Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ҮШ САТЫЛЫ СОТ: ҮМІТ пен КҮДІК

Тәуелсіздік алған уақыттан бері заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығы мен бостандығын әділетті қорғауда атқарылған жұмыс аз емес. Соның ішінде іргелісі – сот сатыларын бес сатылы жүйеден үш сатыға көшіру болды. Мұндағы мақсат барлық сот сатыларындағы істердің қаралу мерзімін қысқарту, азаматтардың уақытын, қаржысын үнемдеп, әурешілікке салмау.

Бастаманың өзін-өзі қаншалықты ақтағанын тек тәжірибе көрсетсе керек. Осы ретте биыл өткен республика судьяларының VІІІ съезінде дәл осы үш сатылы сотқа қатысты біраз ұсыныстар айтылды. Апелляцияның жұмысын жандандыру қажеттігі сөз болды. Сонымен бірге сот ардагері Бекет Тұрғараев: «Бес сатылы сот жүйесін үш сатылы етеміз деген теріс түсінік. Шындығында бізде төрт сатылы жүйе бар еді, бірінші саты – аудандық соттың іс қарауы, екінші саты – кассациялық соттың облыстық сотта қаралуы, үшінші саты – облыстық соттың қадағалау ретінде қаралуы, төртінші саты – апелляциялық соты Жоғарғы Сотта қаралуы керек болатын. Ал бесінші саты деп жүргендері Жоғарғы Соттың пленарлық мәжілісінде істі қайта қарау. Оған жеткен іс болған емес. Сонда біз не ұттық, неден ұтылдық, сот сатыларының атын ауыстырдық та, облыс деңгейінде шешімін табатын істерді Жоғарғы Сотта қарайтын етіп, кассациялық саты құрып, облыстық соттың қадағалау сатысын жоя отырып, жергілікті жерде шешілетін істерді астанаға алдырып, халыққа қолайсыздық туғыздық» деген пікірін білдірді.
Әрине, қанша адам болса, сонша пікірдің айтылатыны қалыпты жағдай. Оның үстіне, сотпен қоян-қолтық жұмыс істейтін жандардың өзі аралық сатылардың қысқаруын игі іске балаған. Ендеше, не өзгерді? Ардагер-судья айтқандай арыз-шағымдардың Ақордаға жолдануына үш сатылы соттың әсері бар ма? Бейнелі түрде айтқанда, адамдар өзінің құқығы мен мүдделерін қорғаудан үміт ететін бес сатылы сот билігі едәуір дәрежеде қайта құрылымдалды. Яғни азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру үшін оның екі сатысы алынып тасталды. Соған сай сот төрелігі барынша жедел, штаттық тұрғыда күшейтілген, едәуір жаңартылған, техникалық тұрғыда жабдықталған. Негізгі рейтингтік өлшем бойынша сот жүйесі халықаралық стандарттарға сай келетін болды. Жоғарғы Соттың ресми өкілі Айдос Садуақасовтың айтуына қарағанда, үш сатылы сот жүйесі енгізілгенге дейінгі кезеңде, мәселен 2013 жылы 11347 істің күші жойылған, немесе өзгертілген. Бұл жалпы істердің 1,4 пайызы. 2019 жылы бұл көрсеткіш 10100, яғни жалпы істердің 1,3 пайызын қамтыды. Облыстық сатыдағы істердің сапасына келсек, 2013 жылы 1330, нақтырақ айтқанда барлық істердің 1,7 пайызының күші жойылып, өзгертілген, 2019 жылы олардың саны 1994 болып, 1,7 пайызды қамтыды. Қорыта айтқанда, істерді қараудың сапасы сақталып отыр. Бірінші сатыда, облыстық соттардағы жауапкершілік едәуір артты. Кассацияның тиімділігі бұрынғыға қарағанда ұлғая түсуде.
Бұрын бес сатылы сотта бір адам 2,5 жылға дейін уақытын жоғалтатын болса, қазір әрі кеткенде бір жыл, негізінен 7-8 ай ішінде, кей жағдайда үш-төрт айдың ішінде істерге нүкте қойылып жатыр. Бұл сонымен қатар адамдардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, жүйкесін жұқартпай өз қолына сот актісін алуына, тіпті кей жағдайда тараптарды татуластырып істі тоқтатуға да негіз болуда. Алайда, сот процесіне қатысатын тараптар өкілдері мен қорғаушылардың пікірі бөлек. Бұл ретте әсіресе адвокаттардың базынасы көп. Олармен пікірлескенде түйгеніміз – бұрынғы бес сатылы сот жүйесінің үш сатыға ауысуы проблемаларды көбейтпесе, азайтқан жоқ. Соңғы реформа сот төрелігіне қолжетімділікті арттырамыз деп, керісінше кемітіп алды. Мәселе істерді екінші, үшінші сатыда қарау кезінде туындап отыр. Апелляциялық сатыда қаралған істер көбіне өзгеріссіз қалады.
– Мәселен, аудандық соттың үкім мен шешімдеріне келіспеген тараптардың апелляциялық сатыға жазған арыздарын ондағы үш судья жиырма минуттың ішінде қарап, шешім шығарады. Онда қосымша берілген өтініштер жан-жақты қаралмайды, сот сараптамасын қайта тәуелсіз өткізу туралы арыз да ескерусіз қалады. Көп жағдайда бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілмейді. Негізі онда үш судья мейлінше асықпай, бірінші сатыдағы сотта қамтылмай қалған куәлерді шақырып, істі мұқият зерделеуі керек қой. Қандай қосылған дерек болса да назарға алынып, қаралуы керек. Мысалы, сот сараптамасы бұрмаланған шығар, оған күмән туып тұр, олай болса, оны арнайы комиссияға қайта сараптату азаматтың құқы. Егер бұған жол бермесе оның несі апелляция? Не үшін жалақы алып отыр? Егер тараптар өз құқын ол жерде жүзеге асыра алмаса, онда бұл сатының қандай қажеті бар? – дейді қорғаушы Әлімжан Жұбатқанов.
– Оның бұл пікірін әріптесі Бақытжан Омарханов та құптап отыр. Жоғарғы сатыға тараптар үкім немесе шешіммен келіспегендіктен арызданады. Өздерінің қосымша дәлелдерін, жасатқан сараптама қорытындыларын ұсынады. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы бұл сатыда тіпті қаралмайды деуге болады. Мұндай жағдайда апелляциялық соттың жұмыс істеуінде қандай қисын бар? Бұрынғы көп сатылы сот әлдеқайда жақсы еді. Онда процесс қанша жерден ұзаққа созылса да істің сапалы қаралып, әділдікке жетуге мүмкіндігі бар болатын. Ал, қазір көп жағдайда іс қаралмайтындықтан, шешімдер өзгеріссіз қалдырылады, – дейді.
Бұрынғы судья, қазіргі адвокат Ләззат Ахатованың айтуынша, жалпы бес сатылы болсын, үш сатылы болсын сот жүйесі бұрынғы қалпы. Тек үш сатылық жүйедегі кейбір ережелер ондағы кемшіліктерді арттыра түсіп отыр. Мысалы кейбір істер қайта қаралуға жатпайды деген талап қойылған. Осының салдарынан тараптар қабылданған үкім немесе шешімге келіспесе де қайта шағымдана алмайды. Жоғарғы соттың ресми өкілі Айдос Садуақасов бұл пікірді құптай қоймады. Оның айтуынша, адвокаттардың қолындағы бір-екі іске сүйеніп тұтас республикадағы сот практикасына, немесе сот жүйесінің дамуына баға беру – әділетсіздік. Мұндай қорытынды жасау үшін кемінде төрт-бес өңір бойынша үш сатылы сот жүйесіндегі барлық деректерге талдау жасау керек. Десе де, Айдос Қартаңбайұлы жалпы заңгерлер қауымдастығы тарапынан осындай наразылықтардың жиі айтылатынын жоққа шығармады. Апелляциялық сатыда кемшіліктер жоқ емес, бар. Оның жұмысының сапасын арттыру мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Ал Жоғарғы Сотта істерді алқа қарауына жіберуді бір судьяның қарап, шешуі әлемдік тәжірибе. Енді қазіргі таңда қоғамның пікірін ескере отырып, Жоғарғы Сот бір судьяның жеке дара істі қарауын жойып, көптеген істер санаттарын алқалы құрамда қарау туралы ұсыныстарын Парламентке енгізіпті. Олар қазір мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Алдағы уақытта, бұл тұрғыда нақты шешім қабылданады. Ол шара қоғамның сенімін арттыруға ықпалын тигізері анық. Әрине, ештен кеш жақсы. Бірақ осындай шаралардың неліктен алдын ала зерттеліп, зерделеніп жүзеге аспайтыны қынжылтады. Ең өкініштісі, оның зардабын бәрінен бұрын қарапайым халық көріп, салдарынан әділдікке, заңдылыққа деген сенімдеріне селкеу түсіп жатады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті» 

 

Комментарий