Бас тақырып | Тема дня

Судья парасаты

 Қоғамдық өмірдегі әрқилы қайшылықтар мен заңбұзушылықтарға  жолыққан адамның әділдік іздеп жүгінері – сот.  Ал сот шешімінің заңды да әділетті болуы судьяның біліктілігімен қатар, адамгершілік, имандылық, жалпы рухани білімдарлық қасиеттерін өз бойына қамтитыны оның парасаттылығына да тікелей байланысты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген дала даналығын ұстану судья парасаттылығын паш ете ала ма? Жалпы, судья парасатының анықтамасы, әрі өлшемі не? Бұл  қат-қабат мәселені қамтиды. Бұған қағидатпен жауап беру мүмкін емес. Мұнда ең бастысы заңгердің білім-біліктілігімен қатар, рухани-адамгершілік қарым-қатынастардан да жаза баспауы тиіс.

Әрине, судья заңның әділет жолында үстемдік құруына мүдделі бірден-бір тұлға. Оған бүтін халықтың, мемлекеттің сенімі жүктелген. Қара қылды қақ жарып, ақты қарадан айыратын құзырет берілген. Мыңдаған тағдырға жауапты. Ақиқаттан алшақтаған үкім немесе әділдік салтанат құрмаған сот үдерісі – оның тәжірибесінде болмауы керек. Судьяның асығыс үкім мен ойланбай шешім шығаруға хақысы мүлдем жоқ. Сондықтан, сот өндірісінде адамгершілік нормаларын қатаң сақтау аса маңызды. Қылмысқа қарай әділ жаза тағайындау – кінәлінің кейінгі өміріне ықпал ететіні естен шықпауы тиіс. Өйткені, сот өндірісінен кейін де оның дұрыс жолға түсіп, тірлік кешуі қажет. Ал, ол –  қоғам мен адам мүдделерінің етене қабысуынан туындайды.

Негізінде, азаматтың тағдыры іс бойынша шығарылатын үкімге тікелей байланысты. Үкім, аты айтып тұрғандай, салмағы қара нарға жүк болардай дүние. Сол себептен, судьяның шығаратын сот актісі заң және адамгершілік негіздерге сүйенуі керек-ті. Яғни, нақты бір іс бойынша шығарылған сот актісі қолданыстағы заң талаптарына ғана емес, сондай-ақ адамгершілік нормаларға да сәйкес болуы қажет. Жалпы, қандай да бiр кәсiп, мамандық иесiнiң атқарар қызметiнiң түп негiзi адамгершiлiк-моральдық қағидаттардан өрбуі тиіс. Оның қоғамға келтiрер пайдасының қақ суының сарқыншағындай аз, салмағы бiлiнбейтiн бiр мысқал iспеттi болатыны шындық. Судьяларға қойылар моральдық талаптардың мәнi – әдiлеттiлiк, ізгілік (гуманизм), шыншылдық секiлдi биiк адамгершiлiк талаптарымен үстеледi. Демек, соттың төрелiк айту қызметiнде мұндай адамгершiлiк қағидаттарды берiк ұстануы – сот өндірісіндегі қатысушылардың ғұмырында тағдыршешті рөл атқарады.

Сөз – сойыл емес, Сөз – қару. Сүйектен өтетіні де содан. Сөздің тобықтай түйіні арқылы тентегін тезге сала білген бабаларымыздан қалған мұра – шешендік. Жалпы, өз тарихында абақтысы болмаған қазақ ел ішіндегі тентектерді түрмесіз-ақ түзетіп алғанын білеміз. Жетесіне жеткізе айтылған бір ауыз сөзден соң елден шыққан бұзық болмаған. Мұның астарында, біз сөз қылып отырған парасаттылық, адамгершілік, ізгілік нормалары жатыр. Қазір шешім шығарып алып сотқа жүгінген адамның тағдырына қатысым жоқ деу – қай судья болмасын қате пайым. Істі болған азамат тағдырының тұтқасы судьяның қолында тұр демесек те, шығарылған шешім сол азаматтың өміріне өзгеріс әкелетіндігін естен әсте шығармау керек. Судьяның парасаттылығы осы арада көрініс табады. Судья шешім шығару арқылы азаматқа белгілі бір тұрғыда сабақ беретінін ұмытпағаны абзал.

Судья – мемлекеттік билік белгілеп берген жоғары құзыреттілікке ие тұлға ғана емес, ол сол қоғамның бір мүшесі екенін естен шығармағаны жөн. Бұл арада судьяның адами қарым-қатынас пен рухани құндылықтарды заң талаптарымен астастыра қолдануы  құндырақ. Ол үшін судья заңмен әбден қаруланған ғана емес, ата-бабаның құқық институтынан тамыр тартқан заңгер болуы керек. Бұл сотқа сенімді арттырары хақ.

Бұл орайда талай ғасырлар бойы жалғасып келген, қазіргі күні жоғалуға айналған билердің шешендік өнерінің мәні зор. Тек заңның баптары мен тармақтарын жатқа білетін заңгер соттың абыройын асыруға айтарлықтай әсер етпейді. Сықиған заң нормаларынан тұратын сот актісін қарапайым адам тұрмақ, заңгерлердің өзі екі-үш оқып түсінетінін ескерсек, бабадан қалған сот шешендігінің орны ойсырап тұрғанын көреміз. Бұл болса, судьяның парасаттылығына сын емей немене?

Бүгiнгi күнi заңгерлердiң сөйлеу мәдениетiнiң биiк шыңы саналатын соттағы шешендік өнер өткiр қарудың бiрiне айналғаны рас. Сөз өнерiн шебер пайдалануды қажет етпейтiн мамандық бүгiнде жоқтың қасы. Тiптi, адам қызметiнiң кейбiр салаларында сөйлей бiлу шеберлiгiн меңгермей жұмыс iстеу әсте де мүмкiн емес. Әсiресе бұл құбылыс сот үдерісіне өте тән. Себебi, сот процесiнің басты тұлғасы – судья күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнде әрдайым адамдармен қарым-қатынас жасайды. Көпшiлiктiң алдында, қалың ортасында жүредi. Сот орындарында заң атынан сөйлеп, заң кодекстерiнiң баптарына сүйеніп, тiлдiң көмегiмен шығарылған сот актісін түсіндіреді. Осылайша қызмет бабымен сот төрiнде көпшiлiк алдында сөйлеуге мәжбүр. Ал, қызметтiк мiндетпен сот үдерісінде алқалы топтың алдында сөйлеу үшiн оларға не айтуды ғана емес, қалай айтуды да бiлу шарт. Яғни, сөз сөйлеуде жұртқа ықпал етудiң түрлi ерекшелiктерiн дұрыс меңгерген жөн. Ендеше сот үдерісінде жүйесін табатын – сот шешендігінің көрсетер көмегiнiң маңызы, үлес-салмағы айрықша бағалы.

Қазіргі таңда соттағы тiлмарлық қажеттілігін күнбе-күн молынан сезінудеміз. Шешуін күткен мәселелер жеткілікті-ақ. Сол мәселелердің бірі – сот жүйесіне жаңа келген, не болмаса тиісті еңбек өтілі бар қатардағы бірқатар судьялардың мемлекеттiк тiлдi тұрмыстық қарым-қатынас деңгейiнде ғана меңгеруi. Шындығында, сот барысында пайдаланылатын кәсіби тілдегі заң терминдерін де орнымен жұмсай бiлу керек. Яғни, салалық кәсiби тiлдi меңгеру – бiрден-бiр қажеттiлiк. Десек те, өткен жылдан бері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты тарапынан бастау алған бірқатар реформалық жаңа бастамалар сот шешендігінің мәні мен маңызыдылығының артуына негіз болып отыр. Атап айтқанда, 2018 жылы Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов сот жүйесін дамытудағы негізгі басымдықтарды анықтап, сот корпусының алдына болашақта шешілуі тиіс сот модернизациясының діңгегі болып табылатын жеті бағдарламаны белгілеп берді. Соның ішінде сот пен қоғамның диалогын қамтамасыз етуге бағытталған «Сапалы нәтиже» мен «Татуласу (сотқа дейін, сотта)» бағдарламаларын айрықша атап өтуге болады.

