Судья мінбері | Судебная система

Судьялар съезі салаға серпін берді

Республика судьяларының алғашқы съезі 1996 жылы ұйымдастырылған болатын. Міне содан бері зымырап 24 жыл өтіпті. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде отандық соттың жұмысына серпін беретін 8 съезде судьялар бас қосты, тәжірибе алмасты. Әр съездің қазылар үшін орны ерекше. Соның ішінде 23 қарашада өткен ҮІІІ съезд де өзіндік ерекшелігімен тарихта қалары талассыз. Ол қандай өзгерістер?

Біріншіден, биылғы судьялар съезін алдыңғы басқосулардан ерекшелейтін басты өзгеріс – онлайн форматта, тікелей желіде өтуі. Мұндай қадамға отандық сот құрылымы жайдан-жай барған жоқ. Әлемдік пандемия бәрімізден сақтық шараларын сақтауды талап етуде. Коронавирус індетінен сақтандыру үшін қазір сот отырыстары да қашықтан, онлайн режимде өтуде. Сондықтан көптеген адамның басын қосатын жиындарды да қашықтан ұйымдастыру қауіпсіздік үшін маңызды болды. Бұған съезге арнайы шақырылған халықаралық сарапшылар да, судьялар мен заңгерлер де түсіністікпен қарады. Өйткені дәл қазіргідей төтенше жағдайда денсаулыққа, жақындарымыздың өміріне жанашырлықпен қарауымыз керек.

Екіншіден, съездің онлайн форматында ұйымдастырылуы судьялар мен сот қызметкерлері үшін өте пайдалы болды. Бұрын съезд делегаттары ғана жиынға қатысып, көрген-білгендерін әріптестеріне жеткізетін. Ал онлайн формат барша қазылар қауымына съезді тікелей көруге, отырысты толықтай жазып алып, қайталап көруге мүмкіндік берді. Бұл маңызды жиында көтерілген мәселелерді терең зерделеуге, биік мінберден көтерілген тақырыптардың мәніне үңілуге жол ашады.

Үшіншіден, съезд форматы сот құрылымын заманауи технологияларды бұдан да тиімді, бұдан да кеңірек қолдануға, сол арқылы жұмысты жеңілдетіп, жеделдігін арттыруға итермелейді.

Жалпы қазақстандық соттың басқа құрылымдармен салыстырғанда жаңа технологияларды меңгеруде көш бастап келе жатқаны талас тудырмайды. Бүгінде барлық сот отырыстарының қашықтан ұйымдастырылып, процестердің кедергісіз өтуіне де осы жаңа технологияның ықпалы зор. Бұрын шалғай жерлерде тұратын куәгерлерді облыс орталығында өтетін сот отырысына шақырып әуреге салмау үшін жаңа технология жетістіктері қолданылатын. Енді шетелде жүрген, өзге қалаларда іссапарға жүрген азаматтардан қашықта тұрып жауап алу еш қиындық тудырмайды.

ҮІІІ съезде көтерілген мәселелер де қомақты. Олар сот жұмысына заманауи технология игіліктерін барынша енгізу, сот жұмысының сапасын көтеруге, сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күреске негізделіп отыр. Сонымен бірге, судья тәуелсіздігін күшейту, соттарға жасалатын сыртқы ықпалды азайту мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. «Күш бірлікте» демекші, басқосуда айтылған бұл мәселелер алдағы уақытта толық шешімін табарына күмәніміз жоқ.

С.Жолманова,

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий