Судья мінбері | Судебная система

ТУРАЛЫҚТАН ТАНБАЙТЫН ӘДІЛ СОТ ТӨРЕЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы ертеңгі күннің бағдары іспеттес. Биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында да президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық саланың жұмысын жандандыруға, мемлекеттік құрылымдарды халыққа жақындатуға көмектесетін тетіктерді саралап, әлеуметке дұрыс жол сілтеген. Құжаттағы тапсырмалар әр салада қолға алынатын реформаларға өзек болмақ. Сот саласындағы жаңғыртуларға да осы Жолдауда берілген міндет-межелер бағдар ретінде алынып отыр. Бұған қоса биыл өткізілген республика судьяларының ҮІІІ съезінде көтерілген мәселелер жаңа реформаларда толық ескерілері күмәнсіз.

Жолдаудағы «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» деп аталатын сегізінші тарауда сот жұмысының сапасын көтеруге жол көрсетілген. «Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» деген мемлекет басшысы төрелік алаңында жасалуы тиіс өзгерістер өлшемін де тізбелеп ұсынған. Мұндағы басты назар халықаралық тәжірибелерге бейімделуге жол ашатын озық жұмыс әдісіне аударылуы тиіс еді.

Жалпы, құқық қорғау жүйесіндегі жұмыс реті барынша жүйеге келтіріліп келеді. Әр құрылым өзіне жүктелген функцияны өз деңгейінде сапалы орындауда. Ішкі істер органдарды істі қарап, прокуратура қадағалау жүргізетін жұмыс тізбегі сот шешімімен түйінделетіні белгілі. Соған орай құзырлы орындар тарапынан орын алған кем-кетік, олқылықтардың сот жұмысының нәтижесіне әсерін тигізбей қоймайды. Мұны президент де аңғарып, сот сапасын жандандырамыз десек, реформаны тек үшінші билік төңірегінде жүргізіп қоймай, күштік құрылымдармен қатар қарастыру керектігін атап өтті. Себебі адам тағдыры таразы басына салынатын іске сотпен бірге, құқық қорғау құрылымдарының бәрі жауапты.

Сондықтан сот саласына қатысты реформалар бірнеше мәселені қамтуы керек. Ол ең алдымен заңнамадағы түзетулерге қатысты. Судья – тірі заң. Қазылардың заң шеңберінен шығуға, заң аясынан тыс шешім қабылдауға қақысы жоқ. Ал бірыңғай тәжірибе қалыптасып, судьялар шығарған шешімде ала-құлалық орын алмас үшін заңдарды қайта-қайта өзгертіп, толықтырулар енгізуді тоқтату керек. Сапалы заң қабылдауға, заң жобаларын дайындағанда сол құжатпен тікелей жұмыс істейтін судьялар пікірін тыңдауға мән берген жөн. Бұл тұрғыда әріптестеріміз де жаңа заң жобаларындағы өзгерістерге салғырт қарамай, өз пікірін білдіріп, өз ұсыныс айтып отырса сапалы заң қабылдауға септігін тигізер еді.

Президенттің «Заңнаманы қолдануға қатысты шешім қабылдау кезінде көбіне тиісті талдау мен болжам жасалмайды. Шешім заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкімшілік» және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады» деген пікірімен осы ретте келіспеске болмайды.

Туралықтан танбайтын әділ сот төрелігін қалыптастыру – кез келген зайырлы мемлекеттегі басты меже. Ал бұл мақсатқа судья біреуге тәуелді болған жағдайда, немесе адвокат пен прокурордың теңдігін қамтамасыз етілмесе қол жеткізу мүмкін емес. Соған орай судьяға ықпал етудің барлық тетіктерін ескеру маңызды. Бұл мәселе биылғы съезде де көтерілді. Әсіресе судьялардың сот ғимараттарын жөндеу, қазыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі әкімдіктің ықпалынсыз шешілсе нұр үстіне нұр. Сонымен қатар, сот жұмысына БАҚ тарапынан да ықпал ету азаймай тұр. Әлі шешімі шықпаған істерге қатысты журналистердің болжам жасап, қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысуы судьялар ісіне ғана емес, жалпы сот құрылымына теріс әсер ететінін жасыруға болмайды. Сондықтан алдағы жаңғыртулар кезінде бұл да назарда ұсталуы тиіс.

Сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, судьялыққа білікті мамандарды ынталандыру бойынша да іргелі істер қолға алынбақ. Бұл жұмысқа БАҚ өкілдерін қатыстыру үміткерлерді іріктеу механизмінің ашықтығын арттырады. Осы арқылы көпшілік үміткердің қандай еңбегі үшін жұмысқа қабылданғанын біліп отырады, әрі ашық конкурс сот жұмысына деген сенімді нығайтады.

 

Рустам Измайлов,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий