Детектив

ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІНДЕГІ ӨЛІМ

Атыңды қалай дәл қойған, – деді Қарлығаш құрбысының інжу моншағын тағып, айнаға қарап тұрған қалпы, – шіркін, Ханшайым десе, Ханшайымсың ғой! Ертегілердегі ханның қызындай сұлусың, білімді әрі дарындысың және осыншалықты байсың. Жұрттың бәрі сен секілді өмір сүруді армандайтын шығар.

  • Қойшы, Карла. Бақытты әркім өзінше түсінбей ме?! – деді Ханшайым.
  • Құпия болмаса, мына моншақтың құны қанша?
  • Марқұм әкем 18-ге толғанымда сыйлаған. Кейін бағасы 700 мың доллар екенін білдім, – деді Ханшайым мұңайып. Бес жыл бұрын қайтыс болған әкесі есіне түсіп, жүрегін сағыныш-мысығы тырнап өткен еді.

Құрбысының көңіліне кірбің ұялағанын, жанды жеріне тиіп кеткенін түсінген Қарлығаш әңгімені басқа арнаға бұруға тырысты:

  • Расында, қатты қызығып тұрмын. Мен ондай бағаға әшекей сатып ала алмаймын. Маған бір салтанатты кешке тағып баруға берші, – деп кәмпит дәметкен баладай қиыла сұрады. Үнемі жұртқа көмектесіп жүретін үй иесі оның көңілін қимай, «Ала ғой» деді. Осы сәтте Ханшайымның ұялы телефоны шыр етті.
  • Алло. Иә. Гүлназ, сәлем! … Менде бәрі жақсы. Өзің қалайсың? … Нұр-Сұлтанға келдім дейсің бе? … Иә, иә, үйдемін, кел. Сені сағындым, күтемін.
  • Ол кім? – деп сұрады Қарлығаш Ханшайым тұтқаны қойған соң.
  • Бала кезден бірге өскен досым ғой. Қазір Алматыда тұрады, астанаға келіпті. Кішкенеден соң үйге келмек.

Шамамен 1 сағат өткеннен кейін, қызметші есікті қағып, рұқсат сұрап, ішке кірді де, қонақ келгенін жеткізді. Үй иесі мен Қарлығаш есік алдына шығып, Гүлназды қарсылады. Көптен кездеспеген достар бір-бірінің бетінен сүйіп, құшақтасып, сағына көрісті. Гүлназбен танысқаннан кейін Қарлығаш жұмыстары бар екенін айтып, кетіп қалды. Ішке кіріп, амандық-саулық сұрасып, біраз шүйіркелескен соң, Гүлназ шаруаға көшті:

  • Ханшайым, саған бір өтінішпен келдім. Жақында шаңырақ көтереміз деп жүрген болашақ күйеуім Асланға жұмыс керек, – сүйіктісі жайлы айта бастағанда, Гүлназдың жүзі бал-бұл жанды, –  Ол өте дарынды, ұйымдастырушылық қабілеті мықты. Саған қолғабысы тиер еді.
  • Солай ма? Тамаша ғой. Біздің компанияның Алматыдағы бөлімшесін жүргізетін менеджер жақында зейнетке шығып, орнына басқа адам іздеп жүр едім. Осында әкеліп, болашақ жарыңды таныстыра ғой. Бәлкім, Асланды тағайындармыз.
  • Жәрдемдесетініңді біліп едім! – деп Гүлназ қойнына сыймаған қуанышын жасыра алмай құрбысын құшақтай алды.

 

***

 

Бұл кездесуден бір апта бұрын ғана, жұмыстан шыққан тергеуші Қыранбек Нұржанұлы Алматыдағы дәмханалардың бірінде кешкі асын ішіп отыр еді. «Мен сені сүйемін, жаным. Бұйырса, жақында үйленеміз де, бал айын Жерорта теңізінде өткіземіз. Менің жинаған жеткілікті қорым бар, – деп басталған әңгімені детективтің еріксіз құлағы шалды. Мұны айтып отырған қарама-қарсы үстелдегі кең иықты, сұңқар тұрпатты, сымбатты жігіт болатын, – Бірақ алдымен жұмысқа орналасып алайын. Кейін бәрі бірте-бірте бола жатар». Бойжеткен ғашығына махаббатқа мас болған кейіпте көз алмай қарап отырды да: «Аслан, мен үшін, ең бастысы, екеуміз бірге болсақ, болды. Жұмыс табылар. Менің ірі компанияны жүргізіп отырған құрбым бар, соған барып өтініш жасап көремін» – деді.

  • Жарайды, – деді жігіт, – мен сен үшін бәрін істеймін, екеуміз дүниедегі жұрт қызығар ең бақытты жұп боламыз!

«Паһ! – деп сүйсінді ішінен детектив, – бүгінгінің Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы ғой бұлар». Талай қылмысты ашқан әккі тергеуші қыз бен жігіттің бір-біріне деген сезімі бұлақ суындай мөлдір әрі шынайы екенін қапысыз аңдаған еді. Қанды қылмыстарды тергеп, баскесерлерді табудан әбден санасы шаршап, іштей қажыған Қыранбек Нұржанұлы жүрек қылын қозғар мұндай пәк, әсерлі көріністерге куә болуды жақсы көретін. «Бәрін де тастап, жұмысты уақытша доғарып, демалып қайту керек. Шаршадым…» – деп күбірледі тергеуші.

 

***

 

  • Менің болашақ жарым – Аслан, – деді құрбысына күйеу жігітін таныстырған Гүлназ.

Қыр мұрынды, қалың қабақты, тұнық көзді, аққұба, сымбатты Асланды бір көргеннен Ханшайым өзгеше күйге енді. Жүрегі балық ойнатқан қармақтың қалтқысындай дір етіп, оны ұнатып қалды. Жігітке тесіле қарап, сәл үнсіз тұрып қалғанына ыңғайсызданып: «Есімім – Ханшайым», – деп, әдемі жымиып қолын созды қыз. Мән-жайды тым ұзақ тәптіштеп сұрап жатпай-ақ, Асланды жұмысқа қабылдайтынын кесіп айтты.

 

***

 

  • Ханшайым Аслан есімді жігітке тұрмысқа шығып, бал айын өткізуге 7 шілдеде Анталияға ұшып бармақ екен, – деді Қанат Ермекұлы көмекшісіне, – Біз Түркия қаласына одан бұрын жетуіміз керек! Тез жинал!

Лондонда тұратын Қанат Ермекұлы Ханшайымның марқұм әкесінің ескі досы еді. Әкесі көз жұмардан бұрын қызын осы кісіге тапсырып кеткен. Қанат мырза Ханшайымның компаниясының іс-қағаздары мен құжаттарын, кіріс есебін қадағалап, жүргізеді. Қ. Ермекұлы жас қыздың не істеп, не қойып жүргенін де сырттай кіді бақылап, алыста болса да, бәрін естіп-біліп отырады.

 

 

***

Анталияға демалуға келген қазақтар шипажай дәмханасына түскі ас ішуге жиналды. Бір үстелде – Аслан мен Ханшайым. Келесісінде – жұмыстан шаршап, демалысқа шыққан әйгілі детектив Қыранбек Нұржанұлы отыр. Іште қартайған анасымен келген Дәулет Бектемірұлы да бар. Кенет дәмханаға Қанат Ермекұлы көмекшісімен кіріп келгенде, Ханшайым таңданысын жасыра алмай, орнынан атып тұрды.

  • Қанат аға! – деп айғайлап жіберді ол.
  • Ә, Ханшайым! Сендер де осында ма едіңдер? Мәссаған! Не деген сәйкестік!
  • Иә, қатты таңғалып тұрмын. Біз Қазақстаннан, ал сіз Англиядан…
  • Біз демалуға келгенбіз. Ұшақтан 2 сағат бұрын ғана түстік. Айтпақшы, жуырда тұрмысқа шыққаныңды естігем. Бақытты болыңдар, айналайындар! Қасыңдағы күйеу бала болғаны ғой?
  • А, иә. Бұл – жұбайым Аслан. Ал Қанат аға – әкемнің досы, өз әкемдей болып кеткен адам.

Осылай басталған әңгіме іштегі қазақтардың бәрінің бір-бірімен танысуымен жалғасты. Сүт пісірім уақыттан соң дәмханаға бір бойжеткен енді. Жалғыз өзі шеткерірек барып, Аслан мен Ханшайымға қарама-қарсы үстелге жайғасты да, оларға тесіліп қарап отырды. Гүлназды көрген жас жұбайлардың өңі бұзылып, бір-бірімен сыбырласа бастады.

–   Қыр соңымыздан қалмай қойды ғой, – деді бұрқан-талқан болып ашуланған Аслан жауар бұлттай қабағы қарс жабылып.

–   Енді соңымыздан Түркияға да ұшып келгені несі?! – деп қоштады Ханшайым.

–   Бұл қыз бізді жынды қылатын шығар! Өткен оралмайтынын қалайша ұқпайды!

–   Бал айымыздың күл-талқанын шығаратын болды.

 

***

 

Бір шипажайда бірнеше күн бірге демалған отандастар бір үйдің адамдарындай, тонның ішкі бауындай етене жақын араласып кетті. Бір күні Аслан Қыранбек Нұржанұлына ақтарылды.

  • Қыреке, Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де танымал детективсіз ғой. Сізге сенемін. Ескендірдің мүйізіндей болған мына бір сыр ішіме сыяр емес. Бізді аңдып жүрген әлгі қыз, яғни Гүлназ қыр соңымыздан қалмайды. Біз қайда барсақ, көлеңкеміз секілді үнемі еріп жүреді. Тіпті, Ханшайымды өлтіремін деп те қорқытты.
  • Енді мен не істей аламын?
  • Одан құтылатын, шара қолданатын заң бар ма?
  • Ол сендерге зиян тигізген жоқ қой. Сол себепті, үстінен арыз да жаза алмайсыңдар. Ал соңдарыңнан еріп жүрсе, әркімнің қайда барса да, өз еркі емес пе? Құзырлы орындарға барып, оны қалай айыптамақсыңдар?!
  • Рас, оңай жағдай емес. Бірақ танымал адамсыз ғой. Бізге көмектесіңізші. Бір шешімін қарастырыңызшы.
  • Негізі, ештеңеге араласпай, жұмыстан санамды сергітсем бе деп едім. Бірақ, жарайды, Гүлназдың өзімен сөйлесіп көрейін.

 

***

Қыранбек пен Гүлназ күн батып бара жатқан уақытта тоғай шетінде алаңқайда отырғышта отырып сөйлесті.

  • Гүлназжан, жап-жас, әп-әдемі қызсың. Болашағың әлі алда. Неге бұлай істеп жүрсің?
  • Мен оған құрбым деп сенген едім, ал ол менің арқамнан пышақ салды! Сүйіктімді тартып алды!
  • Енді олар мүмкін бір-бірін жақсы көретін шығар. Асланның саған деген көңілі суып кеткен болар. Өмірдің соңы емес қой. Бақытыңды табарсың әлі.
  • Жоқ, Аслан мені сүйеді. Ханшайым сұлу әрі бай болғандықтан ғана көз алдын тұман басып, уақытша адасып жүр. Бірақ ол мені сүйеді! Түбі қайтадан қосыламыз!

Кенет қыз қолсөмкесінен дыбыс шығармай ататын «Type 67» маркалы тапаншаны суырып алды да:

  • Мен оны өлтіремін! Мына тапаншамен Ханшайымның қақ маңдайынан атамын! – деді тістеніп. Қыздың жанарынан аңшыға атылғалы тұрған жаралы жыртқыштың ызалы көзқарасын көрген детектив шошып кетті. Бірақ бойын сабырға жеңдіріп:
  • Жүрегіңді зұлымдыққа алдырма, қарындасым! – деді, – түбі саған бір таңдау жасайтын уақыт келеді. Екінші мүмкіндік болмайды. Есіңді жи! Ақылға кел.
  • Ана ағаштардың арасындағы кім?! – деді кенет қыз селк етіп.
  • Ешкім жоқ сияқты ғой?!
  • Жоқ жаңа мен біреудің сұлбасын көрдім. Сосын лезде қашып кеткендей ғайып болды.

 

***

 

Келесі күні Аслан детективтен мән-жайды сұрады.

  • Қыранбек мырза, кешегі мәселе қалай болды екен?
  • Гүлназбен сөйлестім. Сенің Ханшайымға үйленгенің жүрегіне жебедей қадалған ғой. Содан әлі есін жыя алмай жүрген шығар. Бірақ тіпті тышқанның мұрнын қанатпайтын қыз секілді.
  • Қалай болғанда да, бізді мезі қылды. Ертең мен шипажайдағылардың бәріне жария түрде ұшақпен Стамбұлға ұшамыз деп айтамын да, бірақ Жерорта теңізі арқылы Испанияға саяхат жасайтын кемеге отырып кетеміз, – деп қарқ-қарқ күлді Аслан, – содан кейін ол бізді тауып көрсін! Ха-ха-ха! Стамбұл көшелерін аралап жүретін шығар, бізді іздеп! Ал біз сол уақытта кемемен Испанияға бара жатамыз!
  • Дегенмен, ол ақымақ емес. Оның да ақылы, түйсігі бар, – деді Қыранбек ойлы кейіпте көкжиекке көз тігіп.

 

***

 

Ертеңіне Аслан мен Ханшайым Стамбұлға ұшу үшін әуежайға барамыз деп такси шақырғанмен, кеме сапарға аттанатын портқа келді. «Гези» кемесіне мініп, каютасына заттарын орналастырған соң, бортқа оралды. Бір қызығы, шипажайдағылардан Қыранбек Нұржанұлы, Қанат Ермекұлы мен көмекшісі және қартайған анасы Ажар ханыммен бірге Дәулет Бектемірұлы да осында болып шықты. Олар да Испанияға саяхаттамақ екен. Қазақтар сапарлас болғанына таңғалып, қауқылдасып тұрғанда, бортта Гүлназ көрінді. Сықылықтап күліп жіберді ол:

  • Мен сендерді Стамбұлға баратын шығар деп ойласам, сендер де осында екенсіңдер ғой! Бұл қалай болғаны?

Ханшайымның көзі шарасынан шыға жаздап, сусын ішіп тұрған стақаны қолынан түсіп кетті.

  • Аслан, енді не істейміз? Түсіп қаламыз ба кемеден?
  • Сүйіктім, шегінерге жол жоқ. Жоспарымызды бұзбайық, – деді Аслан қанша ашу қысса да, сабыр сақтауға тырысып.

 

***

 

«Гези» кемесі айдын бетін сызған аққудай теңізді қақ жарып, жүзіп келеді. Испанияға жеткенше әлі бірнеше күн бар. Қазақтардан басқа мұнда түріктер, немістер, кәрістер, жалпы 50 жолаушы мінген екен.

Бір реті келгенде Қыранбек мырза Ханшайымға Алматыдағы дәмханада Аслан мен Гүлназды көргенін, екеуі үйлену тойынан кейін бал айын Жерорта теңізінде өткізуді жоспарлап жүргенін әңгімелеп отырғанын айтты. Детектив Ханшайымнан:

  • Неге Анталияға, Жерорта теңізіне келдіңдер? Сенің байлығың анағұрлым алыс әрі тамаша жерлерге, мысалы, Мальдив не Гавай аралдарына баруға жетеді ғой, – деп сұрады.
  • Қыранбек мырза, біз бал айын менің қаражатыма емес, Асланның жинаған қорына өткізіп жатырмыз. Ол менің ақша шығарғанымды қаламай, өзінің шамасы жететін осы өлкеге әкелді. Мәселеде қаржыда емес қой. Маңыздысы, біз бір-бірімізді сүйеміз.

