Қоғам | Общество

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙ ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРМАЙДЫ

Жол құрылысы саласындағы жемқорлық еліміздегі жол мәселесін ушықтырып тұр. Соның дәлелі өткен жылы елімізде жол саласында 3,5 жыл ішінде 2,7 млрд. теңге сомасында мемлекетке залал келтірген 100-ден астам сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген екен. Өкінішке қарай жол сапасын жемқорлық қана емес, мердігерлердің жауапкершілігінің төмендігі, салада жүйеліліктің болмауы да жол саласына қатысты мәселелерді қордаландырып тұр. Халық та жемқорлық салдарынан жолдардың бір жылға жетпей тоз тозы шығатынына, кейбір жолдардың жыл сайын жөндеуден өтіп, енді бір жолдардың батпаққа батып жатса да жылдап асфальт төселмейтініне, мердігерлердің жауапкершілігінің төмендігінен жолдың «жүрдім бардым» қар мен жауын шашын аралас жасалып, тіпті республикалық маңызы бар жолдардың қауіпсіздік шараларын ескерместен, талапқа сай жасалмай, жол көлік оқиғаларының көбеюіне ықпал етіп отырғанына  наразылық танытуда. Әйтсе де наразылықтан нәтиже шығып, жол мәселесі азаяр емес.

Жалпы биыл елімізде жол құрылысына қазынадан 700 млрд теңге бөлінсе, Алматы қаласында жыл сайын жол жөндеуге 10 миллиард теңге қаралады екен. Алайда қыруар қаржы жол саласындағы мәселені шешу орнына күрделендіре түскен сыңайлы. Өйткені Алматы қаласының өзінде соңғы бір жыл көлемінде 100-ден астам жаңадан салынған жолдың сапасы сын көтермейтінін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы қалалық филиалы тіркеген. Сондай-ақ Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келеді екен. Бірақ облыстағы шұрық тесік жолдар миллиардтардың шырайын шығармай тұр.

Кеше ғана Қызылордада жол салушы жеке компания қар жауып тұрғанда ыстық асфальт төсеп, жергілікті тұрғындардың ғана емес, әлеуметтік желідегі жұртшылықтың да ашу ызасына тиді. Жауапсыз мердігердің ісіне наразы болған Қызылжарма елді мекенінің тұрғындары дереу құзырлы органдарға арызданған. Қызылжарма халқы көптен күткен жол жөндеу жұмыстары жоба бойынша жаздың ортасында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, құрылысты осы күнге дейін созып келген мердігер мекеме қарашаның қара суығында ұзындығы 1 шақырым болатын жолдың 450 метріне сапасыз асфальт төсеп үлгерген. Бір шақырым жолға асфальт төсеу үшін 34,6 миллион теңге жұмсалған. Жылжымалы зертханамен жолдан сынама алған мамандар өрескел олқылықтарды анықтаған соң ғана жөндеу жұмыстары тоқтатылған. Сонда халық араласпаса жол сапасыз салынып, бюджет ақшасы желге ұша бере ме?! Жол салудағы жаапкершіліктің сұрауы кімнен? Айта кетер жайт, үш ай жаз бойына ай қарап, күз келіп, қыс түскенде жол салғыштар еліміздің барлық аймағында кездеседі.

Биыл ғана Алматыдағы Радлов көшесінде жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң тротуардың астыңғы қабаты нығыздалмағандықтан бетіне төселген асфальт езіліп кеткен болатын. Тиісті бақылаудың болмауынан сапасыз салынған жолдар жылға жетпей сыр беріп, ойдым-ойдымы шығуда. Былтыр жол салған Оралдық мердігер компания да қара жерге асфальт төсеп, жол салған. Техникалық талаптарға сай асфальт асты алдын ала дайындалмаған. Мердігер компания қыруар қаржы бөлінген жолды осылай «күрделі жөндеп», құтылмақ болған. Ұзындығы 61 шақырым қалаішілік жолды жөндеуге 9 миллиард теңге бөлінсе де сапасыз салынған жол көпке жетпейтінін ауа райы дәлелдеп берген. Ақтөбеде де жолдың жағдайы мәз емес. 700 миллион теңгеге күрделі жөнделген Әлия Молдағұлова көшесі жыл өтпей жатып, бетоны ыдырап, түрлі шұңқырлар пайда болған. Қостанай облысындағы Фёдоров және Первомай ауылдарын байланыстыратын аудандық маңызға ие аумақта асфальт төсеу технологиясы өрескел бұзылған. 34 шақырым жолды жөндеуге қазынадан 565 миллион теңге бөлінген. Жылға жетпей жабындысының пішіні өзгеріп, кей жерлері жарылып кеткен. Былтыр Қостанай тұрғындары да шалшық судың үстіне асфальт төсегендерге наразылық танытқан болатын. Сондай-ақ құрылысын алдын ала елге сүйіншілеп жеткізген Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік дәлізінің пайдалануға берілгеніне бірер жылдың ғана жүзі болды. Бірақ, бүгінгі күні аталмыш жолдың ой-шұңқыры он жыл қолданыста жүрген жолдармен теңдей. Әсіресе, Алматы облысының аумағында оның бұрылысы көп болуы көлік апаттарына жиі себеп болуда. Тау-тассыз, өзенсіз, көлсіз жазық аймақта не үшін мердігерлер ирек-ирек жол салғандары белгісіз. Күз бен қыстың тайғанақ күндері жол жиегіндегі темір қоршауларға соғылу оқиғасы өте жиі болатынын жергілікті халық ашынып айтып жүр. Алғашында «алақайлағанымызбен» бүгінгі күні халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырған ақылы жолдың сұрауы кімнен?!

Осы орайда техника ғылымының докторы, профессор Омар Әбжәлелов: «Салада қадағалаудың төмендігінен жол салу технологиясы елімізде көп бұзылатын болып жүр. Қытайда кепілдік мерзімі елу жылға жететін жолдар бар. Ал бізде жолдар бес жылға да жетпей шұрық тесік болып жатады. Сондықтан салада қадағалауды күшейту керек. Мәселен қарлы жаңбырлы ауа райында асфальт төсеуге болмайды. Күзгі мезгілде +10 градустан төмен қарай асфальт салуға болмайды. Әсіресе ыстық асфальт жамылғысын салмау керек. Бізде тендер арқылы мойнына ілінген соң жол салушылар құтылсам болды деп, ауа райына, жылдың мезгіліне қарамастан асфальт төсей салуы әдетке айналып барады» дейді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов алдағы 6 жылда еліміздегі жол жөндеу құрылысына 3,5 трлн теңге жұмсалатынын айтқан болатын. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында шамамен 10 мың шақырым автомагистраль жөнделіп, 11 мың шақырым жол жаңартылуы тиіс. Триллиондаған теңге желге ұшып, сапасыз жолдан халық зардап шекпесін десек, сапасы сын көтермейтін жолдарға қазірден қадағалауды күшейту керек.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Комментарий