Құқық | Право

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫ ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?

Халықтың несиеге деген көзсіз ұмтылысын байқаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы көктемде тапсырма берген еді. Өкінішке қарай дәл қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жоқтың қасы. Несиеге тәуелділік күн өткен сайын артып барады. Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?

Жанұзақ Әкім, экономист:

  • Расында да, ел ішінде несиеге тәуелділік артып барады. Ол мұқтаждықтан ба, жоқ әлде, несиені тегіндей көретін халықтың психологиясынан ба?! Менің ойымша соңғы кездері халық несиге толықтай иек артып алды. Қыз ұзатып, келін түсірсе де, маусымдық киім ауыстырып, көшеде келе жатып қарны ашса да несиелік картамен төлей салатын хәлге жетті.

Банктер де несиелік карталарды оңай жолмен рәсімдеп, халыққа қалай болса солай несие тарата беретін болған. Банкке жол жабылса, микроқаржылық ұйымдарды, ломбардтарды жағалайтын болған. Елімізде микроқаржылық ұйымдардың да көбеюінің бір себебі ел ішінде оған деген сұраныстың болуынан. Әдетте, микроқаржы ұйымдарына банктерден кредит алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жүгінеді. Олардың қарыз алушыларға қоятын талаптары төмен, қарызды беру реті де жеңілірек. Қазақстандықтар тарапынан онлайн қарызға сұраныстың өсуі де содан. Банктерде қара тізімге енген соң, еріксіз осындай несиелік ұйымдарға барады. Сондықтан микроқаржы ұйымдарына қатысты талаптарды күшейту керек. Қазірдің өзінде бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Келесі жылдан бастап микроқаржы ұйымдарына талаптар күшейтіледі деп күтілуде. Бірақ микроқаржы ұйымдарына баратын жолды жабумен ештеңе өзгермейді, халықпен де жұмыстар жүргізілуі керек. Елімізде қаржылық сауаттылықты арттырудан гөрі, микроқаржы ұйымдары мен ломбардттардың жарнамасы жер жарып тұр. Тіпті теледидарды қоссаң да, көшеде келе жатсаң да олардың қаптаған жарнамасы алдыңнан шығады. Сондықтан бұл жерде халықты «ломбардтарға неге жүгіре бересің» деп кінәлай алмайсың. Ломбардтар қазір алтынды қойып, көлікті, қымбат телефонды кепілге алатын болған. Яғни қаржылық сауаты жоқ халықты осылай тонатып жатырмыз. Сондықтан халықпен осы бағытта жұмыстар жүргізілуі керек.

Ашып айта кетер жайт, халықтың несиеге деген құштарлығы да тұрғындардың әл ауқатының көтерілуіне мүмкіндік бермей тұр. Халық қолы жетпей тұрған нәрсесін ақша жинап алғаннан гөрі қарызға алғанды жақсы көреді. Нәтижесінде несиенің пайызын өмір бойына төлеп жүреді. Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Қаржылық білім туралы айтпас бұрын, сол халықтың табысын арттыру жағын да ойлауымыз керек. Айлығын айдан айға әзер жеткізіп жүрген адамға «несиеге жолама», «қаржыны сауатты жұмса» деп тықақтай беру де орынсыз.

Нұрболат Айекешов, әлеуметтанушы:

  • Қаржылық сауаттылықты арттырудың бір жолы мектептен бастап қаржылық сауаттылық пәнін енгізу дер едім. Шетелде сан түрлі қаптаған пәндерден гөрі, уақыт ағымына қарай бейімдеп, оқушыларға өмірлік пайдасы бар, дұрыс өмір сүруге бейімдейтін сабақтарды оқытады. Біз де қаржылық сауаттылық, өз құқығыңды білу, ішкі мәдениет, қоршаған ортаны қорғау секілді құндылықтарды мектеп бағдарламасына енгізуді қарастыруымыз керек. Өйткені азаматтарымыз осы жағынан білімі аздау. Сосын кейбір жағдайда халық өзіне қажеттіні алу үшін онлайн курстарға қатысып әуреленіп жүр. Демек халықтың осы сұранысын мектеп бағдарламасына енгізіп қанағаттандыруымыз керек.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Экономика негіздері мектеп қабырғасында факультативтік сабақ ретінде жүргізілді. Одан бірақ балалардың қаржылық сауаттылығы артып кете қоймады. Сондықтан пәнді енгізіп қана қоймай, оның тиімділігін көру үшін методикасын да лайықтау керек. Қазір қаржылық сауаттылығын көтергісі келгендер өз беттерінше «Бай әке және кедей әке» атты халықаралық бестселлерді оқып, ізденіп жүр. Осындай керемет кітаптар негізінде қаржылық сауаттылықты көтеру пәнінің керемет методикасы жасалса дұрыс болар еді. Қаржы саласының мамандары да адамдардың жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруі мен қарызға батуының себеп-салдарын қаржылық сауаттылықтың жетіспеуімен байланыстырады. Демек шын мәнінде халқымызға бұл пән ауадай керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізілсе халыққа пайдасы зор болар еді. Шыны керек, халқымыз өте ысырапшыл. Қонақ шақырса да, той жасаса да шектен тыс ысырапқа жол береді.

Әсіресе балаларды  кішкентай кезінен бастап үнемділікке және ақшаны орынды жұмсауға үйрету қажет, бұл уақыт өте келе өзінің қаржылық мүмкіндігін бағалауға және өз бюджетін мұқият жоспарлауға көп септігін тигізеді. Жөнсіз алаяқтардың арбауына түсіпеуіне де жақсы. Яғни өмірлік пайдасы бар нәрсе.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий