Қоғам | Общество

МҮГЕДЕКТЕРДІҢ МҰҢЫН КІМ ТЫҢДАЙДЫ?

МҮГЕДЕКТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ КӨП. ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, МҮГЕДЕКТІГІН РЕСМИ МЕКЕМЕЛЕРГЕ ТІРКЕТЕ АЛМАЙ ПҰШАЙМАН БОП ЖҮРГЕНДЕР ДЕ, ОН ЕКІ МҮШЕСІ САУ БОЛСА ДА МҮГЕДЕКПІН ДЕП ҮКІМЕТ ПЕН ЕЛДІ АЛДАП ЖҮРГЕНДЕР ДЕ АЗ ЕМЕС. БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖҮРГЕНІНЕ ШИРЕК ҒАСЫР БОП ҚАЛДЫ. АЛАЙДА САНҚИЛЫ ТАҒДЫР ИЕЛЕРІ ТУРАЛЫ АЙТЫЛҒАН, ЖАЗЫЛҒАН СӨЗДІ ЕСТИТІН, ОДАН ОҢ НӘТИЖЕ ШЫҒАРАТЫН СЕРГЕК ҚОҒАМ ӘЛІ ҚАЛЫПТАСА ҚОЙМАДЫ.

Үкімет жанындағы мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесі жұмысының да әзірге нәтижесі байқалмайды. Құзырлы органдар бөлінген, игерілген қаржының есебін беру кезінде атқарылған жұмыстарын тізбелеп, көрсеткіш жақсарғанын айтқанымен, ерекше қажеттілігі бар адамдардың «жағдайымыз түзелді» дейтіні некен-саяқ. «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталындағы 19 қарашадағы мәліметке қарағанда, елімізде бұл әлеуметтік топқа жататын 687 933 адам бар. Оның 83 268-ін балалар мен жасөспірімдер құрайды. Мүмкіндігі шектеулі бұл адамдардың 298,8 мыңы ауылда, 189,1 мыңы қалада тұрады. Ерекше қажеттілігі бар ел тұрғындарының саны жағынан Түркістан (94,4 мың), Алматы (67,2 мың), Қарағанды (66,9 мың), Шығыс Қазақстан (54,3 мың) облыстары мен Алматы қаласы (52,9 мың) көш бастаса, Атырау (22,6 мың), Батыс Қазақстан (24 мың) мен Солтүстік Қазақстан (26,2 мың) облыстары тізімнің соңғы жағында тұр.

