Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

ХАЛЫҚ БАНКТЕРГЕ 4 ТРЛН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

Бүгінде елімізде мыңнан астам микроқаржы ұйымдары бар екен. 15-ақ минутта қажетті қаржыны қолыңызға ұстатып, онлайн несие берумен айналысатындардың пайызы да шектен тыс жоғары. Алайда бүгінгі күні халықтың микроқаржы ұйымдарының алдындағы берешегі 400 миллиард теңгеге жуықтапты. Сондай-ақ елімізде әрбір қазақстандықтың банк алдындағы орташа берешегі 470 мың теңгеден асқан. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 290 мың теңге еді. Осы уақыт ішінде бұл көрсеткіш 180 мыңға өсіп, жарты миллионға жуықтаған. Яғни халықтың банк алдындағы қарыз мөлшері де жылдан жылға өсіп барады.

Бұл сома ел азаматтары алған несие көлемін экономикалық белсенді халықтың санына бөлгенде шығып отыр. Жалпы қазақстандықтардың банктерге берешегі  4 триллион теңгені құраған. Несиені тегін ақшадай көретін жұртшылық бүгінде банктерді, микроқаржы ұйымдарын ғана емес, ломбардтарды да жағалап жүр. Осыған алаңдаған мемлекет басшысы көктемде құқық қорғау құрылымдары мен қаржы нарығын қадағалайтын және мониторингілейтін мемлекеттік орган басшыларымен өткізген кеңесте ломбардтардың жұмысын қатаң қадағалауға алуды және  халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға көңіл бөлуге шақырған болатын. Расында да халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен бүгінгі күні алаяқтық жолмен халықты қанайтындар көбейіп барады.

Мәселен еліміздің бірнеше қаласында ашылған шаш, бет күтіміне қатысты косметологиялық орталықтар мыңдаған әйелді басында «тегін косметикалық прцедура көрсетіміз» деп шақырып алып, кейін мойындарына екі жүз мыңнан бастап, миллион теңгелік қызметтеріне дейін іліп жіберген. Бүгінгі күні сұлулық салонына барып сан соғып қалған мыңдаған әйел банк пен сот аралығында сандалып жүр. Әрекеті әдемілікпен айналысудан гөрі алаяқтыққа ұқсайтын, халықтың қаржылық сауатсыздығын өз мүдделеріне пайдаланғандар инстаграм әлеуметтік желісінде де онлайн ойындар ұйымдастырып, «тиын берсең теңге аласың» жолымен халықтың қалтасындағы соңғы ақшасын сыпырып алуда. Түрлі аккаунтар ашып, жалған жарнамамен жұртты өздеріне тартып жатқандардың парақшасыларына жазылушылардың да қарасы қалың. Олардың тыным таппай күнұзақ жарнамасын бірнеше рет жасап, тікелей эфирге шығып, халықтың басын айналдырып жатқаны сондай тікелей эфирінде мыңдаған адам отырып, жазған постарына миллиондаған адам пікір қалдыратынына қарап-ақ халықтың оңай олжаға әуестігін, сенгіштігін, қаржылық сауатының төмен екенін байқауға болады. Ол аздай ғаламтор мен әлеуметтік желіні жаулап алып, «қомақты ақша салып, компанияның акциясының бір бөлігін иемденіп, онлайн бизнеске ие бол» дейтіндер де халықтың ақшаларын қалтасына басуда. «Евро құнын жоймайды» деп, өздерінің айтуынша «құнды  қағазын» евромен сататындардың әрекеті де күмәнді. Олардың теңгенің тағдырынан гөрі, «әлемге ортақ ақшаға» сеніп, жұртшылықты да соған шақырып, «дәуірі келгенде» іске қосылатын бизнестеріне басқаларды да шақырып жүргеніне қарап, қаржылық сауатсыздықтың әлі де талайларды орға жығатынына сене түсесің. Осылайша инстаграм жұрты 2-3 мың теңге аралығындағы соңғы ақшаларын онлайн ұтыс ойындарына тігіп жатса, ғаламторды жаулап алған «онлайн бизнес» халықтың басындағы үйін, астындағы көлігін сатып салғызып, миллиондарын жұтып жатыр.

Жалпы елімізде кәмелеттік жастан бері қарайғы қазақстандықтардың 90 пайызы несие алып көрген екен. Бұл қажеттілік пе, әлде қаржылық сауатсыздық па? Халық ипотека мен бизнесті қойып смартфон, телевизор, тоңазытқышты, тіпті киімді қарызға алып, қарнын бір тойғызу үшін де несие рәсімдейтініне қарап, халықтың қаржылық сауатын көтеретін кез жеткенін түсінесің. Экономист Балжан Әріпқызы «Соңғы кездері студенттер арасында соңғы шыққан телефонның моделін жарыса ұстау әдетке айналған. Төлем қабілетін сұрамастан, рәсімделе беретін онлайн несиелерді алып, өзі ақылы оқуда оқығаны аздай, әке шешесінің мойнына телефонның қарызын ілетін телефон ауыстырғыштардың әрекеті де қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі» дейді. Ерлі зайыптыларды ажырастыруға, сүр бойдақтардың да санының көбеюіне себеп болып, тіпті қаржылық сауатсыздықтан миллиондаған несиенің қамытын мойнына іліп, шарасыздықтан суицидке ұрынатындардың санын көбейтіп, елдің әлеуметтік жағдайына айтарлықтай әсер етіп отырған қаржылық сауатсыздықтан қалай арыламыз?!

Бірнеше жылдан бері шетелде тұрып жатқан жас отбасылардың бірі Назым Космосбек: «Шет елде тұрғалы бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарым қалыптасты. Оған себеп бізге қанша академиялық жағынан мектепте басымдық берсе де, өмірге баулу, спорт, қаржы және заң сауаттылық жағынан мақұрым екендігіміз шетте жүргенде білінді» дейді. Жақында сенатор Нұртөре Жүсіп те бастауыш сыныпқа жаңа пән енгізуді ұсынған болатын. Кәмелетке толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың көбейіп бара жатқанына алаңдаған Сенат депутаты адам құқықтарының негіздері туралы пән енгізу арқылы, оқушылардың бастауыш сыныптан бастап құқықтарын түсіндіріп, жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз деген ұстанымда.

Осы орайда айта кетер жайт, Ресейдің Білім және ғылым Министрлігі қаржылық сауаттылық бағдарламаларын балабақшаларда, мектептерде және ЖОО-да оқытуды енгізіп бастады. Дамыған елдерде де тұрғындардың қаржылық сауатсыздығын жою мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Мәселен, 2002-2003 жылдарда АҚШ, Ұлыбритания, Австралия сияқты мемлекеттерде  халықтың жаппай қаржылық сауатын ашу мақсатында ұлттық бағдарламалар қолға алынған. Нәтижесінде халықтың қолындағы қаржысының бағасын біліп, жөнсіз алаяқтарға да алданбай, несиені де жылжымайтын мүліктерді сатып алу кезінде ғана қолдануға көшкені байқалған. Бәлкім бізге де қоғамның қаржылық сауаттылығын көтеруді мектеп қабырғасынан бастау керек шығар?! Қалың қарыздан қазақты қалай құтқарамыз?!

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий