Судья мінбері | Судебная система

ҚАЗЫЛАРДЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ

Алматы қалалық соты биыл өзінің елуінші белесін бағындырып отыр. «Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығының шындығын қалалық соттың кешегісі мен бүгініне көз жеткізгенде бағамдау қиын емес. Шындығында, ширек ғасыр ішінде Алматы қалалық соты отандық соттың локомотивіне айналды десек шындықтан алыстай қоймаймыз. Қол астына 18 аудандық және мамандандырылған соттарды топтастырған алып құрылым бүгінгі күнге дейін дамудың үлкен жолынан өтті. Қаншама жаңа бастаманың бесігі, өзгерістің қайнар көзі болды.

Жаңашылдықтың бәрінің Алматы қалалық сотынан бастау алу үрдісі әлі де үзілген жоқ. Қазіргі кезде де отандық соттың ұсынысымен енгізілген пилоттық жобалар осы құрылымда тәжірибеге енгізіліп, артық-кемі түзеліп, халыққа жолдама алып жатады. Мұндай сенімнің, жауапты істі жүктеудің артында үлкен мән жатыр. Өйткені, Алматы қалалық соты білікті, білімді, озық ойлы, кәсіби қазылар шоғырланған жер. Судьяларды шыңдайтын, шеберлігін арттыратын, пісіретін, қатайтатын қара шаңырақ. Небір шулы істер қаралатын, атынан ат үркетін талай елге танымал азаматтардың әрекетін таразылайтын төрелік алаңында жалтақ, біліксіз судьялардың еңбек етіп, қазылық жасауы әсте мүмкін емес. Өйтк ені, резонансты істерді қарауға төселген судьялар тек заңды жақсы білумен мәселе шешілмейтінін, өз парасатыңмен, ақылыңмен, кәсіби шеберлігіңмен өзгелерді мойындатқанда ғана сот төрелігіне деген сенім көбейетінін жақсы түсінеді. Жыл сайын судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптың күшейіп, сынақтың қатаюының сыры да осында.

Жалпы, Алматы қалалық сотын судьяларды дайындайтын, шыңдайтын, мықты мамандар қалыптастыратын үлкен мектеп ретінде бәрі мойындайды. Сол мықтылығынан болар, қалалық сотта жұмысын бастап, қалыптасқан, толысқан судьялардың көпшілігі қазір Жоғарғы Сотта қазылық етіп, облыстық соттарды басқарып, аудандық соттарды алға сүйреп жүр. Оған сот тарихына қарап көз жеткізу қиын емес. Елу жылдық жылнаманы парақтайтын болсақ Алматы қалалық соты Қазақ Кеңестік Социалистік Республика сы Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1969 жылғы 22 шілдедегі жарлығымен құрылған. Алғашқы төрағасы П.Белоусов, ал оның орынбасары болып Б.Рысмендиев пен О.Орлова қызмет еткен. Бұдан кейін В.Булович (1987–1993 жж), Қ.Мәми (1993–1995 жж), С.Байбатыров (1995–2001 жж), М.Әлімбековтер (2001–2006жж) төраға ретінде сот жұмысын жақсы ұйымдаст ырғаны белгілі. Одан кейін сотқа төрағалық еткен Мейрамбек Таймерденов та, Тілектес Бәрпібаев та, Ақжан Ештай мен Нұрғазы Әбдіқанов та осы күнге дейін талай шәкірт дайындаған, талай буынның қалып- тасуына, білікті қазы ретінде танылуына көмектескен, төрелік алаңының танымал тұлғалары. Аға буынның тәлімін көріп, тәр- биесін алу сот мамандарының да алға жылжуына, өсуіне үлкен себеп.

Өйткені, қашанда «Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ». Ерекше айтып өтер жағдай, Алматы қалалық соттарында тәлімгерлік мектебінің жұмысы дұрыс жолға қойылған. Аға буын мен кіші буын арасындағы сабақтастық үнемі жалғасып келеді. Бұл бірін-бірі толықтырып, бірінің орнына екінші буын ауысып жататын құрылым жұмысының тұралап қалмай, мәңгі дұрыс ритмде, қателіксіз алға жылжуына септігін тигізері даусыз. Осыдан елу жыл бұрынғы сот пен қазіргі көркейген, дамыған соттың ілгерілеуінде судьялармен қатар, кеңсе мамандарының да үлесі өлшеусіз. Ортақ мақсатқа ұйысып, бір мүддеге жұмыс істеп келе жатқан үлкен құрылым қазір барлық жетістіктердің көш- басшысы іспеттес. Күні кеше тақылдатып машинкада хаттама басып, сот процесін бастан-аяқ қағазға түсірумен айналысатын сот қызметкерлерінің қазір жұмысы әлдеқайда жеңілдеген.

Сот залдарының толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықталуы, сот отырыстарының 100 пайыз таспаға таңбалануы, істердің судьяларға компьютер арқылы автоматты түрде бөлінуі, азаматтардың арыз-шағымын «Сот кабинеті» сервисі арқылы қабылдау тетіктерінің жасалуы, қашықтықтан сот отырысына қатысу мүмкіндігінің туып отырғаны бүгінгі электрондық қызмет әкелген жаңалықтың бір парасы ғана. Сотты халыққа жақындататын, сот істерінің тез, сапалы қаралуына түрткі болатын жаңашылдықтар мұнымен шектеліп қалмайды. Әлемдік озық отыз елдің қатарына қосылуды мұрат еткен еліміздің соты да сол талапқа сәйкес болуы керек. Сондықтан, дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, үшінші биліктің әлеуетін көтеретін тетіктер әлі де тәжірибеге қосыларынан үміттіміз. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен қолға алынған «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы бойынша да Алматы қалалық соты белсенді жұмыстар жүргізіп, пилоттық жобалардың оң нәтиже беруіне атсалысып келеді. Елу жылдық мерейтойын атап өткелі отырған мерейлі соттың алдағы уақытта да басқа соттарға жол көрсетер, үлгі-өнеге болар құрылым болып қала беретініне сенімдімін.

Серікбай ТУЛЕПБЕРГЕНОВ,

Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының төрағасы

Комментарий