Қоғам | Общество

НАРЫҚТАҒЫ ЕТ БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ

Халық пен нарық қатар айтылатын ұғымға айналды. Бүгінгі нарыққа қарап халықтың хал-ахуалын, тұрмыс-тіршілігін бағамдаймыз. Әлемдегі пандемиялық жағдай бүгінгі таңда бұл мәселені тіпті ушықтырып жіберді. Бұндай қиыншылық биылғы соғым науқанында отандастарға қатты сезіле бастады. Ет өнімдерінің шектен тыс қымбаттауы ауыл шаруашылығы саласындағы ахуалдың мәз еместігін көрсетеді. Бүгін ірі қара малдың етіне қолы жетпегендер құс өнімдерін талғажау етуге көшкен. Мұндай жағдайды кез келген қарапайым тұрғын растайды.

Дәл қазір бөлшек саудадағы жылқы етінің бағасы Шымкент, Қызылорда қалаларында 2200-2400 болса, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларында 2400-2700 теңге аралығында саудалануда. Мамандар ет қымбаттауы алдағы бес жылда да толастамайтынын айтады. Себебі бағаны тұрақтандыру амалдары жасалып жатқан жоқ. Сондықтан бір жанұя бір мезгіл тамақ етер бір кг еттің бағасы екі мың теңгенің үстінде шыққан. Ет экспорты бойынша әлемге әлеуетін таныта бастаған елде еттің мұнша қымбаттау себебі неде?

Жайылымдық жерлердің сатылуы салдарынан қазір ауылдағы ағайынынның да мал ұстауы күннен күнге қиындап барады. Ауыл қазағы ұлан байтақ осынау кең дархан даладан жайылымдық жер таппай отыр. Жаздайлыққа шаруа үшін жайылымдық жер мұң болса, қыс түсе сала қолға қарап қалған малға жем шөп табу мәселеге айналады. Тұяқты мал болғанымен тұяғымен түртіп жейтін шөп қар астында қалған соң еріксіз қораға тығылған малды көктемге көтерем етпей жеткізу шаруаның міндеті. Осы орайда айта кетер жайт ауылда тұрған соң кез келген қазақ мал ұстағысы келеді. Бірақ бір кездері ауыл қазағы бір сиырдың сүтімен бес баласын асыраса, қазір бір сиырды бағу бес баланы бағудан да ауыр болып бара жатыр. Өйткені шөптің тележкасы ауылда 50 мың теңге. Жемнің қабы 1500 теңге. Қолында екі түйесі, үш сиыры, отыз шақты қой ешкісі, мал бағуға мінетін бір аты бар ақтөбелік Айдар Әлібеков «біз жақта қар қалың түсетіндіктен қысқа қарай ірі қара да, ұсақ мал да қолға қарайды. Оның үстіне соғым маусымы жақындаған сайын ұрылар да ауыл маңын торуылдап, жылқы мен түйені қоймайды. Сондықтан қыстың қалай болатынын білмегендіктен, кейде қыстың кеш шығуы мүмкін екенін ескеріп жылда үш тележка шөп, түйеге арнайы бір тележка жантақ аламын. Қыста бір мезгіл жем жалатпасаң көктемде дұрыс төлдемейді, тіпті қыстан шығара алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан жүз қаптай жем аламын. Мысалы биыл төрт тележка шөпті 200 мыңға алдым. Жүз қап жем 1500 теңгеден 150 000 теңгені құрады. Сонда жем-шөптің өзі биыл 350 000 теңгеге жетіп отыр. Қалған малды қыстан аман сақтап қалу үшін жылына екі сиырды сатып, немесе бір қараны сатып ақшасын алдын ала жем шөбіне дайындап отырамын. Бұл малдың 4-5 айдағы ғана шығыны. Ауылда тұрған соң мал ұстамай тағы отыра алмайсың. Ал ауылдағы әр түліктің түрінен санаулы түрде ұстағанның өзінде осынша шығын шығады. Яғни ауылдағы санаулы малы бар кез келген үй малды қыстан алып шығу үшін осынша шығын шығаруы керек. Қазір шыны керек, ауылда мал ұстайтындар сиреп барады. Өйткені малдың өзінен шығыны қымбатқа шығып тұр. Мұндай жағдайда қалай ақ адал малыңды арзанға бересің?! Сондықтан бейнеті мен шығынынан қашып малын сойып, сатып жатқандар көп. Ауылда соғымды сатып алушылар мамыр айының зейнетақысына, маусым айының жалақысына жаздырып алып жатады. Өйткені оған дейінгі зейнетақы мен жалақысын қолындағы азын аулақ малының шығынына, отын суына тақтап, қарызға төлеуге арнап қойған. Яғни мал ұстау тым қымбатқа түсуде. Мал басын көбейткен сайын шығыны да ұлғая бермек. Сондықтан игере алатын, жем шөбін көтере алатындай шамада ғана ұстаймыз. Ауылда қазір соғым алуға шамасы жоқ тауық етімен қысты шығарып, ауылда тұрса да дүкеннің сүтін пайдаланатындар көп» дейді. Бүгінгі ауылдың шынайы келбеті осы болып отыр.

Айта кетер жайт мал ұстау жылдан жылға қиындап барады. Өрістегі ұры төрт түліктің бір мәселесі болса, жайылымдық жердің тапшылығы, жем шөбінің жыл өткен сайын қымбаттауы мал басының көбеюіне кедергі болып отыр. Бұл бетімен кете берсе, ауылдағы ағайын таяғын ұстап қалмай ма?! Ата кәсіп мал шаруашылығы халқымызға жақын болғанымен, ауыл шаруашылығын экономиканың күре тамырына айналдырып, ауылдағы ағайынның мал ұстауына жайлы жағдай жасап, жем-шөптің бағасын тұрақтандыруға тиісті орындар тарапынан көңіл бөлінбей отыр.

Өткен жылы еліміз шетелге 53 мың тонна таза ет және он мың тоннадан астам ет өнімдерін экспорттаған екен. Негізі  жасанды жем шөппен азықтандырылатын еуропалық елдердің етіне қарағанда біздің табиғи жайылымдағы, еті дәмді малымызға экспортқа сұраныс жоғары. Ал осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Мамандар Қазақстандағы жалпы төрт түліктің санын қазіргісінен екі есеге өсіруге мүмкіндігі бар екенін, біз сол мүмкіндігімізді пайдалана алмай келе жатқанымызды айтады. Расында да ата кәсіп мал шаруашылығы ел экономикасын алға сүйрер күшке айналса, игілікті бір іс болар еді. Мал басын көбейте отырып, экспортқа шығарылар еттің де мөлшерін ұлғайтып, ішкі нарықтағы ет бағасының да төмендеуіне жол ашылар еді. Мәселен көрші Өзбек елінде мал басын көбейту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданған. Өзбек фермерлері нөлдік пайызбен мемлекеттен арзан несие алып мал басын көбейтуге кіріскен. Осы бетімізбен кете берсек, алдағы уақытта көрші елден етті екі үш есе қымбат бағасына саудалап отырмасымызға кім кепіл?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы мал шаруашылығын дамытамын деген ағайынға арнап жеңілдетілген несие беру бағдарламалары жүзеге асқан болатын. Алайда Сенатор Дана Нұржігіт ««Өрлеу, «Бастау» сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алып, оны үйінің жөндеу жұмыстарына, я болмаса, құдайы беріп, құда шақырып, сондай өзінің жеке басының шаруаларына ақшаны жұмсап жібереді екен. «Ал үкіметке қандай есеп бересің? Қалай есеп бересің?» десе, көршінің бұзауын әкеліп, көрсете саламын деп, ақшаны далаға шашқан болып шығады» деп ауылдағы мал басын көбейтуге бағытталған бағдарламалардың шын мәніндегі орындалу барысын сынға алған болатын. Сондықтан шын мал басын көбейтеміз десек жеңілдетілген несиемен қоса, мал азығын арзандату, мал шаруашылығымен айналысамын дегендерге кешенді жағдай жасау жұмыстарын да қолға алу қажет. Онсыз ет бағасын төмендетпек түгілі, қолдағы бар малдан айрылып, құрыққа сүйеніп қалатын секілдіміз…

Маман пікірі

Болатхан Махатов, ауыл шаруашылығы ғлыының докторы, профессор:

Расында да мал басын көбейтуге көңіл бөлмесек мал саны азайып бара жатыр. Қазір қымбаттағаны ештеңе емес, алдағы уақытта мал шаруашылығы мәселесіне мән бермесек, ет бағасы тіпті шарықтауы әбден мүмкін. Мен талай уақыттан бері айтып жүрмін еліміз шикізатқа иек артудан бас тартып ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп, осы мәселеге ел экономикасының күретамыры ретінде қарайтын кезге жетті. Ұлтымызды сапалы азық түлікпен қамтып, ауысқанын экспортқа шығарып, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы мал азығын дайындап, экономикамызды көтеруге де мүмкіндік туар еді. Бізде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын барынша дамытуға барлық жағдай бар. Тек сол мәселені дөңгелетіп кете алмай отырмыз. Қазір Европа халқы ГМО қосылған азық түліктен, дәріленген еттен шаршады. Дәл осы кезеңде әлемдік нарыққа Отандық осындай өнімдерімізбен кіріп кетсек елімізді тез даму жолына түсіріп алар едік, халқымыз да арзан етке қарық болар еді. Тек бұған мемлекет тарапынан кешенді үлкен мемлекеттік бағдарлама, мықты қадағалау керек.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

 

Комментарий