Қоғам | Общество

АНА МЕН БАЛА ЖАҒДАЙЫ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

ЕГЕМЕН ЕЛ БОЛҒАНЫМЫЗҒА 30 ЖЫЛ БОЛДЫ. ОСЫ ЖЫЛДАР ІШІНДЕ, АҢҒАЛ-САҢҒАЛЫ ШЫҚҚАН ЕКІ БӨЛМЕЛІ БАЛШЫҚТАН ТҰРҒЫЗҒАН ШАҒЫН ҮЙДЕ «ШЫҚПА, ЖАНЫМ, ШЫҚПАМЕН» ҚЫСЫЛЫСЫП-ҚЫМТЫРЫЛЫП 5 ЖАН ТҰРЫП КЕЛЕМІЗ. ҚАЛА ІШІНЕН ПӘТЕР АЛУҒА НЕМЕСЕ ЖАЛДАУҒА ЖАҒДАЙЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ. КҮЙЕУІМ ЕКЕУМІЗ, БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ АСЫРАУ ҮШІН УАҚЫТПЕН САНАСПАЙ КЕЗ КЕЛГЕН АУЫР ЖҰМЫСТЫ ІСТЕУГЕ БАРМЫЗ ЖӘНЕ НӘПАҚА ТАБУ ҮШІН КЕЙБІРЕУЛЕРГЕ АРЗАН ЕҢБЕК ЕТУШІ ДЕ БОЛЫП КЕЛЕМІЗ. БІР ЖАҒЫНАН ҚАЛА ІШІНЕН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ САБАЛАҚ САЯ-ЖАЙЫ ШАЛҒАЙ, ШЕТ АЙМАҚ БОЛЫП САНАЛАДЫ. БАЛАЛАРЫМНЫҢ САБАҚҚА ҚАТЫНАУЫ ДА ҚИЫН.

Біздің саяжайда түрып жатқан халықтың негізгі бөлігі кедей-кепшіктер, жұмыс істейін десе жұмыс жоқ, есік алдындағы 6 сотық жерді өңдеп, содан азды көпті күз мезгілінде бірдеңе алып бала шағаға талғау жасап беріп жататын кезіміз де, қыста жағатын отын таба алмай қалтырап, дірілдеп тоңып өткен кездеріміз де жиі болуда. Қалаға қосылған елді мекен болсақ та біздің жағдайымыз, ауыл тұрғындарының жағдайынан әлдеқайда төмен. Жолымыз тар, тас төгілмеген, жауын жауса балшықтан жүре алмайсың, ал құрғақшылықта жел тұрса немесе машина жүріп өтсе бұрқыраған шаңның астында қаламыз.Электр энергиясы бірде болса, бірде жоқ, сымдары тозған. Отын-су, жемшөп проблема, ауыз су, газ дегендер атымен жоқ. Отын-су түсіруге қаржы жоқ. Үй жылыту қиын, жақын жердегі жыңғылдарды отап әкеп үйімізді жылытып отырмыз. Көмірдің бағасы аспандап, біздің қолымыз жетпейтін жағдайға жетті. Қазір, қымбатшылық өршіп тұр, күнделікті балаларға қажетті ішіп-жейтін азық-түлік алу да мұң болып қалды. Үкіметтің әлеуметтік деңгейі өте төмен жан-ұяларға беріп жатқан азық-түліктері біздерге жетпейді. Кедей отбасыларына жәрдемақы төлеуде біздердің осындай әлеуметтік жағдайымыз ескерілмейді.
Осындай жағдайларды айтып қала әкіміне, Нұр-Отан партиясына, облыс әкіміне бірнеше рет шағымдандым. Қалалық әкімшілік арызды тіркейді де, қарамай тастай салатынына көзіміз жетті. Бірде бір рет, өтірік алдаусыратып болса да жауап та қайтармады. Облыс әкіміне жазған арыздарым да осылай хабарсыз кетеді. Қ.Көшербаев әкім болып тұрған кезде бір қап көмірмен көмектескен болса, Г. Әбдіқалықова келгелі жауап та болмайтын болды. Осыған байланысты, 5-6 күннен кейін облыстық әкімдіктегі арыз қабылдау бөліміндегілерден сұрастырсақ, «Сіздің арызыңыз әкім орынбасары Н. Байқадамовқа жіберілді» дегендей жауап аламыз. Ал, арызға жауапты апталап емес, айлап күтсең де келмейді. Әкімдер халық үшін, олардың жағдайын жақсарту үшін жұмыс істеуді қойғанына көптеген жылдар болды. Әкімдерге, барған жерлерінде дайындалып көшені сыпырып, су сеуіп, кемшілікті көрсетпей көзбояушылыққа бару бұрынғы кезден қалыптасқан жүйенің нәтижесі. Қашан ана мен баланың жағдай жақсарады екен? Қашанғы біз ішетін тамағымызды бірде тауып, бірде таба алмай аш жалаңаш жүре бермекпіз?
Салтанат ТӘЖІБАЕВА,
Қызылорда қаласы
«Сабалақ» саяжай ауданы
«Ғылым» бау-бақша
серіктестігінің тұрғыны 

Комментарий