Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

СОТ КОРПУСЫНДА ӘЛСІЗДЕРГЕ ЖОЛ ЖАБЫҚ

Азаматтардың белгілі бір тобының сотқа көңілі толмайтыны қалыпты көрініс. Себебі әр процесте бір тарап жеңіске жеткенімен, екінші тараптың ойлағаны болмай, сотқа өкпелейтіні шындық. Мұндайда мәселенің заңдылығын түсіндірудің, арызданудың алдын алудың маңызы зор. Әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қатысты күмәнді сейілту кезек күттірмейді. Сот саласындағы жемқорлық көптеген құқықтық, әкімшілік және кадрлық шешімдерге қарамастан жойылмай келеді. Мәселен, 2018 жылы 28 судьяның үстінен қылмыстық іс қозғалса, былтыр 11 судьяға қатысты қылмыстық іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өндірісінде болды. Олардың 14-і сотталды, қалғандары жұмыстан босатылды немесе істері әлі сотқа жеткен жоқ. Бұл көрсеткіш соңғы 8 жылдың қосындысынан да көп.

Жоғарғы Соттың ресми өкілі Айдос Садуақасовтың айтуынша, сот саласында сыбайлас жемқорлықтың артуына әртүрлі фактор әсер етуде. Соның бірі сотқа түсетін талап арыздардың жыл сайын артып бара жатқаны. Істердің көптігі, әрине, жемқорлыққа жол ашады. Әсіресе, қыруар ақшаға қатысты істер «Алтын көрсе, періште жолдан таядының» керін келтіріп тұр. Жемқорлықтың екінші факторы – мемлекеттік органдардың жауапкершіліктен жалтаруы. Бұл ұйымдардың өз актілерін өзгертуге құлықсыздығы азаматтарды сотқа жүгіруге мәжбүр  етуде. Жемқорлықтың үшінші факторы: «таза, адал бол» деген үндеулер кейде нәтиже бермейді. Сондықтан Жоғарғы Сот халықтың әділдікке деген сеніміне нұқсан келтіру арқылы мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін бұл үрдістің алдын алуға күш салуда. Ең алдымен күнделікті 20 мыңдық конвейер 3 есеге, яғни 6 мыңға дейін қысқартылды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, іс аз болса, жемқорлық кеміп, сапа жоғарылайды. Жемқорлықпен күресте дауларды бітімгерлік жолмен шешуге маңыз берілді. Бүгінгі таңда олардың 40 пайызы сотқа жетпей, келісіммен аяқталуда. Бұрын біреу жеңіп, екіншісі жеңілсе, қазір екі тараптың бітімге келуіне басымдық берілуде. Татуласу бар жерде, жемқорлық жоқ. Осы ретте Әкімшілік юстиция туралы кодекске үлкен үміт артылып отыр. Ол 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осы заңды қабылдаған елдерде шенеуніктердің тәртібі жақсарып, экономика дамыды. Ең бастысы, халықтың билікке деген сенімі артты. Жоғарғы Соттағы қауіпсіздік қызметіне ҰҚК-нің мамандары тартылып, сыбайлас жемқорлық қарсы күрес ұйымымен бірлескен жұмыс жолға қойылды. Бізде бірінші күннен бастап-ақ судья шешімді өзі жазып, өзі қабылдайды. Оған ешкімнің араласуға құқығы жоқ. Еңбек өтілі 20 жыл болсын, не кеше ғана тағайындалсын, айырмашылық жоқ. Қатенің жауапкершілігі екеуіне де бірдей. Сондықтан, Жоғары Сот Кеңесімен бірігіп, іріктеу жүйесі түбегейлі өзгертілді. Бұрын 4 кандидаттың біреуі ғана судья болса, қазір 20-ның біреуі мәреге жетуде. Әлсіздерге жол жабылды. Соның айғағы бос орындар саны артты. Бұл бірақ кездейсоқ кадрлардың судья болғанынан жақсы. Қызметтегі судьяларды 5 жыл сайын кәсіби бағалау тәртібі енгізілді. Оның әдістемесін халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Онда ІТ жүйе автоматты түрде «тәуекел тобын» анықтайды. Кейін олардың қызметі кәсіби білім және оларды сот төрелігінде қолдану біліктілігі, сот қызметінің нәтижелері, іскерлік дағдылар және адамгершілік қасиеттер бойынша анықталады. Нәтижесінде, бұрын 100 судьяның біреуі ғана сынақтан сүрінсе, қазір 100-ден 10-ы өте алмауда. 1,5 жыл ішінде 51 судья кәсіби жарамсыз деп танылды. Бұл өткен 10 жыл ішінде сыннан өтпеген судьялардың көрсеткішімен тең. Үш жыл ішінде барлық судьяның 84 пайызы бағалаудан өтеді. Тоқетерін айтқанда, сот төрелігін
әділ, сапалы, ең бастысы, жемқорлықтан аулақ ету үшін жасалып жатқан жұмыс аз емес. Алайда, олардың тиімділігі жайлы әңгімеге келгенде кібіртіктей береміз. Жоғарыда аталған қылмыскер судьялар жайлы көрсеткіш бұл жерде әлі де игеріп, жетілдіре алмай жатқан мәселенің бар екенін көрсетеді. Жалпы, жемқорлық әлемдегі көптеген елдердің бас ауруы. Бұл құбылыстан негізінен дамыған мемлекеттер ғана аулақ болып отыр. Олардың тәжірибесіне үңілсек, сот корпусын лайықты кадрмен қамтамасыз етуде бізде ескерусіз қалып отырған жайттар бар секілді. Соның бірі оларда кездейсоқ және жас адамдардың бұл лауазымнан үміттене алмайтындығы. Судьяларының кәсібилігі және әділдігімен даңқы шыққан елдерде судья жоғарғы деңгейде қызмет көрсететін заңгерлік мансаптың шыңы екен. Сондықтан оларда судьялыққа үміткерді таңдауда формальды түрдегі емтихан емес, кәсіби ортада қалыптасқан беделі назарға алынады. Яғни, дамыған елдерде болашақ фемида өкілі әл-ауқаты өмірін қамтамасыз етуге жететін, тәжірибесі мен дүниеге көзқарасы салмақты және дербес шешімі мен өз ұстанымын дәйекті түрде қорғай алатын тұлға. Оларда сонымен қатар судьяның ақшасын қайда және неге жұмсағаны, қайда демалғаны үнемі бақыланып отырады.
Сот ісіне тікелей немесе жанама қатысы бар бәзбір адамға ресторанда ішкен тамағының құнын төлету – судья үшін сот саласындағы қызметінің соңғы күні болады. Сыбайласқан жемқорлықтың маңызды бір бөлігі пара берушілер екендігі бұл елдерде заңмен айқындалған. Сондықтан оларда азаматтар мұндай теріс қадамға бара алмайды. Өйткені, ол осы сәтте судьяны сатып алуға әрекет еткені үшін қылмысқа тартылуы мүмкін, ал алушы оны алуға қорқады. Бұл ретте жалақыны арттыру және судьялар қызметін қатал қадағалау айрықша маңызға ие. Өкінішке орай, бұл мәселелерде ақсап тұрғандаймыз. Мамандардың айтуынша, бізде судья еңбегі толық төленбейді және толық қадағаланбайды. Мұның сыртында қылмыстық істерге жасалып отырған талдау паралардың үнемі бопсаланбайтынын көрсетеді. Көп жағдайда ол, мысалы, кәсіпкер тарапынан өз бизнесіне артықшылықтар алу үшін беріледі.
Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, бізде судья лауазымын көбіне кәсібилер емес, сотта істейтін, сот отырысының бұрынғы хатшылары, судьяның көмекшілері иеленеді. Бұл
ретте олар соттың ас үйінде қайнаған, судья жұмысының барлық қырын ішінен біледі деп саналады. Ал шындығында тәжірибеде бұл ақиқаттан алыс жатады. Көбіне аталмыш нәзік тұстар құқықты білумен, кәсібилікпен, ұстаныммен байланысты емес. Бар болғаны бұрынғы хатшылар заңды қай кезде сақтау керек, қай кезде оны айналып өту керек, қай шешімді қандай жағдайда қабылдау керек екенін біліп алған. Мұндай мамандарды, әрине,басқару да оңай. Қазіргі таңда сот корпусы осы тәжірибеден бас тартпақ. Олай болмаған жағдайда сыбайлас жемқорлықтан арылу мүмкін емес. Тәуелсіз болу, жемқорлық сызбасына қатыспау тек тәжірибесі мол, өзіне сенімді ғана судьяға тән.
Тәуелсіздік судьяның барынша өз шешімін қабылдаудағы еркіндігі, шешім қабылдау барысында оған ешкім де, ештеңе де ықпал етпей, тек қана заңды және ар-ұятын басшылыққа алу керек деген ұғымды білдіреді. Судьяның тәуелсіздігі сыбайлас жемқорлықтан жоғары тұруы тиіс. Сондықтан кәсіби және ар-ұяты жоғары сот корпусын құру барысында жемқорлықпен түбегейлі күресу керек деген тұжырыммен келіскеніміз жөн. Шын мәнінде әділ сот төрелігін қалыптастыруға мүдделі болса, мемлекет өз назарын нақ осы мәслені шешуге бағыттауы  тиіс.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий