Судья мінбері | Судебная система

Сауатты хатшы – сапалы сот отырысының кепілі

Сот саласында сот отырысы хатшыларының алар орны айрықша. Олай дейтініміз, сот отырыстарының уақытылы әрі сапалы өтуін хатшылар білім-білігі мен жауапкершілігінен бөліп қарай алмаймыз. Яғни, сот процесіне тараптардың түгел қатысып, сотқа деген оң көзқарастарының қалыптасуы олардың жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуімен де тікелей байланысты. Бүгінде жүйе жұмысына озық технологиялар дендеп енуде. Мысалы, процестің бейнеконференцбайланыс арқылы өтуін алсақ, сот отырысының хатшысы алдын ала сот залының дайындығына көз жеткізеді. Егер қандай да бір техникалық ақаулар анықталса, хатшы жауапты адамға дереу хабарлап, сот отырысының сапалы өтуін қамтамасыз етуі қажет.

Сот хатшылары өз жұмыстарында ҚР Конституциясын, “ҚР Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы”, “ҚР Мемлекеттік қызметі туралы”, “ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы”, “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы”, т.б. заңдарды, сондай-ақ, Сот кеңселері туралы ережені, басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Сот отырысының хатшыларына қойылар талаптар әрқашан да жоғары.

Олар ел заңдарында көзделген құқықтарды жүзеге асырып, сол құқықтар шегінде белгіленген міндеттерді орындайды. Ең алдымен еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауға міндетті. Сот мәжілісінің хатшылары жоғарыда айтқанымыздай, істерді басты сот талқылауына тағайындау кезіндегі жұмыстарға жауапты. Мәселен, белгіленген істер тізімін жасап, іске қатысы бар адамдарды куәларды шақырады және олардың сотта болған уақытын белгілейді. Хаттамаларды жүргізіп, электронды нұсқасын арнайы бағдарламаға енгізеді. Сол сияқты өзіне заңмен жүктелген барлық міндетті жүзеге асырады.

Хатшы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығына жауап беретін басты маман. Айта кетерлігі, сот отырысы хатшыларының құқықтары мен міндеттері “ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Нұр-Сұлтан қалалық соты кеңсесі” басшысының бұйрығымен бекітілген бас маман-сот отырысы хатшысының лауазымдық нұсқаулығында нақтыланған. Сот отырысының хатшылары барлық уақытта кеңсе және іскерлік этикет стандартты ережелерін жетік білуімен қатар, білім-біліктерін ұдайы арттырып отырса, сондай-ақ, өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қараса, ел соттарының жұмыс сапасы мен беделі де асқақтай берері анық.

 

Нұрбол Сейлов,

Жетісу аудандық сотының бас маманы

Алматы қаласы

Комментарий