Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Мүбәрак ЕРМАҒАНБЕТОВ, «Алматы» университетінің ректоры, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті академигі: Білім беру саласы ізденіс үстінде

– Мүбарак мырза, елімізде ең көп реформа жүргізілген және министрі жиі ауысқан сала – білім саласы. Қалай ойлайсыз, бүгінгі білім саласының ахуалы қандай? Осы саладағы реформаның табысты жүруі үшін нені ескергеніміз жөн?

– Білім саласы адамзат баласын ықылым заманнан толғандырған. М.Қашқари: «Ұлым, менің өсиетіммен жанды аузыңа қаратқын, Ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқын»,– деген тағылымдық өсиетінде ел тағдыры, болашағы білімде екенін аңғартқан. Рас, елімізде білім беру саласы түрлі деңгейдегі реформалауды бастан кешіріп келеді. Қоғам, ғаламдық ойлау, барған сайын күрделене түсуде. Жаңа ғасырға сай өзгеше қабілет, қасиетке ие ұрпақ қалыптасып келеді. Ал осының барлығы тікелей білім-ғылым саласына байланысты. Сондықтан білім беруді жетілдіру, ақпараттандыру, білім алушылардың танымдық, шығармашылық қабілетін арттыру, оқу дағдысын жетілдіру мәселелері көтерілуде. Білім беру саласы заман талабынан кеш қалып жатыр деп те дабыл қағылуда. Қазіргі қоғам жеке адамнан прогрессивті ойлай алатын белсенді әрекетті, жан-жақты болуды талап етеді. Қоғамда «орындаушы» адамнан гөрі «шығармашыл» адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі өмір дәлелдеуде. Бүгінгі заман талабы білімді, білікті, өздігінен
тығырықтан шығар жол таба білетін іскер және өмірге икемді адам тәрбиелеуді қажет етіп отыр.

Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдың бірі. Еліміздегі қазіргі білім беру саласы әлі де ізденіс үстінде деп айтар едім. Білім беру экономикалық және қоғамдық жаңартудың өсіп келе жатқан сұраныстарына сәйкес болуы тиіс. Әлемдік білім беру кеңістігінде ұлттық білім беру жүйелерін интернационалдау мен кірігудің ұтымды, тиімді жолдарын қарастыру маңызды. Сингапур, Батыс Европа, Финляндия, АҚШ, Ресей елдеріндегі білім беру жүйесін, білім беру мақсатын, мазмұны мен оқыту технологияларын меңгеру артықтық етпейді. Еліміздің ертеңгі тірегі – білімді ұрпақ, оларды білім сапасын арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену, білімді ақпараттандыру арқылы жоғары көрсеткіштерге жетелейміз. Әлем қалай өзгеретінін ғылыми негізде саралап отыратын орталықтардың болжамымен санаса отырып, еліміздегі ЖОО еңбек нарығын үнемі қаперде ұстап, ортаға қажетті мамандарды ғана дайындауды жоспарлау керек. Мамандандырылған білім орталықтары да елімізде көп болса, бәсеке арта түсер еді. Қазіргі кезде техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең
тиімді жолдарының бірі болып табылатын дуалды білім беру жүйесін жандандыру керек.

– Әлемді жайлаған індеттің салдарынан оқу орындары қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Бұл Отандық білім беру жүйесі үшін де үлкен сынақ болды. Оқытушылар мен студенттер өзгеріске бейімделді ме?

