Детектив

ҚОС БЕЙІТТЕГІ БІР МӘЙІТ

Түнде солай көріне ме, әйтеуір, әр-әр жерде қарайған құлпытастар бас бұғып отырған тірі адамдарға ұқсайды. Қарлы бұрқасын бір ұйытқып өткенде бәрі көзден ғайып болады да, артынша қайта бой көрсетеді. Құдды құлпытастар бірте-бірте бұған жақындап келе жатқандай. Жоқ, бұл түн жамылып зиратқа кіріп келеді. Өлілерден қорықпайды, қорыққан адам тірілерден жасырып зиратқа мәйіт әкеле ме?! Қазылған көрге жеткенде өзі сүйретіп әкелген адам сүйегінің қасына тізе бүкті де былай деді: «Сен мені аямадың, абыройымды төктің… Мен есе қайырдым, қаныңды төктім… Артық-кемім Аллаға аян… Сен кеш мені!».

Бұйымтай

2014 жылдың қаңтар айы еді. Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының инспекторы, полиция капитаны Нұрлан Демеуовтің із-түзсіз жоғалып кеткеніне бірнеше күн болған. Тергеу басқармасының бастығы Алмас Тастеміров бүгін тым ашулы. Ашуланбай қайтеді, қылмыскерді іздесе жөн екен, өздерін өздері іздеп, дүрлігіп жүрсе. Ел аман, жұрт тынышта полиция қызметкері жоғалды деген не сұмдық! Бұдан өткен масқара бола ма?! Оның үстіне, із кесушілерден әлі іліп алар жаңалық жоқ. Өртенген көлігінің табылғаны анау. Оның мемлекеттік нөмірін шешіп алған. Не үшін? Қандай мақсатпен? Өртейтіні бар, нөмірін шешіп қайтеді? Демеуовтің өзі қайда? Міне, бұл сұрақтардың біріне де жауап жоқ. Ең білікті деген тергеушілерінің өзі ықтимал күдіктілердің тізімін бере алмады. Бәрінің айтатыны: «Отбасында ұрыс-керіс болмаған», «Демеуов ешкіммен ренжіспеген», «Сол күні әдеттегідей жұмысқа кетіп, қайта оралмаған».

– Өңкей дәлдүріштер! – деді ашу қысқан Тастеміров қолындағы буда-буда қағаздарға қарап отырып.

Осы кезде есіктен басын қылтитқан хатшы қыз: «Сізге кісі келіп тұр, кірсін бе?» деп сұраған. Кісісі Серікбол Қиманов екен, Тастеміров орнынан атып тұрды.

– Оуу, Секе, қош келдіңіз! Қалдарыңыз жақсы ма? Сөзімді жерге тастамай… шауып келгеніңіз үшін көп рахмет!

  • Біз сол баяғының адамдарымыз ғой, қызметте болмасақ та бастық шақырса осылай шауып келеміз.
  • Қойыңыз, Секе, қайдағы бастық?! Сіздер жұмыс істегенде мен болмадым ғой. Кейін келгенімді білесіз…

Екеуі бір-бірін алғаш көріп тұрса да бұрыннан танитын жандардай әңгімелері жарасып-ақ кетті. Қиманов кезінде Демеуовтің бастығы болған.  Екеуі жақын араласқан. Әйтеуір бір айғай-шудың тұсында Қиманов қызметінен кеткен еді. Содан қайтып оралмады. Бірақ мұның білмейтіні жердің астында. Өз уағында ең әккі деген ұры-қарыңның ешбірі бұдан құтылып көрген жоқ.

Қысқасы, Тастеміров қонағына салмақ салды.

  • Секе, бұйымтай осы. Көмегіңіз керек.
  • Әзірге анықталған не бар?
  • Сараптама өртенген көлік ішінде оқ атылғанын көрсетті.
  • Атып кетті дегіңіз келе ме?
  • Басқаша ойлаудың реті болмай тұр ғой, Секе! Тіпті оның тірі екеніне де күмәндана бастадық.
  • Түсінікті.

Кетерінде оған тағы бір өтініш айтты. «Сіздің бұл істі қолға алғаныңызды менен өзге ешкім білмеуі керек» деп еді қонағының қолын қысып тұрып.

Куәгер

Тастеміров жоғалған полиция қызметкерін іздеуге негізгі тергеу тобынан бөлек тағы бір шағын құрамды қосқан. Оның тізгінін әдейі шетелде оқып келген жас тергеушіге ұстатты. Өйткені, бұл жігіт өзгелерден бөлекше ойлайды, логикасы мықты. Әрі басқалар құсап бастықтың алдында төменшіктемей, пікірін ашық айтатын батылдығы ұнайды.

Күн сайын екі топтың да жетекшісі Тастеміровтің алдында есеп береді. Бұл оларға жаңа тапсырма жүктейді. Дәл қазір жас тергеуші мұның алдында отыр. Өзінің пайымынша Демеуов жоғалар күні, яғни, 24 қаңтар күні оны көрген куәгер бар. Із-түзсіз кеткен полиция капитаны жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып қызмет істеген. Сондықтан ол сол күні мектеп аралаған екен.

  • Қараңыз, – деді жас тергеуші қолындағы сызбасын Тастеміровтің алдына тосып. – Кешқұрым Демеуов белгісіз кісімен бірге мына арада тұрған. Бұл жер оның үйінен жырақ, жұмысынан да алыс. Ал куәгер автобуспен келе жатып, қоғамдық көлік бағдаршамға тоқтағанда оның біреумен сөйлесіп тұрғанын байқаған. Бірақ Демеуовтің жүзі автобус жаққа, ал қасындағы кісі оған қарсы қарап тұрғандықтан бұл оның бет-жүзін көре алмаған. Дегенмен, «Ұзын бойлы кісі» дейді.
  • Куәгер кім?
  • Оқушы.
  • Жасы нешеде?
  • 9-да.
  • Төуу айналайын-ай! – деді Тастеміров жақтырмаған үнмен. – Мен де бір естияр адам екен десем… Баланың ойыны деші…
  • Тұра тұрыңызшы, аға! Бастысы бұл емес, екеуі қара түсті Митсубиси Паджеро автокөлігінің жанында тұрған. Мен жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау камераларының жазбасын тексердім. Дәл сол уақытта, сол маңда жүрген Паджероның иесі де анықталды.
  • Кім?
  • Орынбасаров деген полиция подполковниігі.
  • Ммм, дәә … деді Тастеміров не таңданғаны, не жаратпағаны белгісіз.

Құпия кездесу

Тергеу басқармасының бастығы қала сыртындағы елеусіздеу мейрамханада Қимановты күтіп отыр. Өткен жолы бір хабарласқанда оған бұдан былай жұмысқа келмеуін өтініп, кездесу орнын өзі айтатынын ескерткен. Бүгін Қиманов «жақсы жаңалығым бар» деген соң, арнайы түскі асқа шақырып еді. Екеуі кемі екі сағаттай сөйлесті. Бірақ Қимановтың жаңалық айтатын түрі көрінбейді. Әдейі бағасын көтеріп, бәлсініп отырған секілді. Өзі айтпаған соң, бұл да төменшіктегісі келмеді. Дегенмен астына көпшік қоя сөйлеп, кәнігі із кесушідей суыртпақтап сыр тартып отыр.

  • Секе, мына жұмбақтың шешуін бір айтса, сіз айтуыңыз керек. Жарайды, көлікті өртесін-ақ. Алайда, біз оның Демеуовтің көлігі екенін бәрібір анықтаймыз ғой, ендеше мемлекеттік нөмірін шешіп алу не үшін керек болды?
  • Бұл сұраққа мен де біраз бас қатырдым. Меніңше, бұлар Демеуовті өлтіргеннен кейін оның көлігімен жүрген.
  • Жүргені қалай?
  • Мүмкін мәйітті бір жерге апарды, бәлкім көмді. Сосын көлікті ол маңнан аулақ әкету қажет болды. Ел көзіне түспес үшін, камераға ілікпес үшін нөмірін шешіп алып тастай салды.
  • Көмді дейсіз бе?
  • Өлтірсе көмеді де. Мұндай жағдайда, Әлеке, – деді Қиманов, – өзіңді сол қылмыскердің орнына қойып ойлану керек. Жер үстіндегі мәйіт бәрібір табылады. Көмдің – жоқ. Мысалы сіз кісі өлтірген болсаңыз міндетті түрде көмер едіңіз. Рас па, өтірік пе?

Екеуі қосыла күлді.

  • Қиялыңыз жүйрік-ау, сіздің ойыңыз ұшқыр! Бәрі сіз айтқандай болды дейікші, Секе! Әйтсе де тағы бір қызықты жайт бар. Өртенген көліктің маңынан адам қаны табылды. Тексере келгенде ол Демеуовтің қаны болып шықты. Ал бұған не айтасыз?
  • А, солай ма? Бұл расында қызық екен…

Қиманов бүкіл жорамалы бір сәтте желге ұшып кеткендей тосылып қалды. Сосын қойнына қолын салып, Тастеміровтің алдына бір суретті тастаған. Уыздай жас бала екен. Тастеміров суретке бір, Қимановқа бір қарады.

– Бұл кім?

  • Жалдамалы жұмысшы. Демеуов жоғалардан бір апта бұрын әлдебіреулердің тапсырмасымен зиратта көр қазыпты. Қандай жағдай болса да мұсылман адам түнде көр қаздырмаса керек, мұнда бір гәп бар. Баланы Рысқұлов көшесінің бойындағы жалдамалы жұмысшылар арасынан табасыздар.

Алғыс айтқан Тастеміров бірден телефонына жармасты.

Ақталмаған үміт

Тергеу тобының жетекшісі бастығынан жиі-жиі сөз естиді. Әсіресе Демеуовтің ісімен айналысқалы құлағынан тыныштық кеткен. Кеше Тастеміров дереу өзіне шақырып алып, әлдебіреуді шұғыл табуды тапсырып еді. Бұл үш сағатқа жеткізбей айтқан адамын детектетіп отырып басқармаға жеткізді. Сонда да естіген бір ауыз жылы сөзі жоқ.

Енді, міне, сол баланы ертіп алып зиратқа кетіп барады. Жергілікті жұрт «наймандар бейіті» атап кеткен зират қаладан онша қашық емес. Жеткенше баланың екі көзін төрт қылып, талай дүниені біліп алды. Жасы 16-да екен. Шешесі мен інісінің жалғыз асыраушысы. Жалдаушылар қандай жұмыс ұсынса да бас тартып көрмепті. Сөйтіп жүріп талай мәрте бейіт те қазған. Бірақ түн мезгілінде қабір қазғаны бірінші рет екен. Айтуынша, жалдаған адам «Досымның әкесі автокөлік апатынан қайтыс болды, мәйіт жолда келеді, ертемен жерлеуіміз керек» деген көрінеді. Сөйтіп бұлардың қолына сегіз мың теңгеден ақша ұстатып, қалаға қайта әкеліп тастаған. Өкінішке қарай, бұл қасындағы кісінің атын да сұрамапты.

  • Ештеңе етпейді. Түрін танысаң болды, жердің астына түсіп кетсе де тауып аламыз, – деді бұл. – Айтпақшы, сендерге көр қаздырған кісі есіңде ме? Бойы-сойы, түсі-тісі дегендей…

– Тісі дейсіз бе?

– А?

– Тісін көрмедім… дәу кісі… бойы ұзын… бірақ дәу болғанда месқарын емес енді… – деді, бала сасқалақтап.

– Месқарын емес дейсің бе?