САН САПАНЫҢ КӨРСЕТКІШІ БОЛА АЛА МА?
Ресми статистикаға сенетін болсақ еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың үлесі 19 млн-ға жуық республика тұрғынының 4 пайызына да жетпейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше мүгедектердің үлесі өткен ғасырдың 70 жылдары әлем тұрғындарының 10 пайызын құраса, 2000 жылдың алғашқы онжылдығында бұл 15 пайызға дейін ұлғайған. Сондай-ақ халық санының өсуі, медицина ғылымының дамуы мен халықтың өмір сүру жасының ұлғаюына байланысты ол алдағы уақытта өспесе кемімейді деп болжанып отыр. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) да халықтың білімі төмен және жоғары топтарының арасындағы мүгедектердің үлесі 19 бен 11 пайыз аралығында екенін жариялады. Оған мүше елдердің көпшілігінде мүгедектік ерлерге қарағанда әйелдер арасында басым түседі. Дүниежүзілік банк бағалауынша – әлем тұрғындарының ең кедей тұратындарының 20 пайызын мүгедектер құрайды екен. ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, көше балаларының 30 пайызы мүгедектер. Ал мүгедектік мәселесі бойынша заңнамада жүргізілген салыстырмалы зерттеудің нәтижесіне қарағанда әлемдегі 45 мемлекетте ғана мүгедектердің құқы шектелмейді.
БҰҰ-ның Даму бағдарламасының мәліметіне қарағанда мүгедектердің 80 пайызы дамушы елдердің үлесіне тиеді. ЮНИСЕФ дамушы елдердегі мүгедек-балалардың 90 пайызы мектепке бармайтынын анықтаған. 2015 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде мемлекет және үкімет басшылары кедейлікті жоюға, теңсіздік пен әділетсіздікке қарсы күресуге, сондай-ақ климаттық өзгерістерге байланысты мәселелерді шешуге бағытталған тұрақты дамудың 17 мақсатынан тұратын тізімді қамтитын 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы күн тәртібін қабылдады. Дегенмен мәселенің бәрі ерекше қажеттілігі бар жандардың аз-көптігінде емес, оларға жасалған қамқорлық пен әлеуметтік көмектің сапасында. Біздің атқарушы билік органдары соңғы кезде түрлі әкімшілік, әлеуметтік, мәдени, сауда және өзге нысандардағы пандус пен дәретханаларды түгендеп, біз мүгедектердің кіріп-шығуына жағдай жасап жатырмыз деп журналистерді жинап алып есеп беруді дағдыға айналдырып алды. Шындығында бұл Конституция мен өзге де заңнамалар бойынша мемлекет тарапынан кепілдендірілген әрбір азаматтың жеке құқығының орындалуы ғой. Егер бұрын оны талап етушілер аз болса, ол еліміздегі құқықтық сауаттың деңгейіне байланысты емес пе деген пікір айтылып та, жазылып та жүр. Алайда оның бәрі айтылған, жазылған жерінде қалып қоятындай әсер қалдырады. Мәселен, Үкіметтің 2019 жылғы 28 мамырдағы №326 қаулысы бойынша бекітілген «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар» бойынша еліміздегі ерекше қажеттілігі бар адамдардың 61,5 пайызы еңбекке жарамды жаста, 25,7 пайызы зейнеткерлік жаста, 12,8 пайызы 18 жасқа толмағандар. Олардың үлес салмағы салыстырмалы түрде тұрақты және соңғы жылдары бүкіл халықтың 3,7 пайызын ғана құрап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша адам денсаулығының 50 пайызы қоршаған ортасының, таңдау құқығының, тұрмыс сапасының және денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне қолжетімділігінің әсерімен қалыптасатын өмір салтына тәуелді. Тек 10 пайызы ғана медицина жүйесіне байланысты. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның нормаларын іске асыру мақсатында енгізілген 24 заңнамалық акті, оның ішінде 3 кодекске әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету, әлеуметтік саладағы көрсетілетін қызметтерді жетілдіру бойынша түзетулердің игілігін ерекше қажеттілігі бар адамдар көзімен көріп, қолымен ұстап сезінуі үшін Президент тағы да өзі араласып, тапсырма беруі керек пе?

Нұрмұрат ЕРМАНОВ, Қызылорда облысы әкімінің мүгедек адамдардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі:
– Біздің елімізде мүгедектердің құқы қорғалып жатыр деп айта алмаймын. Басқасын былай қойғанда мүгедек адамдарды жұмысқа орналастырудың 3 пайыздық квотасының өзі орындалмайды. Заңның осы талабы сақталған жағдайда олар қоғамның бір мүшесі ретінде өзін еркін сезініп, ешкімге алақан жаймай-ақ өзін-өзі тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік алар еді. Қазір жасыратыны жоқ олардың контор жағалап жүрген 1 пайызы ғана үкіметтен бірдеңе алады. Үйінде отырғандар қолдаудан тыс қалған. Тіпті әлі күнге дейін өзінің мүгедектігін ресми органдарға дәлелдей алмай жүргендер де бар. Мемлекеттің мүгедектікті анықтауға қатысты қолданыстағы заңнамасы бойынша қолы жоқ, аяғы жоқ адамға да, не қолының бір саусағы немесе аяғының бір башпайы жоқ адамға да мүгедектік дәрежесін белгілеген кезде үшінші топты береді. Онымен қоймай қолы, аяғы жоқ адам оның өзін дәлелдеу үшін әр 5 жыл сайын қайта тексеруден өту керек. Жоқ нәрсе ешқашан қайта өспейді ғой. Бұдан кейін ерекше қажеттілігі бар адамдарға барлық жағдай жасалған деп қалай айтасың. Олар өзінің білімін, тәжірибесін, кәсіби біліктілігін, шығармашылық қабілетін қоғам игілігіне пайдаланып, оның көркейіп, дамуы үшін үлес қосуға дайын екенін қалай көрсетіп, дәлелдейді?

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий (1)

  1. Мугедектерге неге кредит бермиди ен болмаса белгили бир багада Бул мугедектерди адам катарына коспай кемситкени емес па Занын? Кандай жерге барып айта аламыз

Комментарий