– Біздің университетте қашықтан оқыту жүйесі «Moodle» және «Google Classroom» платформалары бойынша бұрыннан іске асырылып келеді. Бірақ ол кезде студенттердің белгілі топтарына ғана қашықтан оқыту жүйесін қолдандық. Ал пандемия кезінде осы машығымызды дамытып, студенттерге қашықтан сапалы білім беруге бар күш-жігерімізді жұмсадық. Өткен жылғы көктемнен бастап студенттеріміз бен магистранттарымыз қашықтан оқи бастады. Рас, шәкірттерді жаппай қашықтан білім беру жүйесіне көшіру біз үшін де, білім алушылар үшін де үлкен жаңалық болғаны анық. Әлеуметтік желі арқылы оқытуға қатысты бірқатар сұрақтар да туындады. Десек те, осы ретте екі мәселеге назар аудара кеткенді жөн санап отырмын. Біріншіден, осы қашықтан оқытуға ұстаздар мен студенттер қаншалықты дайын болды деген сұрақ туындайды. Мойындауымыз керек, онлайн сабақтар өткізуде іс-тәжірибесі болмаған ұстаздар қауымы алғашқыда біршама қиналды. Бұл кемшілікті жою үшін ұстаздар арасында жедел вебинарлар ұйымдастырып, онлайн оқытудың қыр-сырын қысқа мерзім ішінде үйретуге тура келді. Вебинарлардан кейін ұстаздарымыз сабақ беруге де, студенттердің алған білімін тексеруге де дайын болды. Осылайша, онлайн білім беруге мүмкіндігімізді
кеңейттік. Екінші қиындық, студенттерге байланысты болды. Жалпы, жаңалық пен жаңа технологияны игеруде жастар белсенді ғой. Бұл жерде бар мәселе техникалық қамтамасыз ету мен интернеттің жағдайына байланысты туындады. Өздеріңіз де білесіздер, қазіргі таңда кейбір ауылдарда интернет дұрыс жұмыс істемейді. Десек те, жастарымыз қолдарындағы ұялы телефондарымен интернет жақсы ұстайтын көрші ауылдарға, жергілікті жердегі мектептерге барып, сабақтарына онлайн режимде қатысып, білім алуға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Былтырғы оқу жылында қашықтан оқытудың барысында туындаған қиыншылықтарын ескере отырып, біздер жаңа «Алматы оқу порталын» сатып алып, іске қосып, қазірде осы жеке және «Платонус» платформалары арқылы аталмыш үдерісті іске асырып жатырмыз. Сонымен қатар жаңа компьютерлер сатып алынды, серверлер санын 2-ден 6-ға дейін көбейттік, интернет жылдамдығын 100 – 150 мбит/секдейін жоғарылаттық. Егде жастағы оқытушылардың вебинарлар өткізу арқылы цифрлық құзыреттілігін едәуір жақсарттық. Енді «Алматы порталына» прокторинг жүйесін сатып алып, орнатып жатқан жағдайымыз бар. Қысқы сессия басталғанға дейін бұл жүйе іске қосылып, қорытынды аттестациялауды жүзеге асыратын боламыз.

– Онлайн білім берудің артықшылығыы да, кемшілігі қандай? Қашықтан оқыту жоғары оқу орындарының білім беру сапасына қалай әсер етуде?

– Онлайн білім берудің артықшылығы да кемшілігі де бар. Қашықтан білім берудің көптеген артықшылығы,
алдымен қашықтан оқу әр студентке өз көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. Топтан дараланғысы келмейтін студент енді өзін толғандырған сұрақтарды оқытушыға чатта еркін қойып, қосымша тапсырмаларды таңдай алады. Интерактивті оқыту платформаларын, Google Docs, электрондық жұмыс дәптерлерін және бейнеконференция қызметтерін пайдалану мүмкіндігін меңгеру арқылы еңбек нарығына дайындалады. Уақытты ұйымдастыруды үйренеді. Аудиторияда берілген тапсырмаларды талдау барысында оқытушы тарапынан тосыннан берілген сұрақтарға дереу жауап беру талап етілсе, енді студент анықтамалық әдебиеттерді тексеріп,мұқият және егжей-тегжейлі жауап бере алады. Бұл оқытушы мен студент қарым-қатынасын кәсіби етеді. Қашықтан оқу процесі оқытушыға да, студентке де ХХІ ғасыр мүддесіне сәйкес келетін өзекті материалдарды табуға мүмкіндік береді. Интернет арқылы тапсырманы орындау барысында студенттің тек оқулықты ғана пайдаланбай, мемуарларды, әндер және сериалдарды, ойындарды да жауаптарына салуға мүмкіндігі бар. Оқу материалдарының қолжетімділігі – онлайн оқудың артықшылығы. Қазір көптеген онлайн кітапханалар өздерінің виртуалды есігін ашып, оқулықтар мен оқу құралдарын тегін пайдалануға мүмкіндік берді. Онлайн оқудағы тағы бір артықшылық – жол мәселесі, оған кететін уақытты үнемдеу. Мұндай жетістіктерімен қоса қашықтан білім берудің кемшіліктері де бар. Сандық технологияларды
жылдам меңгеру, оны түсіну көңілде алаңдаушылық пен қорқыныш ұялатады және шаршатады. Студенттер
арасында жеке қарым-қатынастың болмауы, эдвайзерлерге топтағы барлық студенттерді бақылаудың қиындығы да байқалады. Қанша жерден сандық технологиялар ұшқыр болғанымен оқытушының студентті ынталандыратын функциясын ауыстыра алмайды. Студенттің пәнге деген қызығушылығын арттыру, шабыттандыру, ортамен бәсекеге түсіру тікелей оқытушының іскерлігіне байланысты. Оқытушы студентті өз бетінше ізденіп, ынталандыруды ұйымдастырмаса, екінші жақ интернеттегі дайын материалдарды көшіріп беріп, оқудың қажеттілігіне де күмәнмен қарауы мүмкін. Сондықтан оқытушылар бақылаудың жаңа түрлерін ойлап табуы керек. Қашықтан білім берудің тағы бір кемшілігі жұмыс уақыты мен бос уақыт арасындағы шекараның болмауы. Оқытушы да, студент те жұмыс күнінің қашан аяқталатынын нақты айта алмайды. Әрине, бұл жерде жеке адамның қабілеті басты орында екенін ескеруіміз керек.

– Бүгінде ата-анасының қалауымен немес грант үшін ғана мамандық таңдайтын түлектер көп. Соның салдарынан екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер саны жыл сайын өсуде. Сіздің ойыңызша, болашақ мамандық таңдауда неге көңіл бөлу керек?

– Тағы бір жылды артқа тастап, кезекті ҰБТ-ның уақыты жақындап келеді. Жас түлектердің алдында «Қайда барамын? Кім боламын? Қандай мамандықты таңдаймын?» деген сауал тұрғаны рас. Мамандық таңдау – өміріміздің ең күрделі шешімдерінің бірі. Мамандық таңдар алдында талапкердің «Ол маған не үшін керек?» «Мен өмір бойы осы салада жұмыс істей аламын ба?», «Бұл мамандықтың қыры мен сыры қандай?» деген сұрақтарға жауап беріп, ойланғаны дұрыс. Ол үшін әрбір білім ордасында жылына 2-3 реттен ашық есік күні болады. Кәсіби бағыт-бағдар беретін мамандар оқушылармен, талапкерлермен түсіндіру жұмыстарын
жүргізіп отырады. Мамандық иесі болып шығу үшін ЖОО дипломын алу аздық етеді. Ол үшін әрбір түлектің
бойында қабілет пен іскерлік, ізденіс пен талап болуы керек. Жастардың көбі өз қалауын әлі күнге дейін білмейді. Бірен-саран алдына нық мақсат қойғандары болмаса, басым бөлігі ата-ананың айтқан оқу орнына құжаттарын тапсырады. Бала өз таңдауымен мамандық таңдамаған соң, әйтеуір оқуын бітіріп шығады. Дипломды ата-анасына әкеліп береді. Содан кейін ата-ана жүгіріп жүріп ол баланы мамандыққа мүлде сәйкес келмейтін жұмысқа орналастырады. Сондықтан қазіргі таңда елімізде өз жұмысын тыңғылықты орындай алмайтын, оның байыбын аяғына дейін толық түсінбеген жас мамандар барлық салада бар. Қазір грант жолын емес, нарық жолын бақылаған дұрыс. Сонда ғана білікті мамандар көбейіп, ел экономикасы да
дами түседі. Мамандық таңдауда еңбек нарығын жіті бақылап отыру керек. Қазір нарық қандай мамандарға зәру? Соңғы 10 жыл ішінде жаңа мамандықтар пайда болды, оларды да назардан тыс қалдыруға болмайды.

– Ал «Алматы» университетінің түлектеріне сұраныс қандай? Түлектерді жұмыспен қамтуда қандай шаралар атқарып жатырсыздар?

– «Алматы университеті» – елімізде танымал, 20 жылдан астам тарихы бар жаңа форматтағы заманауи көп
бейінді жоғары оқу орны. Бізде көптеген қызмет көрсету, ғылыми-зерттеу орталықтары, серіктестік бағдарламалар және қос диплом жүйесі жұмыс жасайды. Университет көп салалы: педагогикалық, құқық, экономика, дизайн, өнер, бизнес-ойлау және технология бағыттарында болашақ кәсіби мамандарды даярлауға өз үлесін қосуда. Нарыққа стандартты емес көзқараспен қарап, жиі өзгеріп отыратын сұранысқа, сын-қатерлерге, кәсіби реакцияға тез және сапалы бейімделгендіктен университетіміздің түлектеріне сұраныс жоғары деңгейде деген ойдамын. Бүгінде бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы, жалпы қоғамдық проблемаға айналып отыр. Нарықтың субъектісі – жұмысқа қажетті маман даярлау және еңбек нарығы. Сол себепті де, жас түлектерді жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалар жақсы ұйымдастырылуда. Алматы университеті де барынша түлектерін білікті маман етіп шығаруда іс-шаралармен, жаңа бағыттармен жұмыс жасауын тоқтатқан емес. Соның бірі, «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Жұмыс істегім келеді» парағы құрылды. Ондағы мақсат бос жұмыс орындары туралы ақпарат, практикадан өтуге шақыру, өткізілетін іс-шаралар туралы хабарландырулар (шеберлік-сыныптар, мансап күні), жұмысқа орналастыру бойынша материалдарға сілтемелер беру осы арқылы түлектермен тұрақты байланыста болу, мансаптағы өзгерістерді қадағалау, оларды одан әрі ынтымақтастыққа тартуға мүмкіндік туады. Интернеттік желіде, еңбек биржаларындағы сайттарға ұсыныстарды тіркеу жағы да қарастырылған. Жыл сайын күнтізбелік жоспар бойынша «Сәт сапар», «Мансап күні» сынды кештер ұйымдастырылады. Университет түлектері үшін жұмыс берушілер шақыртылады. Негізгі мақсаты – университет студенттері мен түлектеріне уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуға көмек көрсету, сондай-ақ жұмыс беруші компанияларға бәсекеге қабілетті жас мамандарды іріктеуге жәрдемдесу. Барлық жұмыс орындарына түлектердің электрондық түйіндемелері бар дискілер таратылады. Мансап күні аясында студенттермен және бизнес өкілдерімен жұмысқа орналасу мәселелері бойынша сұхбат өткізіледі.Бүгінгі таңда білім беру сапасының проблемасы қазіргі заманғы отандық білім беру саясаты мен ғылымда орталық позициялардың бірі болып табылады.

– Университетте оқылатын пәндердің практикамен байланысы туралы не айтасыз?

– Тез өзгеретін технологиялар заманында оның басты ұстанымы «Өмір бойы білім алу, адамның сапалы кәсіби және ғылыми дайындығы, өз бетінше іздене білуі және өзін-өзі жетілдіруге қабілеттілігі болуы қажет».
Қазақстан Республикасында 2011–2020 жылдарға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың тұрақты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адам капиталын дамыту деп көрсетілген. Жоғары педагогикалық білім берудің қазіргі кезеңдегі ең өзекті мәселесі – бәсекелестікке қабілетті, еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатындай кәсіби мамандар дайындау. Бұл жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру, әлемдік білім кеңістігінің тәжірибелерін игеру арқылы ғана жүзеге асатындығы белгілі. Теориялық білім шынайы болмысты бағыттауға, жетілдіруге және қайта құруға мүмкіндік беретінін білеміз, бірақ білімнің шыңын шыңдауда тәжірибенің маңыздылығы өз алдына. Алматы университетінде практика мәселесі жоғары деңгейге қойылған. Университетте ғылыми және педагогикалық, дипломалды практика академиялық күнтізбе бойынша, 150-ден аса келісім шарт жасасқан ұйымдарда өтеді. Білім алушылар
логиканы тасымалдау мүмкіндіктеріне, теориядын шығатын ережелердің дұрыстық көрсеткішіне көз
жеткізіп, ішінара эксперименттермен, жаңа мәселелермен танысады. Екінші жағынан, практикалық іс-әрекеттің тиімділігі ғылымның жетістіктеріне негізделсе ғана арта түседі. Ғылым мен практика міндетті түрде
бір-бірін толықтыра және дамыта жүру керек.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер жалақысын төрт жылда екі есе өсіру туралы тапсырма берді. Еңбекақы жылына 25 пайыздан өсетін болып бекітілді. Дегенмен мектеп мұғалімдерінен ЖОО ұстаздарының айлығы неге аз? Сіз басқарып отырған оқу орнындағы ұстаздардың әлеуметтік мәселесі, ынталандыру тетіктері қалай шешілген?

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырды. Президенттің аталған тапсырмасын орындау мақсатында арнайы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Көрсетілген заңға сай: жекеменшік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің еңбегіне ақы төлеуді олардың құрылтайшылары немесе соған уәкілеттік берілген адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды. 2019–2020 оқу жылында «Алматы университеті» профессор-оқытушыларының орташа жалақысы 140 000 теңгені құраған болатын. Расында мектеп мұғалімін даярлайтын, олардың ұстазы болып табылатын ЖОО оқытушыларының айлығы кем болмауы тиіс деп санаймын. Осы мақсатта биылғы оқу жылында қаңтар айынан, яғни жаңа жылдан бастап профессор оқытушылардың айлығын 20%-ға көтеруді жоспарлап отырмыз. Нәтижеге бағытталған тиімді басқару – ынталандыруға негізделеді. Университет оқытушыларын ынталандыру – атқарған әр түрлі ғылыми, қоғамдық жұмыстарына, жариялаған импакт фактор мақалаларына, мемлекеттік мейрамдарға орай және тағы басқа жағдайларда жалақысына үстеме ақы төлеу арқылы жүргізіліп келеді.

– Осы қызметіңізде орындасам деген ең басты үш мақсатыңызды атаңызшы?

– Мен жоғары білім саласына барлық саналы ғұмырымды арнаған адаммын. Қарапайым стажер-зерттеушіден, профессор, проректор, ректор лауазымына дейінгі баспалдақтардан абыройлы өтіп, мол
тәжірибе жинадым. Соның ішінде соңғы жылдары еліміздегі білімнің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірінші проректор болып еңбек еткенімді, зиялы адамдармен араласқанымды мақтан етемін, бұл жылдар шынында мен үшін үлкен өмір мектебі десе де болады.
2017 жылдың қазан айынан Алматы университеті құрылтайшыларының шақыруымен аталмыш оқу орнының
басшысы болдым. Сөйтіп мемлекеттік, ұлттық университеттің және жекеменшік университеттің қыры мен
сырын бір адамдай меңгердім десем артық айтқандық емес деп ойламаймын. Мақсатым осы білім ошағын
ақылы университеттер арасында бәсекеге қабілетті ондықтың қатарына енгізу. Ол үшін оқытушылардың
сапасын арттырып, университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға мейлінше атсалысуым
қажет деп санаймын. Екінші басты мәселе, ол жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы, ел
экономикасына өз білімін ұтымды қолдануы. Университетті тәмамдаған бакалавлардың жұмысқа орналасуын 80 пайызға, ал магистрлерді 90 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету. Осы қызметімде орындасам деген
басты мәселенің бір – универститеттегі басты дайындық бағыттарына мықты әдіскерлерді тарту, олардың
көмегімен оқу бағдарламаларының сапасын арттыру, яғни студенттерге сапалы білім беруді ұйымдастыру.
Бұл мәселені шешуге құрылтайшылар да өз тарапынан қаржылық көмек жасаймыз деп отыр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий