Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРИХ ТАРАЗЫ

«Бұғауға көнбес, әділетсіздікке төзбес». Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарға қатысты кешегі теңеу осы еді. Алайда, жылдар өте келе біз осы жалынды жоғалтып алғандаймыз. Тәуелсіздік сөзінің салмағы неге жеңілдеді, ұлт тарихына қатысты азалы күндер парағы қалай архив құжаттарына айналды? Ол күрес әділетті еді. Өйткені онда көшбасшы болмады. Алаңға шыққан жастардың көшбасшысы – әрқайсысының бойында тұншыққан азаттыққа деген ой-арман болатын, оларға бодан ұлтының жаншылған намысы мен тәуелді ұлтын тәуелсіз етуге ұмтылған мақсат-мұраты басшылық етті. Осындай өрлік пен таза намыс қазақ жастарын алаңға алып шықты. Олар қазақтай ұлттың бойында қарусыз, қақтығыссыз-ақ тәуелсіздік алуға болатынын дәлелдейтін ғаламат қайрат барын көрсетті. Бұл қайраттың өтеуі қазақ жастарына оңайға түскен жоқ.

Олар осы жолда жанын берді, қанын төкті, денсаулығынан айырылды. Алайда, біз бүгін азаттыққа ұмтылған ұлт қарлығаштарының қадірін дұрыс бағамдап, тәуелсіздікке сіңірген өлшеусіз еңбектерін лайықты пайымдай алмай жүрміз. Өткен тарихтың айтылуы тиіс ақиқатына үңілсек, олардың соншалықты ауыр, жүректегі ізінің түпсіз терең екенін түсінеміз. «Әр ұлтқа – өз көсемі!» – деген бейбіт ұранмен басталған шеру тек қана Алматыда өтті деу орынсыз. Біз бұл толқулардың республиканың Талдықорған, Сарыөзек, Жамбыл, Шымкент, Арқалық, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Өскемен тәрізді қалаларында да жалғасқанын білеміз. Алайда, Желтоқсан оқиғасының өзі секілді өңірлердегі толқулар да айтылмай келеді. Жазалаушы топтың қысымы мен қуғынына ұшыраған қаншама қазақ жастары атаусыз қалды, іздеусіз, сұраусыз, өз бастарымен қайғы боп кетті. Олардың бары мен жоғын түгендеп, соларды халық назарына алып шығу, хал-ахуалын білу бүгінгі белсенді желтоқсаншылардың үлесіндегі міндет еді. Біз бүгін осындай мәлімет, мағлұматтарға зәруміз. Есесіне бізден кейінгі буын нағыз желтоқсандықтардың атын жамылғысы келетіндердің таласын ғана көріп өсіп жатыр. Тәуелсіздік пен желтоқсан түсінігі, өкінішке орай, бүгінгі жастар
санасында Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл қойып, құран оқумен ғана шектеліп жүр. Желтоқсанға қатысты санаулы ғана топтың өз оқиғаларын баяндаумен ғана шектелетін жыл сайынғы қайталама кездесулері қазақ үшін қастерлі оқиғаның салмағын жеңілдетті. Тарихи салмағы ауыр оқиға науқандық шараға айналмауы тиіс еді. Үй беру, өтемақы тағайындау, орден-медаль тағу секілді әлеуметтік мәселелер алдыңғы емес, желтоқсандықтардың рухын айшықтайтын, елдің мақтанышын оятатын, батырларына деген құрметін арттыратын айтулы шаралардың астарында қалуы тиіс болатын. Желтоқсанға қатысты естелік жекелеген адамдар төңірегінде емес, сол кезең жастарының қайсар рухы мен ұлтын сүюдің озық үлгісі ретінде дәріптеліп, кейінгі буынға патриоттық тәрбие эталоны есебінде оқытылуы әлдеқайда әділетті болар еді. Біз Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен, тәуелсіз санаға қол жеткізбедік. Өйткені тәуелсіз сана салтанат құрған елде «Тәуелсіздік мерекесі Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қойды!» деген қауіп айтылмаса, «Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік!» деген жаттанды мақалалар жазылмаса керек-ті.
Бізге Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек секілді қайраткерлердің қазаққа адал қызмет етуді мұрат еткен шынайы жауапкершілігінің арқасында алаш тарихынан мол мұра қалды (көбі жойылып кетсе де). Ал Желтоқсан оқиғасы төңірегінде кім не қалдырды немесе қандай қайраткердің шырылдап, архив ақтарып жүргенін көрдіңіз? Осы тұста біздің ойымызға режиссер
Қалдыбай Әбенов ғана оралады. Бұл оқиғаға қатысты режиссердің ерен еңбегі мен табанды қайраткерлігі, жанкешті күрескерлігі қазақ тарихында «Аллажар» болып қалды. Қайсар Қайрат, күрескер Ләззат, Сабира, Ерболдар келер ұрпақ жадында бүгінгі желтоқсаншылардың мектептегі жылда қайталанатын бір сағаттық, науқандық кездесулері арқылы емес, осы фильмдегі өткір кадрлары арқылы ғана жаңғырады. Желтоқсан ызғары Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні немесе Әбдрахман Асылбектің сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» әндерімен ғана оралуы мүмкін. Басқа не бар бізде?!. Азалы күндер ақиқаты архивтерде жатпауы керек, олар тарихтың ащы сабағы, халықтың ұлт азаттығы жолындағы әділетті шайқасы ретінде жас ұрпақтың санасында дәріптелуі тиіс.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий