Детектив

ҚАН ТАМҒАН КҮН

– Мен сізге ештеңе айта алмаймын, – аурухана керуетінде жатқан жігіт көзін жұмды – Берекетімді қашырмай жайыма қалдырыңыздар. Сіздерге мен арыз жазған да, шағымданған да жоқпын. Мазамды алмаңыз!

– Эльдар тыңда, – деді Арман оған тіке қарап – Сен шағымданбасаң ата-анаң келді. Соларды неге ойламайсың? Өзің үшін өлуге дайын адамдарға жаның ашымайтыны қалай? Тіпті  олар арызданбаса да адамға оқ атып жаралау ауыр қылмыс. Сен жасырғаныңмен, біз  ол адамды  табамыз. Жазадан қашып құтылмайды.

– Мен сізге таза қазақша айттым ғой. Мылтық кездейсоқ атылып кетті. Сол себепті мен жараландым. Қаруға дұрыс қарамаған өзім кінәлімін. Ешкімге қояр талабым жоқ.

– Сосын жүгіріп барып жолға құладым дейсің, – Арман аздап дауыс көтере сөйледі – Жұрттың бәрін ақымақ көресің бе? Сен осы бізді кім деп ойлайсың? Қару өздігінен  қалай екі рет атылады? Бұл сөзіңе сенуге болар еді, егер оқ бір рет атылса. Онда да сен қасында тұруың қажет. Ту сыртыңнан, бірнеше метр қашықтықтан атылып, оқ жауырыныңнан және саныңнан тиіп отыр. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында, ота жасалып өмірге қайта оралдың. Ол мылтық қайда? Біз қылмыс болған жерден таппадық. Тағы бір сұрағым неге өзіңнің  көлігіңе қарай жүгірмей, асфальт жолға қаштың. Мылтық өздігінен атылса адам олай етпейді. Бала емессің, ақыл тоқтатқан жігітсің. Өмірің әлі де қыл үстінде тұр. Неге ақылға келмейсің? Қашқан бойы жолға жетіп үлгермегеніңде, келе жатқан көлік тоқтамағанда ендігі мына жерде жатпас та едің. Қылмыскер тірі қалғаныңды білсе қайтып келіп көзіңді жоюы мүмкін…

– Ол мылтықтың қайда екенін мен білмеймін! Инспектор мен біреуден қашқан жоқпын, қияли ойға кетпеңіз. Әңгіме бітті! Сізге басқа айтарым жоқ! Шығыңыз, босатыңыз палатаны! Дәрігер қайдасыз? – деп Эльдар дауыстаған соң Арман амалсыз орнынан тұрды.

Осымен екі рет келген тергеуші бір-ақ нәрсені түсіне алмады. Ол – Арманның қылмыскерді жанын сала қорғаштауы. Неге? Мұнда қандай жасырын сыр бар? Өзін өлтірмек болған адамды ұстап бермейтіні несі? Бұл кеше қылмыс болған жерді түгел қарап шықты. Табылған гильзаны сараптамаға жіберді. Шөп үстіне тамған қан асфальт жолға қарай созылып жатыр. Демек, жәбірленуші соған дейін жүгірген. Біреу қару кезенбесе ол неге қашады? Қылмыс болған жерден табылған тағы бір айғақ биік өкшелі туфли. Эльдардың ол жерге көлікпен  барғаны да бұған мәлім. Көлігі орман шетінде қалған. Қасында екінші көліктің де ізі жатыр. Сонда бұл жігіт кімдермен кездесіп қалды? Жанында болған қыз кім? Жартылай ішілген сыра, ашылмаған сусын шөлмектері жатыр. Табылғанның бәрі қол таңбасын алуға сараптамаға берілді. Шөп жапырылуына қарағанда жерге әлдебір төсеніш төсеген тәрізді. Ол жоқ. Кім әкетті? Эльдардың көлігінде де пакетке салынған азық-түліктер тұр. Сірә, оны қыз ала шықса керек. Бірақ, қылмыс болған жерге жеткізіп үлгермеген. Екеуі табиғат аясында жақсылап демалуды ойлаған. Екінші көліктегі кімдер? Қашан келді?

Жігітті құтқарып қалған жүргізуші мандытып ештеңе айта алмады. Қылмыс орын алған жерге жақындап қалғанда тарс еткен мылтық дауысын естіген. Құс, аң атып жүрген біреулер шығар деп мән бермеген.

– Қазір тамыз айы, құстың семіретін мезгілі, – деді ол тергеушімен әңгімесінде – Сол себепті солай ойладым. Анау жігіт қанға боялған күйі жолға жүгіріп шығып, көлігімнің алдына құлағанда үрейім ұшты. Күн бата бастаған уақыт болған соң бастапқыда шайтан екен деп қалдым. Тоқтадым. Тар жолда айналып кете алмаймын ғой, үстінен таптап өтпесем. Артынша айқайлаған дауыс шықты. Одан бетер қорқып, тұла бойым дірілдеп кетті. Құдайға сыйынып, жолға құлаған жанға жақындап барып, аударып қарасам жап-жас жігіт. «Аға! Көмектесіңізші», деп орман жақты нұсқады. Алайда, ол жерден ешкімді көрмедім. Не айтқысы келгенін түсінбедім. Дереу жігіттің арқа жағына тұрып, екі қолтығынан ұстап сүйрелеп, басқаша істей алмаймын ғой, көлігіме салып  ауруханаға жеткіздім. Егер cол жерге тастап кетсем, кейін ар-намысым мазалап, жанымды қоярға жер таппас едім.

– Сіз жаңа орман жаққа қарадым дедіңіз ғой. Сонда оғаш ештеңе байқаған жоқсыз ба? Жарық немесе адам сұлбасын.

– Шындығына келсек, мен ол жерде көп қалуға қорықтым. Әлгі жігітті қанжоса қылғандарға кезікпей тұрып, тезірек кетуге асықтым. Олар мені де өлтіре салудан тайынбайды ғой.

– Айтуыңыз  орынды, – деді Арман – Нағыз қылмыскерлер құрбандығын да, куәгерді де тірі қалдырмайды. Демек, олар кім болса да кәнігі қанішерлерге жатпайды. Әрі көлікте сізді жалғыз емес деп ойлауы да мүмкін. Тағы бір сұрақ! Жаңа ғана әлдекімнің айқайлаған дауысын естідім дедіңіз? Ер адамдікі ме, әлде әйел дауысы ма?

– Әйел адамдікі, – деген жүргізуші сәл ойланып барып, сөзін жалғады – «Эльдар», деді. Жас қыздың дауысы болып естілді. Мен кетіп қалдым ғой. Оған не болғанын білмеймін. Өз қауіпсіздігім мен қасымдағы жаралы жігітті де ойлауым керек емес пе? Құр қол қарулы адамға қалай қарсы тұрамын? Олар нешеу екенін де білмеймін. Сол жерге жасырынып аңдысам, көлігімді көрген соң бәрібір іздеп табады. Бұл үшін мені кінәламайтын шығарсыңдар?

– Әрине, – деген Арман тағы біраз сұрақтар бергеннен соң, қайда тұратынын, телефон нөмірін жазып алып оны жайына жіберді. Телефон демекші жаралы жігіттің телефоны да таптырмады. Үйіндегі ата-анасы оның «Самсунг» ұстайтынын айтқан соң іздеткен, әзірге нәтиже жоқ. Ендігі мәселе қызда! Ол кім? Егер жігіттің нақсүйері болса неге іздеп келмей жатыр? Эльдар араласатын жігіттерден сұрап қараған, олар кіммен кездесіп жүргенін білмейді екен. Неткен жұмбақ жан?! Қалай десе де қыздың бұл қылмысқа қатысы бар. Егер ол тірі болса ерте ме, кеш пе бәрі анықталады. Қызды жігіттің қасынан күштеп алып кеткен. Әйтпесе туфлиі қала ма? «Оны да сараптамаға беріп тастағам, бір ілік шықса жақсы болар еді. Екі жігіт бір қызға таласып жүрді ме екен? Эльдардың көлікке қызды мінгізгенін көріп, аңдып, арттарынан ілескен. Сосын жігітті атып, оны өздерімен әкеткен. Мұның қисыны келмейтін сияқты. Өлімнен қорықпай, оқ атқан адамды айтпай қасарысып  жатқан жігіт қызды оларға бере сала ма? Сол жерде айқасып өледі ғой. Айқасып демекші оның денесіне жарақат іздері түскен, ұрып-соққан» Осылай ойлаған ол сол күні жігітті соңғы рет кімдер көргенін анықтауға кірісті.

