Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Руслан ИСАЕВ, ҚР Жеке сот орындаушылар палатасының Алматы қалалық филиалы жетекшісінің орынбасары: АЛИМЕНТ ТӨЛЕУДЕН ҚАШЫП ЖҮРГЕН 700-ДЕЙ АЗАМАТ БАР

– Қазақстанда ТМД елдері арасында ең бірінші боп Жеке сот орындаушылар институты енгізілді. Биыл бұл құрылымға 10 жыл толды. Әңгімеміздің әлқиссасын тарихтан бастасақ?
– 2005 жылдың маусымында өткен ҚР Судьяларының IV съезінде Қазақстанда жеке сот орындаушылар институтын енгізу мәселесі көтеріліп, кейіннен «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушылардың мәртебесi туралы» заңының жобасы Парламент Мәжілісіне ұсынылды. Бұл заңға ҚР Президенті 2010 жылдың 2 сәуірінде қол қойды. Соған сәйкес жеке сот орындаушылар институтында бастапқыда бұрынғы мемлекеттік сот орындаушылар ғана лицензия алып жұмыс істей бастады. Жеке сот орындаушылар институты өзін-өзі қаржыландыратын мекеме. Мемлекет өз өкілеттігін жеке сот орындаушыларға берсе де, қадағалау қызметін өзінде қалдырды. Бұл функцияны Әділет министрлігі арқылы жүзеге асырады.
– Жасыратыны жоқ, сот орындаушылар туралы сөз болған кезде ең алдымен алимент мәселесі тілге тиек болады. Тіпті жұртшылық арасында алименттен пайда түспегендіктен жеке сот орындаушылар белсенді жұмыс істемейді деген пікір бар.
– Оныңыз рас. Алайда бұл шындықпен еш қабыспайды. Жоғарыда айтып өттім ғой уәкілетті органдар бізге бақылау жасап отырады. Бас Прокурормен бекітілген «4-форма» деген квартал сайын беретін арнайы есебіміз бар. Бас прокуратураның жанындағы құқықтық статистика комитеті қатаң бақылап отырады. Біз де сол себепті, кімнің қолында қанша құжат бар деп күнде қарап отырамыз. Биыл жазда қолданыстағы заңнамаға жаңа өзгерістер енгенін білетін шығарсыз. Әлеуметтік маңызы бар іс жеке сот орындаушыға түскен күннен бастап 1 айдың ішінде ешқандай қозғалыссыз жатып, оған байланысты шағым болатын болса біз оны тексеріп, анықталған жағдайда жеке сот орындаушының лицензиясын тоқтатуға дейін қатаң шара қолданамыз. Өйткені алимент мәселесінде баланың тағдыры тұр.
– Жеке сот орындаушыларға берілетін атқару парақтарының ішінде алиментке байланысты істердің үлесі қандай?
– 10 айдың қорытындысы бойынша Алматыдағы 307 жеке сот орындаушы қарауында 411 704 мың атқару парағы бар. Ал алиментке қатысты 13,4 мың атқару парағының 13 мыңға жуығы жасөспірім балаларды бағуға, 345-і жұбайын бағуға, 88-і ата-аналарын бағуға, 23-і қамқоршылық және қорғаншылық органдарының пайдасына қатысты. Олардың 2115-і ерлі зайыптылардың татуласуына не балаларының кәмелеттік жасқа толуына байланысты қысқартылды.
– Соңғы жылдары қалаларда ғана емес, кейбір елді мекендерде де көше бойында алиментке қатысты баннерлер көп ілінетін болды. Мұндай ескертулердің жауаптылықты көтеруге ықпалы бар ма?
– Атқару өндірісі саласында қызмет істеп жүргеніме 10 жыл болды ғой. Алимент проблемасы әлі күнге өзектілігін жоймай келеді. Сот орындаушыға материал келіп түскеннен бастап бұл бағытта көп жұмыс атқарылады. Ерлі-зайыптылар ажырасқан соң алимент өндіру туралы сот бұйрығы шығады. Оны сот орындаушылар палатасына өткізеді. Біз оған сот орындаушыны тағайындаймыз. Алдымен борышкердің мүліктік жағдайын тексереді, оған прокуратурадан не соттан санкция алады. Оны алып, өндіріп алушының талабы бойынша шоттары, мүлкі болса бұғаттайды. Заң бойынша 3 айдан кейін сот орындаушы қарыздың көлемін анықтауға міндетті. Егер борышкер жұмыс істеп жатса бұл қиындық тудырмайды. Зейнетақы қорына аударым шотын тексереміз. Онда қай жерде жұмыс істейтіні көрініп тұрады. Тауып алып жұмыс орнындағы есепшісіне соттың бұйрығын жіберіп, онда белгіленген соманы өндіріп алушының шотына аудартып отырамыз. Өкінішке орай, елімізде істеген жұмысы үшін еңбекақыны әлі де конверт арқылы алатындар аз емес. Оны анықтау бізге өте
қиын. Борышкердің қарызын анықтаймыз, ол уақыт өткен сайын жинала бастайды. Көп жағдайда борышкер ресми түрде жұмыс істемегендіктен зейнетақы аударымы жоқ. Екіншіден ол дүние-мүлкін өз атына жазбайды. Мекенжайына барсақ ондағылар көлігімен адам тасымалдайды деп, қалада болса облыста, облыста болса ауылда жұмыс істейді деп әуре-сарсаңға салады. Оны анықтау бізге өте қиын.
– Жұмыссызбын, дүние-мүлкім жоқ, алимент төлеуге жағдайым келмейді дейтін әкелермен қалай жұмыс істейсіздер?
– Халық көп жағдайда соттың атқару парағы орындаушыға түсті, ендеше ол борышкерді тауып, ақшасын өндіруге міндетті деп ойлайды. Әкесі баласына алимент төлеуден қашып жүрсе, ішкі істер органы не қаржы полициясының көмегімен тауып әкеп, ары қарай жұмыс істейміз. Көбі жағдайының төмендігін айтып, алақан жаяды. Содан кейін сот орындаушылар өзімізге қосымша функция алып, оларға жұмыс тауып берумен айналысып жүрміз. Ол біздің құзыретімізге де, міндетімізге де жатпайды. Қоғамдағы проблема болғаннан кейін әкімшілікпен, прокуратура органдарымен бірігіп, жұмыспен қамту орталықтарымен меморандум жасасқанбыз. Жұмыспен қамту орталығына апарсақ, берешегі бар әкелердің көбі ұсынған жұмысты істегісі келмейді. Оларға базарда жүріп тапқан ақшасы жақсы. Сондай-ақ ақы төлеген соң жұмыс беруші де оларды еркелетіп қоймайды. Сапалы нәтиже талап етеді, содан көбі қашады. Биыл біз 115 адамға жұмыс тауып беріппіз. Қазір жұмыссызбын деп жүргендердің саны қалада 700-дей.
– Жеке сот орындаушылар қандай істермен жиі бетпе-бет келеді?
– 411 704 атқару парағының 178 285-і кәсіпкерлік қызметпен айналысушы тұлғаларға қатысты, 147 372- сі орындау жазбалары, 93 538-і уәкілетті органдардың қаулысы бойынша айыппұлдар, 59 927-сі жеке тұлғалардың пайдасына өндіру, 47221-і мемлекет пайдасы бойынша өндіру, 3057-сі жеке тұлғалардың қарызын өндіру бойынша салықтық бұйрықтар,
6154-і әкімшілік істер бойынша мүліктік тәркілеуге қатысты. 1-қарашаға дейін жалпы жеке сот орындаушыларына келіп түскен жоғарыда айтқан 412 мыңға жуық атқару парағының 163
мыңға жуығы өз шешімін тапты.
– Алимент төлемеген тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қалай жүріп жатыр?
– Қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша соттармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін Алматы облысында қызмет жасаған кезде ол мәселені сот, прокуратура, әділет департаменті, Сот орындаушылар палатасы болып бірігіп реттедік. Бұрын алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлер ісінің бәрі сотқа жетпей қалатын. Практикада бір екеуінің ғана ісі өтсе өтті, өтпесе ол да жоқ еді. Биыл онда 20 шақтысының ісі сотқа беріліпті. Сондықтан оны Алматыда да жалғастыру үшін ювеналды сот төрағасымен кездестік. Ол кісілердің де позициясы бір жерден шықты. Енді соны қолға алып жатырмыз. Жаңа алимент төлеуден жалтарып жүргендерді жұмысқа орналастыру мәселесін көтердім ғой. Бұдан нәтиже шығарса жақсы. Егер бұдан кейін де жұмыстан жалтаратын болса, бұл ертең қылмыстық жауапкершіліккетартуға негіз болады.
– Сот орындаушылары өз міндетін дұрыс орындамайды деген шағым неге көп?
– Мұндай арыздар бізге прокуратурадан бастап, әділет департаментінен де, өзімізге де, орталық апаратқа да түсіп жатады. Бұл жерде оған бірден бір себеп сот орындаушыларының әрекетсіздігі болып отыр. Бес саусақтың бірдей еместігі секілді, сот орындаушылардың арасында да заң бұзушылар кездесіп қалып жатады. Біз өз тарапымыздан біраз сот орындаушысын осы себепті жұмыстан босаттық. Дегенмен арыз-шағымның арасында негізсіз жазылатындары да аз емес. Мәселен, жақында борышкерлер не себепті қылмыстық жауапкершілікке тартылмай жатыр деп, Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының анықтау бөліміне арнайы барып қайттым. Онда біздің қызметкерлеріміз 20 іс тапсырған екен. Өйткені алимент қарызы өндірілмей жатыр, сот бұйрығы орындалмайды, сот орындаушысы жұмыс істемейді деген шағымдар түсіп жатты. Басқармадағылар 20 істің 16-сынан бас тартып, төртеуін ғана қылмыстық іске тіркепті. Себебін сұрасам, борышкерлердің әйелдері кеп «ешқандай шағымымыз жоқ, қылмыстық іс қозғамауды сұраймын» деп өтініш жазып кеткен. Сот орындаушысы атқару парағы бойынша жұмыс істеп, алименттен жалтарып жүргендерді Тәртіптік кеңеске шығарып, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелгенімен, әйел адамдардың өз арызынан бас тартуы жиі кездеседі. Тіпті 5-10 мың теңгесін банкке өзі барып төлеп, анықтамасын әкеп, міне төлеп жатыр деп жауапкершіліктен өздері босатып алып жатады. Неге бұлай істедіңіз дегенде: «Ертең маған проблема керек емес, болашақта атында сотталғаны тұрады. Балалары өскен соң оқуға түсе алмайды. Жұмысқа кіре алмайды»,– дейді. Оған дейін бәрі жан-жаққа жазады, журналистерден көмек сұрап телевидениеге барады, газеттер мен интернет сайттарға, әлеуметтік желілерге жазады. Соңында «Кім кінәлі?» деген кезде өзге емес, сот орындаушы кінәлі боп қалады. Мұны не деп айтуға болады.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий