Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

КОРОНАВИРУС: ЕКІНШІ ТОЛҚЫННЫҢ ЕКПІНІ ҚАТТЫ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде бүгінгі таңда коронавирусты жұқтырғандар саны 44,88 млн адамға жетіп, оның 1,17 миллионы қайтыс болыпты. Індеттің таралуы жағынан Америка құрама штаттары алдыңғы орында. Онда тәжтажал вирусы анықталған адамдар саны 9 миллионға жуықтаған. Одан кейінгі орында 8,1 миллион адаммен Үндістан, үшінші орында 5,5 миллион адаммен Бразилия келеді. Төртінші орынды көршілес Ресей алып тұр. Өндірісі қарыштап дамыған, медицинасы төрт аяғынан тең тұрған алпауыт елдердің өзі бұл індеттің алдында дәрменсіз болып отыр. Мәселен, Германияның ішкі жалпы ұлттық өнімінің көлемі 19,3 млрд еуроға азайған. Онда, әсіресе өнеркәсіп, мейрамхана мен қонақ үй бизнесі қатты зардап шеккен. Өзге елдердің де бұл індет барысында жоғалтқаны аз емес. Алайда, ең ауыр және орны толмасы – адам шығыны.
Енді міне індет қайта соқты. Сарапшылардың айтуынша, оның тигізер зардабы алғашқысынан артық болмаса, кем түспейді. Өйткені, осы кезеңде тарап жатқан тәжтажалдың мутацияланған 20A. EU1 деген түрі көктемде және жазда бүкіл әлемді құрсап алған инфекциядан өзгеше. Сондықтан оны алдыңғыдай әдіспен емдеу қиындық тудыруы әбден мүмкін. Мамандардың жасаған болжамы бойынша өзгеріске ұшыраған бұл гендік мутация Испанияда маусым айында пайда болып, Еуропаға оралған туристер арқылы тарапты. Испан генетигі Иньаки Комас вирустың жайылуы коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың бұқаралық іс-шараға қатысуларынан басталды деп жорамал жасапты. Бүгінде бірқатар елдер бұл індетке қарсы күресті қайта күшейтіп жатыр. Негізгі басымдық әдеттегідей қарым-қатынасты шектеуге беріліп отыр. Мәселен, Ұлыбританияда 5 қарашадан бастап барлық мейрамханалар мен азық-түлік сатпайтын дүкендердің жабылып, британдықтар үйден тек аса қатты қажеттілік туған кезде ғана шығатын болды. Карантин бұл елде кем дегенде 1 айға созылмақ. Греция да елдегі коронавирусты жұқтырушылар санының көбеюіне орай шектеудің жаңа шараларын енгізіп, көпшілік шоғырланатын дүкендер, мәдениет және қоғамдық тамақтандыру орындарын карантинге жабуға кірісті. Австрия 3 қарашадан бастап кешкі сағат 20-00-ден таңғы 6-00-ге дейін комендаттық сағат енгізбек. Олардағы кафелер мен мейрамханаларда тағамды тек алып кетуге ғана рұқсат етіледі. Мәдени, көңіл көтеру, спорттық шаралардың барлығына тыйым салынады.
«Жерді жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» дегендей, бұл індет бүгінде әлемдік қауымдастықтың бөлінбес бөлшегіне айналып, сыртқы жұртпен қарым-қатынасы күшейген Қазақстанды да өз уысына алары анық. Қазірдің өзінде бір күнде 700 адамның коронавирус белгілерімен пневмонияға шалдыққаны белгілі болып отыр. Жалпы елімізде осы індет жайыла бастаған 13 наурыз бен 29 қазан аралығында 112418 адам ауырып, оның 1852-сі қайтыс болған екен. 1 тамыздан бүгінгі күнге дейін 37 962 адам вирус жұқтырып, оның 402-і қайтыс болыпты. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 4122 адам коронавирустан ем қабылдап жатыр. Оның 330-ы балалар. Бүгігі күнге дейін айыққандар саны 106400. Демек, індет ел ішінде жүр және оның құрығына түскендер саны күн санап артып барады. Өкінішке орай, жұртшылық әлі де бейғам. Алдыңғы толқынның ащы сабағы өте тез ұмытылып кеткен сияқты. Ол кездегі дайындықтың әлсіздігі талай жанды дертке шалдықтырып, өмірін жалмап кеткені естен шыққандай. Бар дәрі-дәрмектің халыққа жетпеуі, ауруханаларда орынның тапшы болуы, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігімен қатар, олардың емдеу жолдарын толық меңгермеуі бір министрді орнынан кетіріп, оның үстінен қылмыстық
істің қозғалуына себеп болған еді.
Қарап отырсақ, сол тұста Денсаулық сақтау министрлігінің бар атқарған шарасы ауырғандарды тіркеп, есебін шығару ғана болған сияқты. Бұл құзырлы орынның сол тұста ұстанған саясаты әлі күнге түсініксіз. Ауырған халық дәрі таппай сабылып жүргенде қайырымдылық көмек ретінде елге жеткізілген дәрі-дәрмек қоймада жатты. Оның себебі әлі ашылған жоқ. Бұл ауруханадан орын таппай үйден ем қабылдағандар үшін қатты соққы болған еді. Өйткені, дәріханалардағы аз медициналық препарат құны сәт сайын қымбаттап жатты. Ақшасына дәрі таппай қаншама жан қиналды? Адамдар жай аспирин, парацетомолға қолы жетпей шарқ ұрды. Мұның сыртында халық арасында карантин салдарынан кәсібі тоқтап табысы азайған, тіпті күнкөріссіз қалғандар да аз емес еді. Оларға қымбат дәріні сатып алу тіпті қиынға түсті. Осындай жағдайда мәселені шешуге тиіс құзырлы орындар алгоритм
бойынша біресе «а» жоспарын, біресе «б» жоспарын жүзеге асырып жатқандығын айтып, шу көтергеннен аса алмады. Желтоқсан мен қаңтар айында күшеюі мүмкін делініп отырған індеттің екінші толқынына дайындық қалай? Бұл жолы да дәрі аспандап, мәселе 42500 теңге өтемақы төлеумен шешіле ме? Әлде оның өзі берілмей қалуы мүмкін бе? Өкінішке орай, дақпырты үлкен індеттің алдын алуға қатысты нақты әрекетті де, ақпаратты да байқамай отырмыз. Бір мәселе анық, ол – індеттің бізді тастап кетпегені, құрығын соза түскені. Қазіргі міндет бұған халықтың көзін жеткізіп, дайындықты барлық бағытта күшейту керек.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ
«Заң газеті»

Комментарий