Судья мінбері | Судебная система

Татуласу – дау шешуде ең тиімді әдіс екенін дәлелдеуде

Халқымызда «Ел даусыз болмас, жер жаусыз болмас» деген сөз бар. Яғни, дау  кез келген қоғамға тән құбылыс.  Алайда, бабаларымыз, барлық кезде дау-жанжалдың бітімгершілікпен шешілуіне ықпал етіп отырған. Дауласушылар да билер сөзін екі етпеген. Осы бір тамаша үрдістен  көз жазып қалғанымызға да ғасырға жуықтады.

Дегенімен, тәуелсіздік алған жылдары Елбасының бастамасымен дана билердің дара билігін жаңғырту шаралары қолға алынды. ҚР Медиация туралы заңы қабылданды. Нәижесінде медиаторлар іске кірісті.  Шынын айту керек, алғашқы жылдары елдегі медиацияны дамыту тек соттардың ғана міндеті секілді қабылданды. Заңның жүзеге асуы қоғам болып атсалысуды талап етті. Соған орай, ҚР  Азаматтық процестік кодекске, т.б. заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Ұлт көшбасшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру», т.б. бағдарламаларының бәрінде Қазастандағы медиацияны  одан әрі дамыту шаралары қамтылып, нақты тапсырмалар жүктелді. Азаматтық процестік кодексте соттың тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайтыны, сондай-ақ, оларға процестің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдесетіні нақты көрсетілді. Мысалы, тараптар дауды медиация тәртібімен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасып, өзара талаптардың толық көлемінде де, бөлігінде де реттей алады.

ҚР Жоғарғы Соты тарапынан медиация аясын кеңейту тұрғысында айтарлықтай шаралар қолға алынды. Әсіресе, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Қажыманұлы келелі істерге мұрындық болды. Жоғарғы Сотта медиацияны одан әрі дамыту мақсатында түрлі жоба өмірге енді. Тіпті, еліміздің барлық аумағында татуласу орталықтары құрылды. Онда судьялармен қатар ел ақсақалдары, заңгерлер, медиаторлар, нотариус, конфликтолог, т.б. бітімгершілік үрдістерін халыққа біріге насихаттауда. Ел азаматтарына дау-жанжалды сотсыз, өзара келісіммен бітірудің артықшылықтарын насихаттауға және соған тікелей атсалысуға судьяларға заңмен құзырет берілді.

Қазіргі таңда ел соттарында ҚР Жоғарғы Сотының  «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында судья-медиаторлар жұмыс істеуде. Аталған жоба азаматтық істерді қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізудің ең бастапқы сатыларында, соның ішінде талап арызды сот өндірісіне қабылдау сатысында татуластыру рәсімдері арқылы дауларды реттеу мақсатын көздейді. Байқалғаны, отбасы, ағайын, дос-жаран, көрші-қолаң арасындағы талас-тартысты соттан көрі медиация тәсілдерімен бітірудің тиімді екенін азаматтардың өзі түсіне бастады.   Сотқа жүгіну әр адамның заңды құқығы. Дей тұрғанмен, уақыт та қымбат. Яғни, уақыт үнемдеу жағынан келгенде, медиация өте тиімді.  Олай дейтініміз, іске нүкте қойылғанша бірнеше сот отырысы өтуі мүмкін. Мұның бәрі жұмыспен жүргендер үшін қолбайлау. Бұған қоса, қорғаушы жалдау, мемлекеттік баж төлеу, сот шығыны, жол қаражаты, т.б. бар.

Құқықтық мемлекет құруға ұмтылған қоғамда кез келген қарым-қатынастың дауға ұласпағаны абзал. Дауды келісіммен бітіргеннен екі жақ та  ұтады. Жоғарыда айқанымыздай, уақыт пен қаржы үнемделеді. Ең бастысы, денсаулыққа пайдалы. Айтыс-тартыспен жүріп адамдар қаншама күйзелістік жағдайға ұшырайды. Сондықтан, дауды азаматтардың келісе отырып бітіруіне мүмкіндік жасалуда.  Судьяның мақсаты екі жақты келістіріп, соттан риза болып шығуларын қамтамасыз ету. Осылайша сот жүктемесін билер жолын жаңғырту арқылы азаютудың маңызы зор десек, татуласу – дауды шешуде ең тиімді әдіс екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

 

Светлана Суханова,

Алматы қаласының

Жетісу аудандық сотының судьясы

 

 

Комментарий