Сәл ыңғайсызданып қалған тергеу тобының жетекшісі кебеже қарнын бір сипап қойды. Осыдан соң зиратқа кіргенше ештеңе сұрамады. Бала өздері қазған жерді жаңылмай көрсетті. Расында, жас қабірлер арасында өзгеше болып тұр. Келген-кеткен аяқ ізі жоқ.Төңкерілген қазандай дөңкиіп жатқан қабірден топырақ алған, саусақ ізі батқан жер көрінбейді. Тергеуші «дәу де болса, осында жатсың-ау!» деп топшылаған. Бірақ үміті ақталмады. Қабір бос болып шықты.

Алғашқы ілік

Жас тергеуші полиция подполковнигімен әңгімелесіп отыр. «Орынбасаров тұрмақ, одан зорғы болса да орнына қой!» деген Тастеміровтің тастай талабы бар. Сондықтан шені үлкен болса да тең дәрежеде сөйлесті. Бірақ тексеру кезінде Орынбасаровтың көлігінен күдікті ештеңе байқалмаған еді. Сараптама үшін алынған сынамалардан да еш нәтиже шықпады.

Мұның айтуынша бұл ол жерге Демеуовтің шақыруымен барған. Оның ұзын бойлы әлдебір кісімен сөйлесіп тұрғанын көрген.  Демеуов «қайта бер» деген соң, қайтіп кеткен. Одан өзге ештеңе білмейді.

  • Демеуовтің қасынан көрген кісіңіз мына адам ба?

Орынбасаров фотороботқа қарап, біраз ойланып отырды да: «ұқсайды» деді.

  • Ұқсай ма, әлде осы адам ба?
  • Нақты айта алмаймын. Кешқұрым көрдім. Келеді негізі…

 

Бейіт қазған баланың суреттеуі бойынша әзірленген бұл фотороботты кеше мұның қолына Тастеміров ұстатқан. «Түсінікті. Көр қаздырған да, өлтірген де – бір адам. Осыны тапсам қылмыс ашылады» деп ойлады жас тергеуші.

Кезекті қабір

Еее, бір Жаратушыдан асқан ұлық жоқ қой! Кімнің не істеп жүргенін басқа білмесе де көктегі құдай көріп тұр. Сөз жоқ, енді мұның шені көтеріледі. Тастеміров қимай жүрген марапатты бұл енді Ішкі істер министрінің қолынан алады, бұйырса. Астанаға шақыртса барғаны дұрыс па, әлде Қызылордада қала бергені жөн бе?  Әй, бірақ, басқарма басшылары асты-үстіне түсіп жібермейді-ау… мұндай мықты маманнан айырылып жын ұрып па оларды?!

Бұл – «наймандар» зиратына кезекті мәрте келе жатқан тергеу тобы жетекшісінің ішкі ойы. Себебі, дәл қазір бұл Демеуовтің сүйегін қазып алғалы тұр. Рас, бұған оңай жеткен жоқ. Бейіт қазған баланы бірнеше күн айналдырып жүріп оның серігін тапты. Дап-дардай кісі екен. Сәл қысып жіберіп еді, ол келесі күні түнде тағы бір қабір қазғанын жайып салды. Өзін ертіп барып қабірді көрді. Дегенмен, біреу айтты екен деп бас-көз жоқ бейіт қопаратын бұл кеңкелес емес. Нақтылау үшін имаммен сөйлесті. Бұл қабірде кімнің жерленгенін дін өкілі де білмейтін болып шықты. Күмәнді ме, күмәнді! Демек, Демеуов осында жатыр. Сүйекті дереу қазып алып, басы қатып жүрген Тастеміровті таң-тамаша еткісі келген. Бірақ тәртіптен аттауға болмайды. Мұндай маңызды дүниелерді міндетті түрде бастықпен ақылдасу керек. Бастық деген сол, өзінің басы жетпесе де жетістігіңе ортақтасады да жүреді…

Бастығының батасын алған соң бұл қабірге келген. Бірақ қазғанда Тастеміров емес, мұның өзі таң-тамаша қалды. Тіпті көзі шарасынан шығып кете жаздады. Өйткені бұл қабір де бос еді.

Мойындау

Демеуовтің із-түзсіз кеткеніне бір айға жуықтағанда жас тергеуші Тастеміровтің алдына жымың қағып кірді. Бастығы мұның тегін еместігін сезді білем, кезінде фотороботы жасалып, іздеу жарияланған күдіктінің түсініктемесін көз алмай оқып отыр.

«Мен Талғат Сариев. 1976 жылы Қызылорда облысында өмірге келдім…» деп бастапты күдікті. Тастеміров дереу түсініктеменің екінші бетін аударды. Бар қызығы осында екен: «Ол маған түнде жасырын бейіт қазуды тапсырды. Мен адам жалдап қабір қаздырдым. Бірақ оған ұнамай кейін екіншісін қаздырды. Қылмыс болатын күні екеуін мен кездестірдім. Демеуов рөлде, ол қасында отырды. Мен салонның артында едім. Белгі бергенде мойнынан қапсыра құшақтап өзіме тарттым. Осы кезде ол қойнындағы шолақ мылтығымен Демеуовтің кеуде тұсынан екі рет атты. Сосын мәйітті Тоқтаров көшесіндегі алдын ала жалдап алған үйімізге апардық. Жуындырдық, киіндірдік, ақ матамен орадық. Ол мәйітті жуындырған қанды суды бір ыдысқа құйып алды. Кейін оны көлікті өртейтін кезде сол маңға төкті. Көліктің нөмірін шешіп алды. Мұны маған: «Көліктің кімдікі екенін анықтағанша кемі жарты күн кетеді, бізге уақыт ұтқан тиімді» деп түсіндірді. Сосын мәйіттің киімдері мен өз киімдерімізді, көлік нөмірін, қысқасы, қылмысқа пайдаланылған заттардың барлығын өртеп, ағаш арасына көмдік. Ол жерді көрсете аламын. Бірақ мәйітті қабірге өзі алып кетті, қайда көмгенін білмеймін…».

  • Жарайсың, батырым! Тастеміров жас тергеушіге разы кейіппен қарады.  – Ол дегені кім?
  • Мына кісі!

Тергеуші бұған жақын таныс адамның суретін көрсетті.

Арбасу

Тергеу басқармасының бастығы қонағын сондай бір ризашылықпен қарсы алды. Қиманов та көңілді көрінді бүгін. Тек кездесу орнын сырттан таңдағыш Тастеміровтің бүгін неге кабинетіне шақыра қалғаны түсініксіз. Сірә, қылмысты ашқан болар…

Тастеміров әңгімені ұзаққа созбады.

  • Қалай ойлайсыз, Секе? Біз іздеген қылмыскер өз арамызда жүруі мүмкін бе?
  • Ауыр қылмыста мүмкін емес нәрсе болмайды.
  • Иә, мен де солай ойлап едім. Әуелгідегі күдігім ақыры расқа шықты. Сізді шақырған себебім де сол. Мені мазалаған бір ғана сұрақ қалды қазір…

Осылай деген Тастеміров Қимановтың жүзіне тесіле қарады. – Демеуовті қай жерге жерледіңіз?

  • Бұл не сөз?.. Дәлелің қайсы?

Сізден сенге көшкені болмаса, Қимановтың жүзінен қиналған адамның әлпеті байқалмады. Керісінше, денің сау ма өзі дегендей, бұған айыптай қарап тұр.

