Қоғам | Общество

«ҚАЗАҚ» БОП ЖАЗЫЛҒАННАН БАСҚА ЭТНОСТАРДЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ АРТА МА?

Қазақстан халқы Ассамблеясы жиынында айтылған төлқұжатқа өзге этнос өкілдерінің өз ұлтын «қазақ» деп жазуына қатысты төраға орынбасарының ұсынысы жұртшылық арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл туралы қоғам белсенділері не дейді?

Шерзод ПУЛАТОВ, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» төрағасы:
– Менің ойымша, адам ең алдымен өз елінің шынайы патриоты болуы керек. Егер осы елдің шын патриоты болып, аянбай қызмет етсе елде оның еңбегін көреді, бағалайды. Адал еңбек қашанда игіліктерге бастайды. Ал төлқұжатқа «қазақ» болып жазылып, еліміздің дамуына, оның болашағына, бүгінгі тыныштығы мен бейбіт өміріне ешқандай үлесін қоспаса – оның қазақ болғанынан не қайыр? Отанды сүю ұлттықпен өлшенбейді. Ұлтты сүю, айналасына адал қызмет қылу пейілден, ниеттен. Маған «Қазақстанның өзбегі» деген ат жақын. Біздің ағайындар арасында тілден кедергі жоқ. Өзбек мектептерінде оқитын барлық оқушылар қазақ тілін толық меңгеріп, еліміздің жоғары оқу орындарына түсіп жатады.– Қаласа, Өзбекстан Республикасына барып Ташкентте де оқуға мүмкіндігі бар. Білімді, мәдениетті адамның барлық мемлекетте жүзі жарқын болып, еңбегіне қарай құрметке бөленеді. Қазақстанда да қазір ешкім ұлтына, нәсіліне, жынысына, жасына, діни наным-сеніміне қарай ешқандай алалауды көріп, сезініп отырған жоқ. Оған Ата Заңда көрсетілген азаматтық құқы да жол бермейді. Мысалы менің өзім ағылшын тілін жақсы меңгергенмін. Соның арқасында Америка Құрама Штаттарында да жұмыс істедім. Сондай-ақ, Түркия мен араб елдерінде де жұмыс істей аламын. Ташкентке барғанымда сондағы қазақтармен қазақша сөйлесемін. Осы елде туылып, өскен соң олармен рухым жақын. Осындайда жазушы Мұхтар Әуезовтің «Халық пен халық, адаммен адам білімімен теңеседі, ұлт дүниеге берген тұлғалы ұл-қыздарымен өлшенеді» деген сөзі еріксіз есіме түседі.

Толғанай ТӘУЕКЕЛОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы:
– Құжатқа «қазақ» деп жаздыру басқа этностардың жауапкершілігін арттырады деп ойламаймын. Себебі, мемлекет құраушы ұлт саналатын қазақтың өзінің бұл мәселедегі жауапкершілігі төмен. Жауапкершілік жоқ жерде нәтижелі іс жоқ. Қазақ ұлты да өзіне жауапкершілік алып, өзгелерге үлгі бола алатындай болуы керек. Өкінішке орай, қазір әлеуметтік желілерде ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында өзге ұлт пен ұлыс өкіліне тұрмысқа шыққан қазақ қыз-келіншектерін сатқын, ұлттың атына кір келтіруші етіп көрсетіп, тіпті «халық жауы» санайтын жазбалар мен материалдар аз емес.

– Бұл зайырлы, демократиялық даму жолын таңдаған мемлекеттің азаматы үшін ұят іс деуге болады. Ал құжатқа келсек, біріншіден өзге этнос өкілдерінің өз ұлтын қазақ деп жазуынан қорықпауымыз керек. Бұл бүкіл әлемде бар үрдіс. Тарихтан хабары бар кез келген адам оны жақсы біледі. Мұндағы мәселе – мемлекеттік идеяология мен онда өмір сүріп жатқан халықтың өзі суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген ел мен жерге деген құрметінде, отанға деген сүйіспеншілігінде. Екіншіден, мәселенің бәрі өзіңнің құжатқа қазақ екеніңді немесе басқа этнос өкілі екеніңді жазуға тіреліп тұрған жоқ. Ол Конституцияда анық, айқын етіп жазылған. Оны дау-дамайға айналдырып, өзге этностардың бәрі төлқұжатына ұлтын қазақ деп жазатын болса, бұл ұлтқа, мемлекетке қауіп төндіреді деген әңгіме бос сөз. Елді-жерді жан-жүрегіңмен сүймей, оған деген адалдығыңды іспен дәлелдемей мен қазақпын деп кеуде қаққаннан ешкімге де, ешқандай пайда жоқ. Ал тағдырымды, болашағымды осы елден бөліп-жарып қарастырмаймын деген өзге этнос өкілдерінің қазақ болып жазылуынан біздің қоғам дамымаса, кері кетпейді. Бұл кез келген мемлекет үшін пайдалы деген пікірлер біраздан бері айтылып та, жазылып та келе жатыр. Алайда, оны Қазақстан Республикасы азаматтарының өз таңдауларына қалдырған дұрыс шығар. Бұл үшін біреуді сатқын деп айыптап, «халық жауына» айналдырушылар өзінің заңды бұзып отырғанын түсінетін, сезінетін уақыт болды.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

Комментарий