Қоғам | Общество

АНАНЫҢ ДА, БАЛАНЫҢ ДА КӨҢІЛІ – ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТА

ЖЫЛДА БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ ЖАҚЫНДАҒАНДА «БАЛАМЫЗДЫ ҚАНДАЙ ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНА АПАРАМЫЗ» ДЕГЕН УАЙЫМ БАСТАЛАДЫ. ЖАҚЫНДА ОСЫ МӘСЕЛЕ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АСҚАР МАМИН ЖЕТЕКШІЛІК ЕТКЕН ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА ҚАРАЛДЫ. ОНДА АЛҒАШҚЫ БАЯНДАМАНЫ ЖАСАҒАН ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ КҮЛӘШ ШӘМШИДЕНОВА БИЫЛҒЫ ДЕМАЛЫСТА БАЛАЛАРДЫ ҚАЙДА ДЕМАЛТЫП, ҚАНДАЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚТАРҒА ҚЫДЫРТЫП, НЕНДЕЙ ҮЙІРМЕЛЕР МЕН СПОРТ СЕКЦИЯЛАРЫНДА ШЫНЫҚТЫРУҒА БОЛАТЫНЫНА ТОҚТАЛДЫ.

ҚАРАҒАНДЫ МЕН АТЫРАУ КӨШ БАСТАП ТҰР

Жергілікті әкімдіктердің мәліметін жеткізген бас ұстаздың айтуынша, орта есеппен балалардың 71 пайызы биыл жазда түрлі демалыс орындары мен лагерьлерде демалады. Олардың 236-сы қалалар сыртындағы демалыс орындарында, 11 мыңға жуығы мектеп жанындағы лагерьлерде және 1750-ден астамы шатырлы және киіз үйлі этнолагерьлерде тынықпақ. Бұл демалыс орындарына әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларының 80, айрықша білім қажеттілігіне мұқтаждар дың 82, жетістікке жеткен оқушылар мен девианттық тәрбиедегі балалардың 90 пайызы барады. Оларға қаржы республикалық және облыстық, аудандық бюджеттерден бөлінген. Өткен жылы 11 облыста ауылшаруашылық, мұнай, газ, тау-кен, энергетика саласындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға атсалысып, 504 млн теңгеге 4324 баланың тынығуына мүмкіндік жасаған. Жазғы демалысты ұйымдастыру көрсеткіші әр өңірде әртүрлі екен. Мәселен, Қарағанды және Атырау облыстарында балалар 95-100 пайыз демалыспен қамтылса, Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан және Атырау облыстарында бұл көрсеткіш төмен.

Сол үшін аталмыш аймақтар әкімдері қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылдапты. Айта кетерлігі, бұл демалыс орындарында балалар 10 күн немесе екі апта ғана демала алады. Сондықтан, басқа уақытта балалар немен айналысқаны дұрыс? Үкімет отырысында бұл сауалға да Күләш Шәмшиденова жауап берді. Оның айтуынша, оқушылардың 61 пайызы түрлі мәдени клубтар мен орталықтардағы үйірмелерге қатыса алады. Оларда олимпиадалық резерв пен тіл мектептері, белсенділер мен көшбасшылардың жазғы үйірмелері ұйымдастырылмақ. Бұған қосымша «Киелі Қазақстан» тақырыбына орай тарихи орындарға экскурсиялар жоспарлануда. Миллионға жуық бала «Қазақстан – мейірімділік мекені», «Табиғатты аялайық», «Жол қозғалысындағы жас инспектор», «Жұлдызай» атты тәрбиелік-танымдық шараларға қатысады. «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясындағы «Балалар бастауы» әлеуметтік жобасы да жұмыс істейді.

ЖЕТКІНШЕКТЕР ЖҰМЫСҚА ТАРТЫЛАДЫ

Жаз бойы балалардың бәрі демалып, үйірмелерге қатыса бермейтіні анық. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен ата-анасына масыл бола бергісі келмейтін белсенді жастар жұмыс істеп, өз киімдеріне қаражатты өздері тапқысы келетіні белгілі. Министрдің сөзінше, бұл бағытта 960 мыңдай бала құрылыс отрядтары құрамында көгалдандыруға қатысады деп жоспарланған. Мұның сыртында, базарларда сауда жасап, мейрамханаларда даяшы болып қаржы табатындар да бар. Балалардың ерте бастан еңбекке араласқаны, әрине, жақсы. Алайда, олардың құқықтары бұзылмай, еңбек шарттары сақталуы тиіс. Бұл жөнінде Балалардың құқын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов: «Заң бойынша тек 14 жастан асқан балаларды жұмысқа тартуға рұқсат бар. Оның өзінде 4 сағаттан аспауы керек және әке-шешесінің келісімімен денсаулыққа зияны жоқ жұмыстарға тартылады. Ал ондай жұмысқа тартылған балаларға берілетін жалақыны жұмыс берушілермен ақылдаса отырып, шешетін боламыз», – деді.

