Қоғам | Общество

«ТЕАТР – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ, ЖҮРЕГІ»

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН БАРЛЫҚ АУДАНДА ХАЛЫҚ ТЕАТРЫ АШЫЛАДЫ ДЕГЕН ӘҢГІМЕ ШЫҚҚАН КЕЗДЕ, ЖҰРТТЫҢ БӘРІ ЕЛЕҢ ЕТТІ. ӨЙТКЕНІ КӨП АЙМАҚ ЖАҢАДАН ТЕАТР АШПАҚ ТҰРМАҚ, КЕҢЕСТІК ДӘУІРДЕН ҚАЛҒАН ҚАЛҚИҒАН КЛУБ ПЕН АТЫ ДАРДАЙ МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІН ТОЛЫҚ САҚТАП ҚАЛА АЛМАДЫ. СОНДЫҚТАН «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚАЛАЛАРДАН СЫРТҚА ШЫҒА АЛМАЙ, ШІДЕРЛЕУЛІ АТТАЙ КІБІРТІКТЕП ЖҮРГЕНДЕ БҰЛ ЖАҢАЛЫҚ ӨНЕР ДЕСЕ ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЯТЫН КҮЛЛІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫН АШТЫ.

– Қазіргі таңда облыстағы 17 аудан мен 3 қаланың тек алтауында халықтық атағын қорғаған және әрқайсысында 15 адамдық штаты бар 6 театр жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге екі қуыршақ театры бар. Енді Ұйғыр ауданын қосқанда 7 ауданда халық театры ашылып, жұмыс жасап жатыр. Бұлар заң бойынша 3 жылдан кейін өзінің атағын қорғайды. Келесі жылдан бастап оларға штаттық бірлік бөліне бастайды. Бұдан бөлек қосымша 6 халық театры аттарын қойып, қойылымдарын дайындап жатыр. Жыл соңына дейін оларды ашып, халыққа таныстырамыз деген жоспарымыз бар, – дейді Алматы облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев. Оның айтуынша, мұның бәрі барлық ауданда бір-бір халық театры болса деген жоспар бойынша жүзеге асып жатыр. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында таныстырылымы жасалған «Хантәңірі» Нарынқол халық театры мен Ұйғыр ауданының «Қарадала» халық театры со­ның нәтижесі. Егер мұнда 17 аудан, 3 қала барын ескерсек, бұл тек Жетісу өлкесі үшін ғана емес, күллі республика мәдениетінің көшін түзеуге бағыттаған үлкен бетбұрыс деуге болады.«Хантәңірі» Нарынқол халық театры 23 жылдық үзілістен кейін қайта ашылған. Қарадала деген қасиетті сөздің географиялық қана емес, тарихи және мәдени тұрғыдан да зор маңызы бар атау екенін түсінгенде ой-өрісі кеңіп, бойында отаншылдық сезімі асқақтап шыға келетіні күмәнсіз. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан театрдың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «Аспантаудың жайлауы Нарынқол, Кеген болса, қыстауы Қарадала. Онда ұлылардың рухы жатыр. Оны қозғайтын күш, ықпал ететін бір тылсым құдірет керек еді.
Қарапайым халық руханиятын көтеретін өнер десек, қазір Қарадаланың рухы көтеріліп келе жатыр. Өнер тұнған жерден халық театры ашылмауы мүмкін емес еді. «Сарыбидай» әні десе бүкіл Қазақстан біледі, бірақ оның тарихын ешкім білмейді», – деп театр репертуары үшін тағдырлы тұлға Сәдіғожа Мошанұлы туралы бір поэтикалық драма жазуға сөз берді. 800-ден астам мүшесі бар Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының ықыласын жеткізген ақын – халық театрының басы дардай, аяғы қылдай болып қалмаса екен, – деген тілегін де жасырмады.


