Судья мінбері | Судебная система

Дауды бітімгершілікпен шешудің берері көп

“Дау мұраты – біту” екенін ескерсек, бүгінгі күні еңбек қарым қатынасында туындаған дау жанжалдарды медиациялық жолмен реттеу өзінің ең тиімді әдіс екенін дәлелдеп келеді. Сондықтан күн өткен сайын медиациялық жолмен реттелетін істердің де қатары көбеюде. Атап өтер болсақ медиация ең алдымен азаматтардың уақыты мен ақшасын үнемдеуге жол ашады. Яғни, сот өндірісімен салыстырғанда, дауды бітімгершілік арқылы шешу көп уақыт алмайды. Даулар тез арада, шешіліп бітімге келеді.

Сонымен қатар тараптардың шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бітімгершілік үдерісінде жеңілген және жеңімпаз деген болмайды. Бұл жерде медиацияның міндеті – екі тарапты да қанағаттандыратын шешім табу. Осындай алтын аралықпен келісіліп біткен іске екі жақтың да көңілдері толып, тарқасады. Тараптар өз мүдделерін қаншалықты ашық айтса, соншалықты оларды қанағаттандыратын шешім шығармашылықпен әзірленеді. Сотта шешім қабылдаудың мұндай әдісі қолданылмайды. Үшіншіден, шешімнің орындалу мүмкіндігінің көбеюі. Шешімді бірге әзірлеген және келісімге өз бетімен қол жеткізген тараптар өз мүдделерін негізге алғанда үшінші тарап қабылдаған шешіммен салыстырғанда қол жеткізген келісімді орындау аса қолайлы.

Соңғы уақытта адам қызметінің көптеген салаларында, мысалы, еңбек қатынастары, денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп және коммерция саласында,  сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу жүйесінде (әсіресе, құқық бұзушының жәбірленуші тарапқа келтірген зиянды өтеу туралы сөз болғанда) медиация әдісінің барынша кеңінен қолданыла бастауы көңіл қуантады. Яғни медиацияның тынысын ашу үшін Қазақстанда медиаторларды үйретумен де шұғылданатын, сондай-ақ азаматтық, еңбек дауларын, сондай-ақ қылмыстық істерді шешу кезінде медиацияны іс жүзінде қолданатын бірқатар медиация орталықтары құрылды. Ассамблея жандарынан медиациялық орталықтар құрылып, медиаторлар дайындалуда. Қазіргі  уақытта  еліміздің  әр  өңірде,  әр  қаласында медиаторлар ұйымы, немесе соттарға немесе өзге де құқық қорғау органдарына жүгінбей-ақ даулар мен жанжалдарды шешуде іс жүзінде көмек көрсете алатын, олардың өкілдері бар. Медиаторлар кінәлі немесе кінәсіз жеке және заңды тұлғаларды іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды. Сондай-ақ, медиация жолымен жасалған келісім тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі сақтауға жәрдемдесе алады әрі олардың алдағы күндерге деген өзара сенімін нығайтуға септігін тигізеді. Сондықтан медиациялық әдіспен шешілетін дауларға басымдық беру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Бакиева Салима Абдулрахмановна, Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының судьясы

 

 

 

Комментарий