Арман ертеңіне Эльдар күнде жүретін көшелермен өтіп шықты. Қылмыс орын алатын күні бір жігіт оның алқызыл раушан гүлдерін сатып алып жатқанын көрген. Сұраған екен, жігіт күліп: «Анама алдым», дей салған. Оның сөзін гүл сатушы әйел де растады. Алайда, анасына апармаған. Тағы бірі көлігімен келе жатқанын, ішінде әлдебір қыз отырғанын байқапты. Арман көліктің жүріп өткен жерлерін бейнекамералар арқылы тексеріп қарады. Иә, көлік оған түсіпті. Бірақ, ішіндегі қыздың бейнесін анықтау мүмкін болмады. Ол қаладан өткенше көлікте отырған. Сараптама жасалғанда қыздың туфлиі бір рет жөнделген болып шықты. Осыдан үміт жібін көрген тергеуші туфлиді ұстап аяқ киім жөндейтін орындарды шарлады. Тек, кешке таман ғана бір шеберханадағы етікші өзбек  қарт: – Жасым біразға келсе де есте ұстау қабілетіме өкпем жоқ. Бір ай бұрын маған осы туфлиді жөндетуге бір бойжеткен келді, – деді.

– Сіз оны сипаттап бере аласыз ба?

– Қара торы, дөңгелек жүзді, сұңғақ бойлы, қой көзді, пұшық мұрын, қара шашты, шиедей еріндері үлбіреп тұр. Өзі текті, әлеуетті жерден шыққаны үстіндегі қымбат киімінен байқалады – деген қарт сәл жымиды – «Аға!, – деді ол – Мына туфли менің сүйікті аяқ киімім. Бірнеше жылдан бері тастауға көзім қимай киіп келемін. Өкшесі түсіп қалды. Қағып бересіз бе?». «Шырағым-ау сен мұндай қымбат туфлидің жаңасын алмайсың ба? Оған жағдайың тартатын адам сияқтысың». «Олай етуіме болар еді, – деп қыз жымия қарады – Бірақ, мұны кезінде анам әперген. Ол кісі қазір жоқ. Сол себепті осы туфли маған құнды нәрсе. Өзім үшін аяулы жаннан қалған асыл заттай көремін». «Анаң аяқ киімнен басқа естелікке құнды нәрсе  қалдырмады ма?», дегім келді де, көңіліне келер деп үндемей өкшесін шегелеп бере салдым. Мен аяқ киімін жөндеп болғанша қолындағы сырты сары  телефонымен әлдебір жігітпен сөйлесіп тұрды. «Қазір шығамын жаным!», деді.

Осылайша қыздың фотосуреті де салынды. Етікші қарт оны бірден таныды. Қазіргі технология суреті бойынша адамды тез тауып береді ғой. Қыздың есімі Қарлығаш, өзі студент  екенін анықтау қиынға түспеді. Алайда, ол тұратын үйге іздеп барғанда әкесі қайда екенін білмеді. Үш күн бұрын «Бір құрбым тұрмысқа шығады, соған қосшы болып ілесемін», деп кеткен. Бұлар тұрмысқа шығатын жанның аты-жөнін де сұрамапты. «Қызық адам! Жалғыз қызы үш күн бойы жоқ. Оны іздеудің, алаңдаудың орнына үйіндегілердің бәрі жайбырақат жүр» Инспектордың көңіліне күдік кірді.

Бұл  сұрақты қойып еді қыздың әкесі: – Іздемей жатқан жоқпыз, қайда жүргенін білейік деп ұялы телефонына бірнеше рет қоңырау шалғанбыз, көтермеді, – деді.

Үстелдің екінші шетінде отырған ағасы: – Сізге құрбысына қосшы болып ілесті деген жоқпыз ба? Той бірінші күні жігіттің, екінші күні қыздың үйінде өтеді. Үшінші күні жүрген шығар келін шәйін ішіп. Келмей жатса полицияға  хабар береміз. Әзірге елді дүрліктіргенді қаламаймыз, – деді зілді үнмен.

Тергеуші  бұл адамдарға орын алған қылмысты айтып, сұрақ қойып еді, еш нәтиже шықпады.  Қыздың телефон нөмірін жазып алып, соңғы рет кімге соққанын анықтатты. Ол сөйлескен басқа да нөмірлер бойынша хабарласып, қасына учаскелік инспекторды ерткен Арман Қарлығаштың құрбыларын, таныстарын, достарын түгендеді. Ешқайсысына бармаған. Күйеуге шығып жатырғандары да жоқ. Қыздың әкесі, ағасы бұған неге өтірік айтты? Бәлкім  қыздың өзі  оларды алдап кеткен болар? Құрбылары оның жігіті барын тергеушіден бірінші рет естіп отыр. Етікші өзбек шал қыздың қолынан сырты сары түсті  телефон көргенін айтқан. Жаңа Қарлығаштың  үйіне барғанда бұл тап сондай ұялы телефонды көзі шалды. Терезе алдында тұрды. Екінші рет сол жерге бұрылып қарағанда таппай қалды. Әкесі Қарлығаштың ұялы телефонына қоңырау соққанда алмағанын айтты ғой. Телефон үйде жатса қалай көтереді? Мүмкін мұның көргені отбасы мүшелерінің біреуінікі шығар. Алуан түрлі ойлар байыз таптырмаған тергеуші қыздың отбасы жайлы маңайындағы көршілерінен сұрастырып көргенді жөн санады. Біле түскеннің артығы жоқ. Олардың бірі бұл жанұяның айналасындағы адамдармен көп араласа бермейтінін жеткізді.

– Қарлығаш бір жігітпен кездесіп жүрді. Жігіт келгенде бұлардың үйіне жақындамай қашықтау жерде тұрады. Соған қарағанда оны қыздың ата-анасы мен бауырлары жақтырмайтын сияқты, – деді көршісі. Ол адам сипаттаған көлік Элдардікінен аумайтын болып шықты.

Жігітке қастандық жасаған қыздың ағасы болуы да мүмкін. Оған куә қызды үйден шығармай, қылмысты жасырды ма? Бай тұратындар қарапайым адамдарды өздерімен тең санай бермейді. Бірақ, «Жол мұраты жету, қыз мұраты кету», дегендей қарындасын күйеуге бермей отырмайды ғой. Жасы келген қыз байлап ұстасаң да тұрмайды. Арман енді осы отбасынан күдіктеніп бақылауға алды. Учаскелік инспектор екеуі қарапайым киініп, түнделетіп қыздың үйіне келіп терезелерінен сығалады. Тып-тыныш. Кенет бір бөлменің жарығы жағылды. Терезе пердесінің сәл ашық тұсынан Қарлығаштың бөлмесінде  жүзін басып жылап отырғаны көрінді. О, тоба! Әкесі мен ағасының үйде жоқ дегені қалай?

Ертеңіне сау ете қалған полиция қызметкерлері оқ атылған мылтықты да осы үйден тапты. Сараптама онда қыздың да, ағасының да саусақ таңбалары барын анықтады. Қарлығаш жылап отырып тергеушіге бәрін айтып берді. Қыздың үй-іші  жұпыны тұратын Эльдарды өздерінен төмен санаған. Бір рет екеуін бірге көргеннен соң қызға қатаң тыйым салған. Осыдан кейін екі ғашық жасырын кездесе бастаған. Алайда, мұны да біреулер байқап қалып ағасына жеткізген. Үйдегілер бұған тағы да қатты сөйлесе де, қыз бәрін жоққа шығарған. Сол күні Эльдар орман ішіне барып, екеуара көңіл көтеруді ұсынады. Қарлығаш қорықса да айтқанына көнеді.

– Егер «Романтикалық кеш» ұйымдастырамын, тек екеуіміз боламыз», дегеніне келісе салмағанымда мұның бірі де болмайтын еді. Бәріне мен кінәлімін. Енді сол ағаттығымның кесірінен сүйгенім азап шегіп, екі ағам сотталады, – деді қыз солқылдай жылап – Неге алды-артымды ойламадым? Біз бәрібір қосылуға бел буғанбыз. Эльдар: «Ата-анаң көнбесе, алып қашып кетемін», деген. Ол үлкен ағамның досы. Үйімізге жиі келіп жүргенде таныстық. Мен оны шексіз сүйемін. Алайда, әкем де, ағаларым да онымен байланысыма қарсы болды. Сол күні біз орманға барысымен артымыздан екі ағам жетті. Аңдып жүрген немесе біреу айтқан шығар. Келген бойда екеуі жігітіме жабылды. Не істерімді білмей қалдым. Орталарына түсіп едім, екінші ағам бір шетке итеріп жіберді. Құлап түсіп, жылап отырдым. Эльдар мықты жігіт қой, әл бермеген соң үлкен ағам қолына ұстай келіп, терекке сүйей салған мылтығының дүмімен ұрып  құлатты. Мен ұшып тұрып оның қолындағы қаруға жармастым. Осы кезде орнынан тұрған Эльдарға екінші ағам ұмтыла берді. Жылаған күйі үлкен ағамның қолындағы мылтыққа жармасып, алысып  жүргенімде ол оқтаулы екен, байқаусызда атылып кетіп, оқ жігітімнің иығынан тиді…

– Жылай бермеңіз! Мә, су ішіп алыңыз. Одан әрі не болды?

– Эльдарға тұра жүгірген едім, үлкен ағам айқайлап оған жібермеді. Сол кезде екінші ағам жерде жатқан мылтықты оқтап: «Ағам мен қарындасым сендер кінәлі емессіңдер. Бәрін өз мойныма аламын», деп айқайлап жігітке кезенді. Жігітім  қансыраған күйі асфальт жолға қарай қашты. Үлкен ағам екеуіміз тоқтатқанша мылтық екінші рет атылды. «Эльдар», деп айқайладым да есімнен тандым. Содан бірнеше күннен бері үйқамақта отырдым. Телефонымды тартып алды.

Қарлығаштың үлкен ағасы мылтықты Эльдарды өлтірейін деп алып шықпаған екен. Құс атуға барғалы жатқанда, қыздың жігітпен бірге орманға қарай кеткенін дүкеннен қайтқан көршісінен естіген. Ашуы басқа шауып, інісін ертіп көлігіне отырған. Қойылған сұраққа: – Ол жігітті қалай сүйіп қалғанын, несіне қызыққанын білмеймін. Эльдар екеуіміз жақсы дос болдық. Оның қарындасымда ойы барын білгеннен кейін арамыз суыды. Қарлығаш үйдің кенжесі, бетінен қақпай, ештеңеден мұқтаждық көрсетпей өсірген ерке қыз. Қайдағы бір қарабайыр жігітке емес, өзі сияқты бай адамға күйеуге шығып, қолын жылы суға малып отыруы керек еді. Адам өлтірейін деген ниетім болған жоқ. Біз Эльдарды жақсылап қорқытып қойғанды жөн санадық. Өзіңізді менің орныма қойып қараңызшы. Жек көретін адамыңыз қарындасыңызды орманға оңаша алып кетсе қайтер едіңіз? Мылтықты ол жерге апарған себебім жоғары қаратып атып: «Енді қарындасыма жоласаң, оқты саған бағыттаймын», деп сескенткім келген. Бәрі трагедияға айналып кетті. Кінәлімін, қылмысымды мойындаймын. Ең бастысы ол тірі қалды ғой. Қылмыс жасасам да, адам қанын мойныма жүктеген жоқпын. Егер өлтірейін деп ойласақ сол жерде оны жүзеге асыра алатын едік, – деді.

Қыздың екінші ағасы да осыған ұқсас жауап берді. Арман жігіттің қылмыскерлердің атын неге атамағанын енді түсінді. Сүйген қызы сотталып кетеді деп қорыққан. Тек соның көңілі үшін оның ағаларын да кінәлі етіп шығарғысы келмеген. «Тірі қалдым, әдейі жасалған қастандық емес», деп ойлап арызданбаған. Бірақ, заңның өз өлшемі бар. Соған сәйкес қыз кінәлі деп табылмағанымен екі ағасы жауапкершіліктен жалтара алмайтын.

Қанат ҒҰМАРОВ,

Құрманғазы ауданы,

Атырау облысы.

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ
Загрузка...

 

Комментарий