Қоғам | Общество

ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

2020 ЖЫЛДЫҢ КҮЗІ ЖЕТІСУЛЫҚТАРДЫҢ ӨМІРІНДЕ ЕРЕКШЕ ОҚИҒАЛАРМЕН ЕСТЕ ҚАЛҒАЛЫ ОТЫР. РЕСПУБЛИКАНЫҢ КЕЙБІР ӨҢІРЛЕРІ ТЕАТРДЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫН АША АЛМАЙ ОТЫРҒАНДА, ОЛАР ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН БАРЛЫҚ АУДАНДА ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫН ЖАҢҒЫРТУДЫ ҚОЛҒА АЛУДА. БҰЛ ИГІ ІСТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛЫП ЖҮРГЕН ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ АСҚАР НАЙМАНТАЕВ.

Мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы Марлен Көпбаевтың айтуынша, Алматы облысындағы 17 аудан, 3 қаланың қазіргі таңда 11-інде ғана халық театры бар. 2019 жылы 27 наурыз күні Талдықорғанда «Халық театрлары фестивалінің айлығы» өткен еді. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді деп жоспарланған бұл шара биыл карантин жағдайына байланысты өтпеді. Дегенмен жыл соңына дейін Нарынқол, Ұйғыр, Сарқан, Қаратал, Ескелді, Кербұлақ сияқты 9 ауданда жаңадан халық театрлары ашылғалы отыр. Келесі жылы енді олардың әрқайсысына 2-5 адам көлемінде штат бөлу мәселесін шешуді де қарастырмақ. Оқушы кезінде өзі де ауылдағы театр үйірмесіне қатысып, тіпті бір қойылыммен көрші ауданға барғанын еске алған М.Қапешұлы Халық театрлары жұмысының жандануы жетісулықтардың мәдени өмірін өзгертуге өз септігін тигізгелі отыр деген.
– Театр өнерін көріп, тамашалау үшін ауыл тұрғындарының бәрі бірдей әрдайым облыс орталығына келе алмайды. Егер аудандардағы Халық театрларының жұмысы өрге басып, бұрынғыдай елді-мекендерді аралап, тіпті көрші аудандарға гастрольдік сапармен шыға бастаса бұл ондағы ағайынның театр өнеріне деген ықыласын оятып, ынтасын арттырары күмәнсіз. Өнерлі жастардың мәдениет үйлері мен клубтарға жиналып, өз қабілетін ұштай түсуі үшін бұл үлкен өмірге жол бастайтын баспалдақ болмақ, – деген аймақтың мәдениет саласындағы бас идеологы әкімдік тарапынан қолдан келгенше қолдау көрсетуге әзір екендіктерін айтты.

«Мәдениет туралы» заңда халық театры туралы сөз жоқ
2006 жылы қабылданған «Мәдениет туралы» заңның 1-бабында: «Мәдениет – жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан азаматтарының патриотизмін тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мәдени құндылықтар жиынтығы» – делінген. «Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатқа
– мәдени және рухани құндылықтарды жасауға, жаңғыртуға, сақтауға, қорғауға, дамытуға, таратуға және пайдалануға бағытталған, мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар кешені» – деген анықтама берілген. Мемлекеттің мәдениет саласындағы негізгі міндеттері туралы 4-бапта: «Қазақстан халқының мәдениетін қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға бағытталған шаралар қабылдау; ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу арқылы азаматтарды отаншылдыққа және эстетикалық тәрбиелеуге жағдайлар жасау; мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету; халыққа мәдени қызмет етудің мемлекеттік ең төменгі стандарттарын белгілеу; мемлекеттік мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту; дарынды тұлғаларды қолдауды қамтамасыз ету» және тағы басқалар қарастырылған. Онда халық театры деген ұғым да, сөз де еш жерде жоқ. 19-бапта мәдениет ұйымдары қатарында театр да аталады. Ал 22-бапта мемлекеттік театрлар туралы ғана айтылған. Сондай ақ мәдени ұйымдарды қаржыландыруға қатысты сөз болған кезде тек мемлекеттік театрлар туралы ғана айтылады. Сол себепті кейбір мамандар өзге мәдениет салалары секілді театрларға қатысты жеке заң болу керек деген пікір айтуда. Алайда, бірқатар сарапшылардың пайымдауынша, театр өнерін дамытуға қатысты мәселе тек заңға ғана тіреліп тұрған жоқ. Ондағы негізгі түйткіл ел азаматтарының Конституцияда кепілдік берілген және қолданыстағы заңнамада көзделген құқықтарының сақталуы мен толық көлемде орындалуында болып тұр. Өйткені ауылдық жерлерде әлі күнге дейін мәдениет үйлері мен клубтардың есігіндегі темір құлып өте сирек ашылады. Олардың ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізілуі
мен қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтылуы жүйелі түрде жүргізілмейді. Кеңестік дәуірде ауыл, аудан деңгейіндегі көркемөнерпаздар ұжымдары мен халық театрлары мемлекеттік идеологияның насихатшысы болды. Соның нәтижесінде аудан, облыс тұрмақ, атағы республикаға таралып, халықаралық, одақтық деңгейде марапат пен құрметке бөленгендер де аз болған жоқ. Соның бірі – Нарынқол халық театры.

23 жылдық үзілістен кейін …
Биыл құрылғанына 60 жыл толып отырған жаңарған, жасарған өнер ордасының таныстырылымы Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық сазды драмасымен өтті. «Хантәңірі» деген атпен қайта жаңғырған театрдың қоюшы-режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев.
– Қазір біреулер ауылға қайтып келіп, қара шаңырағымыз деп ескісін күреп тастап, жаңа үй салып жатыр ғой. Бұл менің өзім туған, өзім өскен қара шаңырақты қайта салғаным. Менікі – перзенттік борыш», – деген Асқардың әкесі Әбдіғалым Наймантаев пен анасы Рафия Райжанова да ұзақ жыл облыстағы халықтық театрларда қызмет етіп, өлшеусіз еңбек сіңірген жандар болатын. 1960 жылы құрылып, 1963 жылы атағын қорғаған соң Нарынқол халық театрына режиссер болып республиканың бас театры – М.Әуезов атындағы драма театрда қызмет етіп жүрген Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткері Алдаберген Нұрбеков тағайындалады. 1963 жылы Қазақ КСР Халық артисі Дәнеш Рақышев Панфилов ауданында Үшарал халық театрын құрып, Мәскеуге апарғаннан кейін А.Нұрбеков 1964 жылы Ә.Наймантаев пен Р.Райжанованы Нарынқол халық театрына министрлік арқылы шақыртып алдырады. Театрға Жанұзақ Қырманшиевтен кейін режиссер болған Ә.Наймантаев 1971 жылдан 1984 жылы қайтыс болғанға дейін осы қызметті абыроймен атқарды.
Р.Райжанова болса аудан тарап, театр қызметін тоқтатқанға дейін осында қызмет етті. Сондықтан өнер ордасының қайта ашылуын еліміздің мәдени әлеміндегі ерекше жаңалық деп бағалаған ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова арнайы алғыс хат жолдапты.
– Біз бүгін жастардың өнерге деген жүрек лүпілін естідік. Өнер – жүректің ісі. Қазақ – шекара салмаған, есігіне құлып салмаған, кім келсе де құшағын ашып, жүрегімен қарсы алған ерекше халықтың бірі. Біздің тарихымыз, өнеріміз мәңгілік биікте болу керек. Осы сахнадан жоғалғанымыз табылып, болашаққа деген үлкен үмітіміз арта берсін. Мен Қазақстанның 56 театрының, Қазақстан театр қайраткерлері одағының сонда қызмет жасайтын 2500-ден астам мүшесінің атынан бүгін қайтадан шымылдығын көтерген, қайта туған Нарынқол театрына басымды иемін. Бүгіннен бастап Нарынқол театрының осы тұрған өнерпаздары Театр қайраткерлері одағының мүшесі болып есептеледі, – деді құрметті қонақтар арасынан табылған ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Т.Жаманқұлов.
«ТЕАТРДЫҢ – АДАМНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ САХНАДАН КӨРІП, ӨЗІН-ӨЗІ ТҮСІНЕТІН ОРЫН» (Ш.АЙМАНОВ) РЕТІНДЕ ДЕ ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫН АЙҚЫНДАУДАҒЫ РӨЛІ ӨТЕ ЗОР. ЕГЕР «ХАС СҰЛУДЫҢ КӨЗ ЖАСЫНДАЙ МӨЛДІР ӨНЕРГЕ» (Ғ.МҮСІРЕПОВ) ХАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРЫП, СҰРАНЫСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛСАҚ ЕЛДЕГІ ҚЫЛМЫС ТА АЗАЙЫП, ТҮРМЕ ЕМЕС, МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ КӨБЕЙЕ ТҮСЕРІ КҮМӘНСІЗ.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті» 

Комментарий