  • Дәлелден бұрын себебін айтайын, –  деді Тастеміров. – Сол жылы сіз Тәуелсіздік мерекесіне орай марапатталатын қызметкерлердің тізімін түздіңіз. Оларға мақтау қағазынан бөлек, жүз мың теңгеден сыйақы берілді. Сосын бастық екеніңіз есіңізге түсті, не қол астыңыздағы полицейлердің жүз мың теңгеден алғаны ішіңізді қыздырды, сіз қырық мың теңгеден жинауды тапсырдыңыз. Мұны тізімге қосқаныңыздың ақысы деп түсіндірдіңіз. Кейбірі көнгенмен, бірқатары қисынсыз талабыңызға қарсы болды. Арасындағы бір полицей Қызылорда ҚІІБ-ның Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз түсірді. Сіз абыройдан жұрдай болып жұмыстан қуылдыңыз. Қауіпсіздік басқармасы арыз иесінің аты-жөнін құпия сақтады. Бірақ сізден бірдеме жасыру мүмкін емес қой, кейін оның Демеуов екенін білдіңіз. Сосын осы оқиғаны әбден ел ұмытты-ау дегенде, иә, ел ұмытты-ау дейтін уақыт өткенде барып оны өлтірдіңіз.
  • Мұны себеп демейді, болжам дейді. Бірақ қисынын әдемі келтірген екенсіздер.

Қайтадан сізге ауысқан Қиманов ащы жымиды.

  • Сонымен мәйіт қайда?
  • Онда былай болсын, Алмас Боданович, – деді ол алғаш рет ресми қалыпқа көшіп. –  Алдымен мәйітті тауып алыңдар, содан кейін ғана маған келесіңдер! Аяғына тас байлап, дарияға ағызып жібергем…

Бұл бірдеме деп үлгергенше Қиманов есікті тарс жапты. Бес секунд өтті ме, өтпеді ме, жас тергеуші алқын-жұлқын кіріп келді. Сірә, күдіктінің қолына бірден кісен салмай, босатып жіберген бастығының әрекетін түсіне алмаған секілді.

  • Барсын. Бірақ көзіңнен таса қылма! Кіммен сөйлеседі, кіммен кездеседі, бәрі назарыңда болсын! Қаладан шықса ғана ұстаңдар, әйтпесе тимеңдер!, – деді бұл жас тергеушіге.

Түнгі шолғыншы

Қимановты жас тергеушіге тапсырған күні тергеу тобының жетекшісіне бейітті бақылауды бұйырған. «Ендігі шаруаң сол болсын, бейітті бақ! Бейсауат келген адамның бәрін қалт жібермей қадағала! Түнде сергек бол! Өлілер мекенінде көзің ілініп кетіп, енді сені іздеп жүрмейік!» деген сөзіне зілдей салмақ беріп.

Бұлай дейтін себебі, Тастеміровтің ішкі есебі бар еді. Өткен жолы сыбайласының қолға түскенін және бар шындықты мойындағанын Қимановтан әдейі жасырып қалды. Осыдан кейін оның мазасы қашатыны анық. Мұның қандай дәлел-дәйекке сүйеніп айып таққанын Қиманов күні-түні ой елегінен өткізуі тиіс. Егер мәйітті шынымен де зиратқа жерлеген болса, бұлардың тапқан-таппағандарын білгенше оның төзімі таусылады. Әлде, өзі айтқандай, дарияға ағызып жіберді ме? Бірақ суға кеткен адамның түбінде табылуы мүмкін ғой. Ол не деп еді өзі?! Иә, «көмдің – жоқ» деп еді-ау! Сонда көмгені рас болғаны ма? Оның үстіне Сариев «мәйітті зиратқа алып кетті» демеп пе еді?! Екеуінің айғақтық заттарды өртеген жері зираттан 5-6 шақырым ғана. Ал дария алыс. Мәйітті ұзақ ұстау өздеріне қауіпті. Ендеше сүйекті жерледі. Иә, жерледі. Басқаша болуы мүмкін емес. Шым-шытырық ойдың осы тұсына келгенде біреу жамбасына біз сұғып алғандай селк ете түсті. «Ақымақ» деді өзіне өзі. «Сен Қимановпен ойнап жүр екенсің! Ол мәйітті зиратқа жерлеген болса, саған қабір қазған баланы көрсетіп несі бар?!..».

