Жаңалықтар | Новости

БІЛІМ ОРДАЛАРЫН ЖАПҚАННАН БҮТІН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы халыққа жолдауында: «Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек», деп жоғары білімнің сапасына жеке тоқталып өткен болатын. Ал 2020 жылғы халыққа жолдауында Президент: «былтыр мен дипломды оңды-солды үлестірумен айналысатын білім мекемелерін жабуды тапсырған болатынмын. Білім беруді табысты бизнеске айналдырған ықпалды адамдардың қарсылығына байланысты бұл жұмыс баяу жүруде. Бірақ проблеманы шешу керек. Премьер-Министр бұл мәселені ерекше бақылауға алуға тиіс», деп көтерілген мәселенің өзектілігін тағы атап өткен еді. Содан бері ЖООның басына қара бұлт үйірілді.

Нұрлан АПАХАЕВ,
заң ғылымдарының
кандидаты, адвокат, әкімшілік
құқық бұзушылық және білім
саласындағы заңгер

Әрине, білім беру сапасын арттыру – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші. Қазіргідей технология дамыған заманда бәсекеге қабілетті, білімді жастарды, мықты мамандар мен білікті кадрларды даярлау – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету үшін өскелең жастарымыздың алған мамандықтары кәсіби құзыретті және заманауи технологиялармен жұмыс істеуге қабілетті болуы – уақыт талабы.

Тіпті «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» ҚР заңының 6-бабы, 3-тармағында «білім және зияткерлік әлеуеті деңгейі мен сапасының төмендеуі – ұлттық қауіпсіздікке келтіретін негізгі қатер» ретінде қарастырылған. Шындығында, сапасыз білім жұмыссыз жастардың және білімсіз маманның артуына сеп болады. Ал жоғары оқу орындарының ішінде әлсізін анықтау қаншалықты оңай? Ақиқатында, нағыз әлсізді анықтау күрделі тексерісті, әрі тыңғылықты зерттеуді қажет ететін процесс.

Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының мәліметінше,
Қазақстанда барлығы 132 жоғары оқу орны бар. Оның 65-і жекеменшік
оқу орындары. Ал Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің
109 ЖОО арасында жүргізген рейтингісінде, былтыр 61 жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектердің 50
пайызға жуығы жұмысқа орналасқан деді. Өкінішке қарай, рейтингтің ең төменгі орындарында жұмысқа
орналасу көрсеткіші төмен болған университеттер тұр. Демек, сапасыз білім беру арқылы жұмыс таба
алмайтын мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына талап күшейтіле түспек. Дұрыс бастама-ақ!Мемлекет басшысының жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Білім және ғылым министрлігі тиісті шараларды қабылдап жатыр. Бірақ шаш ал десе, бас алып жатқан жоқ па?

Саны көп, сапасы жоқ болса, «Білім беру қызметімен айналысуға лицензия» неге беріледі? Мәселен, бүгінде БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бірнеше оқу орындарын тексеріп, тексеру қорытындысы бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының бұзылуына байланысты деп бірнеше университеттің лицензиясының күшін тоқтатты. Салдарынан Білім және ғылым министрлігі қазіргі уақытта бірнеше оқу орнымен соттасып жатыр. Мәселенің төркінін заң аясында тарқатайын.

Елімізде білім саласын реттейтін «Білім туралы» ҚР заңы 2007 жылғы 27 шілдеде қабылданған. Сол заңның 8-тарауында «Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу», ал 59-бабында «Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау» туралы жазылған. Сонымен қатар, 2015 жылдың 29 қазанында ҚР Кәсіпкерлік кодексі қабылданған. Осы аталған заңдардың негізінде Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті тексеріс жүргізуге құқылы. Ал білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын субьектілердің құқықтары мен міндеттері туралы «Білім туралы» ҚР заңының 60-бабында айқын көрсетілген.

Мәселен, білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңнамаларын, білім беру қызметі субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін
сақтауға, тексерулерді осы заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері
негізінде және оларда белгіленген тәртіпке қатаң сәйкестікте жүргізуге және тексеру жүргізу кезеңінде білім
беру ұйымдарының белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге тиіс.

Ал ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 бұйрығына сәйкес, «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» заң бар. Осы заңға сәйкес, білім беру мекемелері, оқу орындары талаптарға сай келсе, лицензия беріледі. Егер білім беру кезіндегі талаптарға сәйкес болмаса, заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, мемлекеттік тексеру, бақылау арқылы хаттама толтыру және қаулы шығару арқылы лицензияны тоқтату сот тәртібімен жүзеге асады. Жалпы, Қазақстанда жүзеге асып жатқан ЖОО-ын қысқарту, көрші Ресейде 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін жүргізіліпті. Сол кезде Ресейдегі ЖОО мен филиалдардың саны 2268-ден 1171-ге дейін қысқартылыпты. Білім беру ұйымдарының заңды және лауазымды тұлғаларына қатысты 2850
әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған. 140 миллионнан аса халқы бар ел үшін бұл жақсы көрсеткіш шығар. Бірақ 18 миллион халқы бар еліміздің саусақпен санарлық оқу орындарын жабу қаншалықты дұрыс? Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ның лицензияларын қандай негізге сүйеніп, қандай анализ жасап тоқтатпақшы?

Елімізде жыл басынан бері 26 университетке тексеріс жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 5 ЖОО тексеріледі. Нәтижесінде бес университет жабылып, екі университет лицензиясынан айырылды. Сол ЖОО-да жұмыс істеген оқытушылар құрамы, өзге де қызметкерлер басқа жерден жұмыс іздеуге мәжбүр. Оларды жұмысқа орналастыру ешқандай заңмен міндеттелмейді. «Барлық жабылған университет студенттері арнайы құрылған комиссия шешімімен басқа ЖОО-ға ауысады», – деген әңгімелер айтылып жүр. Бірақ комиссия құра салу, мыңдаған студентті оқу орнымен қамту аз ғана уақытта шешімін табатын мәселе емес. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы №268 ХIII қабылданған «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі» мен 1999 жылғы 1 шілдеде шыққан ҚР Азаматтық кодексі (ерекше бөлімінің) 43-тарау, 865-бабында «Комиссия шарты» туралы жазылған. Комиссия шарты бойынша бiр тарап (комиссионер) екiншi тараптың (комитент) тапсыруы бойынша сыйақы үшiн комитент есебiнен өз атынан бiр немесе бiрнеше мәмiле жасауға мiндеттенедi. Ал «Білім туралы» ҚР заңының 42-бабы, 2-бөлімінде «Білім беру ұйымы білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан айырылған немесе таратылған жағдайда оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыруға шаралар қолданады», – деп нақты жазылған. Егер Білім және ғылым министрлігі өзі лицензия беріп, өзі оқу ордаларын жауып, ол жерде оқитын студенттерді сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып басқа жерге ауыстырса, министрліктің жоғары оқу орнынан қандай айырмашылығы бар?

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының 3-бабы, 10-тармағында «Білім беру ұйымдарының меншік нысандары, оқыту мен тәрбиенің нысандары, білім беру бағыттары бойынша алуан түрлі болуы» туралы нақты жазылған. Мәселен, 65 жекеменшік білім беру мекемесі болса, дәл сондай мемлекеттік оқу орны болады. Ал оларды тексерген кезде 20 жекеменшік оқу орнымен қатар, 20 мемлекеттік оқу орнын да тексеру қажет. Сонда ғана әділдік болады. Одан бөлек, осы оқу орындарына назар аударып, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, білім беруші ұстаздардың біліктілік сапасын арттыру, оқытудың жаңа технологиясымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек шығар?! «Жығылғанға жұдырық» болмай, «боламын деген баланың бетінен қақпай, белінен бу» деген! Шындығына келгенде, болашақ маман иесі, ұлттық университетті немесе жекеменшік оқу орнын аяқтаса да, оның қабілеті болмаса, екі қолға бір күрек таба алмайды. Өйткені қазір өндіріс орындары дипломнан бұрын адамның қабілетіне, жауапкершілігі мен ынтасына қарайды. Сондықтан тек қана білім беру орнын ғана кінәлау дұрыс емес. ЖОО-ын жауып, білім сапасын арттырамыз деп ойлау – әбестік…

(Жалғасы бар)

Комментарий