Құқық | Право

Жер мәселесін жемқорлық ушықтырып тұр

ЕЛІМІЗДЕ ШЕШІЛМЕГЕН ЖЕР ДАУЫ ЖЕТЕРЛІК. АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ІРГЕСІНДЕ ОРНАЛАСҚАН АБАЙ АУЫЛЫ МЕН РАЙЫМБЕК АУЫЛЫНЫҢ ОРТАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН 200-ДЕН АСТАМ ЖЕР ИЕЛЕРІ ӨЗ УЧАСКЕМІЗДІ 2008–2011 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА САТЫП АЛДЫҚ. БІРАҚ ОН ЖЫЛДАН АССА ДА, ЖЕРІМІЗДІҢ ҚҰЖАТЫН ЖАСАУДА ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУШЫ ОРЫНДАРДЫҢ ҚҰЛЫҚСЫЗДЫҚ ТАНЫТУЫ САЛДАРЫНАН ӨЗ ЖЕРІМІЗГЕ ӨЗІМІЗ ИЕЛІК ЖАСАЙ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ.

Соның бір айғағы көктемгі карантин уақытында, наурыз айында көшеміздің басындағы бетонды әлдекімдер еш рұқсат сұрамастан бұза бастады. Бізге ешкім ескертпегендіктен, олардың бұзып жатқанын да байқай алмай қалдық. Біз жерді сатып алған кезде бас жоспар бойынша көшеміздің бір басы тупик болатыны тайға таңға басқандай анық көрсетілген болатын. (Оны құжат жүзінде айғақтап, көшенің мемлекеттік актідегі орналасқан көрінісін қосып тіркеп отырмын) Көшемізден оңды-солды шығыс бөлігіндегі бос жатқан жер учаскелеріне ауыр жүк көліктері өте бастағанда ғана тұйық көшеміздің ашылғанын, бас жағындағы жауып тұрған бетондардың бұзылғанын аңғардық. Сұрау салып байқасақ, о баста тұйық деген статусына сай 6 метр арақашықтық қана қалдырылған тым тар көшеміз, тарлығына қарамастан тынымсыз жолға айналдырылыпты.
Айта кетер жайт, жергілікті атқарушы билік өкілдері жердің бас жоспарын әркімнің мүддесіне қарай өзгерте бергендіктен бүгінгі күнге дейін жер учаскеміз де, көшелеріміз де сан рет өзгеріске түсті. Біз жерімізді заңды түрде тіркетіп, заңдастырып, жылжымайтын мүлкіміз үшін мемлекетке салық төлегіміз келеді. Алайда жергілікті басқарушы билік өкілдері неше түрлі сылтаумен жылжымайтын мүлкімізді заңдастырмай отыр. Тіпті 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасында «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлкін жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына сәйкес, республика көлемінде барлық меншік иелері мүліктерін заңдастырып жатса да, Президент арнайы тапсырма берсе де жеріміз де, үйіміз де заңдастырылмай келеді. Он жылдан бері сол жерде тұрып жатсақ та, сол жылдары жерімізге мемлекеттік ЖББ мектеп түсетіні айтылды. Біз сатып алғанда бос тұрған жер арада екі-үш жыл өте сала қалай мемлекеттің меншігіне өткені белгісіз. Мемлекеттің меншігіне біз сатып алғанға дейін өтсе, онда неге бізге сатылғаны тағы түсініксіз. Жеріміз заңдастырылмаған соң ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенінің тағы бір айғағы бұл. Бірнеше жыл бас жоспар бойынша бұл жерде мектеп тұрғанын сылтауратқан жергілікті атқарушы билік өкілдері, кейін басқа аумақтан салынып ол мектеп бес жылдан бері пайдаланылып жатcа да, әлі күнге бас жоспар бойынша құжат жүзінде мектептің осы жерде заңдастырылмағанын, жоспарға алынбағанын айтып, үйімізді, жылжымайтын мүлкімізді заңдастырудан бас тартып отыр. Сонда мемлекеттік мектеп осы жыл аралығында заңсыз құжатсыз жұмыс жасап келген ба? Осы орайда айта кетер жайт, дәл осы жерде тұрып жатқан үйлердің жартысының құжаты заңдастырылған, жартысыныкі заңдастырылмаған. Құжатта көрсетілгендей, әр кезде әр көршімізге әртүрлі құжат беріп, жолдың өзін біресе батысымыздан, біресе шығысымыздан шығарып отырғандар о баста көшеміздің шығыс бөлігін тупик деп көрсетсе, уақыт өте батыс бөлігінде өтетін жол жоқ деп шығыс бөлігіндегі көшенің басын ашу қажет деген шешім шығарған. Ал шығыс бөлігінде біздің көшемізге келіп қосылатын көшенің тау жақ бетіне жаңа үйдің іргетасы қалана бастағандықтан (демек жол сатылып кеткен), қайтадан біздің о баста тұйық болған көшемізді ашуды талап етіп отыр. Сондықтан жергілікті тұрғындарды адастырып, бастапқы бас жоспарды сан мәрте өзгертіп отырған, Қарасай аудандық әкімдігін, жерге жауапты мамандарын, бас архитекторы мен Райымбек ауылдық округі әкімдігінен құқығымызды қалай талап етерімізді білмей шаршадық. Мектеп алынды, енді неге жеріміздің құжаты заңдастырылмайды десек, енді емхана салынуы мүмкін деген сыбыстың шетін шығарып отыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Президенттің өзі жерді беталды сата бермей, ол жерге инфрақұрылым жүргізіп барып, сату туралы тапсырма бергенімен, осы уақытқа дейін суымызды ақша жинап өз бетімізбен жүргіздік. Жарықты да ақша жинап трансформатор сатып алып, өз күшімізбен орнатқаннан кейін ел қатарлы 19 теңгеден емес, жекеменшік ретінде әр кб-қа 24 теңгеден төлейміз. Газқұбырын да үй басына 320 мыңнан ақша жинап тарттырдық. Көшемізге де жүзден астам көлік жалдап, балшыққа батып жатқан жерді жыл сайын ақша жинап, тас төсетіп ауыл қалпына келтірдік.
Бірде бір рет мемлекеттің немесе жергілікті әкімдіктердің жақсылығын көрген емеспіз. Басқарушысы жоқ елдей өз күнімізді өзіміз көрудеміз. Енді ең болмаса сатып алған жерімізді заңдастырып, жұрт қатарлы салық төлегіміз келсе оған да мүмкіндік бермей отыр. Тіпті барлық коммуникациясын өзіміз жасап алған соң жергілікті билік біресе мектеп, біресе емхана салынады деп жерімізді сыртымыздан саудалап отыр. Егер жерді заңсыз алсақ неге ақша бергендердің құжаты жасалады? «Ала қойды бөле қырыққан» бұл бассыздыққа жауап берер жан бар ма?! Айтпақшы сан түрлі өзгеріске ұшырата берген соң, жақында Райымбек ауылдық округіне арыз жазған соң әкімшіліктен жіберілген Нұрғали атты бас маманнан «жер жылжып кеткен қайтадан жер учаскелерін аттырып, по факту осы тұрған үйлерді базаға қайтадан енгізу керек», – деген жауап алдық.
Мемлекеттен жер кодексіндегі құқығымызға сай тегін жер сұрап отырған жоқпыз. Тек маңдай тер, табан ақымызбен тапқан ақ, адал ақшамызға сатып алған жеріміздің құжаттарын жергілікті билік өкілдері заңдастырып берсе екен. Жемқорлыққа итермелеп, ақша дәметпесе екен. Заңды құқымызды аяққа тапталмаса екен.
Айнұр ЕРМЕКОВА, Абай ауылының тұрғыны:
– Жерімді сатып алғанда ауылшаруашылығы мақсатында қолданылатын жер деген. Айналамдағы көршілерімдікі ЛПХ екен. Осы жердің статусын өзгерту үшін Қарасай аудандық әкімдігінің табалдырығын бірнеше рет аттадым. Бір біріне сілтейді. Жерім заңсыз болса, іргелес отырған көршімнің жерін неге заңдастырады? Он жылдан бері адал ақшама сатып алған жерім бас ауруға айналды. Тіпті қайда барарымды білмеймін.

Нұрбол БАТЫРБАЕВ, заңгер:
– Анығында бас жоспарды кез келген уақытта өзгеріске ұшырата беруге болмайды. Тек аса мұқтаждық жағдай туындағанда ғана мемлекеттің мүддесі үшін өзгеріс енгізуге болады. Жергілікті билік өкілдерінің лауазымын асыра пайдаланып, жерді қалағанынша өзгеріске түсіре бермей мұны құқықтық жолмен шешкен дұрыс. Жерді заңдастырып беру туралы өтінішін жергілікті әкімдікке жазбаша жазсын. Олар неге заңдастырылмайтыны туралы жазбаша жауап берсін. Сосын осы жазбаша жауапты алып, сотқа берсін. Жергілікті әкім қаралардың тұрғындардың үйін заңдастырып бермей отырғаны қаншалықты заңсыз екенін сот айғақтайды. Жалпы жергілікті биліктің тұрғындардың мәселесін оң шешіп берудің орнына, қолдан мәселе туындатып, сот ісін көбейтіп заңды белінен басатын кездері көп. Сондықтан жерге қатысты туындап отырған мәселелердің көбеюіне орай мемлекет тарапынан жер мәселесіне қатаң қадағалау керек секілді.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий