Жаңалықтар | Новости

Қазақстандағы ірімшіктің 5 пайызы ғана отандық өндіріске тиесілі

Қазақстандық нарықта отандық ірімшік өндірісі 5 пайыздан аспайды, қалғаны – импорт. Бұл туралы сүт өндірісімен айналысатын мамандар айтып отыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Сүт өндірісімен айналысушылар бұл жағдайды түзетуге ниетті – Солтүстік Қазақстанда заманауи сүт өңдеу кәсіпорны іске қосылуға дайындалып жатыр, ол сапалы және қол жетімді ірімшіктерді өндіруге, сондай-ақ қазақстандық сары майды өндіруге бағдарланбақ, ал сары май біздің нарықта аз – үштен бірін ғана алады.

Eurasian Milk жаңа кәсіпорны сүт саласына жаңадан келген өндіріс орны емес, ол Петропавлда кеңес заманында құрылған және жергілікті тұрғындарға “Сүт одағы” деген атпен таныс. Соңғы жыл ішінде кәсіпорын Eurasian Foods Corporation холдингінің құрамына кіргеннен кейін толық техникалық қайта жабдықтаудан өтті.

Кәсіпорында жақында жабдықты тестілік іске қосу сәтті өтті, ал алғашқы өнімді шығару осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. EFC холдингі зауытты модернизациялауға 12 миллион АҚШ долларынан аса қаржы салды, бұл – жаңа кәсіпорын құрылысына жұмсалатын шығынмен салыстыруға болатын сома. Зауытта негізгі ғимараттардың қабырғаларын қоспағанда, барлығы дерлік өзгерді. Кәсіпорынның технологиялық деңгейі оны елдегі ең заманауи сүт өндірісінің біріне айналдырады. Мұнда сүтті қабылдау және өңдеу үшін Германиядан өндірістік кешен, сары май шығару бойынша швейцариялық желі, ірімшік өндіруге австриялық жабдық, сондай-ақ “моцарелла” типіндегі жұмсақ ірімшіктерді дайындау үшін арнайы италиялық желі орнатылған. Мұндай құрылым бүгінде елдегі алғашқы және ең өнімдісі.

“Пандемия кезінде біз бұрын-соңды болмаған шектеулерге тап болсақ та, карантин жағдайында сүт өндірісінің ерекшеліктерімен таныс бірегей мамандарды – құрылысшыларды, инженерлерді, реттеушілерді іздеу және жұмысқа тарту өте қиын дегенмен, кәсіпорынды қайта жабдықтау бойынша барлық жұмыстар қысқа мерзімде аяқталды. Жобалау сәтінен бастап бір жылдан астам уақыт өтті. Ірімшік өндірісін игеруге біраз уақыт кетеді, алайда біз технологтарды – халықаралық сарапшыларды Австрия, Швейцария, Балтық елдері сынды “сүт” елдерінен тарттық. Біз процестер мен рецепттер бойынша жұмыс істейміз, өнімдеріміздің дәмді және қолжетімді болғанын қалаймыз”, – деп атап өтті сүт өндірумен айналысатын ЖШС директоры Андрей Гриценко.

Мамандар кәсіпорынның экологияға деген қамқорлықты экономикалық тиімділікпен үйлестіре алғанын атап өтті. Кез келген ірімшік өндірісінің ерекшелігі – бұл экологияға қауіп төндіруінде. Шешім ретінде зауыт басшылығы тазартудың заманауи әдістерін қолданады, сондай-ақ таяу уақытта шикізатты неғұрлым терең өңдеу жобасын іске асыруды және тұтастай алғанда, осы жағдайда тиімділікті арттыруды жоспарлап отыр.

“Eurasian Milk зауыты іске қосылғаннан кейін жылына 50 мың тонна сүт өңдейді. Дайын өнім өндірісінің көлемі жылына 14,5 мың тоннаны құрайды, оның 3,5 мың тоннасы ірімшік өндірісіне тиесілі болады. Өндірістік қуатқа шыққан кезде сүт өңдеу көлемі жылына 110 мың тоннаны құрайды, – деп атап өтті Eurasian Foods Corporation басқарма төрағасының орынбасары Иван Колесников.

Солтүстік Қазақстанда қазірдің өзінде сүттің сапалық сипаттамаларын жақсартуға, сала кәсіпорындары үшін шикізат жеткізудегі ірі шаруашылықтардың үлесін арттыруға бағытталған сүт-тауар фермаларын дамыту жөніндегі бағдарлама жұмыс істейді. Сондай-ақ, мемлекет инвестицияларды субсидиялау тетігі арқылы салаға қолдау көрсетеді. Eurasian Milk өз тарапынан сүт саласын дамыту бойынша өңірлік биліктің күш-жігерін қолдайды.

Кәсіпорында Eurasian Milk фермерлік шаруашылықтардан зауытқа келіп түсетін шикі сүттің ең қатаң сапа критерийлеріне сәйкес келуіне аса мүдделі екенін атап көрсетеді. Сондықтан кәсіпорын фермерлік өнімдерге кепілді және ұзақ мерзімді сұраныс ұсына отырып, жергілікті шаруашылықтармен ынтымақтасуды жоспарлап отыр. Компаниядағы негізгі міндеттердің бірі – фермерлермен серіктестік қарым-қатынас орнату, олармен бірнеше жыл алға келісім-шарттар жасасу. Eurasian Milk фермерлік шаруашылықтарды несиелендіруде кепілгер болуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда фермерлерге қажетті жабдықтарды ұсынуға дайын. Компания мамандары білім беру компонентіне көп көңіл бөлуге ниетті: арнайы фермерлер үшін мамандардың консультациялары, мал шаруашылығы бойынша семинарлар ұйымдастырылады, шақырылған сарапшылар басқа елдердің аграршылары табысты қолданып жүрген заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары туралы айтып береді.

Зауыттың штаты айтарлықтай ұлғайтылды және қазірдің өзінде 150 адамға жеткен, ал болашақта оны кеңейту жоспарлануда. Бұл әсіресе пандемия мен дағдарыстың салдарынан көптеген кәсіпорындардың қызметкерлерді қысқартып немесе жалақы төленбейтін демалысқа жіберуге мәжбүр болған кезінде өте маңызды. Зауытқа жұмысқа орналасқан жас мамандар кәсіби білім ала алады, ол әрі қарай кәсіби өсу үшін негіз болады. Бұдан қоса, сервистік компаниялардың тарапынан қолдаусыз ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мүмкін емес, яғни осы кәсіпорын ашылуының арқасында жұмыс орындары сабақтас салаларда да пайда болады, бұл өңірге экономикалық өсу үшін жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз етеді.

Иван Колесниковтың айтуынша, зауыттың холдинг құрамына кіруімен, компания өзі үшін бизнестің жаңа перспективалық бағытын ашады, сондай-ақ қазақстандықтарды сапалы және қолжетімді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге көмектеседі.

“Нарық үлесіне келетін болсақ, импорт басым болу жағдайында біз барынша мүмкін болатын тауашаны иеленуге ниеттіміз. Мұны техникалық тұрғыдан жүзеге асыруға болады, бірақ көп нәрсе шикізаттың сапасына, экономикалық тиімділігіне байланысты. Ірімшік пен сары май сегментінде біз қазақстандық нарықтың кем дегенде 20 пайызын алуды жоспарлап отырмыз, дегенмен, бұл қай уақытта болатынын кесіп айту қиын, – деп түйіндеді Иван Колесников.

Сала сарапшылары экономикалық дағдарыс кезеңінде осындай ауқымды жобаны іске қосудың өзі жеке бизнестің өңір экономикасын және елдің бүкіл агроөнеркәсіптік кешенін тұрақтандыруға қосқан елеулі үлесі екенін атап өтті. Қазіргі заманғы сүт өңдеу кәсіпорнын толық жаңғырту және іске қосу Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің пандемияға және жалпы әлемдік экономикалық жағдайға қарамастан сапалы өсуді жалғастырып келе жатқанын, ал отандық бизнес салаға өз инвестицияларын ұлғайтып отырғанын айғақтайды.

Комментарий