Судья мінбері | Судебная система

«Қазақстандағы әкімшілік юстицияның қалыптасуы мен дамуы»

Көптеген зерттеушілер мемлекеттегі адам құқықтары, олардың жағдайы, сақталу мен қолдану деңгейін сол елдегі әкімшілік юстиция жүйесінің деңгейімен байланыстырады. Пекка Халберк өзінің, «Әкімшілік сот төрелігі» атты монографиясында мынадай пікірді келтіреді: «Құқықтың жоғарылығын жария ету жеткіліксіз, мемлекет заңдардың орындалуын, тиісті мемлекеттік басқаруды және сот төрелігіне қол жетімдікті қамтамасыз ету қажет».

Біздің сот жүйесінің өкілдері және ғылыми қауымдастық мүшелері Германдық әкімшілік сот жүйесі қызметімен таныса отырып, оның ішкі бақылау жүйесінің орнын басқанын зерделей келе, оның біздің Қазақстандық қоғам жағдайында енгізу мүмкін екендігін айтып жүрді. Әлбетте бұл Германдық әкімшілік юстиция моделін біздің Қазақстандық құқықтық жүйеге лайықтау қажет болды.

2013 жылғы 20 қарашадағы судьялардың 6-шы съездінде Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев әкімшілік юстицияны кезең-кезеңімен енгізу қажеттігін баса айтты.

Мемлекеттік билік тарапынан өз мүмкіндіктерін асыра пайдалану – бұл әдетте азаматтардың құқықтары мен мүдделерін жүйелі түрде бұзады. Бұл әрекетсіздіктен көрінуі мүмкін (мысалы, арызды қараудан бас тарту) не әрекеттен көрінуі мүмкін (құқыққа қайшы әкімшілік актіні қабылдау)

Бірқатар ғалымдар Қазақстанда әкімшілік юстиция институтын енгізу үшін әкімшілік іс-өндірісі түсінігін заңнамалық бекіту қажеттілігін айтады. Бұл терминді әдетте құқық қолданушылар  әкімшілік құқық бұзушылықпен байланыстырады. Алайда бұл жаңсақ, пікір.

Әкімшілік юстицияның негізгі міндетті элементі болып – сот органы табылады.

Дей тұрғанымен, шетел тәжірибесі әкімшілік сот өндірісінің ережелерін бекіте отырып сот билігі жүйесінің ішінде арнайы құрылымдарды көздейді, нақтырақ айтсақ:

  1. Мамандандырылған әкімшілік соттар (Аустрия, Бельгия, Германия, Италия, Португалия, Турция, Финляндия, Франция, Швеция) ;
  2. Мамандандырылған әкімшілік палаталар немесе жалпы соттар құрылымындағы арнайы алқалар (Венгрия, Словакия) ;
  3. Жалпы соттардың құрылымындағы арнайы палаталар және жекелеген әкімшілік соттар (Испания, Нидерланды, Словения, Чехия, Швейцария) ;

Жоғарыда айтылып өткендей бұл институтты елімізде енгізу үшін заңнамалық реттеу қажет болды. Бұл бағытта жұмыстардың қорытындысында  2020 жылғы 29 маусымда ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ қабылданды.

Бұл Кодекс Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген бөлігінде әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.

Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Әкімшілік рәсімдердің міндеттері:

жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыру;

жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу;

тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету;

жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

 

Тараз қаласы мамандандырылған

әкімшіілк сотының судьясы

 Думан Мәуленов,

Комментарий