Өз өнерпаздарымызды қолдамасақ елдігімізге сын
Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы, ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың сөзіне қарағанда, олар бұған дейін барлық облыс әкімшіліктеріне – әр аудандағы сахнаға құмар, қыз-жігіттердің есебін алыңыздар, халық театрларын назарларыңызға алыңыздар, штат беріңіздер, көмектесіп қолдап тұрыңыздар деген мазмұндағы хат жолдаған көрінеді. Мемлекет басшысының өзі халыққа Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», – десе де әзірге бұл хатты аяқсыз қалдырмайтынын дәлелдеген Алматы облыстық әкімшілігі ғана болып тұр. – Қазақта «Еліңде өнерлі жас болса – ерттеулі аттай емес пе. Қария болса – жазылған хаттай емес пе» деген аталы сөз бар ғой. Елдің тарихы қарттарда болса, көркі жастарда. Ұрпақтар алмасуы кезінде өткенді ойламай, баспалдақсыз биікке шығуға болмайды. Жердің жеті қат астында жатқан қазақтың есесін қайтарудан тұратын патриоттық сезімдер өнердің тілімен айтылады. Оның жалауын көтерген театр синтездік өнер. Ішінде бәрі бар. Оған біз қуанбағанда кім қуану керек. Театр – халықтың жаны, жүрегі. Өнер – білектің емес, жүректің ісі. Қазақстанда 57 кәсіби театр бар. Облыстық театрларда қызмет етіп жүрген актерлардың 60-70 пайызы ауылдан, халық театрынан шыққан. Олар облыстық театрдың туын көтеріп, шаңырағын шайқалтпай отыр. Егер Алматы облысының 17 ауданы мен 3 қаласында халық театрлары болса облыстық ғана емес, бүкіл Қазақстан театрларының мерейі көтеріледі. Шерхан ағамыздың тілімен айтқанды – «Қазіргі алмағайып заманда түрмеден театрдың көп болғаны жақсы», – дейді бұл шараға арнайы келген Т.Жаманқұлов. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс: «Кейде біз сахна – тұлғалар тұғыры дейміз. Актер біткеннің бәрі тұлға емес. Сахнаға шыққанның бәрі саңлақ емес. Біздің ауданның өзінен бір академиялық театр жасауға болады екен. Өнер кешегі ұлылардың рухын тірілтетін құдірет», – деді.

Клуб пен мәдениет үйлерінің жандануына жаңа серпін
Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаевтың айтуынша, 25 елді-мекені бар қарадала өңірінде қазір 15 ауылдық клуб жұмыс жасайды. Ештен кеш жақсы дегендей мәдениет үйлерін жөндеуден өткізу жұмысы жүзеге аса бастады. Бүгінгі таңда жөндеуден өтіп жатқан 3 мәдениет үйінің бірі 3 мыңға жуық тұрғыны бар Кетпен ауылында орналасқан. Келесі жылы енді Бахар ауылындағы клубты жөндеудің құжаты жасалды. Одан кейін мұндай жұмыс – Шарын, Тасқарасу ауылдарындағы мәдениет үйлерінде жалғаспақ. «Қарадала» халық театрының ашылуына түрткі болған жағдайды сұраған кезде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев: «Бұл театрдың ашылып, өз жұмысын бастап кетуі бар-жоғы бір айдың ішінде шешілген дүние болды. Басты себеп, ауыл ақсақалы Ызғарбек атамыздың ұсынысы болды. «Хантәңірі» Нарынқол халық театрын құру жұмысымен барып жүргенімізде сонда мәдени бір шара болып қалды. Сол жерде Нарынқол ауданын басқарған әкімдердің біразы бас қосқан екен. Арасында Ұйғыр ауданында тұратын ақсақалымыз, облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов ағамыз болды. Қалай болды деп қызығып сұрай отырып, біздің Қарадалаға да театр керек-ау. Бізге келіп ақылыңды айтып кетсең деп арнайы шақырды. Сосын Ұйғыр ауданындағы әкімшіліктің азаматтарымен бас қосып, жиналдық. Қалай болады деген әңгімеден кейін қызды-­қыздымен осы театрды ашуға көмектесіп, атсалысайын деген уәде беріп қойыппын. Сонымен арасына бір апта салып екі театрды ашуға тура келді. Ел қолдап күнде бір сүйінші хабар естіп жатырмыз. Бұл адамға қанат бітіреді екен», – дегенді айтты. «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» дегендей 1,5 ай бойы Нарынқол мен Шонжының арасын шаңдатып жүріп, өнерлі жастарға ұйтқы болып Абайдың «Ескендір» поэмасының желісі бойынша сахналанған қойылымның авторы және қоюшы-режиссері болған А.Наймантаев өзінің бұл жанкешті тірлігін атын шығару үшін емес, ұлы өнерге деген сүйіспеншілігімен ғана жасағанын айтады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті» 

Комментарий