Қоғам | Общество

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН БА?

Cтатистика бойынша Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың 61,5 пайызы еңбекке жарамды. Оларды тұрақты жұмыспен қамтып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасай алып отырмыз ба? Бұл туралы сарапшылар не дейді?

Амир СҮЛЕЙМЕНОВ, Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Dayr» қоғамдық қорының төрағасы:
– Теңсіздікті азайтумен айналысатын жастар ұйымында жұмыс жасаймын. Мүмкіндігі шектеулі жандардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешіп жүрміз. Адамдарға өз өмірін жақсарту үшін жағдай жасауға тырысамыз. Үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде ортаның қолжетімділігімен айналысып жүрмін. Жыл сайын бейімдеуге үлкен қаржы бөлінеді. Дегенмен пандустар тек есеп беру үшін салынғандай. Кейбірі регламентке сәйкес келмейді, арбадағы адам оған өз бетімен көтеріле алмайды. Тік не сәйкес келмейтін материалдар қолданылуы мүмкін. Қолжетімді орта тек ғимаратқа кіретін пандус салумен шектелмейді, ауладан бастап, қызметтік бөлме мүгедектердің өз бетімен қозғала алуына қолайлы болуы керек.
Бізде заңнама жаман емес. Тек соның орындалуы кемшін.

– Адамдардың барлық жерде қызметті толық көлемде сапалы ала алмауы, талап етудің аздығынан. Мүгедектікті анықтауға байланысты шағым көп түседі. Түсіндіру жұмысын жүргіземіз, осы арқылы жемқорлық тәуекелін азайтуға тырысудамыз. Дәрігер мен қызмет алушының тікелей байланысын болдырмауға күш саламыз. Кемтар жандарды жұмысқа орналастыру маңызды. Олардың да тұрақты кірісі болуы керек. Еңбек нарығында ірі кәсіпорындарға 2-3 пайыздық квотаны мүгедектерге беру міндеттелген. Көп кәсіпорында бұл орындалмайды. ЖОО-ларда қолжетімділік жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандар не күндіз, не сырттай қашықтықтан оқи алмайды. Әр қабатта дәретхана да ескерілмеген. Арнайы грант бөлу мәселесі де алдағы уақытта шешуді қажет етеді.

Әли АМАНБАЕВ, Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы:
– Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 30 жылдан асты ғой. Көрші елдермен салыстырғанда ерекше қажеттілігі бар адамдарға Қазақстанда әрине біршама жағдай жасалған. Мәселен, біздегі жеке көмекші беру, гигиеналық құралдар беру игілігі Орталық Азия елдерін былай қойғанда, Ресейде де жоқ. Сондай-ақ бізде көлік жүйесінде инватакси деген бар. Ол да көп елде қарастырылмаған. Алайда бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдеріне қарап, соларға жетуді ойластыру қажет. Шынын айту керек бізде ерекше қажеттілігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы көлемі аз. Үкіметтің берген 50 мың теңгесіне өмір сүру оңай емес. Құзырлы орындар төлемақы көлемін көбейте алмайтынын, бюджетте қаражат жоқ екенін айтады. Соншалықты шешілмейтін қиын мәселе емес қой. Бізде онсыз да мүгедектердің үлесі жалпы халықтың 3,8 пайызын ғана құрап отыр.

– Бұл Ресейде – 9, ал әлем тұрғындарының әрбір оныншысы ерекше қажеттілігі бар адам деп саналады. Бізде мүкістігі кішкене болса, мысалы саусағы жоқ болса оны ерекше қажеттілігі бар жан деп санамайды. Қант диабетімен ауырғандарға да мүгедектік берілмейді. Бұл жағынан қарағанда әлемдегі озық мемлекеттермен салыстырғанда көзқарас та бөлек. Сондықтан адам құқығы сақталып отыр деп айту да қиын. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың бір деректерде 63 пайызы еңбекке қабілетті деп айтылса, тағы біреулерінде 70-80 пайыз деп айтылады. Германияда «балдақпен, қоларбамен жүретіндер 100 пайыз жұмыспен қамтылғанмен, ақыл-есінде ауытқушылығы барлар 50-ақ пайыз жұмыспен қамтылып отыр» деп уайымдағандарын көрдім. Әрбір ел өз деңгейімен бағалайды ғой. АҚШ-та кәсіпкер ерекше қажеттілігі бар адамдарға бөлінген 7 пайыздық квотаны сақтамаса, ешбір тендерге қатыса алмайды. Біз де осындай тәртіпті енгізейік деп ұсыныс бердік. Заң шығарушы билік те, атқарушы билік те оны жүзеге асыруға асықпай жүр еді, енді айыппұл салып, соны жинаймыз деп жатыр екен.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий