Қоғам | Общество

Шымбұлақ қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, 2020-2021 жылғы қысқы маусымын ашты

16 қарашадан бастап Шымбұлақ тау шаңғысы курорты өзінің кезекті маусымын ашты. Коронавируспен күреске байланысты шектеулерді ұстана отырып жұмыстың басталуы – бұл маусымның өзіндік бір ерекшелігі. 

Сонымен, 16 қарашадан бастап курорт аумағында пандемияға байланысты ереже де тәртіп те ерекше. Келушілердің барлығы міндетті түрде медициналық бетперде тағып, дене қызуын өлшетуі тиіс. Ал аспалы жолдың кабинасына 4 адамнан артық отыруға рұқсат жоқ. Жұрт көп жиналатын аумақтарға әлеуметтік қашықтықты сақтау жөнінде арнайы белгілер қойылған. Қаланың санитарлық қызметтер курортқа келетін қонақтар санына да шектеу қойған. Ол 30 пайыздан аспауы тиіс, яғни күніне 2700 адам. Әрі курорт аумағына кіру уақыт бойынша бөлінген. Енді шаңғы тебу үшін билетті түске дейін немесе түстен кейінгі мезгілге алуға болады.

-Ескертпелер мен шектеулерге ерекше мән береміз деп атап өтті Шымбұлақ ТШК Бас директоры Ринат Әбдрахманов.Жұмыс таңертең курорт қызметкерлерінің жағдайын тексеруден басталады. Сондай-ақ біздің қызметкерлер келген қонақтарға бетперде тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды міндетті түрде ескертіп отырады. Сондықтан, барлық қонақтардың осы талапқа атүсті қарамауын өтінеміз.  

Қонақтарға ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы үшін Shymbulak биыл билет сатылымы мен басқа да қызметтің онлайн түріне басымдық беріп отыр. Негізі курорт заманауи смартфон қосымшаларын былтырдан бастап пайдаланады. Ал 2020-2021 жылғы маусымға билетті shymbulak.com сайтынан, сондай-ақ Halyk Bank, Kaspi Bank,  ЦентрКредитБанкі, «Тикетон», Chocolife пен Rahmet онлайн-платформалары арқылы алуға болады. Онлайн түрде тау шаңғысына қажет құралдарын жалға алуға және тау шаңғысы мектебіне жазылуға да мүмкіндік бар. Бүгінде курорт қонақтарының 70 пайызы қызметті онлайн түрде алады.

Белсенді демалысты сағынған қонақтар үшін Шымбұлақтың жаңа маусымда ұсынар жаңалығы да көп. Бірінші кезекте – сырғанайтын жаңа шаңғы жолы дайын. 1 ақпаннан могулге арналған арнайы жол қолданысқа берілмек. Онда спортшылардың фристайлмен айналысуына, мини-трамплиндерден секіріп, шеберлігін шыңдауға жағдай жасалған. Бұл жол негізі жарыс өткізуге, дайындықты пысықтауға арналған. Бірақ өзінің мүмкіндігін байқап көргісі келетін кез-келген қонақ үшін де ашық. Жанында тау басына көтеретін арнайы қанатты жол да салынған. Ол арқылы Шымбұлақтың батыс бетіне шығуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Шымбұлақта ең экстремалды аттракциондардың бірі – Gorilla ZipLine ашылды. Енді екі бағананың арасына тартылған 555 метрлік арнайы арқан арқылы сағатына 80 шақырым жылдамдықпен төмен құлдилауға болады. Ал мәре сызығы Медеуге баратын аспалы жол стансасы қасында. Gorilla ZipLine әлемге танымал компаниялардың өнімдерімен жабдықталған. Сондықтан барлық қауіпсіздік талаптарына сай. ZipLine-ның мұндай 500-ден аса аттракционы Канада, Норвегия мен БАӘ сияқты бірнеше елде бар.

1 желтоқсаннан бастап қонақтар үшін Талғар асуында Versheena дәмханасы мен жаңа алаң жұмысын бастайды. Ал ол таудың тұма табиғатын тамашалауға таптырмас орын. 2020 жылы дәмхананы жөндеу кезінде салынған шыны дәретхана қазір курорттағы ең ерекше орынның біріне айналып үлгерді. Сондай-ақ, желтоқсаннан бастап осы Талғар асуында визит-орталық пен экспресс-кафенің есігі ашық. Ал Медеудегі аспалы жол стансасында шале стиліндегі заманауи үлкен ақпарат орталығы мен мейрамхана ашылады. Осылайша, Шымбұлақ ағаштан жасалған сән-сәулетімен және кез-келген жастағы қонақтың көңілінен шығатын орындарымен Альпінің әйгілі курорттарынан кем түспейтін дәрежеге жетіп қалды. Сондай-ақ Медеудегі станса аумағында WashMe көлік жуу орны қызмет көрсетіп жатыр. Бағасы 2000 теңгеден басталады. Мұнда моторды жуудан бастап, химиялық жолмен тазалауға дейінгі барлық қызмет түрі қолжетімді. Ал клиенттері үшін автотұрақ тегін.

Шымбұлақ ТШК ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып жұмысын бастап отыр.  Түрлі шектеуге қарамастан, курорт пандемия кезінде де өз қонақтарының тән саулығын жақсарту жолында аянбай тер төге бермек.

Комментарий