Аптадағы сұхбат | Интервью недели

«ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН КӨТЕРУ КЕРЕК»

Омархан ӨКСІКБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Омархан Нұртайұлы, еліміз үлкен өзгерістерді бастан кешіп, күтпеген жағдайлар орын алуда. Шыны керек, Тұңғыш Президентіміз өз құзыретін бір-ақ сәтте тоқтата салады деп ойламаппыз. Одан соң Президент сайлауы да осындай үрдісте өтетінін ешкім күтпеді. Бұл оқиғалар бірімізді таң қалдырды, енді біразымыздың көңілін босатты. Мәселен сіздің кейбір әріптестеріңіз көздеріне жас та алды. Сіз қалай қабылдадыңыз? Сіздіңше, көптен күткен билік транзитының осылай жасалуына не себеп?

– Билік транзиті көптен айтылып, жүзеге асатыны анық мәселе болатын. Бірақ, оның уақыты белгілі емес еді. Шынында да бұл көбіміз үшін күтпеген жағдай. Себебі, Елбасының конституциялық өкілеттігі әлі аяқталған жоқ. Десе де, түсінуге болатын сияқты. Жалпы, әлемде еш нәрсе мәңгілік емес қой. Ел басқару ең ауыр қызмет, Елбасы да адам баласы болған соң шаршайды. Сондықтан, өзінің бұған дейін атқарған істерін саралап, алдағы мүмкіндігін екшей келе осындай шешімге келсе керек. Екіншіден, біз әлемдік жаһанданудан тысқары қала алмаймыз. Бұл үрдісте экономиканы дербес алып жүру өте қиын. Мұнда іскерлік байланыстардың, өзара сенімге негізделген әріптестіктің маңызы зор. Әсіресе инвестиция тартуда бұл ынтымақтастық үлкен маңызға ие. Соңғы кезде елімізге келетін инвестиция кеміп кетті. Шыны керек, бұған ықпал ететін бірден-бір фактор – саяси және билік тұрақтылығы. Ал, бізде биліктің транзитіне қатысты шетелдік әріптестер әртүрлі ойға кетіп, ортақ мәміледен тартыншақтай бастады. Міне осы жағдайларды таразылай келе Елбасы елде биліктің тұрақтылығын қамтамасыз ететін кездің туғанын сезініп, шешімге келді деп ойлаймын. Сайлаудың кезектен тыс болуы да осы тұрақтылық үшін қажет болды. Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы Конс титуция талабына сәйкес антын беріп, президент болды. Алайда, толыққанды констиуциялық мерзіммен сайланбаған басшы – уақытша басшы. Уақытша басшының өкілдігі де уақытша. Сондықтан, жаңағы айтқан инвесторлар, толыққанды, ұзақ мерзімді келісімшарттарға бара қоймайды. Ол не ұзақ мерзімді Президент болу керек, не ашық түрде сайлау өткізіп, мемлекет басына халық таңдаған басшы келу керек. Әр күн емес, әрбір сәт ерекше маңызға ие қазіргі жағдайда «ұзын арқан, кең тұсауға салудан» тек ұтыламыз. Сондықтан, өз басым мұны мемлекеттің болашағына, экономиканың өсуіне, әлеуметтік мәселенің шешілуіне бағытталған тарихи маңызы зор бірегей қадам деп есептеймін. Әрине, тұрақтылыққа, жалпы Елбасының саясатына үйреніп қалған, елдің жетістіктерін тұңғыш Президентпен байланыстыратын халық үшін бұл шешімнің ауыр тиері заңдылық. Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басына келгенде Қазақстанның экономикасы өте ауыр жағдайда болғанын бәріміз білеміз. Сондай сәтте тізгінді қолға алып, сырттан игерусіз жатқан шикізат саласына әлемдегі ірі инвесторларды тартып,экономикаға жан бітірген, елді дағдарыстан алып қана шықпай, әлемге танытқан Елбасының ерен еңбегі халықтың жадында. Тиран, қаншама адамның қанын төкті дейтін Сталин өлгенде де халық аза тұтып, соңғы сапарға жылап шығарып салған. Олай болса, елді аз уақытта көтеріп, тыныштығын, бірлігін ұйытып отырған Елбасы өкілеттігін тоқтатқан сәтте жайбарақат қалу мүмкін бе? Әсіресе ол кісінің қамқорлығын сезініп, жақсылығын көрген жандар үшін бұл сәттің ауыр болғанын түсіну керек.

– Сіз де жыладыңыз ба?

– Жоқ…Кемеліне келген және Елбасының өзі үнемі айтып жүрген мәселе болғандықтан бұл шешімді заңдылық ретінде қабылдадым. Оның үстіне Елбасы жалпы биліктен толық алыстаған жоқ қой.

– Бүгінде президенттіктен үміткерлер өз жұмыстарын бастап кетті. Қалай дегенмен де, осы шара бұрынғыдан өзгерек болатындай. Жалпы, бұл шараның әділ өтетініне сенесіз бе?

– Үміткерлер өте көп. Шынын айту керек, олардың әрқайсысының бағдарламасында халыққа керек дүниелер бар. Жасыратыны жоқ, мен сайлауға «Ауыл» партиясынан түсіп жатқан үміткерді қолдаушыларға да бүйрегім бұрады. Өйткені, ауылды жақсарту төңірегінде орынды мәселелерді көтеріп жатыр. Бұл тұрғыда үміткердің айтып жүрген әңгімесі болашақ президенттің саясатына айналса екен деген тілегім бар. Ал, халықтың үміткерлер жайлы сөз қозғауы саяси белсенділігінің өскенінен деп білу керек. Кешегі шоумен Зеленскийдің Украина билігіне келуінің әсері де жоқ емес. Сыртта жатып билік басына келгенді аңсаушылар бар. Кейбірі бүгінгі саясатқа, билікке өкпелі. Оларға өздері айтып жүрген үміткер Президент болып сайланса, барлық мәселесі шешіліп кететіндей көрінеді. Меніңше, кім келсе де қордаланған мәселе бір күнде жойылмайды. Жалпы экономика глобалды және ол кешенді түрде жүзеге асатын іс. Сондықтан бірлігіміз бен тірлігімізді дұрыстау керек. Оны әркім өзінен бастағаны жөн. Экономист, Парламент өкілі ретінде айтар болсам, бізде заң аясында халыққа жұмыс істеп, бақуатты өмір сүретін барлық мүмкіндік жасалған. Қаржылай да көмек жеткілікті. Өкінішке қарай, ізденіп, оларды қолдануға ұмтылатындар аз. Қит етсе айқайға аттан қосып жатады. Міне осылардың аузында өздерін қостайтын адамдар болады. Экономиканы түзететін халық. Барлығы қауымның өз еңбегімен жүзеге асады. Ал енді дұрыс бағыт беру басшының міндеті. Бұл оңайлықпен илеуге көнбейді. Иә, үміткерлердің бәрі өмір көрген азаматтар. Дегенмен де оларда мемлекет басшысына лайық білім, білік, тәжірибе кемшін. Жалпы сайлауды өткізетін халық. Оның әділ, дұрыс өтуіне барлық жағдай жасалған. Сайлау комиссиясындағылар осы мәселенің ортасында жүрген, өзіндік пікірі бар азаматтар. Сондықтан, олар отырып алып, заңсыздық жасайды деп ойламаймын. Сайлаудың әділ өтіп, ел таңдаған тұлғаның мемлекет басына келетініне сенімім зор.

– Шыны керек, елдегі әлеуметтік- экономикалық жағдай қанша әспеттесек те қиын. Жұмыссыздық көп, бас панасыздар да аз емес. Тоқ етерін айтқанда біздің ұстанған алдымен экономика, содан соң саясат деген бағытымыз өзін ақтамағандай… Неден қателестік?

– Иә, әлеуметтік мәселелер бар. Мұны өзім де үнемі әртүрлі деңгейдегі мінберлерден айтып жүремін. Шоғырланған әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бағдарламалар қабылданды және олар қаржылық қамтамасыз етілді де. Ал енді әлеуметтік жағдай қиындап кетті дегенге келсек, біріншіден қиындап дегенді түзелмей тұр деп айтқан болар едім. Екінші сол көп бағдарламалардың бір-бірімен байланысының нашарлығы, насихаттың жоқтығы, орындаушылардың әр тараптануы, бағдарламадағы игі дүниенің халыққа түсініксіздігі, т.б. Сол себепті, көп жағдайларда бағдарлама қаржысы игерілмей жатады. Мысал үшін бір тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған 4 бағдарлама бір-бірімен байланысы жоқ бюджеттік әкімшіліктер арқылы іске асырылуда. Бұл олардың халыққа жетіп, бөлінген қаржының өзара үйлесімді жұмсалуына кері әсерін тигізеді. Экономика мәселесіне келетін болсақ, жалпы бағытта қателік жоқ. Өсімнің мардымсыз болуына түрлі сыртқы және ішкі мәселелер әсер етуде. Меніңше, бұл жағдайдың бір себебі – еліміздегі халық санының аздығы. Неге қытайдың экономикасы дәуірлеп тұр? Себебі, оның ішкі адами ресурсы мол. Экономикада адам капиталы өте маңызды рөлге ие. Өйткені, адам бос отырмайды, тіршілік жасайды. Тіршілік жасаса, бір нәрсе өндіреді, Өндірсе сатып, өзіне керекті дүниені алады. Бұл міне экономика. Қытайдың артықшылығы шетелдің нарығына тәуелді емес. Америка санкция жариялап жатыр ғой. Бұл Қытайға көп әсер етпейді. Себебі бұл ел өз қажеттілігін өзі жаба береді. Сондықтан, экономикасы сыртқы қауіп-қатерге тұрақты. Қазақстанда ондай жоқ. Халықтың саны осы кең байтақ жерді игеруге жетпейді. Жұмыссыздық дейсіз, егер БАҚ арқылы жарияланған жұмыс күшіне деген сұранысты тізетін болсақ, еңбек нарығына қажет жұмыс күшінің ресми тіркелген 440 мың жұмыссыздан артық екеніне көз жетеді. Бүгінде өндіріске, ауыл шаруашылығына қажет маманды тауып бере алмай отырмыз. Ауылда жүз мың теңгеге мал бағатын адам жоқ.

– Десе де, қалаларға халық осы жұмыссыздықтың салдарынан, күн көріс іздеп ағылып жатыр ғой. Табысы көп жұмыс орындары шетелдіктер еншісінде. Мысалы, қаншама адамның тағдырын талқандаған Жаңаөзенде болған оқиға жұмыстың көптігінен туындамаған болар…

– Мұны жоққа шығармаймын. Бұл аймақтардағы экономикалық болжамдарды дұрыс жасамаудың, қабылданып жатқан бағдарламалар жайлы халыққа дұрыс мағлұмат беріп, оларды толыққанды жүзеге асырмаудың салдары. Жергілікті атқарушы билік – халыққа бірден-бір жақын орган. Олар өз аймағындағы елдің жағдайын, экономикасының мүмкіндігін жақсы біледі. Жаңаөзенде сол бір оқиғадан бұрын да, кейін де болдым. Жуырда тағы да барып қайттым. Бұл қаладағы мәселе оның болашағының бұлыңғырлығынан туындап отыр. Өйткені, онда мұнайдың өндірісі төмендеп бара жатыр. Ол жерде бұл өнімді шығару төмен рентабельді. Халықты сол жерде ұстау үшін мемлекеттен қаржы төлеп шығынға бара беруге болмайды. Осының бәрін зерделеп, халықты жұмысы бар жерге шоғырландыру жергілікті биліктің жұмысы. Өйткені, олар сол проблеманы көріп отыр. Бұл жерде орталық биліктің ролі шамалы. Өкінішке орай мәселені шешпегендерді көрмейміз де, жазаламаймыз да. Меніңше, соларға қатаң шара қолданып, қызметтен аластату керек.

Өйткені, орталықтан ақша алып, біраз мәселені шешіп аламыз дейді. Соның бәрін биліктен аластату керек. Жаңаөзен қаласы 1964 жылы салынғанда небәрі 50 мың адам тұруға есептелген, қазір тұрғындар екі жүз мыңға жетті. Бұл судың өзі тапшы жер. Табиғаты қолайсыз. Осыны ескеріп, тұрғындардың артығын басқа жұмыс бар жерге шоғырландырайық деп отырған бірде бір басшы жоқ. Сондықтан жұмыссыздық болды дегеннің өзі дұрыс емес. Бізде ресурстарды дұрыс бағыттау мәселесі ақсап жатыр.

– Ал, көп балалы аналардың зарына қатысты не айтасыз?

– Көп балалы аналардың қиындығы ауылдан көшіп келгендер туындатқан мәселе. Қаланың көп балалы аналарының дені баяғыда өз жағдайын жасап қойған. Бір бөлмелі пәтерді, не біреудің сарайын паналап, өлместің күнін көріп отырғандар ауылдықтар. Ауылдың білімімен қаладан жұмыс табу оңай емес. Қаланың сұранысы – сапалы өнім шығара алатын, қолынан іс келетін адам. Ауылдан келгендер тек ауылшаруашылығы төңірегіндегі мамандықты игергендер. Сондықтан да, олар жұмыс таба алмай тентіреп жүреді. Егер мемлекеттің ауылға арнап шығарып жатқан бағдарламалары толыққанды жүзеге асса олар бұлай қаланы жағаламас еді. Мысалы 500 мың теңге көлемінде берілетін тегін грант, Еңбек бағдарламасы, қайта мамандануға бөлініп отырған миллиардтаған қаржы ауылдағы қауым үшін таптырмас мүмкіндік қой. Жергілікті атқарушы билік халықты осы шараларға баулуы керек. Сол кезде балаға дейін есіктің алдына бірдеңе егіп табыс табар еді. Жоғарыда айттым ғой халқымыз аз деп. Сондықтан, біз көп балалы жанұяға жан-жақты қамқорлықты қамтамасыз етуіміз керек. Және демографиялық мәселені шешу үшін жаңа туған балаға деген көмек қомақты болуы тиіс. Бізде болашағы бар, болашағы шамалы және экономикалық дамуға болашағы жоқ ауыл мәселесін шешуге арналған арнайы бағдарлама жасалды. Ол бойынша тізім жасалып, әр санаттағы ауалдар үшін арнайы шаралар қабылданды. Алайда, бүгінгі таңда Үкіметтің болашағы жоқ ауыл мәселесін қалай шешкені, ондағы халықты қайда апарғаны белгісіз. Себебі, осы бағдарламаның тиімділігіне талдау жасалған жоқ. Сол проблема қалай болды, солай қалды. Яғни, көшкені көшті, көшпегені сол жерде өлместің күнін көріп жатыр. Негізінде олар баяғыда болашағы бар ауылға шоғырлануы керек еді. Алайда, бұл жайына қалды. Енді осы болашағы жоқ ауылдарда тұрып жатқан қауым үшін қаржы бөліп, әлеуметтік нысандар салу қажеттігі туындайды. Себебі ондағы қауым да осы елдің азаматтары болғандықтан қамқорлықтан тыс қалдыра алмаймыз. Ал, бұл шын мәнінде экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Өйткені, болашағы жоқ ауылда күнкөріс те жоқ. Сондықтан, олардың мәселесін болашағы бар ауылдармен шоғырландырып қана шешу тиімді. Қорыта айтқанда, Үкімет ішкі миграция мәселесін түбегейлі қолына алып, мемлекеттік ұзақ мерзімді жоспар жасап реттеуі керек. Сонда көптеген әлеуметтік мәселелер өз шешімін табады.

– Бұған енді біздегі бюджеттің мақсатқа сай жұмсалмауы әсер етіп отырған болар. Жалпы, осы қаржының орындалуына қатысты сын көп. Өзіңіз де Есеп комитетін басқарып жүрген кезіңізде көп айттыңыз. Қазір де сынаудан кенде емессіз. Алайда содан еш нәтиже жоқ  сияқты.Бұл заңдардың әлсіздігінен бе? Әлде кадрлардың біліксіздігі салдары ма?

– Бұл көпқырлы мәселе. Соның бірі – заңдардағы олқылықтар дер едім. Жалпы бюджеттің тиімділігін арттыру бюджеттік тапсырыстың дұрыс жасалуына байланысты. Ол бюджеттік әкімшіліктерден туындайтын мәселе. Олар мысалы, үш жылға осындай ақша керек деп тұжырымдама жасап алып келеді. Мұны неге негіздеді, сұралып отырған қаржы көлемі соған сай ма, оны игере ала ма, мұны зерделеп, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Оған қатысты жауапкершілік те айқындалмаған. Мен үнемі айтып келемін: бәрін түрмеге қамау міндет емес, бірақ, кез келгенінен әкімшілік жауапкершілік талап етілуі керек. Әрине әр басшы молырақ ақша алсам дейді. Бұл ретте өзінің игеру потенциалын есептемейді, тиімділігіне кепілдік бере алмайды. Осы жерде жауапкершілікті заңнамалық түрде белгілесек, қаржының тиімділігін де арттырған болар едік. Екінші мәселе әр өңірдің бюджеттік тапсырыстары біркелкі болуын қамтамасыз етуіміз керек. Қазір жасыратыны жоқ, билікке жақын әкім молырақ ақша алады. Биліктен кішкене алыстау, сөйлесе алмайтын әкімге аздау ақша тиеді. Ал, халық біреу ғой, оған алаламай, тең дәрежеде қызмет көрсетілуі керек. Бюджетті бөлудегі осы әділеттілік қағидаты назардан тыс қалып отыр. Бұған тосқауыл қою үшін нормативті жоспарлауға көшуіміз керек. Бұл деген ақшаны адамдардың санына қарай бөлуді білдіреді. Сонда бюджетте өңірлерге әкімдері Үкіметтің сүйкімдісі болғаны үшін емес, халықтың саны көптігі және аздығына қарай қаржы көзделетін болады. Сонымен қатар, бюджеттік әкімшіліктердің қазына қаражатын игеру тетіктерін толық жасамауының салдары бар. Мысалы бір өңірде үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін мектеп салу керек болады. Бірақ, сол мектептің жанында жер жоқ. Оны айдаладағы басқа жерге салады. Тұрғындар балаларын алыстағы жаңа мектепке емес, жақын тұрған бұрынғы мектепке береді. Проблема сол күйінде қалды. Онымен қоса қыруар қаржы жұмсалған жаңа мектепті толтыру мәселеге айналды. Бұл жергілікті атқарушы органның жағдайды зерделемеген жауапсыздығының салдары. Есеп бергенде мектеп салдым деп кеудесін қағады. Мектептің тиімділігі қандай, әлеуметтік мәселе шешілді ме, ол жөнінде айтпайды. Ал, халық баламыз үш ауысымда оқиды, білім деңгейі төмен деп шулап жатады. Бұл бюджет төңірегінде шоғырланған проблеманың бірі. Сонымен қатар, бюджеттің кірісін орындау, тиесілі салықтың уақытында түсуіне қатысты мәселелер бар. Олар салықтық әкімшілендірудің нашарлауы және экономика нысандары жұмыстарының әлсіреуі салдары. Соңғы жағдай, жасыратыны жоқ, қаржылық тапшылықтың орын алғанын көрсетеді. Бұл сол саладағы өндіріс дамымай, нарық заңы олардың пайдасына шешілмей, қосқан үлесі өзін ақтамады деген сөз. Кәспорындар айып санкцияларына амнистия берілгеніне қарамай, салықты уақытында төлей алмай отыр. Демек, экономикамыздың бірқатар салаларының жағдайы мәз емес. Осы ретте жылдық қорытындымен төленуге тиіс корпоративтік салықтың алдын ала алдыңғы жылдағы деңгейі бойынша тоқсан сайын өтелуінің де кері әсері бар. Өйткені, болжаммен артығымен төленіп кететін сол қаржы қайтарылмай, келер жылдың салығына жатқызылады. Осының салдарынан экономика нысандарының айналымдық операцияларына ақша жетпей, тоқтап қалады. Бұл қаржы дер кезінде қайтарылып отыруы керек. Қосымша құн салығы бойынша да осындай тәжірибе орын алуда. Мұның бәрі етектен кесіп жең жасаған сияқты тірлік.

– Квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаржының игерілмейтіні үнемі айтылып жатады. Соған қармастан оларға жыл сайын қаржы бөлінеді. Неліктен?

– Бұл сектор жекешелендіруден соң құрылды ғой. Бізге стратегиялық бағыттарда өзіміздің мемлекеттік те кәсіпорындар керек болды. Және осы холдингтер арқылы инвестиция тарту көзделді. Бұл ретте бір жақтан мемлекеттік кәсіпорын өз ақшасын, келесі тараптан инвестор құйып, екеуі тәуекелді жағдайды бірге еңсеріп, елімізде үлкен кәсіпорын салу мақсат етілген. Өкінішке қарай, бұл ниет орындалмай, олар көбінесе бюджеттің ақшасымен ғана жұмыс істеуде. Барлық игерілмей жатқан ақша солардың қорына беріліп жатыр. Бұл бюджет орындау тәсілінің Үкімет үшін оңай жолы. Кейінгі кезде олар қаражатты уақытында игермей, депозитке салып қойып, дивидент алып қана отыр. Бұл да бюджет тиімсіздігінің бір бағыты. Өйткені, ақша айналымға түсіп, экономикалық өсім беру керек. Әлеуметтік мәселені шешу керек. Квазимемлекеттік ұйымдар өндірістерді зерттеп, олардың тиімді бағытын айқындап, дамыту керек. Ауызды құр шөппен сүртуге болмайды, әрине. Олардың арқасында жүзеге асып жатқан игілікті жұмыстар баршылық. Мәселен, Самұрық – Қазына холдингі бірнеше бағытта жұмыс жасап жатыр. Соның бірі мұнай өңдейтін зауыттардың модернизациядан өтуі. Бұл ішкі нарықты отандық жанармайға толтырып, бағасының арзандауына жол ашты. Енді ол сыртқа шығарылмақ. Бұған дейін Қазақстан бір литр де бензин сатпаған. Қаржылық бағыттары да бар. Бәйтерек холдингі тұрғын үй бағдарламасын іске қосып, үлкен әлеуметтік мәселе шешуде. Даму қоры кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден алатын қарызына кепілдік беріп, өсімін субсидиялап отыр. Бұл үлкен көмек.

– Бүгінде банктерді капитализациялауға қатысты да наразылық көп. Бюджеттен қыруар қаржы бөліп неге банктерді құтқаруға тиіспіз деген сұрақ әр қазақстандықтың көкейінде жүр…

– Бұған да еріккеннен барып отырған жоқпыз. Банктерді банкроттыққа жіберу оңай. Оларға ақшасын сеніп тапсырған кем дегенде жүз мың салымшы бар. Олар басқа елдің адамы емес, өз отандастарымыз. Аталған шараны қолданатын болсақ, олар сол қаражатынан айырылады. Азаматтарға көп дегенде бес млн теңгесін берер. Ал, қалғаны қайтарымсыз кетеді. Сондықтан, бізге оны жойғаннан гөрі сақтап қалу тиімді. Банктерді капитализациялаудағы мақсат оларды құтқару емес, салымшының қаржысын сақтап, сенімін туғызу. Олай етпесе, азаматтардың ғана емес, мемлекеттің де ақшасы кетеді. Осының алдын алу үшін уақытша көмек көрсетіп, халық үшін, мемлекет үшін банкті сақтап қалуға мәжбүрміз. Бірақ, ол қаржы бекер берілмейді, мерзімі келгенде мемлекетке қайтарылады.

– Сізді оқта-текте әлеуметттік желіден көріп қаламыз. Жалпы бұл алаң сізге не береді?

– Иә, Фейсбук жүйесінде тіркелгенмін. Бес мыңдай жүйелік достығым бар. Бұл жер маған халықтың көңіл-күйін зерделеп, елдің тіршілігі, өзекті мәселелері, заңдарға көзқарасы жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Керемет көп жазбаймын, бірақ, кейбір өзекті мәселелерге пікірімді білдіріп тұрам. Көбіне оқырманмын десем болады. Пайдалы жағы көп. Бұл елмен дауыссыз қарым-қатынас. Мысалы, жүйеде жалдамалы тұрғын үйді көпбалалы жанұяларға кейін сатып алу құқығымен беру туралы мәселе көтерілді. Мен тиісті заң қаралғанда осындай ұсынысты жақтаған едім. Өкінішке қарай, партиялық тізіммен сайланғандықтан фракцияның ұйғарымынан асып кете алмадым.

– Партиялық тізім демекші, президенттікке үміткерлердің бірі Парламент сайлауына бір мандаттық жүйені енгіземін деп жатыр ғой… Бұған қалай қарайсыз? Жалпы қазіргі жүйе сіздердің ерік, пікірлеріңізге шектеу қоймай ма?

– Ашығын айту керек, Парламент Мәжілісінде фракциялық тәртіп үстемдік етеді және әр фракцияның дербес бағдарламасы бар. Жұмыс соларға сай ұйымдастырылады. Бір мандатты сайлау – әлемдік тәжірибе, бізде де бұрын болған. Округтен сайланған депутат өзінің сол аумағы мәселесімен айналыса алады. Мұның нақты нәтижеге жұмыс істеп, халық сеніміне ие болуда пайдасы зор. Бізге сіздің әріптестеріңіз депутаттарды аймақтарда ешкім танымайды деп жатады. Бұл рас. Өйткені, біз бір округке байланбай, әр салада жүреміз. Бір көрген адамды кім есте сақтайды? Мені бұрынғы қызметім арқылы танып жатады. Көбісін танымайды. Себебі депутат бір өңірге барып, бір мәселені тыңдап, қолынан келгенше шешілуіне ықпал етеді де кетіп қалады. Келесі жолы оған оралмайды. Ал, округке байланған болса оның ақырына жетуі үшін күш салар еді. Мен мұны бір кезде фракция ның аясында шешуге болатынын айтқан едім. Ол үшін әр депутатты бір округке бекітіп, сол жердің барлық өзекті мәселесі бойынша халықпен тікелей жұмыс істеуіне жол ашу керек. Әр өлкені аралап, халықпен кездескен жақсы. Бірақ, белгілі бір округпен жұмыс істеген депутат жұмысының тиімділігі артып, бұдан халық ұтатын болады.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

 

Комментарий