Құқық | Право

СЫЙАҚЫ – ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖЕҢУДІҢ ШЕШІМІ ЕМЕС

ТАЗА ҚОҒАМ, ӘДІЛЕТТІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ, АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ КЕЗ КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТ АРМАНДАП, СОҒАН ҰМТЫЛАДЫ. ОЛАРДЫҢ РЕЙТИНГІСІ ДЕ ОСЫНДАЙ ЗАҢДЫЛЫҚТАРДЫ НЕГІЗГЕ АЛА ОТЫРЫП ШЫҒАРЫЛАДЫ. БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ДЕРЕК НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ИНДЕКСІ БОЙЫНША 113-ОРЫНДА ТҰР.

180 мемлекет қатысқан көрсеткіште былтыр еліміз 124-орында болғанын ескерсек, бір жыл ішінде 11 позицияға жағдайымызды жақсартқанымызды байқаймыз. Бірақ мемлекеттің дамуын тежеп, әр саладағы сапаның кері кетуіне ықпал ететін жемқорлық фактілері азаймай тұр. Кейде жап жақсы бастамалардың түбіне жемқорлық жетіп жатқанын көргенде жаның ауырмай қоймайды. Осы орайда қоғамымызда кез келген жемқорлық фактісімен бетпе бет келген адам оны тиісті орындарға хабарлап отырса ірілі ұсақты жемқорлық оқиғалары мұншалықты көбеймес еді. Жалпы қоғамның қарсылығымен ғана жемқорлықты жеңу тез әрі жеңіл болары сөзсіз. Сондықтан сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу бойынша ақпарат бергені үшін немесе өзге де түрлі жағдайда көрсетілген жәрдем үшін қаржылық ынталандыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте халықтың азаматтық ұстанымын жандандыру бағытында елімізде сыйақы тағайындау бастамасы енгізілген болатын. Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг елдерінде жұмыс істеп жатқан жүйенің біздің елімізде де жұмыс істеп жатқанына биыл төрт жыл болды.

Статистиканы сөйлетер болсақ осы жылдар ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 889 мың азаматқа 130 млн теңге сыйақы таратыпты. Атап айтқанда, 2016 жылы – 163 адамға 21 млн теңге, 2017 жылы – 32 млн теңге, 2018 жылы – 28 млн теңге, 2019 жылы – 32 млн теңге және биылғы бес айда – 90 адамға 14 млн теңге қаражат сыйақы есебінде беріліпті. Атап өтер жайт, сыйақы көлемі қылмыстың санатына қарай жыл өткен сайын артып отыр. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеудің жүйесі туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің бас сарапшысы Ерік Бишібеков «Параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1 000 АЕК – тен (2 651 000 теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша-сыйақы сомасы қылмыстың санатына 30 АЕК-ке –тен 100 АЕК-ке дейін (79 530-дан 265 100 теңге) құрайды. Егер параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1 000 АЕК-тен асса (2 651 000 теңге) – сыйақы сомасы көрсетілген соманың 10% – ын құрайды, бірақ сыйақының сомасы 4 000 АЕК-тен (10 604 000 теңге) аспауы тиіс» дейді. Демек пара сұраған жағдайда немесе қандай да бір жемқорлық фактісінен хабардар болған жағдайда оның жолын кесу арқылы 79000-нан бастап 10 миллион теңгеге дейін сыйақыға ие болуға болады. Айта кетер жайт, сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтарды ынталандыру мақсатында бұл мотивациялық қадам болғанымен, статистика жемқорлық фактілерін айтарлықтай азайтуға септігін тигізбейтінін байқатып отыр. Демек сыйақымен ынталандырудан гөрі, халықтың жемқорлыққа қарсылығын күшейтіп, сана сезімін оятудың басқа жолдарын іздеу керек.

Сондай-ақ жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің байланыс орталығына 12 мың қоңырау түскен екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаровтың айтуынша Колл-орталыққа келіп түскен 342 қоңырау сыбайлас жемқорлық фактілеріне тікелей байланысты болған. Оның ішінде нақты 32 хабарлама тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалған. Өткен жылдың көрсеткішімен салыстыратын болсақ, тұтас 2019 жылы 32 көрсеткіш болса, биыл мұндай көрсеткіш бес айдың ішінде-ақ жиналып қалған.  Яғни Колл-орталыққа келіп түсетін қоңыраулардың шынайылығы артып келеді. Өңірлерге бөліп қарастырсақ, Түркістан облысынан – 64, Алматы қаласынан – 45, Алматы облысынан – 41, Шымкент қаласынан – 30 хабарлама орталыққа келіп түскен. Негізінен осы өңірлерден жемқорлық фактілерін хабарлауға қатысты көп хабарлама келеді екен.

Елімізде пара алушылар ғана емес, пара берушілер де жазаға тартылуда. Пара алуға итермелеп, мәселесін теңгемен шешкісі келетіндердің де көптігінен жемқорлықтың жолын кесу қиын болып отырғандықтан пара алушылармен қатар пара берушілерге де жаза күшейтілу үстінде. Мәселен бұл бағытта 2017 жылы 255, 2018 жылы 232, 2019 жылы 342 қылмыс анықталса, ал 2020 жылдың алғашқы бес айында 172 қылмыс тіркелген. Соңғы үш жылда пара бергені үшін 586 адам сотталыпты. Олардың 154-і бас бостандығынан айырылса, 377-і айыппұл арқалаған. Тағы 67 адамның бас бостандығы шектелген. Айта кетер жайт, пара үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың бестен бірі, яғни 20 пайызы мемлекеттік қызметкерлер екен. Олар сотталудан бөлек мемлекеттік қызметтен босатылған және мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айрылған. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай пара берушілердің көбі – жеке компаниялардың өкілдері екен. Олар лауазымды адамдарды сатып алу арқылы өз кәсібін жүргізгісі келіп, мемлекеттік сатып алу бойынша атқарылған жұмысқа қол қою үшін осындай іске баратын көрінеді. Өкініштісі сол, статистикадан байқалғандай жемқорлықпен күрес күшейіп, жазаланғандардың саны артып жатса да, жемқорлықтың азаймай отыруы болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысы азайып, экономиканы қолдауға бағытталған қаржыны жымқыру тәуекелі артқан пандемия кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті. Пандемиядан соң экономикалық жағдайдың ауырлап, әлеуметтік жағдайдың қиындайтыны жиі айтылуда. Демек жемқорлықтың жолын кесу әрекеттері әлі де күшейтілуі керек. Дәл осындай кезеңде құлқынның қамымен, ашкөздік танытатын жемқорлардың аранын тыятындай өзгеріс расында керек ақ!

 

Қуаныш Әбілдәқызы

Комментарий