Бас тақырып | Тема дня

ҚОСШЫСЫ ЖЕМҚОР БОЛСА, БАСШЫСЫ ЖАЗАЛАНАДЫ

Transparency International халықаралық ұйымының сараптауынша, Қазақстан әлемдегі 180 мемлекеттің арасында сыбайлас жемқорлық көрсеткіші бо­йынша 122­орынға тұрақтапты. 1999 жылы осы ұйымға алғаш мүше болған уақыттағы көрсеткішіміз 145­орын болғанын ескерсек, жылына бір сатыға көтеріліп отырғанымызды көреміз. Бұл бүгінгідей ғылым мен техника қарыштап дамып, сыбайлас жемқорлықты жеңген елдердің экономикасы еселеніп жатқан заманда тасбақаның жүрісімен тең тірлік емес пе..?

Бұл мәселені Үкімет мүшелерімен талқылаған Президент Қ.Тоқаев та елімізде жемқорлық дендеп кет- кеніне алаңдаушылық білдіріп, ол қоғамның дамуына кедергі келтіретін қауіпті дерт екенін баса айтты. «Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тір- келеді. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ау- руды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін», – деді Қазақстан Президенті.

Иә, қылмыстың осынау күрделі түрімен күресті тәуелсіз қазақ елі бүгін ғана бастап отырған жоқ. Нақты айтсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ қоғам белсенділері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде түрлі ұсыныстар айтылған-ды. Соның нәтижесінде 1998 жылы 4 тарау, 20 баптан тұратын арнайы заң қабылданды. Сол уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күре- сетін мемлекеттік орган құрылып, содан бері атауы әлденеше түрленсе де, мақсаты өзгерген жоқ.

Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталатын құрылымның 2018 жылғы мәліметтеріне жүгінсек, агенттік тарапынан сыбайлас жемқорлық себептері мен оған алып келетін жағдайларды жою бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 2053 ұсыным жолданған. Нақтырақ айтқанда, ішкі істер органдарына – 862, әкімдіктерге – 584, мемлекеттік кіріс бөлімшелеріне – 99, денсаулық сақтау мекемелеріне – 30, Ауыл ша- руашылығы министрлігіне қарасты құрылымдарға – 33 ұсыным берілген. Тексерістер нәтижесінде 1211 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның 135-і мемлекеттік қызметтен шығарылған. 190 адам қызметтік талапқа сай емес екені анықталып, 281-іне қатаң сөгіс берілген. Бұл ресми тіркелгендері.

Ал, сыбайлас жемқорлық сипаттағы қаншама қылмыс тараптардың тіл табысуымен көлеңкеде қалып жатыр десеңізші?! Жол полицейлеріне жүргізушілердің айыппұл орнына 4-5 мың теңге бере салуы, тексеруге келген өрт сөндіру инспекторларына кәсіпкерлердің 40-50 мың теңгені «сыйлап» жіберуі, баланы балабақшаға кезектен тыс орналастыру үшін ата-ананың меңгерушіге 100 мың теңге пара ұсынуы сияқты заңсыз әрекеттер біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналған. Бұл заңсыздық бала мектепке барғанда да жалғасын тауып, оны бітіргенше сабақтасып, орта және жоғары оқу орнына түскенде де сыбайлас жемқорлықпен астасып, жұмысқа да солай тұрып жатқаны жасырын емес. Осылайша, сыбайлас жемқорлықпен көзін ашқан бала ертең жастайынан көріп, санасына сіңген дүниені қайталамағанда не істейді?! Ал, бұл мемлекеттің дамуын тежеп, қоғамның іріп-шіруіне алып келері даусыз. Сондықтан, әрбір саналы азамат бұл індетпен ымырасыз күресуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да жемқорлық ұлттық қауіпсіздік пен мемлекет болашағына нұқсан келтіретініне тоқталып, оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажеттігін қаперге салды.

– Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттен босату керек. Колледждер мен мектеп директорына дейін мемлекеттік сатып алуға қатысы бар. Орталық мемлекеттік органдарда саяси қызметшілерді мемлекеттік сатып алуларға араластырмайтын механизмдер әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру керек. Бұл туралы жиі айтылса да, 5 функция ғана жеке секторға берілген. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа және Ұлттық экономика министріне тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын. Оның нәтижелерін маған 1 айдың ішінде баяндаңыздар, – деді Президент.

Жемқорлыққа қарсы жиын соңын- да Мемлекет басшысы жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкер- лердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылар жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтты. «Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұн- дай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ, жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек», – деді ол.

Бұл мәселе бұрын да айтылған. Бірақ, осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық дерегімен қаншама қызметкер, басқарма басшылары, аудан әкімдері, тіпті Үкімет мүшелері қылмысты болса да, соған жауапты бір басшы отставкаға кеткен емес.

Мұны қоғам көріп, біліп отыр. Ал, ендігі жерде Президент Қ.Тоқаевтың айтқандары орындалса, бұл күрестің шынайылығына жалпы халықтың да сенімі артар еді. Себебі, Президент Үкіметке осы жолы сыбайлас жемқорлықты тыятын 7 бір дей міндет жүктеді. Оның ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектеп оқушыларынан бастап тәрбие беруді жүзеге асыру, қоғамдық бақылауды күшейту секілді бұрын айтылмаған тың идеялар бар. Әрине, журналистер қауымы онсыз да қоғамда орын алған келеңсіздіктерді бақылап, дабыл қағып келеді. Ал, Президенттің өзі осындай пәрмен беріп отырған соң бақылауды бұрынғыдан да күшейтіп, қоғам белсенділерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға жұмылдыратынымыз анық. Себебі, біз шын мәніндегі демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет болуды қалаймыз. Жазған сындарымызды Үкімет пен Президент бастаған мемлекеттік құрылымдар оқып, айтылған кемшіліктерді талқылып, тиісті шара қолданса, заңсыздықтар тыйылып, мемлекет те дамитын еді…

Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, «Заң газеті

Комментарий