Детектив

«ЧИКАГО» әңгімесі

Соңғы кезде қалада атыс-шабыс көбейіп кеткен.

«Жұт жеті ағайынды» демекші, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай ұры-қары да қаптады келіп. Алақандай қаладағы аласапыранның дүмпуі алысқа кеткені соншалық – көгілдір экраннан Қазақстан Республикасының Президенті: «Бұл өзі қайдан шыққан Чикаго!?» – деп күйініп, өз ренішін білдірді. «Терек бір жауса, жапырағы екі жауады», жүйкеге түсіретін салмағы бар дегендей, жұмыс бұрынғыдан екі есе ауырлай түсті.

Шаршайтын болуымыз керек, қалжырап қатты ұйықтап кетіппін.

Бір қарағанымда, сағат түнгі 11 еді. Үшке таяп қалыпты. Шыны керек, шошып ояндым. Соңғы жылдары осылай оқыс тұрсақ, табан астында жастық астындағы оқтаулы пистолетке жармасатын әдет таптық. Бірақ бұл жолы тез киініп алдым. Есік сабалап жатқан адам қанша тоқпақтап ұрса да, жұлып алардай екіленуден гөрі жұмсақ соғатыны байқалады, содан шығар басы-артық сезіктеніп, секем ала қоймасам керек.

Құлақ түрсем, нәзік, әйел дауысы өте әлсіз шығады. Еріксіз жетелеп әкелген шұғыл шаруасы болса да, бұрын-соңды бет жыртысып, долданып көрмеген жат қылығы жоқтығынан ба, айналаны басына көтерген байбаламы жоқ.

Жар жағалап, сыртқы есік алдына аяғымның ұшымен жеттім.

Жүгіріп те, жүріп те өлшегем, мен жатқан жерден дәл жеті қадам дәліз түбіндегі есікке тікелей тартуға болмайды, қаны бұзық біреу есіктің ту сыртынан мылтық атып жіберсе, жазатайым болуың ғажап емес.

Отбасы мүшелеріне өзім барда қандай әрекет жасайды, жоқ кезімде қандай шешім қабылдау керек, талай мәрте инструктаж оқып, құлағына құйып қойғанмын. Обалы нешік, біреуі мүлт кетпей, бұлжытпай орындап жатыр.

Пистолетке ұмтылмаған тағы бір себебім – жұдырықтаған дыбыс есіктің оң қапталынан естіледі. Ол бұрышта бір адамнан артық сыятын орын жоқ. Ішке ашылған есіктің екпінінен шапшаң әрекет жасауың екіталай, сол себепті қастандық жасауға оқталған адам ол жерде тұрмауы тиіс.

Не болса да, оң босағаға басын сүйеп тұр.

Ойым сан-саққа жүгіріп жатыр.

«Демін үзбей дыбыстап айғайлауына қарағанда, 35-40 жастың арасы, қолының жеткен жері тұтқадан жарты метр жоғары, соған қарағанда бәкене бойлы», – деп ойлап үлгергенімше, сол қолым есікті ашып жіберді.

Түйсігім алдамапты. Жақсы киінген, «Бальзак жасындағы» бір әдемі келіншек еңіреп тұр. Түсін шырамыттым. Бір жерден анық көрдім.

– Күйеуімді өлтіргелі жатыр!

Танып келіп тұрғаны анық. Қапелімде есіме ешнәрсе түсе қоймады. Асығыс сұрап жатырмын.

– Қайда?

– Сіздің үйге қарсы көшедегі жер кепеде.

Үйдегілер естісін деген амалмен қатты дауыстап қайта сұрадым.

Үстіндегі киіміне қарағанда сыйлы бір жердің қонағы болып отырған беті. Аузынан жеңіл испан шарабының исі аңқиды. Бұрқыраған еттен гөрі, ресторан мәзіріне тән тағамның дәмі де сейіле қоймапты. Ұлы Дала мәдениеті мен бүгінгі қала үрдісі, аперетив пен дижестив төңірегінде әйелім екеуіміз кеше ғана сөз жарыстырып едік.

Қаланың әйелі. «Қайдан көрдім?!»

Әйелдің әдемі жүзіне көз тоқтатып қарасам да, ажырата алмай қойдым. Айтып тұрған үйі таяқ тастам жерде, жиі ішу болғасын, жанжал жиі шығатын беймаза үй.  Сондықтан тұрмыстық жанжал болды деп ойлап, кері барып қару алудың қажеті жоқ деп шештім.

Біздің подъезд түгелге жуық құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Ішінде мұндай шаруаны атқаруға тиіс маманның бірнешеуі бар, соларға сілтесем болмай ма? Бірақ бір нәрсе еріксіз матап, бұл қадамға аяқ бастырмай қойды. Үңіліп көзіне қарадым. Бұзақы мен ұры-қарының қосағында мұндай мөлдір жанар болмайды. Бұл әйелде маған соншалықты етене, таныс әдеттегі шаршау бар. Бұл көзқарас түбі осындай жағдай боларын біліп қажығанда ғана кездеседі. Өз табалдырығымды әр күні аттаған сайын әйел, бала-шағамнан көріп жүрмін. Бір жерде оқ атылды дегенді естіген сайын болатын үрей.

«Ішкі істер бөлімі адамының әйелі».

Учаскелік инспекторды тосып, ақырын күтсем деп бір оқталдым, өлтіргелі жатыр деген сөз сүйрелеп көшеге алып шықты. Шындығы, тылсым сезім. Еліктің көзіндей жаутаңдаған жұмбақ жанар.

Мені танып тұрғаны анық еді. Әттең, жөн сұрасуға уақыт тығыз. Оның үстіне егіл-тегіл жылап тұрған аянышты түріне қарап, жуық арада жөні түзу жауап аларыма күмәндандым.

«Бәлкім, мүлдем бөтен адам шығар».

– Үшінші қабатқа көтеріліп, он екінші пәтердегі Сәкеннің есігін қағыңыз, осы жердің учаскелік инспекторы. Мен жіберді деңіз. Кеттім.

Нәркес көздері жәудіреп тұрған әйелді есіме түсіре алмай әлек боп, беймәлім іске кетіп барамын. «Қайдан көрдім, мені алды-артыма қаратпастан итермелеп бара жатқан қандай күш?!».

Бұрылып қарап едім, қолын қысқа сермелеп жедел жоғары көтеріліп барады екен. Жүрісіне дейін көзіме жылыұшырады. «Қайдан көрдім?!»

Қараңғыны қармалап жүріп, діттеген жерге тез жеттім. Тіпті көлденең жатқан көк тастан қарғып секіріп өткенімде, мұны қайдан жаттап алғанмын деп өзім таң қалдым. «Мана күндіз көргем екен ғой».

Аулаға кірдім. Көзге түртсе көргісіз қараңғылық: бұған етім әбден үйренген. Айнала мүлгіген тыныштық: қанша жыл түн жамылып жүрсем де, осы еңсеңді езген қара түнекке үйрене алмай келемін.

Абайлап, жан-жағыңа қарап алмасаң, тұтқиылдан тап берген жауыз қаныпезер табан астында есіңнен тандырып тастауы кәдік.

Аяғымды аңдап басып келемін.

Тың тыңдаймын. Бөгде дыбыс жоқ.

Есік-терезе біткеннің бәрі тұмшалаулы. Бұлты қалың аспаннан сығалаған жалғыз жұлдыз секілді, саңылаудан себезгілеген әлсіз сәуледен барар бағытты таптым. Дереу саңылау арқылы ішке көз салдым. Анық көрдім. Еңгезердей екі ер адам үнсіз жағаласып тұр. Мұндай суретті Сәкеннің «Бандыны қуған Хамит»  киносынан көргенмін. Бұған дейін де талай текетірес пен қырғын төбелестің ортасында болғанмын ғой, неге жөпелдемеде осы шығарма есіме түсті деп ойлап болғанымша, тағы бір суық ой бойымды қарып өтті: бұл үнсіз арпалыс тегін емес, екеуінің де есеңгіреп тұруына қарағанда, осының алдында бір сұмдық нәрсе жасалған. Көзі қанға толған дүр қара өз-өзінен аласұрып тұр, екіншісі жандәрмен аман қалуды ғана ойлайтын секілді.

«Не істеу керек?»

Бойымды жинай алар емеспін. Енді шынымен өкіне бастадым. «02»-ге телефон шалып, инспектормен бірге келуім керек еді. Әр секунд қымбат. Пенделікті қойсаңшы, қарадай жүріп қорқақ атану оңай емес, намысы құрғыр да өртеп барады. Шегінерге жер жоқ. Екі көзім алдыңғысының қолындағы пышақта.

Есікті ашқан бетте соны қағып түсіру керек.

Құлағыма: – Әй, бажа, сен мені қостамадың, сатып кеттің ғой сонда, ендеше қайнағаңмен бірге өлесің, – деген сөздері анық естілді.

Жүзін жазбай таныдым. Қыңырбай. «Бұл қайдан жүр, әлде кек алу үшін қулықпен мені алдап әкелгені ме?». Екі үш жыл бұрын өзінің сыныптас досын пышақтап өлтіргені үшін қылмыстық ісін мен жүргізіп, сотталған болатын.

Бүкіл күш-жігерімді бойыма жинап алдым да, есікті қатты сілкіп ашып, пышақ ұстаған қолға атылдым. Қыңырбай сілтеп үлгерді. Екі қолыммен білектен  ұстап үлгергендіктен, күш ала алмаған қара пышақ бажасының тері сертегісін  тесіп өткенмен, жеңіл жаралап, кеуде қуысына кірмей қалды. Ол да есін тез жиып Қыңырбайдың арқасына айналып шығып оның сол жақ қолын қайыра тартып маған көмектесіп жатыр, мен оның пышақ ұстаған оң қолын қайырып пышақты түсіре алмай әлектеніп, екеулеп жабылып кеттік. Қыңырбай да дес берер емес, екі қолын бізден босатып алып ашық қарсылық көрсеткісі келіп жатыр. Долы күші бар екені аңғарылып-ақ тұр, бізді екі қолымен үйіріп әкететіндей жұлқынады, мен оның аяғын шалып еденге жығуға әрекеттенгенмен, негізгі қауіп пышақ болғандықтан, бар күшімді пышақ ұстаған қолдан айрылмауға жұмсап жатырмын.

Осы мезетте қалғыған түнді жаңғыртып учаскелік инспектор, жәбірленуші әйел мен жолдан қосылған тағы бір кісілер апыр-топыр шулап кіріп келіп участкелік инспектордың көмегімен үшеулеп Қыңырбайды еденге жығып, пышағын босатып, қол аяғын байлап тастадық.

Әлгі әйел дірілдеп төргі бөлмені нұсқайды. Бір адам екі бүктетіліп қозғалмай жатыр екен. Шалқасынан аударғанда кеуде қуысы қанға толып кеткенін аңғардым. Денесінде пышақтың тек кірген ізі байқалады. Бүкіл қан ішке кетіпті. Өлікке қарап тұрып шырамытып: «Мына кісі прокурор емес пе?» – дедім.

  • Жолдас майор, бұл жерде қайдан жүрсіз, – деді кейіннен кірген көрші тұратын тергеуші, жауап қатпай үндемей өз ойыммен тұрып қалдым.

Ішімнен болған оқиғаны сараптап бәрін түсінгендей болдым. «Саркен марқұм  Гүлжан қарындасы үшін құрбан болды- ау», – деген ой жанымды жегідей жеп барады. Бейтаныс әйелдің соншалықты жаныма жақын болған сыры енді ашылды. Ғажап. Марқұм прокурор осы өз әйелі туралы бір ауыз сөз айтқан емес. Әңгіменің барлығы туған қарындасы туралы болып еді.

Қыңырбай осыдан тура үш жыл бұрын үйленбек болып, ақша жоқтықтан ұрлық жасап, тойға дайындалады. Содан ауылдан мектепте бірге оқыған құрбы досын күйеу жолдас болуға қалаға шақырып, екеуі тойдың басы деп мейрамханаға келеді. Араққа сылқия тойған екі дос қалжыңдасып отырып сөзге келіп, ерегесіп қалады да, арты төбелеске айналады. Қыңырбай өзі қалап алған күйеу жолдасын пышақтайды. Осы істеген қаныпезер әрекеті қылмыстық іске ұласып, менің тергеуіме түсті.

Жақын жердегі аудан прокуроры болып жақында ғана тағайындалған осы Саркен марқұм телефон шалып: «Ұзату тойға бүкіл туыс пен дос-жараңды шақырып қойып-ек, ел-жұрттан ұят қой, той өткенше қамауға алмай тұра тұршы», – деп қолқа салды. Бұрынан аздаған таныстығымыз бар еді, абыройына  нұқсан келмесін деп,  «бұлтартпау шарасын» «ешқайда кетпеу» туралы қолхат алып, қалдырған едім. Алайда, дене жарақатын алған досы көп ұзамай ажал құшқандықтан, әрі тергеу барысында тойға дайындаған ақшалары ұрлықпен келгені айқындалып, қосымша қылмыстық іс қозғалғандықтан, «ешқайда кетпеу туралы қолхаттан» – «қамауға алу» шарасына өзгертуіме тура келді. Бұл туралы Саркенге телефон соғып ескерткенімде: «Қарындасым Қыңырбайдан қатты қорқып қалды, той болмайтын болды, қарындасымды өз қолыма алдым, қамқоршылық жасамасам болмай тұр, мына жігіттің есі дұрыс емес сияқты»  деген. Содан қамауға алынған Қыңырбай маған: «Той өткенше әдейі қамап, тойды прокурор қайны ағам екеуің әдейі өткізбеу үшін  осының бәрін істеп жатырсыңдар» деп тістенген еді.

Гүлжанды өмірімде көрген емеспін. Бірақ кейін кездескенде Саркен қарындасын адал махаббат иесі ретінде майын тамызып айтып берген. Байқағаным, Саркеннің өз әйелі сол суреттеген адамына қатты ұқсайды екен. Енді түсіндім: сол бейне көкейімде жүр екен.

Өз ойымды түйіндеп болғанша, шақырылған жедел жәрдем,  қалалық тергеу тобы келіп, оқиға болған жерді қарауға кірісіп кетті. Мені жауап алуға басқа бөлмеге апарып, Қыңырбаймен беттестірді. Қыңырбай қыңар емес, өрекпіп қырсықтанып алған, жауап алып отырған тергеушіге мені көрсетіп айбаттанып: «Осы кезінде қайнағамның тапсырмасымен мені әдейі отырғызған, мен бәрібір Гүлжанға үйленем, сендер Гүлжанды менен тығып ұстап отырсындар, ол мені сүйеді», – деп елірді.

«Прокурорды не үшін пышақтап өлтірдің?» – деген тергеушінің сұрағына бет-аузы шімірікпестен: «Қайнағам мен мынау оңбаған түрмеден шыққан бетте сүмелек бажамды жіберіп, осы үйге алдап шақыртып алып, пистолетпен қорқытып: «Енді Гүлжанды ұмыт, іздеп келетін болсаң, түрмеге қайта жібереміз», – деп қорқытты. Қинап ұрып-соқты, мен тек қорғандым», – деп жауап берді.

Сан түрлі ойдан арыла алмай отырмын. Ертеректе Островскийдің «Грозасын» оқығанмын. Айтпақшы, Абай Буниннен аудармасында осы «грозаны» – «дауыл» деген екен-ау. Дауыл десе, дауыл ғой. Тура «Чикаго». Осы қара құйында ақ махаббатының құрбаны болған Гүлжан – Катерина секілденіп көзіме елестейді. Гүлжан бейнесін жүрегімнің түкпіріне ұстап жүргенім, осы аласапыранда тек Гүлжандар емес, адам өміріндегі ең қымбат құндылықтар жазықсыз құрбан болып жатыр екен-ау…

Көңілім босап көмейіме лоқсық толып кеткендей болды, иығыма погон таққалы бері тұңғыш рет көзіме жас тығылды.

Ертеніңе жұмысқа келсем, қызметтестерім мәз, мені батыр көргендей қарсы алды. «Адам өмірін сақтап қалдың» деп журналистер келіп сұқбат алып, бастықтар сыйақы бергізіп шулап жатқанда, 20 кварталда 19 үй 40 пәтерде  үш адамның өлігі табылды деген хабар жетті…

Пәтер екі бөлмеден тұрады екен, бес қабатты үйдің бесінші қабатында, баспалдақпен көтерілгенде он жақтағы есік. Баспалдақпен криминалист-экспертті алға жіберіп көтеріліп келеміз, өлік иісі бірінші қабатқа дейін бүкіл үйді алып кетіпті, дем алуға  жиреніп, мойнымдағы шарфымды бетіме орап алдым. Есікті ашып,  пәтерге кіргенде, дем алу мүлде мүмкін болмай кетті. Қасымдағы жедел уәкілдерге есік терезенің бәрін ашып желдеткізіп алайық дедім. Содан өзіміз қонақ бөлме арқылы балконға шығып, таза ауамен тыныстап тұрғанда, өлген адамдарды хабарлаған солдат киіміндегі жасы он тоғыздағы орыс жігіті балконға келді. Жылап, бет-аузы әбден ісіп кеткен, көздері тұманданып, мәңгіріп тұр,

– Сен кім боласың, аты- жөнің кім? – дедім.

– Божко Димитрий Болатұлы.

– Ұлтың кім?

– Орыс.

– Неге әкеңнің аты қазақша?

  • Өгей әкем өз атына жазып алған.

– Фамилияң орысша емес қой.

– Шешемнің фамилиясындамын, ол украин қызы.

– Өз әке-шешеңнің аты қалай?

– Шешем Виктория, әкемнің атын да, фамилиясын да білмеймін.

  • Мұнда неғып келдің?

– Бұл біздің пәтер.

– Түсінікті. Иә, қалай болды, үйге қашан келдің, ең соңғы рет қашан болып едің?

– Үйге осыдан бір сағат бұрын келдім, есікті ешкім ашпаған соң көрші Аня апайдан сұрап едім, «Пәтерлерің жабық жатқалы біраз болды, ешкім көрінбейді, әке-шешең бір жаққа кетіп қалған жоқ па?» деп өзімнен сұрады. Мен осыдан бір ай бұрын командирімнен сұранып келгенде, бәрі үйде болған, мына суықта қайда барады, ешқайда жиналған емес-ті. Сол себепті үйге балконнан кіріп тексермек болдым, балконға төртінші қабаттағы көрші пәтердің  балконынан өзіміздің балконға тартылып шықтым. Балконның есігі жабық болғандықтан, жақтауын сындырып кірсем, үйдің іші сасып кеткен. Қатты тұншығып кеткен соң, залды кесіп өтіп, сыртқы есікке жүгірдім. Есіктің бұрандасын бұрап ашқанша, өліп кете жаздадым. Жүгіріп баспалдақ алаңына шыққанымда, сасық иіс бүкіл үйді алып кетті де, мен есікті жаба қойып, Аня апайдың  пәтеріне кірдім, содан полицияға телефон шалдым.

– Үйге бізден басқа ешкім кірген жоқ па?

– Жоқ, Сіздер келген соң арттарыңыздан кіріп тұрмын.

– Полицияға телефон шалғанда неге үш өлік жатыр дедің?

– Өйткені,  әке-шешеммен он жастағы інім тұрады бұл жерде.

– Өлікті көрдің бе?

– Жоқ.

– Өлік қай бөлмеде жатуы мүмкін?

– Жатын бөлмеде шығар.

– Жарайды, қазір улы иіс кішкене азайсын, сосын қараймыз. Үйде қандай қымбат заттар болушы еді?

– Түк те жоқ, мебельдер ескі, телевизор да жаңа емес.

– Телевизорды неге босағаға қалдырып кеткен, біреулерден қорқып кеткен болар?

–  Білмеймін.

– Жинаған ақша бар ма еді?

– Жоға, қайдан келеді.

– Әкең кім болып істейді?

– «КамАЗ» айдайды.

– Шешең ше?

– Үйде, жұмыссыз.

– Інің қай мектепте оқушы еді, оны неге мұғалімдері іздемеген, қалай оқушы еді?

– Орташа оқыған.

– Сен неге іздеп келдің, әрбір ай сайын сұранып келе беретін қандай әскер ол, қай  әскери бөлімдесің, қашаннан бері?

– «Цемзаводтың» сыртындағы танк дивизиясында жүрмін, әскерде жүргелі бір жылдай болды.

– Соңғы келгенде не үшін келдің?

– Сағынып, жаңа жылға қарсы кіріп шыққым келген.

– Қонып кеттің бе?

– Бір күн.

– Бүгін де қонуға келіп пе едің?

– Иә, бір күнге сұранып келгенмін.

– Сен соңғы келген күні пәтерде бөтен адамдар болды ма?

– Жоқ.

– Туыстардан кімдер бар?

– Шешем Украинадан келген, маған екі қабат болып қалып үйден қашып кеткен, содан әкеме күйеуге тиіп, осында қалған, ешқандай туыстарымыз жоқ.

– Інің кімнен туған?

– Осы әкемнен.

– Сенің әкең кім?

– Білмеймін.

– Іздеген жоқсың ба?

– Қалай іздеймін, ешнәрсе білмесем.

– Шешең айтпады ма?

– Жоқ.

– Әкең екеуің қалай араластындар, саған қалай қарады?

– Өте жақсы, мен оның баласы емес екенімді әскерге кетерде ғана білдім.

– Неге айтты?

– Олар әуелі айтқылары келмеді, мен құжаттарға қарап түсіндім.

– Қалай?

– Олардың үйленген уақыттары менің туған уақытыма келмеген соң және менің таза хохол екенім түрімнен көрініп тұр емес пе, – Дима өзіне нұсқап көрсеткендей рең танытты.

– Содан?

– Содан, шешем мойындады, бірақ әкеңнің кім екенің білмеймін, білгім де келмейді деген.

– Мына әкең саған реңжіген жоқ па?

– Жоқ, күлді де қойды, кім сені өсірсе, сол сенің әкең емес пе деп.

– Сонда сенің әкеңнің де туыстары жоқ па?

– Иә, балалар үйінде өскен.

– Бірге өскен достарынан кімді білесің?

– Ешкіммен араласқан емес.

– «КамАЗ» кімдікі?

– Өзінің меншігі.

– Кәсібі қалай?

– Қытайдан жүк тасыды.

– Кімнің жүгін?

– «Тайжан» фирмасының.

– Спирт таси ма?

– Білмеймін…

Дабырлап көп адамдар пәтердің алдындағы баспалдақ алаңына жинала бастады, мен дәу де болса полиция бастығы келген шығар деп  пәтердің балконынан зал арқылы барсам, қаланың прокуроры мен  полиция бастығының тергеу бойынша орынбасары келіпті.

– Оқиға болған жерді қарауды бастадың ба? – деді прокурор

– Кішкенеден соң бастаймыз, жатын бөлмеге және ванна бөлмесіне кіру мүмкін болмай тұр, өлік иісі кішкене сейілсін, уланып қалмайық деп тұрмыз,  сот-дәрігерлік сарапшысын шақырдым, бөлме ыстық және жабық болғандықтан,  өлік денелер бұзылып ағып кеткенге ұқсайды,

– Иә, дем алуға мүмкін емес екен сыртқа шығайық,– деді прокурор.

– Өлік иісі киімге сіңіп кетсе, мүлде кетпейді, шықсақ шығайық, – деді полиция бастығының орынбасары.

Мен олар баспалдақпен түсіп бара жатқанда, тездетіп қайта балконға өттім, жүрегім айнып құсқым келді, даланың қытымыр аязы өкпемді қауып, таза ауа мен сасық иіс қолқамда қақтығысып жатқандай болды.

Денем мұздап тоңа бастадым, криминалист-эксперт  кіре берістен бастап залды, балконды қол таңбалары мен қылмысқа қатысы бар-ау деген айғақ заттарды іздеп болды, келесі бөлме жатын бөлме  болғандықтан менен кірейін бе деп сұрады, мен Димаға қарап дайынсың ба дедім, ол басын изеді,  сот-дәрігерлік сарапшы да келген болатын, оның алып келген иістен қорғайын бетперделерінің біреуін Димаға бердім, өзім де бетперде киіп алып, кірсек кірейік дедім.

Бөлме үлкен болмаса да, бір сағаттай желдетілсе де  бетпердесіз тұру мүмкін емес екен. Кірген бетте, он жақтағы шкафтың алдында  орындықтың үстінде күпідей ісініп кеткен  адамға ұқас өлік отыр, орындыққа таңып байлап қойған, жіптері дененің ішіне кіріп кеткен, өліктің әйел, не еркек екенін айырып білу мумкін емес, тек тұрқы ғана қалған, еті бұзылып аға бастапты, жанындағы екі кісілік төсекте бойы ұзын дәл сондай ісініп ағып жатқан өлік жатыр, отырған әйелі, жатқан күйеуі деп жорамалдадым, енді бала қайда деп іздеп едім көрінбеді, сарапшылар біреуі із кессе, екіншісі өліктерді қарауды бастады, мен оқиға болған жерді қарау хаттамасын жазуға кірістім.

Сот-дәрігерлік сарапшы орындыққа байланған өлік жынысы әйел, өлім бір ай мөлшерінде болған, пышақпен бірнеше рет жанын қинап өлтірген деді. Еркек өлік төсекке етпетінен құлаған, пышақ жүрекке ту сыртынан кірген, қолма-қол өлтірілген деген жорамал айтты. Жерде жатқан электр үтікті көрсетіп, әйелді күйдіріп қинаған жоқ па деп едім, оны сараптау барысында тексереміз, әзірге осы деді.

Бөлмені түгелдей тексеріп болған соң, ас бөлмені қарап, одан кейін ваннаға кіргенде, баланың өлігі сонда жатыр екен, қолы артына байланған, бауыздап өлтірілген, жалаңаш кеудесі пышақпен тілімделген, әбден қинағандары көрініп тұр, баланың денесі арық болғандықтан және бөлме салқындау ауа алмасатын шахтасы болғандықтан ба, денесі онша бұзылмаған екен.

Ертесіне  бастығым шақырды, оқиға болған жерден алынған айғақ заттармен қылмысқа қатысты адамдар кімдер болуы мүмкін  екенін сұрады.

  • Айғақ заттардан тек аяқ-қолды байлаған жіпті және пышақты  қылмыскерлер өздерімен алып келгені анықталды. Бірақ пышақты үйде қалдырмаған,  аулада жақын маңайда іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүкіл көрші-қолаң, бір ай уақыт ішінде не көрді, жауап алынуда, әзірше соншалықты ақпарат түспей жатыр, қылмыскерлер үйді түгел ақтарып ақша, немесе бағалы заттар іздеген, үтікпен күйдіріп, пышақпен тілгілеп, айуандықпен баланы өлтіргеніне қарағанда, іздеп келген заттарын табу үшін жәбірленуші әйелді әбден қинаған, көнбеген соң, баласын анасының алдына апарып пышақпен тілгілеген, ваннаға апарып бауыздаймыз деп қорқытқан. Бірақ  сонда да анасы сұраған затты тауып бере алмағанға ұқсайды, яғни баласы мен анасы білмейтін затты сұраған сияқты.

– Неге олай ойлайсың?

– Ең аяғы телевизорды алып кетуге дайындап, босағаға қалдырып кеткендеріне қарағанда,  үйде ешқандай құнды зат болмаған сияқты.

– Неге телевизорды тастап кетеді онда?

– Ішінде бұрын сотты болған біреулер бар сияқты, айғақ болатын заттарды әдейі алмай кеткен және қаталдықтары мен қылмысты аса ұйымдасқан түрде жасағандарына қарағанда,  қылмыстық топ,  кісі тонауға машықтанған адамдар екені көрініп тұр, үйге кірулері, жәбірленушілердің аузына шүберек тығып дауыстарын шығармауы, ешқандай қолтаңба қалдырмаулары соны көрсетеді, телевизорды әдейі босағаға қалдырулары да мүмкін, жәй тонаушылар ретінде іздесін деген оймен, немесе алып шығып ерегесіп жүрген басқа біреулерге із тастап кетіп тергеуді шатастырғалы келді ме екен әлде біреулерден сескеніп қалып алып шықпады ма екен, ол жағы белгісіз.

– Кек қайтару емес пе?

– Ол версия бойынша, ұлдары Диманы сезікті ретінде ұстап,   камерада жедел іс-шараларын өткізіп жатырмын.

– Басқаша тексеруге болмады ма, ертең заңсыз ұсталды деп прокуратура  тәртіптік жауапқа тартса қайтеміз, жәбірленушіні қамағаның дұрыс емес.

– Ол әзірше жалғыз күдікті және жалғыз жәбірленуші, бірақ ең соңғы пәтерге келген де сол  өлікті жариялап полицияға  хабар берген де өзі.

– Онда тұрған не бар, өз үйі емес пе.

 

– Бұл жерде мәселе – оның әкесінде, Болат – жүргізуші, бойы екі метр, қарулы, тепсе темір үзетін адам, оны артынан  пышақпен ұрып өлтірген адам одан қорыққан тәрізді, яғни танитын адам, әйтпесе үйге қалай кіреді, Болат қапыда кеткен деген сөз, сонда кім үйге кіргізді оларды, осы жұмбақтың шешуін тек Дима білуі мүмкін, сол үшін қамадым.

– Диманың өз әкесін анықтадыңдар ма, кім екен?

– Оны білу мүмкіндігі жоқ, шешесі Диманы туа салысымен  Болатқа күйеуге тиген екен, Украинада қалған біреу болса керек, он тоғыз жылда бір де бір іздемеген адам, енді мұнда іздеп келуі екіталай, көршілері  Диманың шешесін жақсы мінездеп жатыр, негізі дұрыс жанұя болғанға ұқсайды, учаскелік инспекторлар Болат пен әйелінің бүкіл таныстарын іздестіріп жатыр. Анықталған таныстарын уәкілдер жедел жұмысқа шақыртып, олармен де айналысуда.

– Осыған ұқсас қылмыстар болып па екен?

– Көрші ауылда кемпір мен шалды үтікпен күйдіріп қинап,    пенсияларын алып, өлтіріп кеткен, бірақ әлі ашылмаған бір қылмыстық  іс соңғы айда тіркелген екен, алты ай ішінде бұдан басқа осыған ұқсас қылмыстар көрші екі облыста тіркелмеген. Соңғы алты айда осы екі облыс бойынша колониядан босап шығып келгендердің тізімін алып тексертіп жатырмын.

– Болаттың өзі ешкімге қарыз емес пе екен?

– Жеке «КаМАЗ»-ы бар, сонымен жалданып Қытайдан контрабанда жүктерді тасыған кездері болған екен, негізі таза адам болса керек, басқа ешқандай дау-дамайға ілікпеген.

– Өзің қалай ойлайсың, қайдан шыққан пәлелер?

– Бандалық топтардың қаланы  бөлісе алмай, бір-бірімен қырқысып жатқанын өзіңіз білесіз, олар мұндай бассыздыққа бармаса керек, бұл жерде Болат біреудің арам ойынына түсіп қалуы мүмкін немесе ақшаға қарызға кірген болар деген жорамалдарды зерттеп, ол жағын да тексертіп жатырмын.

– Кім болса да өте қатыгез иттер екен.

– Айтпаңыз, баланы бауыздап өлтіргендері енді сұмдық, соған қарағанда, бала оларды бұрыннан білетін болып тұрған сияқты.

– Өздерінің таныстары деп ойлайсың ба?

– Әбден мүмкін, сол ғой Диманы қамап ешқандай бүк-шігі қалмайтындай тексеріп жатқаным.

– Сосын  біреулер «наводка» беріп, басқа біреумен шатастырып алулары да мүмкін ғой, ә?!

– Бәрі мүмкін, мен қазір оқиға болған жерді қайта қарауға барайын деп тұрмын.

– Жақсы онда, бүкіл халық шулап отыр, қылмысты тезірек ашу керек.

– Түсінем ғой, – дедім де бөлмеден шығып кеттім.

Қалалық полиция басқармасынан шыға бере, Саркеннің әйелі Мейрамгүл мен оның қайын сіңілісі Гүлжанды кездестірдім, оларды  тергеуші Қыңырбаймен  беттестіру өткізу үшін шақыртыпты, Гүлжанның өңі сынық.

– Саркенді қашан жерлейсіздер, – дедім.

  • Бүгін кешке экспертизасы бітіп мәйітті берсе, ертең  жұмадан қалтырмай жерлеуге дайындалып жатырмыз, қонақасы кешке мейрамханада беріледі,– деді  әйелі Мейрамгүл.

– Ағаңның алдынан жарылқасын, – деп Гүлжанға көңіл айттым да, қоштасып кетуге бет алғанымда Гүлжан:

– Аға, мен не айтамын тергеушіге, менен жауап алғызбай-ақ қойыңызшы, – деді жалынып.

– Болмайды олай, қылмыстық істі толық тексеру – тергеушінің міндеті. Қыңырбайды қамауға алу санкциясын алу үшін, бүгін бүкіл тергеу амалдарын өткізіп үлгеру керек дедім.

Мен оқиға болған пәтерге келіп, қылмыстың өрбуін жобалап зерттей бастадым, есіктің қоңырауын басып көрдім, істеп тұр, сыртқы есік сыртқа ашылады, яғни егер есікті бала ашса, сау етіп, әрі кетсе, үш адам кіріп кете алады, алыс-жұлыс басталса,  үйдің іші быт-шыт болар еді. Төбелес ізі жоқ, қолдарында қару болып қорқытып бағындырса, онда Болатты  қарсылық көрсетпеу үшін, алдыңғы жағынан пышақтайтын еді немесе қол аяғын байлауға болар еді ғой.

«Егер әйелі ашса, танымайтын адамдар есіктің көз саларына (глазогынан) қараушы еді, сезіктеніп күйеуін шақырар еді, үйге таныстары келсе, онда жайғасып не қонақ бөлмеге, не ас бөлмесіне кірер еді, неге оқиға  жатын бөлмеде болған?!»

Егер есікті Болат өзі ашса, танитын адамдар болса, теріс айналып жатын бөлмеге кірмес еді, танымайтындар кірсе, күш көрсету қолма-қол басталып оқиға кіре берісте басталар еді, сонда Болат кірген адамға ту сыртын беріп, жатын бөлмеге неге кіреді, бұл жерде не гәп болуы мүмкін…

Ойды ой жалғап,  бір шешімге келе алар емеспін.

Осы уақытта, Димамен жұмыс істеп жатқан жедел уәкіл Володя телефон шалып, Дима уақытша ұстау изоляторында одан бір күн бұрын қамалған Қыңырбай дегенді танитын сияқты. Оны қасында отырған біздің кісі байқап қапты, бірақ сұраса, танымаймын деп айтыпты деген ақпарат айтты.

Сонда болшы, қазір мен келемін дедім оған.

Әуезов аудандық ІІБ-ның астыңғы жертөле қабатында орналасқан уақытша ұстау изоляторына келіп кіргенде, Володя Диманы жеке жауап алу бөлмесіне шығарып, әңгімелесіп отыр екен, келген бетте Володяны жеке алып шығып, Қыңырбай туралы Димаға сұрақ қойдың ба дедім.

– Жоқ, өзінді тосып отырмын.

– Ендеше өз адамымызды ол жатқан камерадан шығару керек те,  бүгін  кешке  қасына  Қыңырбайды кіргізу керек, екеуі  өзара не айтады екен, тындап көрейік.

– Ал, егер екеуі сыбайлас болып шықса ше, бірге отырғызуға болмайды екеуін, келісіп алулары мүмкін.

– Басқаша қалай тексереміз, онда айт.

– Қыңырбайдың қасына өзіміздің адамды кіргізіп әңгіме туғызып, ол Қыңырбайға айтса, кеше Диманың қасында болдым, ол сені танимын деп айтты десін.

– Онда  Қыңырбай мына адам неге камерадан камераға қалай ауысып жүр деп сезіктеніп оған ашылмай қойса ше…

– Ендеше былай істейміз…

…Кешкі ас ішкен кезде Қыңырбайдың қасында қамауда отырған отырған  Бек: «Әй, сен  бүгін тағы да тісіңді қышырлатып ұйқы бермесең, мен сенің аузына носкиімді тығып қоямын, – дейді, Қыңырбай ыржалақтап,  тісімді қышырлатқанымнан қорықпа,  сайманымнан сақ бол, – деп  қалжынмен жауап қайтармақ болғанда Бек тістеніп: «Не деп тұрсың, мен саған қалжындап отырғаным жоқ, бір жер өзіңдікі болса қыс та аузына шүберек салып ұйықта,– дейді. «Әй боқмұрын! Мен сен сияқтыларды әтеш жасап жіберемін, білесің бе, менің кім екенімді, прокурордың жаның алған қолым, сенің артыңды екі айыра салады». Екеуі сарт та сұрт ерегесіп шыға келді, кезекші сержант келіп: «Еекеуіне  не жетпей жатыр?» – деп Бекке қарап: «Әй, сен көк көз, шық мұнда!» – деп камерадан шығарып, оны Диманың қасына, ал оның қасындағыны Қыңырбайдың қасына алмастырады.

Қалған әңгімені солардың сөзімен жалғастыралық.

Қыңырбай:

– Сенің ана көршің Дима ма?.

– Дәл өзі, оны қайдан білесің?

– Өсіп кетіпті, кіпкішкене бала еді, амандассам қарамайды, танымайды ғой деймін.

– Әдейі танымағансиды,  маған сені танимын деді ғой, араларында бірдеңе болған ғой, ә?! –деді Толик оған сыр тарта қарап.

– Қап, менің қасыма соны ауыстырғанда жақсы болар еді, мына шакалдың кеткені жақсы болды жыбыр-жыбыр етіп басты ауыртып еді.

– Ол сенімен сөйлескісі келмеді ғой  желдетуге шыққанда мен оны байқап қалдым.

– Иә, ымдасам теріс қарайды, не үшін түсті өзі мұнда?

– Ойбай ол бақандай үш адамды өлтірді деген сезікпен қамалған, айтуынша кінәсі жоқ сияқты.

– Мәссаған кімді, жұп-жуас бала еді ғой!?

– Әке-шешесін және бауырын дейді.

– Кет әрі, не үшін?

– Өзі де білмейді кім өлтіргенін, не үшін өлтіргенін.

– Ендеше неге қамаған?

– Тергеуші жауып тастапты.

– Кім деген тергеуші?

  • (Менің атымды атайды)

– Ой әкеңнің… ол бір ит қой, қадалған жерінен қан алатын.

– Оны қайдан білесің?

– Ой, қойшы соны, есіме де түсіргім келмейді…

– Жоқ Диманы айтам, – деді Толик әңгімені тез айналдырып.

– Айтпақшы, оның әкесі қазақ еді ғой?

– Білмеймін.

– Аты – Болат. Уақыт қалай өтеді, бес жыл бопты, досым Жасыбай екеуіміз оның «КамАЗ»-ымен Қытайға түрлі түсті металл апарып, қайтарда спирт артып жүрген кезіміз болатын. Денелі, мықты, күші көп кісі еді. Қалай өлді екен, әлде атып тастаған ба?

– Онысын білмедім, бірақ енді спирт тасығанда, ақшаны көпірткен шығарсыңдар?

– Қайдағы, Тайжанның жігіттері өздері көрді ғой қызығын, біздікі жүк түсіру-тиеу болған, оған байып кетпейсің…

– Жасыбай досыңыз қайда енді?

– Ой, оны құрбандыққа шалып жіберді ғой.

– Ол қалай?

– Бес-он мың доллардың спиртін ұрлаған деп.

– Кім?

– Тайжаның балалары.

– Сонда не бес мың үшін өлтіріп тастады ма?

– Иә, атып өлтіріп, өртеп жіберіпті дейді, бірақ өзім көрген жоқпын.  Сонда Болат екеуміз бара алмай қалған едік. Құдай сақтапты.

– Не, әйтпесе, сендерді өлтіретін бе еді?

– Әрине, спирттің орнына су құйып берсең… ол жерде қамап қойып тергейді дейсің бе?!

– Иә, Тайжанның балалары қазір қаланы ұстап тұр ғой.

– Жолдыбай тобын быт-шыт қылды ғой, олардың бәрі қашып жүр

– Енді олар Тайжанның екі бірдей адамын тапа тал түсте атып өздері бастады емес пе?

– Мен ол жағын білмеймін. Зонадан шыққаныма үш-ақ күн болды. Енді міне қайта барғалы жатырмын, үш жылдан бері басымда бостандық жоқ…

Қыңырбай  ойланып кеткендей болды. Толик сұқ саусағы мен  ортаңғы саусағын кезеп шұқшитып: «Біздің өміріміз мына екі саусақ сияқты біреуі – ұзын, біреуі – қысқа, ұзыны – зонада, қысқасы – көрде ғой», – деп еді, «Әй мыңауың жақсы теңеу екен, ә!, көрде жатқанша зонада отырайық дейсің бе», – деп кеңкілдеп күліп  жатқанда:

– Иә, сонымен, Жасыбай да өлді, Болат та өлді,  сен зонада, сонда ақша қайда ә, ха-ха, – Толик те күлді.

Қыңырбай мырс етіп күлкісін жылдам жинап алды:

– Біз Тайжанмен таза істедік, оларды біреулер шағыстырып жіберді ау осы, – деді.

– Болатты қайдан білуші едің?

– Жасыбайдың Светлана деген бір сұлу орыс қызы болып еді. Екеуі ЗАГС-ке тіркеліп, мен күйеу жолдас болмақ болғанмын, бәрі жайына қалды ғой…  Сол қыздың сыныптас досы Болаттың жиені екен. тасымалға көлік керек болғанда сол арқылы танысқанбыз.

– Обал-ай, ә, енді Светлана қайда қалды?

– Ит біліп пе оны, жүрген шығар біреумен…

…Мен таңертең Володямен кездесіп, екеуміз  жауапқа Диманы алып шығып: «Сен Қыңырбайды танисың ба?» – деп тіке сұрақ қойып едік: «Иә, шырамытамын, олар әкемнің машинасын жалдаған», – деді.

– Кім-кім, неше адам болды?

– Үш қазақ жігіті.

– Аттары кім?

  • Әкем, біреуін жиен деп айтты. Қасындағының біреуі, Сіз сұрап отырған адам, осында отыр. Үшіншісі бойшаң, мұрты бар, өңді жігіт болған.

– Сен неге серуенге шыққанда, онымен амандаспадың?

– Ұялдым, не деп айтамын, әкемді, шешемді, інімді өлтірдім деп пе?

Диманың ашуы бетіне шықты, жаны қиналып кеткені көрініп-ақ тұр, көлгірсіген емес, таза жан айқайы.

– Ендеше неге осындай жиені бар еді деп айтпай жасырдың?

– Ойыма да келмепті, төрт-бес жыл өткен нәрсені, ол кезде мен он бестегі бала болғанмын

– Әкең жиенінің атын айтпады ма?

– Аты Жиен емес пе?!

Мен күліп жібердім.

Димадан жауап алып болған соң бұлтартпау шарасын әскери бөлімнің «кепілдігін» алып босаттым да, жұмысқа барып, Жасыбайдың өлімі туралы қылмыстық іспен таныстым, бірақ Светлана туралы түк таппадым, Сол себепті  Володямен көрші қалаға шығып кеттік.

Жиенді табудың жалғыз жолы сол жақта сияқты көрінді…

Сол жердегі ЗАГС-тегі журналды ақтарып, Жасыбайдың өтініші арқылы Светлананың анкеталық ақпараттарын тез тауып алдық. Өзін де тез таптық. Светлана Болатты да жақсы білетін боп шықты. Жиені деп жүргеніміз Болаттың балалар үйінде апайы ретінде көмектесіп жүрген  Рысқайшының ұлы Сымбат болып шықты.  Фотосуретін берді, аты-жөні Боранбаев Сымбат Шырақжанұлы. Туған жері – біздің қала; білімі орта, орта бойлы, кең иықты,  беті сопақ, ат жақты, қарасұр, 25 тегі жігіт екен.

Тұрғылықты жерін анықтау жұмысымыз тез біткеніне қуанып, кері қайтуға асықтық. Светлана жауап беріп болған соң, Жасыбайдың ісін қайта тергеуге алшы деп  сұрады. Қаулыда көрсетілген фактілердің барлығы өтірік деді. Байқап көреміз деп  қоштастық, былай шыға бере Володя:

– Ереке, Светлана саған ұнап қалды-ау осы, – деп қалжыңдады.

– Сұлулығында шек жоқ, мінезін айтсаңшы,  іші мен сырты бірдей алтындай қыз деген осы ғой, – дедім көңілденіп, жұмыстың тез біткеніне қуанышты болғандықтан ба жанымды алабұртқан жақсы сезім билеп алған. Володя да қояр емес:

– Тергеушілерге рахат, бар адамдармен тіл табысып алып, сұлу қыздардың қызығын көресіндер, ә, – деп қояды, мен бәлсініп:

– Тергеушілерде бір заңдылық бар, куәгерлермен әр уақытта, жәбірленушімен анда-санда, ал айыпталушымен ешқашан ойнамаймыз, – дедім де, – ал енді засада туралы анекдот білесің бе? – дедім әңгімені басқа жаққа бұру үшін.

– Жоқ, естімеппін.

– Ендеше тыңда, бір опер лейтенанттың әйелі опер полковниктің әйеліне келіп ренішін айтып, күйеуім күнде пистолетін оқтарымен алып, засадаға кете  береді десе, полковниктің әйелі: «Өй, жүре берсін, міне менің байым отыр ғой үйде, бүкіл оқтарын баяғыда атып тастаған,  засадаға кет десем, кетпейді немереме таласып» – депті, бұл енді сендер туралы айтылған, – дедім күліп.

– Әй, қайдам, менің патрондарым таусыла қоймас, – деп Володя күліп жатыр.

– Сол үшін үнемдеп ату керек, – дедім мен де  сөз таластырып.

– Кешкі уақыт аяз күшейіп барады, мүмкін, Светланаға айналып қайта барамыз, –дейді Володя мені қағытып, мен де қоймаймын:

– Сен соған қарай бергенің жаман еді, өзің ғашық боп қалған жоқсың ба өзі, – деймін  Володяға қадалып.

Володя ауылда туып өскен, оны бәрі Бақыт деп атаушы еді,  қазақшылығы басым жігіт. Германияда әскер қатарына барғанда, маған хат жазып, «полкта екі-ақ қазақпыз» дегені бар еді. Заты орыс болғанмен, нағыз қазақтың өзі, орысшаны да осы қалада жүріп бірге үйренгенбіз.

– Маған шешендердің диаспорасынан біреулер келген. Ереке, біз сені білеміз, бастықтарың бірдеңе болса, істі өзіңе қаратамын деп қорқытатын болды. Мүмкін, бірге қызмет жасайық, жол ашатын қаражаттың бәрі бізден болады. Бастық боп отырасың деп: «Сонда мен сендерге не істеуім керек?» десем, біз сенің қызметіңе мүлде араласпаймыз, тек  біздің ағайындар түсіп қап жатса, көмек жасап жіберіп отырсаң болды, – дейді.

– Жарайды деп келісе салмадың ба, генерал болушы ең ғой?

– Бас бостандығымнан артық еш  нәрсе жоқ, аулақ жүріңдер дедім.

– Ол да дұрыс бопты, әйтпесе, бастық болып, бізді менсінбей кетуші едің. Бір курстас досым генерал алып үлкен облысты басқарып еді. Қазір бізбен әзер сөйлеседі. Тек мен дейді, ол ана жолы үкіметке ешқандай қарыз емеспін, неге десем, менің департаментім тек жарты жылда штрафпен ғана менің департаментімнің жылдық бюджетін жауып тастады дейді, қалған алты ай өкіметтің бюджетін толтырып жатырмын, ал халық ойлайды мен солардың налогында отырмын деп…

– Штрафты да сол халық қой беріп жатқан.

– Мәселе, полицияны неге көбейте береді десем, осыдан кейін екен деп ойлап қалдым. Әйтпесе есінде ме, бұрын бір полиция бөлімінде әрі кетсе  150-200 адам болушы еді ғой. Қазір полицияға барсан бір-бірін танымайды ғой, кімнің не істеп жүргенін бастығының өзі білмейді, сұмдық екен, бәрі бала-шаға, жап-жас, біз шамалас ешкім жоқ.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің әлі» дедім де, оны не үшін айттым деп ойланып қалдым, Володя менің сөзіме мән бермеген екен:

– Сымбатты қашан алып шығамыз? – деді.

– Қазір, барған бетте үйіне бару керек.

– Болмаса ше?

– Тығылып жатып тұтып аламыз.

– Болат жөнінде ол не айтуы мүмкін?

– Оны енді өзінен сұрау керек, сен не мені көріпкел жасайын дедің бе? – дедім әзілдеп.

– Баяғыда мектепте жүргенде, Кеңес өкіметі құлайды деп айтқан едің ғой. Ешкім түсінбейтін, аяғы он жыл өткенде құлады ғой, көріпкелдік емес пе?

– Жаманның сандырағы келеді деген де сөз бар, одан да музыка тыңдайық, – дедім.

Қалаға келісімен Сымбатты үйінен таптық та, басқармаға алып келдік:

– Мен Болат ағаны көрмегелі қай заман, Жасыбай өлген соң, Болат жүк тасуын тоқтатып тастаған. Қыңырбай сотталып кетті, шешем қайтыс болды, мен өз бетіммен жүрген біреумін.

– Саған Болат неге жиен деп жүрді?

– Шешеңе қарызым көп, соны өтеуі үшін, сен маған бұдан былай жиен боласың деді. Мен де одан неге жиен деп сұрадым, ол жиен  деген нағыз ерке, нені ұнатсаң, соны менен алып кете беруіңе болады деді.

– Сосын?

– Маған  ақша беріп тұрды.

– Қаншадан?

– Әр бір рейсқа барып келген сайын 100 доллар.

– Айына неше рет алып тұрдың?

– Бұрын Жасыбаймен жүргенде, айына бес алты рейс жасайтын, кейін бармай қалды.

– Неге?

– Ерегесіп.

– Кіммен?

– Тайжанның жігіттерімен.

– Не үшін?

– Жасыбайды өлтіргендері үшін.

– Оны не үшін өлтірді?

– Спиртқа су араластырды деп.

– Кім өлтірген?

– Білмеймін, жындыханадан шыққан Тайжанның бір жігіті дейді.

– Жасыбайды қайдан танисың?

– Светлананың жігіті болған.

– Болатты неге Жасыбаймен таныстырдың?

– Жасыбай мен Қыңырбай «КамАЗ» іздеп жүр екен, сосын таныстырдым.

– Светлананы қайдан білесің?

– Бірге оқыдық, кейін олар қазіргі тұрған жеріне көшіп кетті.

– Тайжанменен қандай қатынасың бар?

– Ешқандай.

– Жолдыбаймен ше?

– Ешқандай.

– Жасыбай Жолдыбайдың жігіті екенін білген жоқсың ба, не?

– Білдім.

– Ендеше неге айтпайсың?

– Айтып отырмын.

– Үйінде болдың ба?

– Болдым.

– Неше рет?

– Бірнеше рет.

– Дәлірек айт, ең бірінші рет қашан қай уақытта, кіммен бардың?

Әдейі шатастыратын айқыш-ұйқыш сұрақтармен есін шығарып төпей бастадым, ол шатаса бастады.

  • Жасыбайдың өліміне қандай қатысың бар?

Сұрақ-жауаппен отырған Сымбат:

  • Тайжан ғой, мен емес, – деп салды.

– Кім?! – дедім үстіне төніп.

  • Бәрі солай шешті ғой…

Сымбат Тайжанды айтып қалғанынан өзі шошынып терлеп кетті.

– Бәрі дегендерің кім?!

– Тайжанның балалары.

– Жолдыбай неге көмектеспеді Жасыбайға?

– Тайжанның жүгін тасып кеткеніне ол Жасыбайға ренжіп жүрген.

– Қыңырбай мен Болат неге осы рейске бармай қалды?

– Білмеймін.

– Сен ғой бәрін ұйымдастырған?

– Неге?

– Светлананы Жасыбайдан қызғанып.

– Құдай сақтасын!

– Енді кім ұйымдастырды?

– Тайжанның өзі.

– Не үшін?

  • Жолдыбай әдейі жіберген адам деп ойлап.

– Жасыбайды өлтіргенде неше адам болдыңдар?

  • Бәрі.

– Аттарын айт!

Байқаймын, Сымбат көп нәрсе білетін сияқты, тек есін жиғызбау керек дедім ішімнен:

– Мен сенің бүкіл былықтарыңды білемін. Есіңде ме, жанармай станциясында Жолдыбай бандалары Мирныйдың Қаратанауын өлтірген атыста машинада төрт адам өліп, жалғыз сенің тірі қалғаның, сен сол кезде неше жаста болғаның есінде ме?!

Сымбат селк ете қалды, оны қайдан біліп қойды дегендей, өйткені мен сол кезде оқиға болған жерге барғанда, куәгерлер атыс біткеннен кейін бір жасөспірім машинадан шығып қашып кетті деген болатын. Ол кезде кім екенін біле алмағанбыз және бала болған сон мән бермеген едік, бірақ Қаратанаудың ойнастан туған баласы бар деген ақпараттар болған. Мен Қаратанаудың Сымбатқа ұқсастығын байқап, бетке салып қалғанымды өзім байқамай қалсам керек.

– 14 жаста болғанмын, – дегенде қуанып кеттім. Ауға түскен  балықты алып шығу оңай демекші,  қылмыстың беті ашылып келе жатқандай сезініп,  жолдан шаршап келгенімді ұмытып кеттім. Володяға қарап: «Дереу ашылмай жатқан Жолдыбай мен Тайжан бандасына қатысты барлық қылмыстық істерді алып кел», – дедім де, Сымбатқа қарап:

– Сен бүгін менің қонағым боласың, ертең таңертеңге дейін бәрін есіңе түсіріп, дұрыс жауап беретін бол, – деп күдікті ретінде ұстауға хаттама толтырып, жауып тастадым. Володя оннан аса бір құшақ қылмыстық істерді бөлмеге алып келгенде, сағат кешкі тоғыз болған еді.

Володяға:

– Сымбатты таң атқанша саған бердім, дұрыстап бар шеберлігіңді салатын бол, төменнен  алған ақпараттарды тексерсең, мына ашылмай жатқан қылмыстардың біразының жауабын табасың, – деп уақытша ұстау изоляторына жібердім де, қылмыстық істерді оқуға кірістім….

1.Тұманбаев пен Ильясовтың өлімі, сағат 13.30-да мейрамхананың дәл алдында қыз ұзату тойына келген бетте Калашников автоматымен белгісіз сақалды жігіт екеуіне оқ жаудырып, орындарында сеспей қатырып, ізін жасырып кеткен. Қылмыстық іс бойынша өтірік бір «Баха» деген шешенді қылмысқа қатысты деп, кім екені белгісіз, анықтау қажет деп тоқтатып қойған  екен.

  1. Алина мен Сәрсенбаевтың өлімі бойынша ұсталынған Кәрібаева мен Касар мойындап жауап берсе де, екі өліктің мәйіті табылмай тұрғандықтан, қылмыстық іс бойынша шешім қабылданбай тоқтатылған.
  2. «Полковник аралында» табылған екі адамның өлігі бойынша қылмыстық істі жеке басы анықталмағандықтан тоқтатып қойған.
  3. Сатбаев көшесімен Разина көшесінің қиылысындағы қылмыстық ортадағы Тайжан банда тобының белгілі авторитеті Жұматаевтың өлімі бойынша да іс тоқтатылған.
  4. Орталық аурухананың алдындағы Серкебаевтың өлімі қылмыстық топтардың бір-біріне тапсырыс бергендерінің кесірінен шатасып өлтірілген, киллер басқа қаладан келген, ашылмай қалған.
  5. Жоламан ауылында студент қыз Ауғанбаева екі қылмыстық топ бір бірімен атысып жатқанда қаңғыған оқтан қайтыс болған фактісі ашылмай қалған.
  6. Аудандық соттың судьясы Жиенбаевтың машинасын Тайжан тобының бандалары Жолдыбай банда тобының авторитеті Ермұраттың машинасымен шатыстырып қарулы шабуыл жасап, судья Жиенбаевты жаралау фактісі бойынша қылмыстық іс ашылмай тоқтатылған.
  7. Жоламан мен Кирпичный айрығындағы Тайжанмен атыс кезінде Комсомол поселкасының қылмыстық тобы Жолдыбай тобымен бірігіп соғысқан, адам шығыны болмаған. Қылмыстық іс бойынша бес адам қару қолданып, бұзақылық жасағандары үшін алды үш, арты бес жылдан бас бостандықтарынан айрылған, қалған қылмыстық топ мүшелері қылмыстық ізделуде екен.
  8. Степной алаңыңдағы «Тайжан» банда тобымен «Жолдыбай» банда тобының өзара қанқұйлы шайқасы кезінде, ортаға полиция мен ОМОН отрядтары араласып, атыс кезінде «Тайжан бандасы» тобынан екі адам машинасымен қашып бара жатып, бағанға соғылып, машинада болған гранаталары жарылып, машинамен бірге өртеніп кеткен. «Жолдыбай бандасы» тобының авторитеті қылмыстық ортада танымал «Қаратасты» Тайжан ұстап алып, аяқ-қолын байлап, тірідей өртеп жазалап жатқан жерінен полиция құтқарған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп, «Тайжан бандасы» тобының жетекшісімен бірге 18 адам іздеуге алынған, ұсталынған 6 адамы бұзақылық бабымен сотталған.
  9. Знаменка трассасындағы қырқыншыға жетпей, қоқыс қалдықтарын жинау алқабынан БОМЖ болған 12 адамның өлік денелері табылып, ашылмай тоқтатылған.

Барлық қылмыстық істерді танысып, оқып бір-біріне қаншалықты қатысы бар-жоғын ажыратуға тырысып, ойға шомдым. Таңғы бес болыпты, үйге қайтып келдім де жатып қалдым.

Ертесінде Володяны іздеп, тіке уақытша ұстау изоляторына келсем, ол сонда қона салған екен, кезекшілік бөлмесінде шай ішіп отыр екен.

– Не жаңалық айтасың? – дедім.

  • Жетеді, – деді ол тоқ көңілмен, – қазір шай іш, таңғы шайды ішпесең, әйелің тастап кетеді.

– Ондай бақытты көтере алмай, қуанғаннан өліп кететін шығармын,– дедім қалжыңдап, ішімнен Сымбат камерада не айтты екен деген қызығушылық туып жатса да, сабыр сақтаған болдым. Қара шайға бір қасық қантты салып жіберіп, сораптап отырып, ішіп алдым. Володя екеуміз кезекшілік бөлмеден шығып, жауап алатын бөлмеге кіргенде:

– Масқара біздің басекең, біраз «марафет» жасаған екен, – деді.

– Қандай «марафет»?!

– Жасыбайдың өлімі – өзін-өзі қорғау емес, «Тайжан бандасы» тобының  қабылданған үкімі бойынша шығарылған жаза «казнь» екен, кәдімгідей бәрі жиналып отырып шешім қабылдап өлтіріпті.

– Тағы не бар?

– Болатқа «наводка» берген Қыңырбай сияқты, бірақ Қыңырбай ол туралы тіс жарып  айтқысы келмейді дейді. Сосын бұл Сымбат Тайжан бандасының бүкіл қару-жарағына жауапты екен. 5 автомат пен 3 пистолет патрондарымен тығулы жатыр депті.

– Өй, осыдан бастамайсың ба, мынауың мықты ақпарат қой.

– Диманы осында шақырту керек.

– Не үшін?

– Беттестірейік.

– Ол не береді, одан да оны әбден сөйлетіп алайық, қару-жарақты тапсақ, қалғаны зарлап қоя береді емес пе?

– Ол үшін не істейміз?

–  Қорғаушы, прокурор, тергеуші ойынын ойнатамыз

– Осы жерде ме?

– Иә.

– Сен тергеуші боласың, кім қорғаушы мен прокурор болады?

  • Мақсат – прокурор, Ақыл – адвокат болсын, Мақсат қазір өзі де осында келеді, сен ақылды тез тап, – дедім.

Володя Сымбатты тергеу бөлмесіне алып кіргенде төрде прокурор, оң жағында адвокат отыр, мен ортада мәлімдеме жасауға кірістім.

– Боранбаев Сымбат Шырақжанұлы, бірнеше адам өлтіру фактісімен айыпталады, яғни  «Тайжан бандасы» тобының мүшесі болып жүріп, қалада бірнеше қайтара қарулы шабуылдарға қатысқан, аса қатыгездікпен кісі өлтіріп қана қоймай, банда тобының белсенді мүшесі болған, барлық  жасаған қылмыстардың алдын ала жобасын әзірлеп, қару жарақ дайындап, банда жетекшісімен бірге жүріп, ұйымдастырушылық қызметтер атқарған, –деп зулатып айтып жатқанда, «прокурор»:

– Боранбаев кінәңді мойындайсың ба? – дегенде қорғаушы «адвокат» атып тұрып:

– Мен қарсымын, мен онымен сөйлесуге құқым бар, бірақ тергеушілер әдейілеп мені онымен кездестірмей жатыр, – деді.

Мен:

– Кінәсі түгел дәлелденген, қорғаушыны ол өзі кеше маған қажет емес, – дегенімде прокурор:

– Қажет пе саған қорғаушы? – деді.

  • Иә, – деген Сымбаттың сөзі сынық естілді, бойында діріл пайда болып, қатты қорқып кеткені көрініп тұр. Бұрын сотты болмағандықтан, ешқашан мұндай тығырыққа түспеген ол адвокаттың көмегіне зәру қалпына түсті. Қорғаушы тұрып, «Жеке жасырын сөйлесу құқымды сұраймын, маған жарты сағатқа рұқсат беріңіз», – деді.

«Прокурор» маған қарап: «Не береміз бе рұқсат?» – деп еді, мен: «Сіз өзіңіз білесіз ғой» – дедім. Содан «прокурор» екеуіміз шығып кетіп, көрші бөлмеден Сымбат пен Ақылдың әңгімесін тындауға кеттік, өйткені түні бойы Володя қасына отырғызған адамның оны әбден қыздырып қойғаны бар, Володяның өзінің таң атпай, жеке жауап алып ойлануға мұрша бермегені, прокурордың сұсты түсі, оны қорғаушыға ынтық етіп қана қоймай, жалғыз жанашыр құтқарушы адамдай көрінгені анық еді.

Жеке қалған соң Ақыл:

– Сен не, бәрін мойындап айтқалы жатырсың, мойындау дегенің түрмеге тура жол, соны білмейтін бе едің? – десе Сымбат: «Мойындайын деп тұрғаным жоқ, неге мұнда прокурордың өзі келді?» – деп сұрады. Ақыл: «Сен не естіген жоқсың ба, кешеден бері Тайжанның бүкіл банда тобын топырлатып ұстап жатыр емес пе?».

– Бәсе, түрмеден шықпай жатып Қыңырбайды да қамап қойыпты, осында отыр.

– Қару-жарақтар сенде жасырылған дегені рас па?

– Соны Тайжанға бірнеше рет айттым, болмай қойды, сенің әкеңнің үйі жағына барып іздемейді деп.

  • Сенің әкең кім?

– Қаратанау.

– Өй, оны баяғыда атып кетті емес пе?

– Жолдыбайдың жігіттері ғой атқан.

– Бұл жерде бүкіл қаланы шулатып жатқан Жолдыбай мен Тайжан, орталықтан келген бастықтарға солар керек, сен керек емессің, қару-жарақты берсең, сенің бүкіл істеген қылмыстарыңа көмек сұрап, бостандыққа шығара аламын

– Мені Болаттың өліміне де қатысты кінәлап жатыр ғой.

– Оны кімдер өлтіріп еді?

– Жолдыбайдың адамдары, олар ана Қыңырбаймен бірге отырған екен, сол арқылы танысқанбыз.

– Қалай таныстыңдар, Қыңырбаймен еріп келді ме?

– Жоқ, Жолдыбайдың ағайынды Өкен мен Бекен Искаковтар деген жігіттер Қыңырбайдан екі айдай бұрын колониядан шығарда менің адресімді Қыңырбайдан алыпты. Содан өздері маған келді де, Болатпен таныстыр деді, неге дедім, Қыңырбай колониядан шыққан соң, бірге жұмыс істейміз деді. Ақшам жоқ еді, қуанып кеттім, ойладым, егер жүк тасыса, маған да ақша беріп отырар деп.

– Сосын.

– Екеуін Болатпен таныстыруға ертіп  бара жатқанда, «сенен ол ақшасын аямайды екен ғой» деді, мен оның жиенімін дедім мақтанып, сен одан бізге қарыз сұрап бер деді олар, мен көрейін дедім. Содан үйге келсек, Болат көңілді екен, бізге дастархан жайғызды, бір шөлмек арақ қойды, маған «сенің алмай жүрген жиендігің бар» деп жатын бөлмеден су жаңа майдың иісі кетпеген 100 долларын алып берді. Мен мәзбін, біз ұзақ әңгіме айтып ас бөлмесінде отырғандықтан, әйелі мен ұлы жатып ұйықтап қалды. Бір уақытта ағайынды Өкен мен Бекен маған сен қарыз сұрауға келіп едің ғой деп еді, Болат: «Қарызға ақшаны түнде бермеймін ертең келсін», – деді. Қанша бере аласың деп едім, қанша керек болса да, жиенім үшін табам ғой деді, мен рахмет айтып қайтуға дайындалдым. Искаковтар біз әлі отырамыз сен кете бер деді, мен қайтып кеттім. Әрі қарай не болғанын білмеймін, ертеніңде беріп тұрған ақшасын алып алайын деп келсем, есікті ешкім ашпады, содан мен әдейі есігін ашпады деп ойлап қайтып бармадым.

– Бұл бойынша куәлік ете аласың ба?

– Жоқ, мені Жолдыбайдың басқа жігіттері қолма қол өлтіреді емес пе?

  • Әкеңді өлтірген солар емес пе, несіне қорқасың, аямау керек оларды.

– Әкемді өлтірген екеуін мен баяғыда жайғастырып тастағам, не үшін Тайжанның автоматтарын ұстап жүр дейсің.

– Қай жерде?

– «Полковничыйда».

– Оны Тайжан біле ме?

– Жоқ, бірақ мына тергеуші бәрін білетін сияқты, менің әкемді өлтіргенде, менің жанында болғаныма дейін біледі екен.

– Не үшін өлтіріп еді оларды.

– Жанармай бизнесіндегі кәсіпкерлердің алымына таласып, өздеріне тартып алу үшін ғой.

– Сен қару-жарақты берсең болды, ұйымдасқан қылмысты тергеуге көмектескенің үшін деп анкеталық бас жұмысыңды өзгертіп, жеке іс өндірісін жүргізеді, сонымен мемлекеттің қорғауына алынасың

– Тайжанға не айтамын, мені өлтіреді ғой?

– Сені Жолдыбай да, Тайжан да, ағайынды Искаковтар да дәл қазір өлтіруге әзір, сенің тығырықтан шығатын бір-ақ жолың бар, ол – прокурормен процессуальдық шартқа отыру, тергеуге қару-жарақты табыстау. Егер осыған келіссең, мен қазір сөйлесемін, – деді де бізді шақыртты.

Мен кірген кезде, Сымбат әбден пісіп отыр екен, Қорғаушы: «Ереке, мен асығыс жұмыстарым бар еді өздеріңіз сөйлесе берсеңіз, Сымбат барлық шындығын айтады, көмек жасайсыздар ғой», – деп тайып тұрды.

Мен Сымбаттан жауап алуға кірістім:

– Демек, Болаттың жанұясын өлтіруге ақшасы көп деп «наводка» берген сен болып шықтың ғой?

– Жоқ, мені олар алдап соқты, «наводка» берген Қыңырбай, ол колонияда отырып, өзінен  екі ай бұрын шыққан ағайынды Искаковтарға тапсырыс берген екен, солар келіп мені алдап соқты.

– Қалай алдап соғады, сен ғой оларды Болаттың пәтеріне ертіп апарған?

– Иә, мен бірақ мен Искаковтардың арам пиғылмен барғанын білмей қалдым.

– Сен олардың Болатты тонамақ болғанын қай уақытта білдің?

– Болаттың үйінде дастарханда арақ ішіп отырғанда, ішім сезді.

– Онда неге үйден шығып кеттің, Болатқа көмек жасауға болатын еді ғой немесе ескертіп кетпедің бе, шығып кеткен соң, полиция шақыруға болар еді.

– Мен ағайынды Искаковтар Жолдыбайдың адамдары болғандықтан, қорықтым.

– Искаковтардың Болатты өлтіргенін қалай дәлелдеп бере аласың?

– Ешқандай дәлелім жоқ, тек солар деп ойлап отырмын.

– Қыңырбайдың Искаковтарды саған танысуға жібергенің дәлелдеп бере аласың ба?

– Білмеймін…

– Искаковтардың қолындағы пышақты көрдің бе?

– Иә, көрдім, қолдан соғылған қанжар болды, сабы қызыл-көк тастармен безендірілген, жүзі екі жақты, қайралған басы үш бұрышты үшкір болды.

– Қай жерде көріп жүрсің? Өздері көрсетті ме?

– Біздің үйден шығарда Искаковтың үлкені Өкен шыға берісте жатқан Қытайдан Болат әкеп берген бір буда пресс буатын ақ жіптен екі-үш құлаш созып алды да, осы пышағымен кесіп үзіп күрткесінің қалтасына салып алды, сол кезде көрдім.

–Жіп не үшін керек деп сұрамадың ба?

– Ол жіпті кір жаюға елдің бәрі кесіп алып жатады, мен мән бермедім.

– Искаковтар қай мекенжайда тұрып жатыр?

– Бұрын Бородулихада тұрған екен,  маған мекенжайын берген жоқ, бірақ арақ ішіп отырғанда сөздерінен аңғарғаным.  «Нахаловкада» тұратын сияқты, мен олардың үйлерінде болған жоқпын.

– Сонымен үйдегі буда жіп орнында ма?

– Иә.

– Осы айтқан жауаптарыңды оқиға болған жерде көрсетіп, жіпті тауып бере аласың ба?

– Әрине.

Мен дереу, құжаттарды дайындап, Сымбаттың қатысуымен бейне таспа түсіруге айғақ зат ретінде жіпті алуға кеттім. Володяны  Искаковтардың мекенжайын тез тауып, ұстауға жібердім.

Тергеу тобындағы криминалист-эксперт екі жедел уәкіл инспекторы айғақ ретінде екі адамды ертіп, Сымбаттың тұратын үйдің қасына келіп тоқтап, подьезға кіргенде, ағайынды Искаковтар тура сол жерде қарсы жолығып қалды. Олардың суреттерін көріп, әбден қанығып қалған жедел уәкілдер де, мен де жазбай таныдым. Абырой болғанда, олар бізден полиция қызметкерлері ретінде сезіктенбей, Сымбатқа сыртқа  бірге шығуға ымдап өте бергенде, бас салып ұстап алдық. Сөйтсек олар Қыңырбайдың қамауға алынғанын естіп, ол Болаттың өлімі туралы тергеуде айтып қойса, куәлік етуі мүмкін болғандықтан, Сымбатпен алдын ала келісіп алуға келген беттері екен. Искаковтардың Болатты өлтірген суық қаруы өздерімен бірге жүр екен, сол жерде алып, қылмыстық іске айғақ зат ретінде тіркедік.

Сымбаттың үйіндегі буда жіппен Болаттың әйелі мен баласы байланған жіпке сараптама жасалып, олардың бір жерде дайындалғандықтан біртұтас екені анықталды.

Қыңырбайдың қасақана Искаковтарды Болатқа тапсырыспен жібергені туралы тергеу барысында табылған дәлелдер жеткіліксіз  болғандықтан, қылмыстық іс бойынша оған айып тағылмады.

Сымбаттың «Тайжан бандасы» тобының қару-жарақтарын тергеуге тапсырып ұйымдасқан қылмысты ашу мақсатында тергеуге көмек жасағаны үшін онын анкеталық ақпараттары өзгертіліп  оған жеке  құпиялы із өндірісі жүргізілетін болды.

Искаковтардың төрт ағайынды қылмыскерлер екендігі анықталып, бәрі бірдей абақтыға жабылып, тергеу амалдарымен, Болаттың жанұясын өлтірген кезде сыртта тағы екі Искаков қарауылдап машинамен подьезд алдында тұрғаны белгілі болды. Сымбатты олар сыртынан бақылап, полицияға баратын ойы болса, өлтірмек болған екен. Кейіннен де оны бірнеше рет куә болып кетпеу үшін, өлтірмек болып оқталғанмен, «Тайжан банда тобының» мүшесі болғандықтан, қаймығып тиіспепті. Болатты олар Сымбат кетіп қалғаннан кейін арақ ішуге үгіттеп, бірақ арақ бітіп қалғандықтан, Болат арақ алатын ақша алмақ болып жатын бөлмеге кірген кезде, Өкен артқы жағынан пышақ жұмсап, Болатты өлтірген. Содан кейін оның әйелін  орындыққа байлап отырғызып аузына шүберек тығып баласын көз алдында пышақпен тілгілеп, ақша тауып беруді талап еткен.

Қанша тінтісе де, ақша таппаған олар әйелді көндіру үшін көз алдында ваннаға апарып бауыздаған, бірақ олар іздеген 100 мың доллар Болатта жоқ болатын. Ол тек жиеніне Сымбатқа достарының алдында абыройын түсірмеу үшін, көз қылып соңғы 100 долларын берген еді.

Ерлі-зайыпты зейнеткерлерді ақша табуға қинап, үтікпен күйдіріп өлтіргендерінен бастап, бір ай ішінде болған аса аяусыздықпен жасалынған қылмыстардың бәрін көтеріп, Искаковтардың қылмыс жасау тәсілдері мен әрекеттерінің ұқсастығынан бірнеше қылмыстық істерді аштық, сөйтіп төрт ағайынды Искаковтардың  тонау мақсатында облыс бойынша жалпы 15 адам өлтіргендері анықталып, айып тағылып қылмыстық істері сотқа жіберілді.

Алда «Тайжан мен Жолдыбайдың банда тобының» жасаған қылмыстарының тергеу жұмысы күтіп тұрды..

    АЗИМБАЕВ ЕРНУР МУСАБАЕВИЧполиция полковнигі             

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ
Загрузка...

 

 

Комментарий