 

***

 

Бір күні екінші қабаттағы дәмханада ауқаттанып отырғанда, Қыранбек мырза Ажар ханымды әңгімеге тартқысы келді.

  • Ажар ханым, негізі қай жақтансыздар?
  • Түбіміз Қостанайдан. Бірақ қазір Алматыда тұрамыз.
  • Менің нағашыларым Қостанайдан, – деді детектив.
  • Сені сырттай жақсы танимыз. Небір адам шошырлық қылмыстарды ашып, кінәлілерді тапқаныңа ризамыз. Аман жүр, балам, қашан да!
  • Рахмет, апай.

Осы кезде әңгімеге Ажар ханымның ұлы Дәулет Бектемірұлы араласты:

  • Апа, жақын танымайтын бейтаныс адамдарға сыр ашып қайтесіз!

Жас жігіттің мұндай дөрекілігінен кейін детектив оларды мазаламайын деп шешті.

Бір уақытта тамақтанып отырған Аслан мен Ханшайымның қасына Қанат Ермекұлы жайғасты.

  • Ханшайым, айналайын, сенің бал айыңның шырқын бұзып, ресми сапарға айналдырғым келмейді. Бірақ компанияның шетелдердегі мәселелеріне қатысты мына құжаттарға шұғыл қол қоюың керек, – деді ол бір бума қағаз ұсынып.
  • Жарайды, ештеңе етпес, – Ханшайым құжаттарды мұқият оқи бастады.
  • Бәрін оқып, әуре болып қайтесің. Белгі тұрған тұстарға қол қоя берсеңші, – деді Қанат мырза қалта орамалымен маңдай терін сүртіп жатып,
  • Маған әкем қол қоймастан бұрын әр құжатпен егжей-тегжейлі танысуды үйреткен, – деп жауап берді Ханшайым.

Осы сәтте сөзге Аслан араласты:

  • Сенің орныңда болсам, заңгерлерім қол қой деген жерге қол қоя берер едім. Соның бәрін оқуға қалай ерінбейсің, – деді ол есінеп.

Бірақ Қанат Ермекұлы «жарайды, бұл шаруаларды кейін тындырармыз» деп құжаттарды алып, кетіп қалды.

 

***

 

«Гези» кемесі жол-жөнекей ежелгі қала Эфеске тоқтады. Жолаушылар байырғы шаһардың орнын, мыңдаған жыл бұрын салынған ғимараттардың қабырғаларын, қалған жұрнағын тамашалап, мол мағлұмат алды. Жартас түбінде демалып отырған Ханшайым еріне:

  • Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде адамдардың осындай нысандар тұрғызғанына таңым бар, – деді.
  • Иә-ә, – деп қоштады Аслан, – оның үстіне, ол кезде қазіргідей заманауи техника да жоқ. Таңғаласың.

Кенет найзағайдың күркілдегеніндей әлдебір зор гүріл естілде де, Ханшайымның тура қасына бір кісінің құшағына зорға сыяр қойтас құлады. Аслан оны өзіне қарай тартып үлгермегенде, не боларын кім білсін! Көне ғибадатхананы көруге ішке кіріп кеткендер «гүрс!» еткен алапат дыбысты естіп, сыртқа жүгіріп шықты. Арасында Қыранбек Нұржанұлы да болды. Не болғанын лезде ұққан ол жоғарыға жалт қарап еді, әлдекім кілт бұрылып, жалтарғанын аңдағандай болды. «Айналамның бәрі маған қастық қылғысы келетіндей, мен қорқамын, қорқамын!» деп күйеуінің кеудесіне басын қойып, солқылдап жылады Ханшайым.

  • Құдай біледі, бұл – Гүлназдың ісі! Осыдан қолыма түссін! – деп кіжінді Аслан.

Болған істен сең соққан балықтай есеңгіреп қалған топ кемеге қайтып келгенде, Гүлназ сыртқа енді ғана шығып келе жатқанын көрді. Бұған жұрттың бәрі таңғалды. Тіпті, Асланның өзі «Демек, тасты төменге әдейі итерген Гүлназ болмағаны ғой. Онда кім?.. Әлде бұл кездейсоқ жағдай ма?..» деген екіұшты ойға қалды.

 

***

 

Аспанда еркін қалықтаған құстай «Гези» кемесі Жерорта теңізінде Испанияға қарай жүзіп келеді. Ханшайым – ойыншық берсең, алданып қалатын баладай ақкөңіл жан. Құдай сақтап, бір ажалдан қалғанын тез ұмытты. Бұған келесі күні туған күні екені де әсер еткен болса керек. Туған күн кешін «Гезидің» дәмханасында көңілді өткізбек. Күн батқан соң, ол каютасынан тотыдай таранып, сандуғаштай сыланып, құлпырған кейіпте шықты. Мойнына түнгі аспандағы жұлдыздай жарқыраған моншағын да тағып алыпты. Бүгін оған жұрттың бәрі ақ тілекті ақ жауындай жаудырды. Дәмханадағы отырыста Қыранбек мырза туған күн иесін құттықтаумен бірге, моншағыңыз да өзіңіз сияқты өте әдемі екен деп лебіз білдірді.

  • Ә, иә, рахмет. Марқұм әкем осыдан 5 жыл бұрын туған күніме сыйлаған. Иә, дұрыс айтасыз. Жұрттың бәрі қызығады. Кей жақын құрбым салтанатты кешке тағып барып келейін деп сұрап та алады, – деді Ханшайым.

Бұл кеште кеме дәмханасында ештеңеге араласпай, бір шетте жалғыз өзі көңілсіз отырған тек Гүлназ еді.  Қыранбек мырза оның тоқтаусыз шарап ішіп отырғанын байқады.

Туған күні болса да, біраз уақыттан соң, Ханшайым қатты шаршап тұрғанын айтып, каютасына ұйықтауға кетті. Аслан шарап ішіп, сәлден кейін баратынын айтып, дәмханада қалды. Қыранбек мырзаның да көзі жабысып қалардай қатты ұйқысы келді. Ол да жатуға бөлмесіне барды. Өзге жолаушылар да тарап, түнгі аспанда сүттей аппақ ай көрінген бұл кезде дәмханада санаулы кісі қалған еді. Атап айтқанда, Аслан, Гүлназ және ерлі-зайыпты түріктер Хакан бей мен Севда ханым. Бір уақытта Гүлназ мұңлы бір ән шырқай бастады:

Әтттең-ай, әттең-ай,

Дүние неткен тәтті ең-ай!

Жарасқаны қинайды,

Дәм-тұзыңның жатпен-ай!

Беріліп шырқағаны сонша – ән естіген жанның алпыс екі тамырын шымырлатып, көңілін баурап алар еді. Мұны жақтырмай қалған Аслан оқты көзімен ата қарады. Кенет Гүлназ қолсөмкесінен «Type 67» тапаншасын шығарып, Асланға кезенді:

  • Сенің өзгемен бірге бақытты өмір сүруіңе жол бергенше, өз қолыммен өлтіргенім артық!

Аслан отырған орындығынан атып тұрып:

  • Гүлназ, ақымақ болма! Сен массың! Есіңді жи! – деп жанұшыра айғайлағанмен, бәрі кеш еді. Гүлназ шүріппені басты да, Аслан еденге «жалп» етіп құлап, қолымен санын басып жата қалды. Қолы мен шалбары қып-қызыл қан болды.

Хакан бей мен Севда ханым шошып кетіп, орындарынан атып тұрды. Не істерін білмей, абдырап қалды олар.

  • Мен не істедім, мен не істедім! Махаббатымды өз қолыммен өлтірдім! Не істедім! Ақымақсың, Гүлназ! Енді өмір сүргім келмейді! Өмір сүруге құқым жоқ! – деп Гүлназ шыр-пыры шығып, жылай бастады. Қолындағы тапаншасы жерге түсіп кетті де, аяғымен диванның астына қарай теуіп жіберді.
  • Бәріне мен кінәлімін, – деп ыңырси қинала тіл қатты Аслан Хакан бейге қарап, – Хакан бей, бұрын Гүлназ екеуміз үйленеміз деп сөз байласқанбыз, ал мен оны тастап кетіп, басқаға үйлендім. Иттік жасадым. Оны кінәламаңыздар, Хакан бей. Мен айыптымын. Хакан бей кеме дәрігерін шақырыңызшы.

Өңі бозарып, тілі байланып қалғандай үндемей тұрған Хакан бей енді ғана сөзге келді:

  • Иә, иә, қазір дәрігерді шақырып келеміз.
  • Ал сіз, Севда ханым, – деді Аслан, – Гүлназды каютасына апарып, ешқайда кетпей, қасында болыңызшы. Тек жалғыз қалдыра көрмеңіз. Өзін кінәлап, өзіне қол салып жүрмесінші. Бәріне мен айыптымын. Тек өтінемін, бұл жәйтты ешкімге айта көрмеңіздер. Шулатудың қажеті жоқ. Гүлназ кінәлі емес…

Севда ханым Гүлназды сүйеп, жатын бөлмесіне алып кетті. Ал Хакан мырза дәмханадан шыққан соң, осылай қарай асығып келе жатқан даяшыны көрді. Әлдебір опыр-топырды естіп, секем алыпты ол. «Жоқ, бәрі дұрыс, бармай-ақ қойсаңыз болады» деп даяшыны қайтарып жіберді Хакан мырза. Ол дәрігерді ертіп келген соң, айналасы қып-қызыл шалшықтай қан болған Асланды екеулеп көтеріп, арнайы бөлмеге апарды. Онда Аслан Хакан бейге:

  • Мана Гүлназ тапаншаны диванның астына қарай теуіп жіберген еді. Соны алып келіңізші, ел-жұрт естіп жүрмесін, – деп өтінді.

Хакан бей дәмханаға жүгіріп кеткенмен, лезде қайтып келді.

  • Диванның астында тапанша жоқ! – деді ол.
  • Қалайша жоқ?! Сонда қайда кетті?! Кім алды қаруды?! – деп сұрағанмен, әлсіреп бара жатқан Асланның одан әрі қазбалауға шамасы жеткен жоқ.

Дәрігер жаралының қанын тоқтатты. Кейін ұйықтатын дәрі егіп, ұйықтатты да, аяғына шұғыл ота жасап, оқты алып тастады.

 

***

 

Таңертең бұл жайсыз хабарды кемедегілердің бәрі естіді. Сонымен қатар, тағы бір қаралы хабар бар еді. Таңертең бөлме тазалауға кірген қызметші әйел Аслан мен Ханшайымның каютасында Ханшайымның жансыз денесін көріпті. Әлдекім ұйықтап жатқанда, қақ маңдайынан атып кетіпті. Кеме капитаны Дениз Өмероғлы бір каютаны кеңсе етіп беріп, Қыранбек Нұржанұлының тергеуге кірісуін өтінді. Бақылау камерасы тек кеменің кіріп-шығар есігіне ғана орнатылғандықтан, қылмысты ашу оңай болмайтынын да ескертті. Қыранбек мырза алдымен марқұм жатқан жерге келіп, бөлме ішін мұқият зерделеді. Сөредегі бірі тұрған, бірі қасында құлап жатқан тырнақ бояйтын екі лақ құтысы назарын аударды. Алқызыл түсін ашып көріп еді, толық екен. Қызыл түсін ашқанда, бояудың иісі мүңкіп қоя берді. Әрі құтының іші бос тұр. «Лак емес, бояу болғаны ғой» деп түйді ішінен детектив. Осыны ойлап тұрғанда, кеме капитанының көмекшісі мынаны тауып алдық деп көзді арбайтын жарқыраған бір моншақ әкеліп берлі. Белгісіз біреу дәмхана есігіне іліп кетіпті. Қыранбек мырза Ханшайымның қымбат моншағын бірден таныды да, қолына алып қарады. Небір қулық-сұмдықты әшкерелеген әккі детектив «Бұл Ханшайымның өз моншағы емес, білдіртпей шебер жасалған көшірмесі!» – деді.

 

***

 

Ізін суытпай, қылмысты ашу керек. Сол себепті, кеменің Испанияға жеткенін күтпей-ақ тергеу басталды. Алдымен детектив Аслан жатқан арнайы бөлмеге барып, әрі көңіл айтып, әрі халін сұрамақ болды. Еңгезердей жігіттің еңкілдеп жылап жатқанын көрді Қыранбек мырза. Ол екі көзінен жасы сорадай ағып жатып, түнде болған жәйтты баяндап берді. Науқасқа сауығып кетуін тілеп, детектив кеңсеге келді. Алдымен Хакан бей мен Севда ханымды шақыртты. Олар түнде дәмханада Гүлназ Асланды атып жаралағанын, содан кейін Севда ханым Гүлназды алып кетіп, таңға дейін қасында болғанын жеткізді. Ал Хакан бей дәрігерді шақырып келіп, Асланды арнайы бөлмеге апаруға көмектескен.

  • Гүлназ Ханшайымды өлтірем деп қорқытқанын біз естідік, бірақ бұл қылмысты ол істеген болуы мүмкін емес. Себебі, мен түні бойы қасынан бір елі алыстаған жоқпын. Ғашығына оқ атқанына ашынып, өзіне қол жұмсай ма деп қорықтық, – деді Севда ханым. Оларды шығарып салған соң, детектив Гүлназды шақыртты. Жылай-жылай көздері ісіп кеткен қыз торға түскен еліктей қорқасоқтап кірді ішке.
  • Қыранбек мырза, Анталияда тоғай шетіндегі алаңқайда сөйлескеніміз есіңізде ме? Сонда сізге тура мен айтқандай, Ханшайымды маңдайынан атыпты ғой! Бірақ, аға, оны өлтірген мен емес! Менің солай айтқанымды естіп, біреу әдейі істегендей! – деді ол солқ-солқ етіп жылап тұрып.
  • Білемін, Гүлназжан. Уайымдама, бәрі дұрыс, – деп детектив оны жұбатқан соң, еркіне жіберді.

«Алдымен мына моншақтың түпнұсқасы қайда екенін анықтау керек» деп ойлады Қыранбек мырза. Сөйтіп, түс кезінде дәмханада 50 жолаушының бәрі ас ішіп отырғанда, барлық каюта тексерілетінін, ешкімге тексеріс аяқталғанша сыртқа шығуға болмайтынын айтты.

 

***

 

Қыранбек мырза бұл қылмысты алыстағы біреу емес, қазақстандықтардың бірі жасағанын түсінді. Алыстағы шетелдіктер саяхаттап жүріп, қазақ келіншекті өлтіріп қайтсін?!  Сондықтан қазақтардың каютасын тексеруге айрықша мән берді. Қанат Ермекұлының бөлмесіндегі заттарды қарап жатып, жүк шабаданына әуежайда жабыстырылатын жапсырмасы алынбай, сол қалпында тұрғанын көрді. Онда Лондоннан Анталияға 6 шілдеде ұшып келгені жазылыпты. Ал Дәулет Бектемірұлының заттарының арасында тәспі табылғаны детективті ойландырып тастады. Көз алдың көрінбес қалың тұмандай күдік-күмәнді сейілту әрі қойдай жамыраған сансыз сауалдың шешімін табу үшін әркімді кеңсеге жеке-жеке шақыртып, тағы жауап алу қажет.

 

***

Детектив алдымен кеңсеге Қанат Ермекұлын алдыртты. Қап-қара болып киініп алған ол ішке жас келіндей имене кірді. Сірә, қара киінуі арқылы қызындай көрген жақынынан айрылғаны жүрегін қайғыға салғанын білдірткісі келген болса керек.

  • Қанат мырза, сіз Анталияға не үшін келдіңіз? – деп сұрады детектив.
  • Демалу үшін.
  • Онда Ханшайым да күйеуімен барғанын біліп пе едіңіз?
  • Жоқ, мүлде хабарым жоқ еді. Оның тұрмысқа шыққанын естігенім болмаса, бал айын Жерорта теңізі жағасында өткізетінін қайдан білейін.
  • Сіз Анталияға қашан ұшып келдіңіз?
  • 7 шілдеде.
  • Демек, Ханшайымдардан кейін ғой?
  • Иә, олардан кейін.
  • Бірақ сіздің жүк шабаданыңыздағы әуежайда жапсырылған жапсырма әлі алынбапты. Онда Анталияға 7 шілде емес, 6 шілде ұшып келгеніңіз жазылып тұр.
  • … – Қанат мырза ұрлығы әшкере болған баладай қысылып, не айтарын білмей, төмен қарап отырып қалды. Бар қолынан келгені – қалта орамалымен шып-шып терлеген маңдайын, жүзін сүрте берді.
  • Демек, сіз Ханшайым мен Асланның Жерорта теңізі жағасына келетінін біліп, әдейі олардан бұрын келгенсіз. Енді, шын мәнінде, не мақсатпен келгеніңізді айтыңыз.
  • Жарайды, – деді Қанат Ермекұлы, – сіз тым ақылдысыз. Сізді алдау мүмкін емес. Ханшайым тұрмысқа шыққан соң, көл-көсір байлығына күйеуі мұрагер болып кете ме деп қорықтым. Сол себепті, мұның алдын-алғым келеді. Ақшаның біраз бөлігіне Аслан емес, мен және балаларым мұрагер болу үшін әзірленген құжаттарға қол қойдырып алғым келген. Бірақ мен кісі өлтіруші емеспін! Оны атқан мен емес!
  • Түсінікті, – деді Қыранбек мырза, – әзірше бара берсеңіз, болады.

 

***

 

Келесі Дәулет Бектемірұлының кезегі келді.

– Дәулет мырза, сіздің Исламға деген көзқарасыңыз қалай?

– Мұсылманбыз ғой, бірақ аса діндар емеспін.

– Намаз оқисыз ба?

– Жоқ.

– Онда саяхатта жүргенде, заттарыңыздың арасында тәспі табылғаны қалай? Тәспіні не үшін ұстап жүрсіз?

– І-і-і, – деп кібіртіктеп, не айтарын білмейді қалды жігіт.

– Себебін мен айтып берейін, – деді детектив, – сіз әбден ысылған кәнігі ұрысыз. Сыбайласыңыз Ханшайымның моншағын бір кешке тағып барамын деп сұрап алғанда, сіз одан алып, мұқият көшірмесін жасағансыз. Қымбат моншақ иесіне қайтарылған. Ол Анталияға келетінін сыбайласыңыздан естіп, сіз де мұнда әдейі келгенсіз. Кеше түнде мысықтай білдіртпей барып, моншақты ұрлап алғансыз да, алдын-ала дайындап әкелген көшірмесін дәмхананың есігіне іліп кеткенсіз. Солай ма?

– Сіз не айтып тұрсыз! Ешқандай дәлеліңіз жоқ! – деді жігіт ашуланып.

– Дәулет мырза, қымбат моншақтың түпнұсқасын сіз ебін тауып, тәспіңіздің ішіне жасырғансыз. Соны қазір әкеліп беріңіз, – деді Қыранбек Нұржанұлы.

– Жақсы, ақыл-айлаңыз бен тәжірибеңіз менікінен анағұрлым артық екенін мойындадым, – деді Дәулет мырза, – бірақ мен кісі өлтіруші емеспін! Кеше мен моншақты алуға барғанда, Ханшайым пысылдап ұйықтап жатыр еді. Тірі болатын. Қылмыс мен шығып кеткеннен кейін жасалған. Мен ұрымын, алайда кісі өлтіруші емеспін!

– Иә, өзім де солай ойлаймын. Анаңыз Ажар ханымды әңгімеге тартқанымда, жақтырмай, онымен сөйлестірмегеніңіздің де себебін білемін. Тым жақын аралассақ, Анталияға келудегі түпкі пиғылыңызды сезіп қалады деп қауіптенгенсіз ғой.

Әңгіме осымен тәмам болды. Дәулет Бектемірұлы шығып кетті де, бірден моншақты әкеліп, детективке тапсырды.

 

***

Келесі тергелуі керек жанды Қыранбек мырза кеңсеге шақырмай, өзі іздеп барды. Гүлназ каютасында осы кемеде тапқан жаңа құрбысы, кәріс қызы Тиен Тхимен әлдебір әзілдерді айтып, күлісіп отыр екен. Детектив есікті қағып, кіріп келгенде, бірден езуін жиып, лезде көңілсіз адамның кейпіне енді.

– Бет-әлпетіңіздің райын өзгертіп, әуре болмаңыз, – деді Қыранбек мырза, – мен бәрін де білемін. Қылмыскер кім екенін таптым.

– Сіз не айтып тұрсыз? Түсінсем, бұйырмасын?! – деді қыз.

– Мен бәрін де білемін, – деп қайталады детектив, – Бүкіл жолаушының каютасын ғана емес, дәмхананы да мұқият сүзіп шықтым. Қылмыс жасалған түні Аслан отырған үстелдегі ойықты көріп, айрықша назар аудардым. Оқ тесіп өткен екен. Ішіндегі оқты суырып алдым. Содан соң оқиға былай болғанын түсіндім: сіз тапаншаңызбен Асланды емес, үстелді атқансыз да, қаруды қолыңыздан түсіріп, диванның астына әдейі теуіп жібергенсіз. Ал Аслан алдын-ала дайындап әкелген қызыл бояуды саны мен қолына төккен де, жаралы адамның рөліне кіріп, аяғын ұстап, еденге жата қалған. Сол кезде дәмханада болған Хакан мырзаны дәрігер шақыруға жұмсаса, ал оның әйелі Севда ханымды сізді каютаңызға апарып, қасыңыздан бір елі алыстамауды әдейі тапсырған. Бәріңіз шығып кеткенде, атып тұрып, диванның астындағы тапаншаны алып, каютасына жүгіріп, ұйқыдағы Ханшайымды басынан атып өлтірген. Бояудың құтысын асығыс сөредегі лактың жанына қоя салғанда, құты құлаған. Құтының құлап жатқаны менің күдігімді тудырды. Өйткені, өте мұқият әрі ұқыпты Ханшайымның заттары олай жайрап жатпас еді. Құлап жатқан құтыны ашып қарағанда, күмәнім рас болып шыққанын ұқтым. Өйткені, ішіндегі лак емес, қызыл бояу екен. Ойдағысын іске асырғаннан кейін Аслан көз ілеспес жылдамдықпен қайтадан дәмханаға жүгіріп барып, өзінің санын атқан. Ал тапаншаны терезеден теңізге лақтыра салған болуы керек.

Осы сәтте:

  • Қыранбек мырза! Қыранбек мырза! – деген дауыс естілді де, детектив каютаның есігін ашты. Айғайлап жүрген «Гези» капитаны Дениз Өмероғлы екен.
  • Қыранбек мырза, сізді жер-көктен іздеп таппай жүрсем, осында екенсіз ғой. Мына тапаншаны бір қызметкеріміз кеменің ең төменгі қабатынан тауып алыпты, – деді ол дыбыс шығармай ататын «Type 67» тапаншасын көрсетіп. Қолына цеплофан қолғап киіп алыпты.

Детектив те әуелі қалтасынан арнайы қолғап алып киіп, сабына қанның қызыл дағы жұққан қаруды қолына алып қарады. Гүлназдың тапаншасын жазбай таныған ол қызға бұрылып:

  • Демек, ауырсынып, қиналып отырған жаралы Аслан тапаншаны теңізге лақтыруды ниет еткенмен, қару суға емес, кеменің төменгі қабатына түскен. Енді жағалауға жеткен соң, мұны сараптамаға берсек, саусақ іздері арқылы бәрін дәлелдеуге болады. Айтпақшы, екеуміз Анталияда тоғай жанындағы алаңқайда сөйлесіп отырғанда, ағаштардың арасында ешкім де болған жоқ. Сіз мені жаңылыстыру үшін әдейі солай айтқансыз. Қылмыс жасалған түні Аслан Ханшайымның сусынына білдіртпей ұйықтатын дәрі қосып, ұйықтауға ертерек жіберген. Менің де шарабыма байқатпай ұйықтатын дәрі қосқан. Өйткені, ұйықтамасам, қылмысқа кедергі болады деп қорыққансыздар. Осының бәрін шебер әрі сұм ұйымдастырсаңыздар да, шындық, әділдік орнамай қоймайды, – деді.

Манадан бері төмен қарап, үнсіз отырған Гүлназ енді ғана басын көтеріп, тіл қатты. Көзінде ызалы жарқыл бар еді.

  • Мен Ханшайымның өліміне еш өкінбеймін. Жақын құрбым болса да, жігітіме көзі түсіп, менен тартып алғысы келді. Мұны сезген Аслан оған үйленіп, тамағына у қосып өлтіріп, байлығына ие болмақ болды. Алайда олай істесе, қылмысы оңай ашылып қалар еді. Сол себепті, бұл жоспарды ойлап тапқан – мен! –деп дарақылана күлді.

Бұл уақытта «Гези» кемесі Испанияның Валенсия қаласына таяп қалған еді. Кеме капитаны жағалау күзетіне рациямен хабар беріп, қылмыскерлерді ұстауға полицейлер жіберуін сұрады…

 

Шығарма авторы: Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий