Детектив

ҮРЕЙ БИЛЕГЕН АУЫЛ

Айдаладағы алақандай ауыл аяқ астынан қораға қасқыр шапқандай дүрлікті де қалды.

Ауылды үрей биледі.

Түн баласына адамдар сыртқа шығудан қорқатын болды.

Үлкендер демі күшті дамуллаларға, көріпкерлерге, бақсы-балгерлерге жүгінді. «Ауылдарыңда шайтан жүр. Қуып шықпасаңдар, зияны енді өздеріңе де тиеді» деді құмалақты шашып тастаған көріпкелдің бірі. Қожатоғайлықтар осы сөзді есітіп, шошымалы болып қалды. Түн ішінде жылт еткен жарық көрсе «шайтан, шайтан» деп үйлеріне қарай зәре-құты қалмай безетіндер де табылды.

Күрең күз еді. Мектепке қоңырау сыңғырлап, оқушылар білім ұяларына бара бастаған. Түс қайта оқитындар мектептен шыға үйлеріне қарай жүгіреді. Баяғыдай асыр салып, ымырт үйірлегенше доп қуудан да қалып барады. Балаларының сыртта жүріп алмай үйлеріне қас қараймай тұрып оралатынына әке-шешелері мәз болғанымен, жүректерде түйін бар. Кейбір отбасылар «басқа жаққа көшеміз бе, қайтеміз» деген ұйғарымға да келіп қалған дүбәра кез.

Міне, кешегі түні жетінші үйдің қысқа деп жинаған шөбі өртенді. Ауылда беймезгіл жүрген тірі пенде таппайсыз. Лап ете қалған өрттен адамдар үйлерінен атып-атып шығады да өртті ауыздықтауға кіріседі. Ал, арада бір-екі күн өтпей тағы бір үйдің қорасынан не маясынан өрт бұрқ ете қалады.

Жергілікті тұрғындар Арыс аудандық ішкі істер бөліміне шағымданды. Учаскелік полиция инспекторлары, полиция майоры Жеңіс Мәжімбеков пен полиция аға лейтенанты Нұрғали Айнабеков ұйқыны ұмытты. Әйтсе де, «шайтанның оты» жылт етеді де артынша ауыл дүрлігеді. Мұның соңы балалардың үрейленіп жылауына, иттердің шабалана үруіне, қорадағы малдың тапырақтауына ұласады.

Өрттің шығуы жиілей түсті. Енді ауыл тұрғындары жиналып, қысқа деп қасқалдақтың қанына балап отырған мая-мая шөптерін таң сібірлеп атқанша күзететін болды. Бастары қалай жастыққа тиді, солай далада табағын ит жалап кеткен келіншектердікіндей у-шу басталады.

– Бұл не сұмдық?

– Расында, молдалар дұрыс айтады. Бұл ауылда ібіліс бар. Атақонысты тастап алысқа көшеміз-ау, түге.

– Таң атқанша кірпік ілмей күзетіп-ақ шықтық қой. Жау қайдан келді?

Тұрғындар осылай дескенмен, жауабын табу қиынға айналды. Міне, он бесінші үйдің шөбі өртенді. Бұл не пәле?

Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен тыныштық кетті. Жедел-іздестіру тобы әзірге қолға ілігерлік жіптің ұшын таба алмай әлек. Ауыл арасындағы қоғамдық тәртіпті бақылау үшін облыстық ішкі істер департаментінің басшылары жол-патрульдік полкінің арнайы взводын жіберген. Полицейлер Бейсен Ортаев атындағы және «Монтайтас» жалпы орта мектептерінің спорт залдарын жатақханаға айналдырды.

Ібіліс әлі ұстатқан жоқ.

Енді ауыл тұрғындары ібілістен күдерлерін үзді. Монтайтас ауыл округінде түрлі алыпқашпа әңгімелер бірінен соң бірі қоздап жатты.

Ауыл іргесіндегі жотадан Қазығұрт ауданының балалары жусан шауып жүргенін мұндағылар көреді. Қиядағы қыр басында екі ауылдың балалары ерегісіп қалған. Қожатоғайлықтар көптігін пайдаланып, көрші ауданның балаларын сабап жіберсе керек. «Осыған ерегіскен балалар түнде келіп, өрт қойып жүр» деген де сыбыс шықты.

Бірақ ауылға олар түн ішінде салақтап жаяу келмесе автокөліктің дауысы естілуі керек қой. Атпен келді дегеннің өзінде тұяқ дүбірі алысқа кетпес пе еді?

Қырқаға шығып, малдас құрып жағалай отырып кеңес құратын ауыл ақсақалдары түрлі жорамал жасап көрген. Тап осы тұста Монтайтас ауыл округіне әкім сайлануы тиіс еді. Осындағы бір азаматтың кандидатурасын жақтап жұрт қол жинай бастаған болатын. Міне, осы қағазға ауылдың бір тұрғыны қолын қойғысы келмеген. Мұнымен де шектелмей, «мен тірі тұрғанда ол ауыл әкімі бола алмайды» деп сырттай сес те көрсеткен.

Бәлкім, бұл соның ісі шығар. Алайда, дап-дардай адам бүкіл ауылды ұлардай шулатып, осындай оспадарсыз тірлікке барады ма?

– Әй, оның қолынан бұл іс келмейді,- дейді ақсақалдардың бірі.

– Келгенде қандай, ана жолы пәленшенің үстінен арыз жазып, соттатып тынған жоқ па еді,- дейді екіншісі.

Дау-дамай басылмайды. Қариялар қырат басынан шаршап-шалдығып түседі. Бірі белін ұстап, екіншісі шойнаңдап, үшіншісі таяғын ұстап келе жатқан аталарды көрген келіндер самаурынға жүгіреді.

Арыс аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Исабеков шұғыл жиын өткізді.

– Қожатоғайдағы қорқыныш үдеп барады. Бүгін міне, он жетінші үйдің шөбі өртенді. Неше жерден сайтан болып кетсе де күдіктінің ұсталатын кезі болған жоқ па? Не бітіріп жүрсіңдер?- деп қарамағындағыларға қатулана қарады.

Осыдан екі-үш күн бұрын Қожатоғайға бастықтың өзі де барып қайтқан. Ақсақалдармен, ауыл биімен, мектеп директорымен сөйлесті. Әркім әртүрлі пікір айтты. Ауыл тып-тыныш. Әркім өз жұмысымен. Түнгі дүрбелең үшін бірін-бірі кінәлап, айтысып жатқан да адам аз. Сонда бұл қалай болғаны?

Арыс АІІБ бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Әуелбек Әбдірашев қызмет жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлан Мұратов, кадр жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Алым Садықов, аға тергеуші, полиция аға лейтенанты Мұрат Алдияров, жедел уәкіл, полиция капитаны Нұржан Мырзабеков, әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сералы Бедебаев жауапкершілік жүгін айқын сезінді. Үш орынбасар кезектесіп Қожатоғайға күнде «қонаққа» баратын болды.

…Ауыл жастары бүгін де түнгі күзетке шықты. Қыркүйектің мақпал түні жылы еді. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. «Бір қылмыскерді бәрін жабылып ұстай алмай жүрсіңдер ме?» деп күлімдейді.

Күзет көңілді болуы үшін жігіттер азырақ ащы судан да алдырған. Іш қызған соң олар қау-қауласып біраз отырды. Олардың арасында Абай да бар еді.

– Осы сенің шөбін неге өртенбейді?- деп қалды жігіттердің бірі.

– Кезегі келмей жатқан шығар,- деп күмілжіді Абай.

Арада екі-үш күн өткенде Абайдың маясы да майқан болды.

– Япыр-ай, есітіп қойған екен ғой,- деп жігіттер жапатармағай күлген.

Облыстан талап күшейді. Бұл не қылған өшпейтін өрт? Елді тағы қанша дүрліктіруге болады?

Полиция полковнигі Нұрлан Исабеков бастаған жедел-іздестіру тобы жинақталған құжаттарды тағы да сараптамадан өткізді. Жау алыстан келмеген сияқты. «Шайтан» деп шошынып жүргендері ниеті арам ағайындардың бірі болып шықпасың?! Ой қорытып, мән-жайларды салмақтай келгенде күдіктің бір ұшы ауыл тұрғыны Абай Жамашевқа тірелді.

…Абай көптен бері жұмыссыз жүрді. Бес бірдей баласын асырау қиынға айналған. Шешесі де күнде құлақ етін жеп бітті. Оған келіншегі қосылды.

– Масылсың.

– Жұрттың еркегі сияқты теңге таппайсың.

– Мына бес балаңнан ұялмайсың ба?

– Жұртқа қай бетіңмен қарайсың?

Үйде күнде осындай «өрт» шығып тұрды. Бір күні әйелі мен шешесі түсініспей қалды. Тұрмыс тауқыметінен шаршаған әйелі төркініне кетіп тынды. Бес бала ұлардай шулап қалды.

Абайдың ішін өкініш пен қызғаныш иті тырмалап жатты. Ол ішкі күйігін немен басарын білмеді. Күнде арақ іше бергенге қаржы құрығыр жоқ. Не істеу керек?

Бірде ол түн ішінде далбасалап сыртқа шықты. Көршінің үйген шөбінің түбіне келіп темекі тұтатты. Сіріңкені шөп жанына тастай салды. Өрт бұрқ етті. Ол үйіне кіріп, терезеден қарап тұрды. Жұрт су іздеп әрі-бері жүгірді.

Әлден соң өрт басылды. Адамдар үй-үйлеріне тарасты.

Ертесіне Абай тағы бір үйдің шөбіне өрт қойды. Тағы да жұрт азан-қазан болды.

«Мен ғана жан азабын тарта беремін бе? Олар да қиналып көрсің» деді ішкі бір сайтани сезімі. Ол осыдан рақат алды. Өзінің тағдырына, келіншегінің кетіп қалғанына ауылдастары кінәлідей көрінді. Ендеше олар да көрсің көретіндерін. Осы ой бойын иектеп алған Абай арада екі-үш күн салып бір үйдің шөбіне өрт қойып отырды. Ауылдастары абыр-сабыр болып жатқанда ішкі қайғысы басылып, жаны жай табатындай көрінді. Төркініне кеткен келіншегі не істеп жүр екен? Байынан ажырап қелген келіншекке біреулер көз сүзуі мүмкін ғой. Осы ой да Абайдың жүрегін жегідей жеді. Ол өшін өрт қою арқылы алуды әдетке айналдырды.

Өрт жалыны түгел шарпымаған шөптерді есептемегенде ол 18 маяны күлге айналдырды. Көпшілікпен бірге түнгі күзетке шыға жүріп аяғын көрсетпейтін жылан сияқты жымысқы ойын жүзеге асырып отырды. Күзетшілер үйлеріне тарап, ұйқыға кетті-ау деген мезгілде қалтасына оттығын алып, шөпке қарай бұқпаңтайлап кетіп бара жататын.

Абай көршісі Аршагүлдің 2 тіркеме шөбін, 15 тіркеме тезегін сарайымен бірге өртеп жіберді. Сарайда 15 дана белдік ағаш та жанып кетті. Үй иесіне 1 миллион 200 мың теңге материалдық зиян келді. Ал, Абайдың қолымен өртенген 18 шөп пен қораны қоссаңыз, ауылдастарына қаншама залал келтіргенін іштей пайымдайсыз.

Істі аға тергеуші, полиция аға лейтенанты Мұрат Алдияров жүргізді. Кінәлінің жауабына тергеуші аң-таң қалды.

– Келіншегім кетіп қалды. Оны қатты қызғанатын едім. Әпкелерім алдынан өтті. Оралмады. Сосын күйікпен осы іске бардым,- деп қарап отыр.

Ақымаққа ақыл жүрмейді. Ауылды екі айға жуық үрей құшағында ұстаған ол мойыны салбырап отырды.

– Ә, бәсе! Қайдағы шайтан? Сайтанымыз өз арамызда жүр екен ғой,- деп шуласты Абайдың өз кінәсін мойындағанын естіген ауылдастары.

Үрей сейілді. Балалар ымырт үйірілгенше асыр салып ойнауын қайта бастады. Ауыл тұрғындары қалыпты тіршілігіне қайта кірісті.

Ал, Абай өлердей қызғанатын келіншегімен енді бес жылдан кейін қайта қауышатын болды.

Ауылды алатайдай бөліп, ұлардай шулатып, дүрбелеңге салған күйеуін сағына күтіп алар ма екен?

Өмір асау өзен сияқты. Одан мықтылар ғана жүзіп өте алады.

Осыны ойлаған Арыс АІІБ бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Исабеков ауыр күрсінді.

– Рұқсат па, жолдас полковник?- деп аға тергеуші Мұрат Алдияров кіріп келгенде ол ой құшағында отыр еді.

Бөлмені көк түтін қаптапты…

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1орташа баға | оценок, среднее: 1,00ішінде | из 5)

Загрузка...

Комментарий