Қоғам | Общество

Көшбасшы оқу ордасы әрқашан алда болуды көздейді

Мемлекет басшысы еліміздің жоғары оқу орындарына әлемдегі ең үздік ЖОО-ның қатарына кіру міндетін қойып отыр. Осы орайда ҚазҰУ әлемдік кеңістікте мойындалған, еліміздің жетекші университеті ретінде осы маңызды мемлекеттік тапсырманы іске асыру бағытында мақсатты жұмыс атқаруда. Соңғы бес жылда университет «QS WUR» рейтингісінде 400-ден астам позицияға көтерілген. Әлемдік тәжірибеде бірде-бір университет осындай өсу динамикасына қол жеткізбегенін ескерсек, оқу ордасы көшбасшылық мақсатына жетіп жатқанын ұғамыз!

Бүгінгі таңда университет елімізде нарық талабына сай жоғарғы білікті мамандарды даярлауға өзінің үлесін қосып отырған бірден-бір білім ордасы. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте кәсіби білім беру  көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда. Қызметкерлердің ынтасы мен жауапкершілігін арттыра отырып, рейтингтік жүйе бәсекелестік артықшылықтардың дамуына және әлемнің жетекші жоғары оқу орындары арасында университеттің көшбасшылық позициясына қол жеткізуге ықпал етеді. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті болуды әрі ТОР-100 үздік ЖОО-ның жаһандық рейтингісіне кіруді мақсат еткен оқу ордасы үнемі жаңашылдықтар мен заманауи жетістіктерге бет бұрып келеді. Қазіргі заман сұранысына сай онлайн білім беруде де уақыт сұранысына сай көрінуде.

Университетте студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «Әл — Фараби» кітапханасы, спорт кешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр. Алдыңғы қатарлы шетелдік университеттермен бірлесе қос диплом бағдарламасы және ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда, соның нәтижесінде Қазақстан бойынша ең көп шетелдік студенттер ҚазҰУ-да білім алуда. Сондай-ақ оқу ордасының өзіміз білім алатын Заң факультеті осы уақыттар ішінде көптеген жаңару мен өзгерістерді басынан өткерді. Қазіргі таңда заң факультетінде құқықтану және кеден ісі мамандықтары бойынша мамандарды дайындайды. Студенттерді даярлау үдерісі орта білім және жоғары білім негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар заң факультетінің студенттері магистратура және PhD докторантурасына түсуге мүмкіндіктері бар. Бүгінгі таңда заң факультетінің ең күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жақсы ғылыми әлеуеті бар.

Тек соңғы жылдың өзінде маман даярлауға аса мән беретін оқу ордасында студенттердің саны 15 есеге өскен. 1934 жылы ашылған оқу ордасы осы уақыттар ішінде  еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Ел тұтқасын ұстар, ел дамуына үлес қосар көптеген мамандарды дайындап шықты. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы уни­верситеттің біріне айналуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң Факультеті  Қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасы
Доцент: Атаханова Гүльзагира Махатовна

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
Заң факультетінің
3 курс студенттері:
Қонар Айбек
Әмірханов Шыңғысхан
Илиев Мерей

 

Комментарий