Қоғам | Общество

МӘҢГІЛІК ЕЛГЕ АЙНАЛУ – ҰЛЫ МҰРАТ

Алматыдағы сапасыз салынған тұрғын үйге қатысты еліміздегі бір интернет ресурстың аймақтық желісінің жетекшісі жақында әлеуметтік желіде «строительство по казахпайски!» деген жазба қалдырды. Оны кезінде заң шығарушы органда депутат болып, кейін үкіметте де лауазымды қызмет атқарған өзін әйгілі қоғам қайраткері санайтын бір ағамыз парақшасында бөлісіп, қолдау білдірді. Біздің қазақтың осындай жағдайда жиі айтатын «сенген қойым сен болсаң…» дейтін бір сөзі бар.

Шынында да өз ұлтының кейбір өкілдерін «ауылбай», «мәмбет», «мәдениеттен жұрдай жабайы» деп санайтындар әлі де өз ортамызда аз емес. Осындайда Алаштың әйгілі қайраткері Әлихан Бөкейханның өткен ғасырдың басында айтқан: «Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз». «Өзінен басқаның тілегін тілей алмайтын, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық» дегені еріксіз еске түседі. Одан кейін арада 60 жыл өткен соң жазушы Ғабиден Мұстафин «біз – ұлтшылдықпен күрестік, сендер – ұлтсыздықпен күресесіңдер!» деп кеңестік қоғамның ұлт саясатына берген әділ бағасы бүгінгі таңда да өз өзектілігін жойған жоқ. Өйткені 1986 жылы биліктің халықпен санаспайтын озбыр саясатына қарсы өз наразылығын білдіру үшін алаңға жиналғандарға «нашақор», «маскүнем», «ұлтшыл» деп ат қойып, айдар тағып және оған өзгелерді иландырған саяси идеологтардың тәлім-тәрбиесін бойына сіңіргендер әлі де өз кемшілігін мойындауға
асығар емес. Қарапайымдылығын, өзін қорсынғаны, кішіпейілдігін– жалтақтық, жомарттығын – ақымақтық, ашықтығын – алаңғасарлық деп санайды. Ал білім-ғылымды, техниканы игеріп, шет тілін меңгеріп, кәсібін де дөңгелетіп, саясаттың да бел ортасында жүрген, белсенділерін жершіл, рушыл, ұлтшыл деп сынап-мінеп жүргендер «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деген мақалдың мән-маңызын ұғынуға тырыспайды.
Әлемді топан су басса да, өзім аман болсам болды дейтін мұндай жандар ел мен жердің қасиетін білмек тұрмақ, ағайын-туыс пен қаймана қазақтың қадірін де сезінбейді. Сондықтан олардың ар-ұят, намыс, ұлт, тіл, діл, дін, туған жер, Отан деген қасиетті сөздің мәнін түсініп, мағынасына терең бойлауға ықылас пен ынтасы әрдайым кемшін түсіп жатады. Бұған бас та қатырмайды. Қазақтың үлесі жалпы халықтың 65-70 пайызын құраса да, мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін төрден өз орнын таба алмай, кейбір мекеме мен ұйымдарда ғана емес, биліктің атқарушы және заң шығарушы органдарында аударма тіліне айналып, орыс тілімен қосарланып, жетекте қалып қойғанының да бір себебі осында жатыр.
Егер қазақтың Жоңғар, Хиуа, Қоқан, Ресей шапқыншылығы кезінде жоғалтқан жері мен елін, тілі мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін түгендеуге және қалпына келтіруге Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыс ат салысып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетпесе Мәңгілік елге айналу мұраты алыстай береді. Ал осы елдің көтерген шаңырағының биік, керегісінің кең және берік болуын қалайтын адам бұл үлкен үйдің уақытша тұрып жатқан квартиранты ретінде көрсетпей, қазақтың атына кір келтіретін барлық ұятты істен аулақ болып, оның намысын жыртуға міндетті. Егер ол қолынан келмесе, қайда барам десе де жолы ашық екенін есіне салатындар табылады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Комментарий