«Сапалы нәтиже» бағдарламасы аясында шешендік өнерді қажет ететін сот шешімдерін, шағымдалу тәртібімен қатар, оларды іс мәні бойынша түсіндіру міндеті жаппай қолға алынды. Қазіргі таңда, судья қабылданған шешімді жариялағаннан соң, қарапайым тілде тараптарға өз шешімін неге сүйеніп, қай заңнаманы басшылыққа алып, оның қисыны қалай екендігін түсіндіретін болды. Нәтижесінде, түсіндірілген сот актілеріне қатысты тараптардың жоғары тұрған сотқа шағым келтіруі едәуір төмендеді. Бұл дегеніміз, сот шешендігінің, сотта сөйлеу өнерінің тек сотқа ғана емес, сонымен қатар іске қатысушылар үшін де маңыздылығын айшықтап отыр. «Татуласу (сотқа дейін, сотта)» бағдарламасы жергілікті соттарға арыз-шағыммен жүгінген адамдардың дауларын бітімгершілік арқылы шешу мүмкіндіктерін арттырды. Аталмыш бағдарламаны іске асыру мақсатында бітімгер судьялар анықталды. Оларға тараптардың эмоциялық хал-жағдайын ескере отырып, өздерінің өмірлік тәжірибелерінің молдығын, білімділігін, бейтараптығын мойындатып, шебер сөйлеу арқылы өз пікірлеріне ойыстырып, иландырып, дауды бітімгершілік келісіммен аяқтау міндеті жүктелді. Сонымен қатар татуласу бағдарламасы ұлттық сот ісін жүргізудің қайнар көзі болып табылатын билер кеңесін құруға да негіз болды. Сондықтан да, қазіргі таңдағы басты мақсат – судьяларды кәсiби тұрғыда ұштау, мемлекеттiк тiлде еркiн әрi жатық сөйлеуге, сауатты жазуға, айтайын деген ойын дәл жеткiзуге баулу, мемлекеттiк тiлдiң шексiз мол мүмкiндiктерi мен сарқылмас байлығын дұрыс пайдалана бiлуге дағдыландыру, сотта нақты да дәл, үйлесiмдi де ұйқасымды сөйлеудiң, жазудың үлкен өнер екенiн көңiлге ұялату, ұғындыру, бабаларымыздың ұрпақтан-ұрпаққа рухани мирас етiп жеткiзген даудағы шешендiк сөз өнерiн судьяларымыздың бойларына дарыту болып табылады. Осы мақсат аясында Қарағанды облыстық сотының оқу орталығы биыл жыл басынан бері судьялардың коммуникативтік, медиативтік және сөз сөйлеу мәдениетін жақсартуға бағытталған оқыту іс-шараларын мемлекеттік және орыс тілінде ұйымдастырып, өткізуде. Оны білікті заңгерлер мен тіл мамандары жүргізуде.

Мұнымыз, біріншіден, сот қызметін жетілдіру болса, екіншіден, әрбір судья кемел рухани байлық иесі, парасатты болу шарт деген мақсаттан туындап отыр. Осыдан келіп, бабалардан қалған ескі үрдіс — сотта қажетті сөйлеу өнерін меңгеру маңыздылық тұрғысында кезек күттірмес зәру іс. Жасыратыны жоқ, жоғарыда атап өткендей судьялардың бірқатары мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгермеген. Ал судья ең алдымен, қазақ тiлiнiң қыр-сырын еркін меңгерген сөз шеберi болуға тиiстi. Себебі, қарапайым жұртшылық өздеріне қатысты iстердің жүргізілуі барысында сот тарапынан мейлінше назар қойылып, мұң-мұқтажы тиісті дәрежеде тыңдалады деген үмітте болады. Өкiнiшке қарай, бұл орайда кейбір қазақ тiлдi азаматтардың үміті жанбай, тауы шағылып, қиындыққа кезігіп жүргені ақиқат. Неге? Өйткені, тiлдің қадір-қасиетін етене білмейтін, қазақы дiлi, таным-түсiнігi жоқ судья сотқа жүгінушінің мұқтажын жете түсiнбейді. Сөйтіп, өзінің қызметтік парызын толық өтей алмайды. Сондықтан, қазақ тiлiнде өтетін сот процесiнiң шарттарының ең бастысы – судьяның мемлекеттiк тiлде еркiн, жатық сөйлеп, ойын сауатты жаза бiлуі. Судьялар үшiн шешендiк тамырынан нәр беретiн сот төрелiгiн жүзеге асырар тiлмарлықтың керектi тұсы осы. Яғни, соттағы шешендiк өнер, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі Академиясының судьялар мен сот жүйесінің мамандарын қайта даярлау және біліктіліктерін артыру Институтында, облыстық соттардың Оқу орталықтарында жүргiзiлуi қажет деп енгізіп отырғанымыз сол себепті. Бұл – қазіргі уақытта кезек күттірмес сот төрелігіндегі бір ақтаңдақ мәселе. Жуық арада бұл ақтаңдақтың орны толуы  тиіс. Толтыруға тиіспіз. Сот төрелігіндегі әдеп кәсіптік қарым-қатынас жасаудан көрінеді. Сол үшін де этика мәдениетін меңгерген жөн. Сот әдебіндегі қарым-қатынас дегеніміз адамның қызметтік ортасымен, тараптармен, соттық қызмет дәстүрлермен және мәдениет қазынасымен етене әрі жанды байланысы. Ол қызметкерлердің әдеп нормалары тұрғысынан бір-бірімен өзара араласуларын, ауыс-түйістерін, байланысын білдіреді. Қарым-қатынас, психологиялық тұрғыда, адамдардың ішкі жан-дүниесінің сыртқы көрінісі, олардың күнделікті өмір тіршілігіндегі, тіпті төл қызметтік бейнесін жасаудағы іс-әрекеті. Сот әдебінің бір қыры – сот процесінде судьяның іс-әрекетке барудағы, жүріс-тұрыстағы, сөйлеудегі, жарыссөздердегі, реплика тастаудағы мәдениет тірегі. Бұдан түйілетін қорытынды, сот процесінде заңдық аяда қарым-қатынас жасау кәсіби әдептілікті, мәдениеттілікті, кәсіби тілде сөйлей алу, тараптармен сөйлесе білу мәдениетін меңгерудің қажетті көрсеткіші.

Судья парасаты мен мәдениеті – қызметкерлердің еркін ойлай алуы, өзінің және төңіректегілердің әрекеттеріне, болмысына талдау жасай білу қабілеті. Ендеше судьяның парасаттылығы қызметкердің, адамның материалдық және рухани, білімдарлық (интеллектілік) пен сезімдік қасиеттері айқын аңғарылатын белгілердің жиынтығы болмақ.

Жоғарыда айтқанымыздай бұл ұғымның аясы кең, мағынасы сан тарау. Ең алдымен сот әдебі мораль мен әдептен бастау алатынын ұмытпауымыз керек. Қоғамдық, әлеуметік ортада, адамдар арасында әділетті қарым-қатынасты орнату үшін ең қажеттісі – адамгершілік. Судьялар тәртібінің қағидалары мен ережелерінің этикалық кодексіне сай судья тәуелсіздігі мен құрметін бекіту үшін жүріс-тұрыстың жоғары стандартын ұстануға ұмтылуы тиіс. Әрбір судья сот билігінің тәуелсіздігі мен ар-ұжданын құрметтеп, өз қызметінің әр тұстарында лауазымына нұқсан келтірер әрекеттерге бармауы керек.Судья – сот билігінің қадірі мен беделінің нақты көрсеткіші. Осы беделдің биік болуы парасаттылыққа тікелей байланысты.

Шәріпов Нұрсерік Кәрімұлы,

Қарағанды облыстық

сотының төрағасы

 

Комментарий (3)

  1. Аноним

    Керемет. Жоғарғы оқу орнында академикке студент “Бақыт деген не?” деп, сұрақ қойыпты . Академик “Бақыт деген – әділдіктің аясында өмір сүру” деп жауап беріпті.
    Судьялардың әділ сот актілерін шығарып, оларды тараптарға жоғары деңгейде түсіндіруге, сот билігі мен беделін көтеруге және xалықтың әділдіктің аясында бақытты өмір сүруіне арналған құнды туынды.

  2. Қабыл ДҮЙСЕНБИ

    Қарағанды облыстық сотының төрағасы, бастамашыл және іскер басшы, білімді әрі тәжірибелі судья Нұрсерік Кәрімұлы ШӘРІПОВТІҢ «ЗАҢ газетінде» жарияланған «Судья парасаты» атты мақаласын қызыға оқып шықтым. Бәрекелді, деуге тұрарлық нағыз рухани мақала!
    Маған мақала тұтастай ұнады. Әсіресе, соның ішіндегі «Сот актісі заңға да, арға да негізделгені жөн», «Сөз – қару», «Кәсiби тiлдi меңгеру – қажеттiлiк», «Билер кеңесінің берері көп» және «Қазы – сот билігінің қадірі мен беделінің нақты көрсеткіші» деген әрбір тақырыптары көңілімнен шықты. Мақалада мемлекеттік тілдің мәселесі өте орынды көтерілген. Біздің судьяларымыз қазақ тілін жетік білген жағдайда, сол тілдің құдіретімен бірқатар сотқа қатысушы азаматтардың дауларын тапқыр сөзімен-ақ бұрынғының билеріндей оларды риза етіп, дауларын оңай шешіп тастар еді! Әттең, тонның келтесі-ай, болып тұр ғой!
    Қарағанды облыстық сотының төрағасы, бастамашыл және іскер басшы, білімді әрі тәжірибелі судья Нұрсерік Кәрімұлы ШӘРІПОВТІҢ «ЗАҢ газетінде» жарияланған «Судья парасаты» атты мақаласын қызыға оқып шықтым. Бәрекелді, деуге тұрарлық нағыз рухани мақала!
    Маған мақала тұтастай ұнады. Әсіресе, соның ішіндегі «Сот актісі заңға да, арға да негізделгені жөн», «Сөз – қару», «Кәсiби тiлдi меңгеру – қажеттiлiк», «Билер кеңесінің берері көп» және «Қазы – сот билігінің қадірі мен беделінің нақты көрсеткіші» деген әрбір тақырыптары көңілімнен шықты. Мақалада мемлекеттік тілдің мәселесі өте орынды көтерілген. Біздің судьяларымыз қазақ тілін жетік білген жағдайда, сол тілдің құдіретімен бірқатар сотқа қатысушы азаматтардың дауларын тапқыр сөзімен-ақ бұрынғының билеріндей оларды риза етіп, дауларын оңай шешіп тастар еді! Әттең, тонның келтесі-ай, болып тұр ғой!
    Нұрсерік Кәрімұлы, өзінің мақаласында парасат сөзін өте бір ұтымды қолданғаны көрініп тұр! Өйткені, парасат – ақыл-ой, сана-сезім дегенді білдіреді. Ал, парасатты деген: ақылды, ойлы, білімді және зерделі деген сөз!
    Судьялардың бір съезінде Елбасымыз «Жоғарғы Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы» дегені есімде. Егер, Нұрсерік ШӘРІПОВТІҢ «ЗАҢ газетіндегі» «Судья парасаты» атты мақаласындағы міндеттер мен мақсаттар алдағы уақытта орындалатын болса, онда халықтың сотқа деген сенімі де еселеп артар еді!!!

  3. Қабыл ДҮЙСЕНБИ

    Қарағанды облыстық сотының төрағасы, бастамашыл және іскер басшы, білімді әрі тәжірибелі судья Нұрсерік Кәрімұлы ШӘРІПОВТІҢ «ЗАҢ газетінде» жарияланған «Судья парасаты» атты мақаласын қызыға оқып шықтым. Бәрекелді, деуге тұрарлық нағыз рухани мақала!
    Маған мақала тұтастай ұнады. Әсіресе, соның ішіндегі «Сот актісі заңға да, арға да негізделгені жөн», «Сөз – қару», «Кәсiби тiлдi меңгеру – қажеттiлiк», «Билер кеңесінің берері көп» және «Қазы – сот билігінің қадірі мен беделінің нақты көрсеткіші» деген әрбір тақырыптары көңілімнен шықты. Мақалада мемлекеттік тілдің мәселесі өте орынды көтерілген. Біздің судьяларымыз қазақ тілін жетік білген жағдайда, сол тілдің құдіретімен бірқатар сотқа қатысушы азаматтардың дауларын тапқыр сөзімен-ақ бұрынғының билеріндей оларды риза етіп, дауларын оңай шешіп тастар еді! Әттең, тонның келтесі-ай, болып тұр ғой!
    Нұрсерік Кәрімұлы, өзінің мақаласында парасат сөзін өте бір ұтымды қолданғаны көрініп тұр! Өйткені, парасат – ақыл-ой, сана-сезім дегенді білдіреді. Ал, парасатты деген: ақылды, ойлы, білімді және зерделі деген сөз!
    Судьялардың бір съезінде Елбасымыз «Жоғарғы Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы» дегені есімде. Егер, Нұрсерік ШӘРІПОВТІҢ «ЗАҢ газетіндегі» «Судья парасаты» атты мақаласындағы міндеттер мен мақсаттар алдағы уақытта орындалатын болса, онда халықтың сотқа деген сенімі де еселеп артар еді!!!

Комментарий