Детектив

Жайқалған жауһазын

Көктем. Аспан шайдай ашық. Мамыр айының басында Қызылорда қаласы жылы болады. Зулаған көліктер легі әсем табиғаттың көркіне тамсануға мұрша бермейді. Қаланың қым-қуыт өмірінен жабыққан Анар жеңіл көлігімен аяңдап келеді. Қалың ойдың жетегінде келе жатып, жанынан  көзі ақиып «жылдам жүрмейсінбе» деген ишара жасаған такси жүргізушісінің белгісінен селк ете қалды. Такси жүргізушісінің түсі суық, ызғар шашып тұрғандай. Қасынан өте сала жылдамдықты арттыра, басқаларды да басып озды.

Ал Анар болса жабыққан үстіне қамыққандай:«бес күн жалған дүниеде адам баласы бейбіт жүре алмайма» деген ойға келді. Аядай ғана Қызылорданың тұрғындары бір-бірінің көңіліне қарап мейірімділік таныта алмағаны ма? Күре тамыры едірейген әлгі такси жүргізушісі қайда асығып барады? Адамға мейірімділік таныту, кішіпейіл, жұмсақ болу соншалықты қиын болғандығы ма? Иә, бәлкім кейбіреулер үшін қиында шығар…  Дүниеде небір залым адамдар бар. Жанашырлықтан жұрдай, аяушылық дегенді білмейтін небір қаныпезерлер бар. Жо-жоқ мейірімді болу тіпті оңай! Ол үшін адамға бар болғаны жүрек керек. Жүрегі жоқтар ғана жауыз болады. Жүрегі бар адам қалайша өзі сияқты адамға қастандық жасайды. Адамдарға жылы жүрекпен қараудың бақыт екендігін қалайша ұқпайды? Осындай ойдың шырмауында келе жатып, жұмыс орнына жеткенінде аңғармай қалды.  Машинасын жолдың жиегіне қойып, сағатына қарап еді, жұмысына бір сағат ерте келгендігін көрді. Өзі де жұмысқа  ертерек барып аздап серуендеймін деп жоспарлаған болатын. Жаяу жүрмегеніне де көп болып еді. Гүлзарға қарай бет алған бойы аяғын ілбіп басып келеді. Шіркін көктем қандай керемет! Гүл алқабы көңіліне ерекше қуаныш сыйлады. Жүректің   түкпірінде тоң болып қалған қалың шерді жібіткендей болды. Өткен шақтағы қиыншылықтың бәрін ұмытып алдағы уақыттан жақсылық күтті. Қала тотыдай түрленіп тұр. Қызылды-жасыл жайнаған гүлдерге қарасан, көз тоймайды. Кенет орнында қаққан қазықтай қадалып қалды. Көзінен жас саулап аға берді. Өзін ұстай алмағандығы сондай, бір уақытта ішіндегі өксіктің тығыны ашылып сыртқа шықты. Сөйтті де жерге сылқ ете қалды. Жерде отырыпта ұзақ жылады. Бір нүктеге қадалған көздер қалың мұңнан сыр шертеді. Қайғы-мұңның қамытын кигендігін қанша білдірмейін десе де іштегі нала өз дегенін істеді. Оның көргені жауһазын болатын.

 

Танысу мен табысу

 

Шіліңгір шілде де жұмыс істеп жүрген жасыл елдің студенттерін өткен-кеткен адамның бәрі мүсіркейді. Жастайынан еңбекке араласып жүрген жалынды жастарды көріп көңілі марқайып қалатындарда бар. Жасыл елдіктер болса сап түзеген бойы көңілді әнді шырқап барады. Қалықтатып ән айтушылар арасында Қайратта бар. Аққұба жігіт жаздайлық жұмыс істеп жүргендіктен шым қара жылқыдай қарайып кеткен. Оның үстіне Қызылорданың ыстығы адамды әп-сәтте көмірдей қарайтып жібереді.  Байқоңырда тұрып, орыс тілді ортада өскендіктен қазақшаға тілі күрмелетін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған сыр еліне келгелі сөзі сексеуілдің шоғындай, мірдің оғындай болған. Аяғын алшаңдап басып келе жатқан балаң жігіттің алдынан қою қара шашы иығына төгілген, күлім көз, қиғаш қас, талдырмаш денесі адамды еріксіз анадайдан тартатын сұлу қыз шыға келді. Сұлу мүсіні асау кердей бұлаңдап жақындап келеді. Тал бойында бір мін жоқ. Айдай сұлу жүзі бұған қарай жақындап, нәзік үнмен: «Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің талапкерлерді қабылдау орталығы қайда?» деп сұрады. Қайраттың өне бойы балқып кеткендей. Не айтарын білмей абдырап барып әрең жауап берді. Айтып болған соң арқасынан бір жүк түскендей болды. Қайрат ол қыздың қандай оқу орнына түскенін білмеген халде отбасына оралды.

Үйінде жүрген кезінде ойынан бір шықпады. Сұлу жүзі оның ойын баурап алған. Жүрегіне шоқ түскен. Бұрынғыдай ойнап күлмейді. Оның бұл қылығын үйіндегілер қалаға барып есейгені болар деп жорыған. Демалыс уақыты ол үшін сүреңсіз өтті. Ол қызбен қауышам деген үміт оты сөне бастады. Оқуға жаңадан түсетін қыздар көп екендігін біледі. Небір әдемі қыздардың  болары да анық. Бірақ сол бір кезде көрген қызын ешкімге айырбастағысы келмейді. Осындай ойдың жетегінде жүріп қалаға да жетті. Құжаттарын жинап болып, жатахқанаға кірген бойы сол еді төбесінен жай түскендей болды. Ғажап сол кезде көрген перизат көз алдында көлбеңдейді. Қор қызындай аруды көрген оның көздері бақытты. Бақыттың құшағында жүріп бәрімен күліп амандасты. Арман болған қыздың өзіне назданып қарағанын  байқамаған еді. Қайрат Анарды көрген сәтте асып-сасып қалатын. Анар да оған жылы шырай танытатын.

Бір күні Қайрат достарымен табиғат аясына қыдыруға шықты. Табиғаттың сұлулығы оның бойын одан бетер елітті. Бұл сапардан Қайрат ерекше қуанышпен қайтты. Лағыл-жаһұттан арттық қолындағы затын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Келген беті ешжаққа бұрылмастан Анарға барды. Қанша жасқанса да дегбірі таусылған Қайрат батылдық танытуға шешім қабылдаған. Қолындағы асылын Анарға сыйлауға ынтық. Кездескен бойда аздап мүдіргені болмаса ойлаған әрекетін жасады. Анар болса жауһазынды ұстаған қалпы өзін бұлттардың арасында жүргендей сезді. Осылайша танысқан екеуі арада уақыт өте оқу бітірген соң шаңырақ көтерген болатын.

 

Қуаныш пен қайғы

 

Ата-анаға мархабатты, ағайын-туысқа сыйлы келіндері үшін Қайраттың ата-анасы қуанып жүрді. Қайратта жарының көркем мінезіне риза болатын. Қараса көзі қуанатын, айтқан сөзін екі етпейтін. Екеуі көп ұрыса бермейтін. Осылайша сыйластықтары сетінемеген күйде уақыт өтіп жатты. Қайрат жұмыстан соң үйіне асығатын болды. Есіктің алдынан тұла бойы тұңғышы Гаухар күтіп алатын. Гаухардың сүйкімді қылығы сондай тәтті еді. Сөйтіп жүргенде Анардың аяғы тағы ауыр болды. Шуақты күндер бақытты отбасына шұғыласын төгіп тұрды. Бауырлары көмек сұрағанда зәулім үй алуға жинап жүрген қаражатын пендешілікке салып бере алмады. Іштей қынжылса да әр отбасының өз мәселесі бар деп өзін-өзі жұбататын. Гаухарды балабақшаға берді. Іссапарға көп баратын болды. Көбінесе тосынсый болсын деп келетін уақытын айтпайтын. Анар болса күйеуі болмағандықтан Гаухарды қыдыртып, кешкі асты сырттан ішетін. Осындай  кештердің бірінен қайтып келе жатқанда Анар беймаза күйде болды. Енесінің әркез айтатын: «қазаның бос болмасын, шаңырағында от жақ» деген сөзін көптен орындамағынына қынжылғандай болды. Есігінің алдына келіп үйіне кіруге біраз іркілді. Подъездің есігін аша бергені сол еді, алдынан қарсы шыққан адамды көріп селк етеқалды. Гаухар болса таксиде ұйықтап қалған еді. Ұйқысын аша алмай келе жатыр. Жүрегі бір жамандықты сезгендей болатын. Үйінің есігіне қарай аяғы баспады. Әрең дегенде есігінің алдына жетті. Сұмдық-ай есік ашық тұр. Қайрат келген шығар деп ойлады. Үйінің астан кестені шыққан. Бойын үрей билеп алған. Қорықса да көргісі келіп тұр. «Қайраттың ішіп келгені ме» депте ойлады. Бірақ бұл ондайға ұқсамайды. Қарға адым жерді басу мұң болды. Мысықша жүріспен жатын бөлмеге кірді. Ақша жинап жүрген шкафының есігі ашық тұр. «О тоба, қанша уақыт табан ет, маңдай терімен жинаған ақшасын бір күнде біреу қолды қылғаны. Арамзалар» деді ішінен. Бөлмеге ентелеп сұғына бергені сол еді, шыңғырып жіберді. Ары қарай есінде жоқ. Иә, Қайрат келіпті. Бірақ бұрынғыдай күлмейді. Әкесін көптен күткен Гаухар  жүгіріп барды. Оныңда жүрегі жамандықтың болғанын сезіп тұр. Анар болса жерде сұлқ отыр. Қалтырап-қалтырап әбден болдырған. Сөйлеуге, жан-жағына қарауға шамасы жоқ. Аққан қан еденде көл-көсір болып жатыр. Қайраттың қолы тастай  жұмылған. Қолындағысы – жауһазын.

 

                                           Тергеудің әлегі

 

Тергеуші болып жұмысқа тұрғалы Бектің қолы босамайтын болды. Түскі асқа арагідік ғана келеді. Анасы баласының отыздан ассада үйленбей жүргенін уайымдайды. Түскі үзіліске келгеніне қуанып зыр жүгіріп жүр. Ылдым-жылдым қимылдап тамағын алдына қойып  жатыр еді Бектің телефоны шыр ете қалды. Анасы оны жақтырыңқырамай: «тіпті тамақ ішуге де мұрша бермейді» деді ренішті жүзбен. Бек байсалды қалпымен телефонын көтерді.

«Дереу басқармаға жетіңіз» деген зілді дауыс естілді. Түскі асын асығып-аптығып ішіп жұмысқа кетті.

«Ел аман жұрт тынышта адам өлімі орын алып жатыр. Не деген сұмдық. Қылмыстың ізін суытпай шұғыл анықтау қажет. Жедел тергеу тобы құрылды. Сізді топ жетекшісі етіп бекіттім. Жедел ізге түсу, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізіп кінәліні құрықтаңыз. Сенің қолыңнан келетіне сенемін. Іске сәт», – деп тақырбас бастық Жұман Бекті шығарып салды.

Қылмыс оқиғасы орын алған үйдің маңына жақындағанда Бек дүкеннен су алды. Дүкеннің жанындағы қоқыс жәшігінен медициналық қолғап тапты. Әрі қарай оқиға орнына қарап-тексеру жүргізді. Көзге ілінетін ешнәрсе таппады. Жарақат қатты доғал заттың әсерінен болғанға ұқсайды. Қатты доғал зат көзге іліге қоймады. Тек балконнан балға көрді. Қылмыс құралы болып табылмайтын  шығар деп жорамалдағанымен балғаны алды. Қылмысты ашу оңайға соқпайтын тәрізді. Айғақ зат жоқ. Күдіктілер туралы деректер бұлыңғыр. Марқұмның әйелінен жауап алды. Кейбіреулер Анардың өзін кінәлаған содан оның жүрегі шайлығып қалған еді. Тергеу тобындағылар әйел кінәлі болуы әбден мүмкін мұқият тексеру керек десіп жатты. Анардан Қайраттың ортасы туралы сұрастырып, жан-жалдасқан адамдарының бар-жоқтығы туралы сұрады. Анардың ойына ешнәрсе түспеді ме әлде қайғыдан өз-өзіне келе алмай отырма әйтеуір жарытып ешнәрсе айтпады. Бек ертеңіне таңертен келсе есіктің алдында аула сыпырушы жүр екен. Ол тергеушіні көре сала абыржи бастады. Жақын маңайдағы камераларды шолу барысында аула сыпырушы Темірханның марқұмның подъезіне кіргендігін көрді. Күдігі ұлғая бастады. Жеке басы туралы деректер іздестіріп көріп еді бұрын сотталған екен. Жауап алу барысында ол Қайраттың көршісі Жұмабекке барғандығын айтты. Тергеуші тұщымды ештеңе таппаған соң түнгі сағат он бір шамасында салы суға кетіп үйіне қайтты. Анасы кірпік ілместен күтіп отыр екен. Ертеңіне Анардың қасында Қайраттың досы Төребек тұр екен. Анарға көмектесіп жанашырлық танытып жүр. Тергеушіден қылмыскердің табылатын түрі барма деп сұрады. Тергеуші алдағы уақытта табатындығын айтты. Есіктегі саусақ іздерін қарап көріп еді Жұмабектің саусақ іздері бар болып шықты. Бек қылмыскерді табатынына сенімді бола бастады. Жұмабекті жауап алу үшін басқармаға шақыртып еді, оның вахталық жұмысқа кетіп қалғандығын ол жақта байланыс жоқ екендігін анықтады. Тығырыққа тірелген тергеуді шығарудың жолын іздеп шақшадай басы шарадай болды. Ұрланған әшекей бұйымдарды ломбардқа өткізушілер болдыма екен деп сұрау салды. Темірханның қымбат жүзікті тапсырғанын анықтады. Темірханның үйіне тінту жүргізуге оқталып тергеу судьясынан санкция алу туралы өтінішхат қозғады. Алайда, тергеу судьясы Темірханның қылмысқа қатыстылығы негізделмеген деген уәжбен тінту туралы қаулыны санкциялаудан бас тартты. Бұған Бектің сағы сынбады қылмыс оқиғасы орын алған аймақтағы ұялы байланыс операторларының қосылулары туралы мәліметтерді алу жүргізу туралы тергеу судьясының санкциясын алды.  Қайраттың досы Төребектің бір әйелмен сөйлескені, Жұмабектің Темірханға: «іске кірісеміз бе?» деген сөзі анықталды. Содан қосымша жауап алу үшін Темірханға қайта барды. Темірхан төсек тартып жатыр екен.

Жас тергеуші Бектің жүзіне ойлы көзімен барлай қарап:

– Мені адам өліміне кінәлі деп есептейсің ба?.

Бектің ол «біздің жұмысымыз» деген күмілжігін жауабына қанағаттанбай,

-Тергеуші болсаңда өмірлік тәжірибен әлі аз екендігі көрініп тұр. Әдетте мұндай қылмысты ең жақын адамдар жасайды соны сен қалай аңғармайсың?.

Бек.

-Күдіктенетін адамыңыз бар ма? Ол жақын арада анықталады. Қылмыстың өтеуі жаза емес пе? деді.

-Түріңе қарасам иманжүзді екенсің. Өмірде анаңды ренжітпе және жазықсыз адамға жапа шектірме. Мен өмірде көп қателескен адаммын. Атадан жалғыз тұяқ едім. Әкем ерте қайтыс болды. Анамның арқа сүйері мен едім. Анам мені үйленеді, немере сүйем деп жүргенде жаза бастым. Оған себеп құмар ойын болды. Құмар ойынға ақша керек болып қылмыс жасады десең қателесесің. Құмар ойын, ол орта адамды адамшылықтан жұрдай етеді екен. Оны біз ол кезде түсінбейтін едік. Жастықтың буымен жүре беріппіз. Сөйтсем құмар ойын адамды рухани мешеу етеді екен. Ойлануға, жан-жағына қарауға, жақындарыңа көңіл бөлуге мұрша бермейді. Адал еңбектен тосады. Адамды аяушылықтан жұрдай етіп, қаскөй, арамза етеді. Анам маған қатты ренжіді. Мен сотталғанда анамның  ебіл-дебілі шығып жүрді. Жалғыз сиырын сатып күн көрісі тұралады. Сот залында егіл-тегіл жылағаны әлі есімде. Тар қапаста отырғанымда анам қайтыс болды. Анамның үмітін ақтай алмадым деген ой әлі күнге мазалайды. Анамды ақтық сапарға шығарып сала алмағаным есіме түссе шерменде боламын. Құсадан жарылып кете жаздаймын. Сондай-ақ көп жәбір көргенде менмін. Анамның разылығын алмағандығымнан болар басымнан қырсық арылмай қойды. Жасамаған қылмысты мойныңа аласың деп орган қызметкерлері көп қинады. Білесіңбе сол адамды қинағандардың біреуініңде өмірде жолы болмады.Сен жассың анаңның батасын ал, оны әркез қуанта біл және жазықсыз адамға зұлымдық жасама,- деді.

Бек қалың ойдың жетегінде келе жатып көшенің бойынан Төребектің машинасын көрді. Ол тұрған үй карта ойнайтындардың жиналатын үйі еді. Ертеңіне Темірханның қайтыс болғандығын естіді. Төребектің үйіне барып еді анасы есік ашты. Төребектің ұйықтап жатқанын айтты. Мосқал анасы күрсініп карта деген пәле болды. Соның кесірінен жұмыстан да шығып қалды. Қарыз емес адамы жоқ. Қарыз берушілер ақыры сіздерге арызданған болып тұрғой қазір оятайын деп үйіне кіріп кетті. Төребек Бекті көргенде еш саспастан қылмыскер табылдыма деп сұрады. Бек табылғандығын айтты. Дұрыс болған екен, кім екен ақшаны ұрлаған деді.

  • Қарызы бар, Қайратқа жақын жүрген адам деді.
  • Қайраттың жақын достары көп еді қайсы болды екен деді?
  • Кезінде Анарды жақсы көріп қолы жетпеген, карта ойнайтын, қарызы көп досын білушімедіңіз?
  • Дәлеліңіз бар ма?
  • Қылмыс оқиғасы орын алған сәтте аула сыпырушы Темірхан Қайраттың үйіне кірген адамды көріпті.
  • Темірхан қайтыс болды.
  • Жазбаша түсінігі бар.
  • Дәлел аз.
  • Жұмабек вахтадан келді, Қайраттың үйінен шыққан адамды көргенін айтты.
  • Адамды қылмыс жасады деуге дәлел жеткіліксіз, болжамға сүйеніп адамды соттауға болмайды, күмән сотталушының пайдасына түсініледі.
  • Оқиға орын алған күні Қайраттың үйінің жанында тұрған сәтіңізде сөйлескен арудан Анардың әшекейі табылды, ол өзіне оның қайдан келгендігін мәлімдеді.

Төребек үндемеді.

Бек ары қарай сөзін жалғады.

-Сіз қылмысты мінсіз ұйымдастырғансыз…

Қайраттың іссапардан келгеннен соң ұйықтайтынын білесіз. Қарыз берушілер тыныштық бермеген соң Қайраттан қарызға ақша сұрадыңыз. Қайрат сіздің қарызды кешіктіретіңізді білетін сондықтан ақша жоқ деді. Ал сіз ақша бар екенін бұрыннан білдіңіз. Балға ұстасам саусақ іздерім қалады деп ойлағандықтан қалтаңыздағы медициналық қолғапты кидіңіз. Бірақ сіз бір нәрсені ескермедіңіз саусақ іздері қалмағанымен  табан іздері қалған болатын. Қылмыс жасаған соң жылдам үйден шығып кету үшін аяқ киіммен жүрдіңіз. Үйден шыққан соң дүкеннің жанында қолғапты шештіңіз. Дүкеннің бейне бақылауына, қолғаптың ішінде тері-май іздері қалатынына мән бермедіңіз. Сол күні кешке карта ойнадыңыз. Карта ойнап шекем шылқыйды деп ойладыңыз. Бірақ олай болмай шықты. Картадағы достарыңыз сіздің сол күні мол қаржымен келгеніңізді айтты. Сот залында Төребектің кінәсін толық мойындаған дауысын естігінде Анар көп уақытқа дейін өз-өзіне келе алмады. Өмірім тұйыққа тірелді, ендігі ғұмырдың мәні жоқ деп ойлаған. Өлмектің артынан өлмек жоқ екен. Тірі адам тіршілігін істейді. Қайраттан қалған тұяқ Гаухарды, әкесін көрмей дүние есігін ашқан Арманды жеткізуді ойлап тіршіліктің қатал ызғарымен, ауыр соққысын көтеруге белін буып, ыстық қайрат, мұқалмас жігер көрсетіп өмір сүріп жатты.

Осындай дүниелерді ойлап ұзақ уақыт отырып қалғанын енді аңғара бастағанда: «жайқалған жауһазынды жақсы көрушімедіңіз?» деген тергеуші Бектің дауысынан селк ете қалды…

 

   Берік Керуенбаев, Қызылорда қаласының  мамандандырылған тергеу сотының  аға сот приставы                                                    

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (50орташа баға | оценок, среднее: 3,32ішінде | из 5)

Загрузка...

Комментарий (11)

  1. Мөлдір серікқызы

    👍👍

  2. Мөлдір серікқызы

    Тамаша 👍

  3. БОТАБАЕВА ГҮЛДӘУРЕН СЕРІКҚЫЗЫ

    Шытырманға толы шығарма деп осыны айтса керек 👍 өте әсерлі жазылған. Қаламыңыз ұштала берсін

  4. Мөлдір

    Кереметт😍

  5. Нұрай

    Өсе беріңіз🤗

  6. Akniet Kalila

    Өте керемет шығарма👍

  7. Молдир

    Алғаа

  8. Асылбекова Зульфия

    Керемет шығарма👍👍

Комментарий