РУХАНИ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАУ ТЕГІН

Аталмыш Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оқушылар қандай орындарды тегін аралай алатынын баяндады. Оның айтуынша, 2017 жылдан бастап министрліктің бастамасымен жазғы демалыс кезінде республикалық музейлерге, музей-қорықтар мен театр ларға оқушыларды тегін кіргізу тәжірибесі жұмыс істейді. Нақты айтқанда, бұл туралы МСМ-нің 2017 жылғы 19 мамырдағы №142 бұйрығы бар. «Осы жобаның оң тәжірибесін ескере отырып, оны енгізуді жергілікті деңгейде де жалғастыру ұсынылды», – деді министр. Бұдан бөлек, ол балалар мен жасөспірімдер үшін оқу бағдарламалары аясында шығармашылық және креативті жо- балардың, «Көшпелі кітапхана», «Балалар туризмі» қатарлы жобалар іске асатынын (қызығушылық бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шет тілдерін үйрету курстары, мастер-кластар және басқалар) жеткізді. Мамандар мәлімдегендей, жалпы ақылы лагерьлер мен демалыс орындары үшін төлем 10-15 күнге 10 000-40 000 теңге айналасында болады және бұл бағалар баратын санаторий немесе лагерьлерге байланысты белгіленеді. Еліміздің бас ұстазы балалардың қауіпсіздігін де тілге тиек етті.

«Осы айдың басында жазда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сұрақтары ведомоствоаралық отырыста, лагерь басшыларының кеңесінде қа- ралды. Оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында жазғы лагерьлерге қоғамдық мониторинг жасалып отыр. Бала қауіпсіздігін басты назарда ұстау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін Сенім телефоны мен арнайы чат бар», – деді министр. Үкіметтегі жиында жасаған баяндамасының соңында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшиденова Премьер-министр Асқар Маминге жоғарыда атап өткен ақпараттар негізінде жергілікті атқару органдары мен басқа да тиісті мемлекеттік мекеме- лерге арнайы тапсырма беруді ұсынды. Атап айт қанда, олар балалардың ойын алаңы мен парк-аттракциондар жұмысына тұрақты бақылау және мониториг жүргізу, балалардың жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Балалар және жол» акциясын ұйымдастыру, суда жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мәдени, тарихи және спорттық кешендерге балалардың баруына жағдай жасау, бала мен ата-ананың демалысын бірге ұйымдастыру, әсіресе, ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға басымдық беру және соңғысы жаз ғы балалар лагеріне ата-аналардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен тұрақты мони торинг жүргізу секілді мәселелер.

МАМИННІҢ МІНДЕТТЕМЕСІ

Үкімет отырысын қорытындылаған Асқар Мамин балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастырмаған Нұр-Сұлтан қаласы және Атырау мен Түркістан облыстарының әкімдеріне ескерту жасап, кемшілікті тез арада түзеуді тапсырды. «Балалардың жазғы демалысына дұрыс көңіл бөліңіздер, себебі, бұл әрбір отбасын толғандырған мәселе. Алматы мен Павлодар облыстары демалысты толық ұйымдастырып, демеушілерді жақсы қамтыған. Ал, Түркістан және Атырау облыстарының әкімдері бұл мәселені қысқа уақытта шешсін. Білім және ғылым министрі Жол картасын әзірлеп, жұмыс істемей тұрған лагерьлерді анықтап, аймақтар әкімдерімен бірге әлі де 1000 демалыс орнын ашуы керек», – деді А.Мамин. Шыны керек, балалардың жазғы демалысын өткен жылдары да жазып жүрген соң білетініміз, дәл биылғыдай көңіл бөлгенін бұрын көргеніміз жоқ. Үкімет басшысының өзі бас болған бұл іс биыл балалардың жақсы тынығуына мүмкіндік жасайды деп иланғымыз келеді.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ,

«Заң газеті»

Комментарий