Экономика

КӨЛІК ЖАСАУШЫЛАР ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Өзінің болашағын ойлаған елдің бәрі ғылым мен техниканың бүкіл жетістігін, жаңа өнім өндіру мен қызмет түрін игеруге жұмсап, машина жасау саласын экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналдыруға барын салып жатыр. Еңбек өнімділігін арттыру туралы Қазақстанда да осы күнге дейін Президент бастап, Парламент қоштап, Үкімет үйіп-төгіп уәде берген көп әңгіме айтылды. Бұдан бөлек мемлекеттік органдарды былай қойғанда, 500-ден астам кәсіпорынды біріктіретін Қазақстан машина жасаушылар одағы да Австрия, Венгрия, Германия, Италия, Испания, Корея, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Франция, Финляндия сияқты елдердегі түрлі бірлестіктермен ынтымақтастық жасасқан.
Басты мақсаты – отандық машина жасау саласын қолдау және дамыту, отандық машина жасау кәсіпорындарын біріктіру болып табылатын бұл одақ ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде, ҚР Қорғаныс және Аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігінде және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында тіркелген. Түрлі бағдарлама, жоспарлар жасалып, жыл сайын бюджеттен көлік жасау ісінде оны құрастыруға қомақты қаржы да бөлініп келді. Алайда өндірістің қай саласын алып қарасаңыз да, мынау Қазақстанда жасалған деп айтатын көлік пен өзге де техникалық құрал-сайманның үлесі өте аз. Тіпті кейбірінде мүлде жоқ. Ал бір кездері ашылуына Президенттің өзі арнайы қатысып, болашақта мұнда құрастырылатын техникалардың қажетті бөлшектері мен құрал-саймандарының көбі осында жасалатын болады деп жаһанға жар салған өндіріс орындарының бүгінде аптығы басылып, тасбақаның тірлігіндей жұмысы қуанышымызды су сепкендей басып тастаған.
Биыл жыл басында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин отандық машина жасау өндірісінде жеңіл автомобиль шығару 1,5 есе (44 077 дана), жүк көліктерін шығару 3,4 есе (4 247 дана), автобус шығару 2,6 есе (1 076 дана), трактор шығару 2,6 есе (897 дана) өсті дегенді айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда сатылған әрбір екінші автокөлік отандық өндірістің өнімі. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 1 қазандағы деректеріне қарағанда, елімізде 3 892 300 жеңіл автомобиль бар. Оның 64,9%-ның шығарылғанына 10 жылдан асқан, 3 жылдан аспайтыны 11,5% ғана. Ал халықты жекеменшік автомобильмен қамтамасыз ету 100 адамға шаққанда – 20,7 пайыз. Осы арада оның 2014 жылы 22 болғанын және одан кейінгі кезеңде жыл сайын төмендеп келе жатқанын да айта кеткен артық болмас. Өкінішке орай Ұлттық
статистика бюросының сайтында көліктің өзге түрлеріне қатысты соңғы мәліметтер жоқ. Тек 2 жыл бұрын еліміздегі 4,3 млн автокөліктің 89 291-і автобус, 404 848-і жүк көлігі болғаны көрсетілген. Ал трамвай, троллейбус, темір жол, су және әуе көліктеріне қатысты деректер одан да ескі боп шықты. Басқасын былай қойғанда осыдан 15 жыл бұрын бағындырылуы тиіс болған жылына 70-100 мың жеңіл автомобиль шығару межесі бізге сол күйі арман боп қалып отыр. Осыған қарамастан алдағы жоспарларға көз жүгіртсеңіз бұл сала қолдаудан әлі де кенде қалмайтын сияқты. Мәселен, 2019 жылғы 26 маусымда ҚР Премьер-министрдің №115-ші өкімімен «Машина жасауды дамыту жөніндегі 2019–2024 жылдарға арналған жол картасы» бекітілген болатын. Онда 2019 жылғы желтоқсанға дейін жұмыс істеп тұрған машина жасау кәсіпорындарын жеңілдікті шарттарда өндіріс үшін қажетті шикізатпен және материалдармен қамтамасыз ету жөніндегі тетіктерді әзірлеу, 2020 жылғы наурызға дейін Қазақстанда өндірілген машина жасау өнімдерін өткізу бойынша айналымға қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдану, корпоративтік табыс салығы бойынша төмендетілген мөлшерлемелерді қолдануды қоса алғанда, қарсы міндеттемелер қабылдау шартында машина жасау кәсіпорындары үшін салықтық преференциялар беруге кемінде 8 млрд теңге бөлу қарастырылмақ. «Даму» КДҚ» АҚ-ның қолданыстағы құралдары шеңберінде екінші деңгейдегі банктердегі машина жасау кәсіпорындарының қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі мәселені пысықтау да назарда тұр. 2020 жылғы мамырға дейін «КДБ-Лизинг» АҚ арқылы машина жасау кәсіпорындарына арналған жабдықтар мен машиналарды лизингке жыл сайын кемінде 50 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыруды бөлу мәселесін пысықтау. 2020 жылғы қыркүйекке дейін отандық өңделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта жылжыту бойынша шығындарды өтеудің ең жоғары сомасын 3 мыңнан 10 мың АЕК-ке дейін ұлғайту жөніндегі мәселені пысықтау және 2 жылдың орнына 3 жыл тарихи шығындар кезеңін белгілеу де ойда бар. 2020 жылғы қазанға дейін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар базасында немесе жаңа өндірістер құру арқылы Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық аумақтарында орналасатын машина жасауға арналған құйма, шыңдау және қалыптау өндірісі бойынша 5 базалық кәсіпорын құру жөніндегі мәселені пысықтау, 2019–2021 жылдары кемінде 50 млрд теңге шегінде машина жасау өнімдерін ілгерілетуді қолдауды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Яғни мемлекет көлік құрастыру мен машина жасауға бөлінетін қаржыны ұлғайтпаса әлі кеміткелі отырған жоқ. Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада дамыту керек болатын салалардың қатарында көлік құрастыру және машина жасау да басты орынға қойылған.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Комментарий