінші болған жағдай анама ауыр тиді. Қамаудан босатылғаннан кейін мені үйге жіберді. Үйқамақта 6 ай отырдым. Содан кейін ғана оқуға оралуыма мүмкіндік туды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңы» негізінде бес жылдан кейін Ғалия апай ақталды. Ал мен ақтау анықтамасын 2013 жылы 3 қаңтар күні алдым. Оған дейін біздің есіміміз де, суретіміз де, көрген азабымыз да жасырын болып келді. Бірақ көтеріліске қатысқаныма ешқашан өкінген емеспін. Бүгінде еңбегім еленіп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен, «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапатталдым. Сондай-ақ кеше ғана «PATRIOT 1986» төсбелгісі мен медалінің иегері атандым.
– Сіз желтоқсан оқиғасының қайнаған ортасында жүрдіңіз. Сол толқуларға қатысты қандай ақиқат айтылмай жүр деп ойлайсыз?
– Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болған еді. Бірақ сол тұста Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Ұзақ уақыт Желтоқсан көтерілісі туралы әңгіме «жабулы қазан» күйінде қалды. Бірақ қазір уақыт, жүйе өзгерді. Ендігі уақытта көп нәрсе айтылып,
жазылуы да тиіс деп есептеймін. Бұл орайда жұмыстар жасалынып та жатыр емес пе?! Тарихшылар, зерттеушілер, желтоқсаншылар «Желтоқсан оқиғасын» жанкештілікпен насихаттап, жасырылып келген, ашылмай келген тұстарын бұқараға кеңінен жеткізуге тырысып жатыр. Осы тақырып төңірегінде кітаптар, деректі фильмдер де жарыққа шығуда.
Біз қазір әлем мойындаған тәуелсіз мемлекетпіз. Олай болса кез келген тарихи құбылысқа, соның ішінде «Желтоқсан көтерілісіне» де тәуелсіз сана тұрғысынан қарап, ұлттық дүниетаным тұрғысынан таразылап, тарихи әділдік тұрғысынан бағалау қажет. Себебі тарих қателікті кешірмейді.
– Желтоқсан көтерілісінің мәні мен маңызын өз дәрежесінде дәріптеу, жете танып білу үшін алдағы уақытта не істеу керек?
– Жалпы, Желтоқсан көтерілісі біздің елге тәуелсіздікті жақындатты. Бұл айтулы күн үш күнмен шектелмейді. Зерттеушілер қозғалыстың түпкі қайнарын, оның маңызын, әсерін, жалпыұлттық дәрежеде қарауы керек. Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елін бүкіл әлем танып жатыр. Тәуелсіздік – кез келген мемлекет жете бермейтін жетістік. Бұл мың өліп, мың тірілген дана халықтың сан ғасыр аңсаған арманы еді. Сол баға жетпес тәуелсіздікті жақындатқан Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың ісін қолдап, оны кейінгі ұрпаққа үлгі етуді насихаттау қажет деп есептеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий