Қоғам | Общество

«КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ УНИВЕРСИТЕТ ДӘРІГЕРЛЕРІ ӨЗ ЕРКІМЕН КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ»

  Коронавирус инфекциясы таралғалы бері адамзаттың өмір сүру салтының өзгергені де рас. Маска, карантин, антисептик – бұлар адам өмірінің айнымас бір бөлшегіне айналғандай. Індеттің екінші толқыны басталады деген сәттен бері елімізде карантин шараларын күшейту және емханаларда жағдайды бақылауда ұстауға күш салынды. Осы орайда коронавируспен күрес жүргізіп, бірқатар облыстар мен қалаларға көмек көрсетіп жатқан —  елордадағы Астана Медицина университеті. Zanmedia.kz редакциясы Астана медицина университетінің клиникалық жұмыс бойынша проректоры, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, жоғары біліктілігі бар дәрігер  – Нұрила Аманғалиқызы Малтабарованың сұхбатын жариялап отыр.

COVID-19 вирусы таралғалы бері Астана медицина университеті қандай іс-шаралар атқарды?

— Мен 2020 жылдың қазан айынан бастап Астана медицина университетінің клиникалық жұмыс бойынша проректоры болып тағайындалдым. 2019 жылы COVID-19 індеті жедел тарала бастаған сәтте Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, республикалық штабтың құрамына кіріп, жұмыс істей бастадық. Қазіргі уақытта университет тарапынан вируспен күрес бойынша ауқымды шаралар жасалып жатыр. Айталық, университеттегі мұғалімдер жұқпалы аурулар стационарына өз еріктерімен барып, жұмыс істеп, вирустың алдын алуға күш салуда. Сондай-ақ, студенттеріміздің көбі аталған стационарларда ерікті болып қызмет атқарса, кейбірін емханаға жұмысқа да қабылдады. Менің негізгі мамандығым – анестезиолог-реаниматолог. Коронавирустың екінші толқыны келеді деген ақпар тараған сәттен бастап, министрліктің тапсырмасымен өлім жағдайын талдау бойынша университетте екі топ құрылды. Бір топты оқу орнының профессоры Айнабекова Баян Әлкенқызы басқарса, балалардың жағдайы бойынша топқа балалар инфекциялық аурулар кафедрасының доценті Темірханова Райхан Байзыкенқызы жетекшілік етеді. Одан кейінгі екі топ яғни өзіміздің университетіміз — екі облысты назарға алған: Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары. Бұл екі облыс бізге қарайды, сондай-ақ консультация беру, оқыту жайын да біз басшылыққа аламыз. Қазіргі кезде бір топ Петропавл қаласында оқыту жұмыстарын жүргізуде. Аталған топтың құрамына екі инфекционист және анестезиолог-реаниматолог кіреді. Ал университет жанынан құрылған екінші топ Көкшетау қаласында жұмысқа кіріскен.

— Университет жанынан құрылған бұл топтар қандай шараларды жүзеге асырады?

— Ең бірінші, алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлерді оқытып, протоколмен таныстырып, коронавирус туралы ақпарат береміз. Сонымен қатар участкелік-терапевтерге барынша түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргізудеміз. Бар мақсатымыз әлбетте – вирус жұқтырған жандардың жағдайын бақылауға алып, асқынып кетуіне жол бермеу. Көп науқас дәрігерге бармай, өзі ем қабылдайды. Сосын жағдайы нашарлай түседі де ауруханаға түседі. Сондықтан дәрігерлерге барынша түсіндіру және оқыту шараларын өткізу өте маңызды. Мәселен, бүгін біздің топқа қарасты анестезиолог-реаниматолог мамандар коронавирус індетін жұқтырғанда бала ағзасының оны қалай қабылдайтынын, қалай күресетінін әрі бала ауырып, емханаға түскенде қандай жедел медициналық көмек көрсетіп, ем жасау керек т.б мәселелер бойынша төрт сағаттың ішінде бағдарлама құрастырып, консультация жасап жатыр. Алдағы мақсатымыз – осындай сабақтарды аптасына бір рет өткізіп тұру. Егер дәрігерлердің тарапынан сұрақтар болса, оларды бізге жолдайды. Ал біз сұрақтарға жауаптарды пысықтап, келесі сабақтарда түсіндіретін боламыз.

— Белгілі кәсіпкер Джек Маның кітабында Қытайда 2002-2003 жылдары Ковидтің «SARS» атты түрі шыққанын, бірақ дәл қазіргідей таралмағаны жазылған. Жалпы COVID-19 індетінің 2019 жылы кең  таралу себебі неде?

— Коронавирустың кез келген вирус түрі сияқты өзіне тән модификациясы бар. Ал «SARS» деген түрі ол нақты коронавирустың өзі емес. 2019 жылы бұл індеттің кең таралу себебін бірнеше призмада түсіндіруге болады. Десе де, мен өз пікіріммен бөлісейін. Қазір адамдардың басым көбі фаст-фуд өнімдерін көп тұтынады. Мәселен, тауыққа ауырмасын деп антибиотик пен түрлі гормондар егеді. Фаст-фудтың басым бөлігі тауық етінен жасалатыны белгілі. Сол еттегі антибиотиктер әбден адам ағзасына сіңіп кеткен. Тағы бір мысал, балалары ауырып, жөтеле қалса, ата-ана дәрігерге келмей, өздері қолында бар дәрі-дәрмекпен емдей береді. Бірақ тұмау ол – вирусы бар инфекция. Ал вирусты және бактериялы инфекцияның айырмашылығы жер мен көктей. Антибиотик ол – антибактериалды. Ол вирусты жоймайды. Керісінше, адам ағзасының иммунитетін төмендетіп жібереді. Бактерия ол қорғаныш реакциясын тудыратын. Қазір антибиотик салдарынан бактериялардың қорғаныш қабілетін төмендетіп тастадық. Тағы бір тез таралу себебі менің ойымша, әлеуметтік жауапкершіліктің төмендігінде. Карантин жарияланды, тойларға, адам көп шоғырланатын жиындарға бармау керек деп ескерту жасалса да, көпшілік бұл ақпаратқа сенбеді. Салдарынан бір отбасынан бірнеше адам көз жұмып жатты. Дәрігерлер профилактика мәселесін халыққа түсіндіруде кешігіп қалғанымыз рас. Вирус жедел тарала бастағанда халық сескеніп қалды да, тіпті дәрігерлерге де сенбейтін болды. Бірақ оның кері салдары бар ғой.

— Коронавирус инфекциясы қанша уақытқа созылуы мүмкін?

— Бұны мен айта алмаймын. Эпидемиолог дәрігерлердің вирустың уақытын санайтын өз формулалары бар. Сол мамандар болжай алуы мүмкін. Ал жалпы санитарлық талаптар сақталған жерде, вирус та тез жойылады деп ойлаймыз. Меніңше, біз етті көп жейтін халықпыз ғой. Ал вирус ол ағзадағы ақуызға шабуыл жасайды. Етте әлбетте ақуыз көп болады. Мәселен, жылқы етінде біріншіден, ақуыз көп, екіншіден, асқазанда жақсы қорытылады. Сондай-ақ мұндай уақытта сұйықтықты көп ішу керек. Сұйықтықпен ағзадағы токсиндер сыртқа шығады. Әрі жылқының сорпасын ішу де пайдалы.

— Клиника жұмысы бойынша Астана медицина университетінің проректоры болып тағайындалдыңыз. Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?

— Біріншіден, клиника құрылысы тезірек аяқталып, халыққа көмек көрсету мүмкін болатын технологияларға қол жеткізсек. Қазір жастар медицина саласын көп таңдайды. Міне, сол жастардың бойында осы мамандыққа деген шынайы махабатты оятсақ, сол бойынша тәрбие жұмысын жүргізсек дейміз. Тағы бір мақсатымыз – ұстаздарымыз үздік технологияларды қолданса, сондай-ақ ғылыми деңгейі бар әріптестеріміздің дәрежесін жоғарлатсақ. Университетімізде өте талантты доктор-ұстаздар баршылық. Олардың өздері қолданатын үздік әдіс-тәсілдері де бар. Біз көбіне шетелге мойын бұруға дайын тұрамыз ғой. Бірақ біздің де ұстаздарымыздың жақсы қолданысқа ие тәсілдері бар. Көп практикалық жұмыстар жасалып жатыр. Күні кеше ғана үш докторантымыз өз жұмыстарын қорғап шықты. Алдағы уақытта  үздік технологияларды енгізу жоспарда бар.

Комментарий