Әр нәрсені бір ойлап таңға көз ілмеген Тастеміров қай уақта ұйықтап кеткенін білмейді. Безілдеген телефон даусынан оянды. Тергеу тобының жетекшісі екен. Көз байлана әлдебір адамның зиратқа келгенін, түнімен соның соңында жүргендерін, оның кім және қайда тұратынын анықтағандарын айтып болғанша бұл киініп те үлгерген еді. «Оның кім екені маңызды емес. Бізге осы да жеткілікті» деген бұл.

 

Қабірдегі қалтарыс

 

Бұл жолы зиратқа бір топ адамды Тастеміровтің өзі бастап келе жатыр. Зираттың ішіне кіргенде тергеу тобының жетекшісі алдыға шықты. Бір топ адам қабірлер арасындағы жыланша иерелеңдеген соқпақпен шуап келеді. Жол бастаушы осы маңды жақсы білетінін көрсетіп қалғысы келгендей аяғын нық басады. Ашылған қабірдің қасына келгенде тоқтады.

  • Тура осылай келді де қабірдің мына жағына өтті. Ішіне үңіліп қарады. Сосын сәл кідірді де келген ізімен кері қайтты. Бар болғаны осы.

Бұл өңірдің жерлеу дәстүрінде ақым шығармайды. Топырақ құмдауыт болғандықтан сусымалы келеді. Сол себептен қабір қазғанда екі-үш қарыс тереңдегеннен кейін қабірдің өлшемі сәл кішірейеді. Осы кішірейген тұста қалған қабір жиегіндегі кертпішке бетін жапқан тақтайдың шеті мінеді. Үсті қара қағазбен, не үлдірмен жабылады. Сосын барып көміледі. Яғни, сүйек үйілген топырақтың тура астында жатады.

Бұл жерде осының бәрі бар. Тек ішінде мәйіт жоқ. Тастеміров енді екінші қабірге барған. Мұнда да тура солай. Полицейлер қазғанда шығарып тастаған тақтай мен үлдір сол күйінде жатыр. Мәйітсіз қабір демесеңіз, тереңдігі де қалыпты. Бірақ түнгі шолғыншы неге бұған емес, бірінші қабірге барды? Екеуінің не айырмашылығы бар? Әне, мәселе сонда.

  • Мүмкін ол еңкейгенде бірдеме алған шығар? – деді Тастеміров алғашқы қабірге қайта келгенде.
  • Жоқ, Боданыч, ештеңе алмады. Көрем десеңіз, мінеки, бейнетаспасы да бар. Қараңғы болғанымен, сұлбасы анық көрінеді.

Тергеушінің телефонына сығырайып тұрғысы келген жоқ. Алмаса, алмаған шығар. Ендеше ол адам Қимановтың тапсырмасымен мұны жолдан жаңылдыру үшін әдейі келді. Бұл ақымақ бір айдан бері осы зиратты күзетіп жүр. Масқара! Тастеміров кері бұрылып енді қозғала берген.

  • Бұл жерде алатын не бар дейсіз?! – деген тергеуші күректі қабір ішіне тастап кеп жіберіп еді, күрек құламай тік тұрып қалды. Дереу кері бұрылған Тастеміров қабір ішіне үңілген. Күректің басы ортан беліне жуық топыраққа батып тұр екен. Бұл жалма-жан келесі күректі алып, сәл ары таман тастаған. Өз салмағымен түскен бұл күрек те бос топыраққа кірш етіп қадалды.
  • Қабірді қазғанмен түбіне түспепсің, ал енді қаз! Қимановтың бұл қабірі қос қабатты болды. Мәйіт астында жатыр! – деді Тастеміров.

Кеңес

Екі серігін қасына алған тергеу басқармасының бастығы кабинетінде шай ішіп отыр. Үшеуінің де иығынан жүк түскен. Мәйіт табылған күні қос тергеуші қуанғанымен, мұның көңілі орнына түспеген еді. Өйткені, сүйектің шынымен де Демеуовтікі екені тек сараптамадан кейін ғана анықталатын. Оған дейін арқаны кеңге салудың жөні жоқ. Қулығына құрық бойламайтын қылмыскердің тағы қандай қитұрқылыққа барғанын ит біліп пе?! «Демек, қуануға ерте. Қиманов па… бұл Қимановтан бәрі шығады» деп ойлаған еді сол кезде.

Енді, міне, қазір барлығы да ап-айқын. Қабірден табылған мәйіт шынымен де марқұм Демеуовтің сүйегі болып шықты. Подполковник Орынбасаров оқушы көрген кездесуге Демеуовтің емес, Қимановтың шақыруымен барған. Демек, ауыр қылмысқа тікелей қатысы болмаса да, жалған айтқаны үшін айыпты. Қиманов пен Сариев қамауда. Бұлар үш айға жеткізбей істі сотқа өткізді. Қалғаны солардың шаруасы.

– Аға! – деді жас тергеуші екеуінің де назарын өзіне бұрып. – Рұқсат болса, бір сұрақ қояйыншы. Байқаймын, сіз әу бастан-ақ Қимановтан күдіктендіңіз. Тіпті, қылмысқа қатысы бар екенін сездіңіз. Ендеше оны неге бізден жасырдыңыз? Қылмысты бұдан да ертерек ашуымыз мүмкін еді ғой?

  • Иә, мүмкін еді. Бірақ, керісінше болып шықса ше? Егер Қимановтың қатысы болмаса, өздерің ойлап көріңдерші, біз адасар едік қой?! Естеріңде болсын, жігіттер! Қашан көздерің жеткенше ешбір ықтимал болжамды назардан тыс қалдырмаңдар!

Бұл жолы жас тергеуші ғана емес, тергеу тобының жетекшісі де бастығына сондай бір ырза кейіппен бас шайқай қарады.

Жаза

Бұл оны көргісі келмеген. Көремін деп те ойламаған. Кеңседен шығып көлігіне бұрыла бергенде қолы кісендеулі Қимановтың қарауыл алдында кетіп бара жатқанын байқады. Бұл орнында тұрып қалған. Қиманов 10-15 метр жерде көлденең өтіп барады. Ту сыртынан қадалған жанарды оның сезбеуі мүмкін емес. Бірақ мойын бұрмады. Жүзі шыдамады деудің реті жоқ, өйткені Қиманов ары мазалап, ұяты жанын өртейтін адамдардың санатынан емес. Оныкі басқа дүние: талай күнге созылған тартыста талқаны шығып жеңілді. Бұл тәжірибесіне сенген, бірақ Тәңір Тастеміровті қолдады. Ендеше, кеше әбжыланша арбасқан дұшпанының жеңісті жүзіне бұл енді не деп қарауы керек?! Бұдан асқан қорлық бола ма?! Қиманов үшін өмірдегі ең қиын сәт, сірә, осы болған секілді.

Бұлай ой қорытуымызға бір себеп Қызылорда облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Асхат Бабыровтың мына сөзі есімізден кетпейді: «Сотқа дейінгі және сот алды тергеуінде Қимановтың қылмысы толық дәлелденді. Бірақ, ол өз әрекетіне қынжылмады. Өкініш білдірмеді. Ешкімнен кешірім де сұрамады. Сондықтан Сариев 18 жылға сотталса, Қимановты 24 жылға бас бостандығынан айырдық».

Иә, ол кешірім сұрамайды. Сұрайтын адамынан қабір басында сұраған. Оның болмысы сондай. Керек десеңіз, ширек ғасырға сотталғаны да ол үшін жанды ауыртар жаза болмауы мүмкін. Жазаның ауыры – жеңілгені.

Демек, қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін емес, қылмысын жасыруда жіберген қателіктері үшін ол енді өзін ешқашан кешірмейтін шығар…

 

Сансызбай ӨКЕНҰЛЫ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1орташа баға | оценок, среднее: 5,00ішінде | из 5)

Загрузка...

Комментарий