Қоғам | Общество

Нарынқолда 40-тан астам үй беріліп, бірнеше ғимарат іске қосылды

Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында кеше 40-тан астам тұрғын үй кілті тапсырылдыі. Сонымен қатар “Азаматтарға арналған үкімет” жəне аудандық прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараттары пайдалануға берілді. Бұл игілікті шаралар облыс əкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өтті.

Облыс басшысы Райымбек ауданына барған сапарын алдымен нарынқолдықтарға тұрғын үйдің кілтін беру қуанышынан бастады. Бұл үйлер Нарынқолда салынып жатқан 83 коммуналдық үйдің 1, 2 кезеңі бойынша құрылысы аяқталған баспаналар. Қоныс той қуанышына кенелгендер арасында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар.

Жаңа үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыстаған облыс əкімі баспаналы болған ауыл тұрғындарын құттықтап «Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд. теңге қаржы жұмсалды.  . Қоныстарыңыз құтты болсын! — деді А. Баталов.   Нарынқол өңіріне жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар жəне алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы қысқаша айтып, ауданның бұрынғы басшысы Жолан Омаровтың еңбегін де еске алды.

Жаңа қоныс иелерінің бірі, 20 жылдан бері бір сәбиге зар болып, жуырда нәрестелі болған Қуаныш Абаевтар отбасы кішкентай Нұрислам үшін облыс әкімінің бата-тілегін алғысы келетіні туралы ниетін білдірді. Амандық Ғаббасұлы отбасының шаңырағына кіріп, нәрестенің болашағына жарқын жол тілеп, батасын берді.

Сапар қорытындысында журналистерге сұхбат берген облыс әкімі Амандық Баталов

— Елбасының тарихи шешімінің арқасында Райымбек ауданы белсенді дамып келеді. Ауданын көркейтуге республикалық және облыстық бюджеттен 18 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал биылғы жылдың өзінде құрылыс жұмыстарына 8 млрд. теңге қарастырылып отыр. Соның 3 млрд. теңгесі – «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы бөлінген. Ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар туған өлкесіне қайта оралып жатыр. Келесі жылы тәулігіне 250 адам қабылдайтын, жобалық құны 2,8 млрд. теңгелік емхана салына бастайды. Аудандық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі. Суару жүйелерін ретке келтіреміз. Ірі инвесторлар осы өңірде мал шаруашылығы бойынша кәсіптерін дамытуға ниет білдіруде. Келесі жылы Кеген, Нарынқол өңіріне газ жеткізу жұмыстарын бастаймыз. Бұл өңір табиғаты тұнып тұрған, туризмді дамытуға қолайлы өңір. Осы бағыттардың барлығын басымдыққа алып, ауданды өркендетуге жұмыс істейтін боламыз, — деді А. Баталов.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Комментарий