Құқық | Право

АҚШАНЫ ҒАНА ОЙЛАҒАН АДВОКАТ АБЫРОЙ ТАППАЙДЫ

Бүгінде адвокат қызметіне жүгінбейтіндер кем де кем. Біреу қарызды қайтарғысы келсе, біреу некесін бұзып, бірге жинаған мүлкін бөлісу үшін, енді бірі алимент алу мақсатында адвокат қызметін пайдаланып жатады. Қазір тіпті өзара дауларын, айталық мұрагерлік мәселесін де адвокат көмегіне жүгініп шешкісі келетін туыстар аз емес. Ал түрлі қылмыс, экономикалық мүдделерге қатысты қозғалып жататын істерде де адвокат тараптардың сенім артып, көмегіне жүгінер негізгі тұлға екені бесенеден белгілі. Жалпы, заманауи үрдістің адвокаттар қызметіне деген сұранысты арттырғаны байқалады. Бұл әрине, осы кәсіп иелеріне үлкен талап қояды.
Адвокаттар заңды біліп, құжаттармен жұмыс істеп, арыздарды жазу, көпшілік алдында сөйлеу машығымен қатар жоғары адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Адвокат болуға ұмтылатындар баршылық. Олардың арасында доғарысқа шыққан судьялар, прокурорлар және басқа құқық қорғау орындарының қызметкерлері бар. Сот, құқық қорғау саласында мол тәжірибе жинақтаған жандардың заң көмегін көрсету саласына көптеп келуіне қуану да керек. Десе де, олардың кейбірі бұл қызметті оңай жолмен табыс табу деп түсінетін сияқты. Осы ретте ұзақ жыл сот саласында қызмет еткен Жоғарғы Соттың доғарыстағы судьясы Әділ Құрықбаевтың бізге айтқан пікірінің жаны бар. «Үстірт ойлайтындар адвокат болу қиын емес дейді. Ондай жандардан керемет адвокат шықты дегенді естімеппін. Негізі нағыз қорғаушы болу үшін жылдармен келетін үлкен тәжірибе, қорғаушыға сай мінез керек» деп еді ардагер судья. Бұл енді адвокаттармен талай уақыт қоян-қолтық жұмыс істеген адамның пікірі. Ол сонымен қатар адвокаттардың бәріне топырақ шашуға болмайтынын да айтқан. Сот ардагері өзі қызмет еткен кезде талай кәсіби шеберлігі де, адамгершілік қасиеті де жоғары мамандармен жұмыс істегенін ризалықпен еске алады. Сол секілді азаматтық парызын былай қойғанда, заңнамалық тұрғыда айқындалған, яғни заңдылыққа, әділдікке қызмет ету міндетін ұмытып, жеке мүддені көздеп кететін қорғаушылармен де бетпе-бет келген сәттер болғанын да қынжыла жеткізді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, қоғамда адвокаттарға қатысты теріс пікірдің туындауына да осындай жалқылар себеп болып жатады. Олардың біліктілігінің төмендігі, аз істеп, мол қарпуға бейіл ашкөздігі заңдылықтың үстем құруында шешуші рөл жүктелген адвокаттардың беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, тұтас халықтың әділідікке деген сенімінің төмендеуіне соқтырады. Былтыр Шымкентте зорлау қылмысын тоқтату үшін заңсыздыққа барған тергеуші мен адвокаттың ісі болуы осының нақты мысалы. Онда адвокат Н.Елгонов Абай аудандық полиция басқармасының тергеушісі І.Төребайға зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін жалпы сомасы 440 мың теңге пара беруге дәнекер болды деген күдікке ілінген еді. Ақыры тиісті заңнамаға сай екеуі де қызметтен шеттетілген.
Жалпы, Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша құқықтық көмек көрсетуде азаматтардың берген ақысын ақтамай, заң талаптарына томпақ келетін әрекеттерге барып, тәртіптік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылып жататын адвокаттар аз емес. Мәселен, биыл ел көлемінде 32 адвокатқа тәртібіне сай шара қолданылса, 8 адвокаттың ісі сотта қаралған. Олардың көпшілігі өздерінің ақысына сай қызмет көрсетпей, міндетке адалдық қағидатын сақтамаған. Әріптестері арасында көмегіне жүгінген азаматтардың ақшасын иеленіп, бірақ тиісті қызмет көрсетпейтіндердің, кейде сазға отырғызып кететіндердің аз еместігін адвокаттардың өздері де жоққа шығармайды. Осы салада ұзақ жыл қызмет етіп жүрген адвокат Лаззат Ахатова: «Негізі мұндай жағдай көп. Кейде сондай әріптестердің аяқтамай кеткен жұмыстарын ақырына жеткізіп жатамыз. Өз басым бес-алты адамның ақшасын алып, келісілген қызметті көрсетпей қашып жүрген бір заңгердің ісін жалғастырып жатырмын. Қаламақысы 1 200 мыңнан басталатын бұл әріптесіміз өзіне жүгінген азаматтарға сотта жеңіске жетуіңе көмектесемін деп, уәдені үйіп-төгеді екен. Сөйтеді де ақша уысына түскеннен кейін сөзі де, ісі де сұйылып, тіпті сотқа қатыспайтын көрінеді. Жуырда бір ісін жауып, үстінен Әділет министрлігіне, ол тіркелген Нұр-Сұлтан қалалық заңгерлер палатасына шағым жазуға мәжбүр болдық. Адвокат ешқашан мен жеңемін деп айтпау керек. «Адвокаттық қызмет
және заң көмегі туралы» заңның өзінде адвокаттың тек өз құзыреті шегінде құқықтық көмек көрсететіні айтылған. Адвокат тергеу, сот үшін жауап бере алмайды ғой. Ал, бұл сатыларда
істердің бәрінің әділ шешіле бермейтіні бәріне аян. Заңды болғанның өзінде заңсыз шешімдер шығарып беретіндер бар» деген еді. Иә, таяқтың екі ұшы бар. Осы ретте Ахатова ханым айтқандай, адвокат мың жерден тәжірибелі болып, қызметін адал көрсетуге тырысқанымен, тергеудегі шалалық, соттағы үстірт істің қорғаушы жұмысына көлеңке түсіретіні ақиқат. Алайда, мұны кім түсінсін. Іс қаншалықты әділ шешілсе де ұтылған жақтың өкпесі, базынасы айтылмай қалатын сәт өте сирек.

Осындай жайттарға жол бермес үшін азаматтардың талапты дұрыс қоюына, адвокаттардың қызметінің төленген ақыға сай қызметінің деңгейін бағалауға негіз болатын стандарттар қабылданған. Олардың сақталуы әрине адвокаттардың өз қызметіне деген адалдығы, біліктілігін қажет ететіні белгілі болғанымен, бұл ретте олардың көмегіне жүгінетін азаматтардың да өз құқының толыққанды қорғалуы үшін сол талаптарды біліп, талап етуі қажеттігін ескеру керек –ақ. Өкінішке орай, бұл тұрғыда көбіміз самарқаулық танытамыз. Салдары— болмайтын жерде құқығымыз тапталып, моралдық та материалдық тұрғыдан зардап шегіп жатамыз. Осы олқылықтан арылсақ, біздегі көп заңсыздықтың жолы жабылар еді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий