Қоғам | Общество

Алматылықтар сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтерді кедергісіз алып жатыр

Оңтүстік астанада биылғы жылдың 11 айында сақтандырылған тұрғындарға МӘМС пакеті шеңберінде 43,6 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қазір алматылықтар бағасы қымбат болып келетін операциялар мен КТ/МРТ сынды консультативтік-диагностикалық қызметтерге жолдаманы кедергісіз алып жатыр. Жолдама тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік орталықтарға да беріледі.

«Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысудың маңызы зор. Ол қажетті жағдайларда пациенттерге қымбат ота мен анализ түрлерін қосымша ақысыз тапсыруға мүмкіндік береді», – дейді филиал директоры.

Жуырда №7 Қалалық клиникалық аурухананың Нейрохирургия бөлімі дәрігерлері сақтандыру пакеті шеңберінде кезекті ота жасады.

Емдеуші дәрігер, нейрохирург Бақыт Ағлақовтың сөзіне сүйенсек, Н. есімді пациент көп жылдардан бері бел ауруынан зардап шегіп келген. Кейінгі уақытта омыртқа арасындағы дискте пайда болған жарық салдарынан оң аяғын баса алмай қалыпты. Ұзақ уақыт алған консервативтік ем нәтиже бермегендіктен дәрігерлер оған МӘМС пакеті шеңберінде омыртқаға ота жасауды ұсынды.

«Жалпы, нейрохирургияда жеңіл ота болмайды. Себебі операция микроскоп пен навигациялық құрылғылардың көмегімен жасалады. Шағын инвазивті әдіспен жасалатын бұл ота жарықты омыртқаға зақым келтірмей алып тастауға мүмкіндік береді. Соған қарамастан, күрделі операцияның бұл түрі біздің ауруханада жиі жасалады және бұл омыртқа арасындағы жарықпен күресудің ең тиімді жолдарының бірі екені даусыз», – дейді Бақыт Ағлақов.

Отаны №7 Қалалық клиникалық аурухананың №1 Нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Марат Әлиев жасады

Әдетте, ота жасалғаннан кейін пациент ауруханада көп жатпайды. Дәрігерлер оны келесі күні аяққа тұрғызып, бесінші күні үйге қайтарады.

Дәрігерлердің айтуынша, аурухананың кадрлық құрамы мен материалдық-техникалық базасы омыртқасы мен жұлыны зақымданған пациенттерге хирургиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қымбат операциялар сақтандырылған азаматтарға тұрғылықты жеріне қарамастан, МӘМС пакеті шеңберінде тегін жасалады.

Комментарий